Өлең, жыр, ақындар

Үш тал гүл

  • 22.06.2021
  • 0
  • 0
  • 584
Бұрымың-ай, сенiң мақпал бұрымың,
Жүрегiмнiң жиiлеткен дiрiлiн.
Бiр кездегi тұлымыңнан түлеген
Бұрымыңның қысқартпашы ғұмырын.
Бұрымың-ай, сенiң мақпал бұрымың
Бозбаланың алдырмаған тынымын.
Төзiмiмдi көре көзге тауысып,
Сезiмiмдi қытықтайды қылығың.
Бұрымың-ай, сенiң мақпал бұрымың
Тұнжыр түннiң елестеткен тұнығын.
Сəмбiталдың саясында сəн құрып,
Жастық шақтың жасайықшы ырымын...
...Бұрымың-ай, сенiң мақпал бұрымың!
Тар төсекке татымай қап бар тақыт,
Тобық көмер тоқ бұрымын тарқатып,
Таңға жақын талықсиды талшыбық,
Талма түннiң лəззатынан бал татып.
Қандай ыстық алаулаған жар-құшақ!
Қандай тəттi манаураған таңғы шақ!
Жəннат мəнiн жаңа ұққандай жас жiгiт,
Жарты əлемге жарлық еткен ханға ұсап.
Мамыр маусым, мазалы шақ,
мас көңiл...
Құмар құшақ үзе жаздап аш белiн,
Тұла бойы бiр өртенiп, бiр ысып,
Жар-төсекте жанып жатыр жас келiн!
Елжiреумен,
жүретiн егiлумен
Не көрсем де көремiн көңiлiмнен,
Талай достар шықпады сенiмiмнен,
Талай қыздар ұқпады мені мүлдем...
Тас түнекте болсам деп талайға шам,
Менi қойшы, адасқан Абай да сан...
Ақын жаны – нəзiк гүл, жарығым-ай,
Абайласаң қайтедi, абайласаң?!
Алақанға аялы құс та қонар.
Айтылмақ сыр қашанғы iште қалар?
Жақсы үмiтпен тағы бiр жыр ұшырдым,
Мүмкiн, жүрек толқының ұстап алар?..
Таба алмай қойды-ау көңiл өз өрiсiн,
Сағынып жүрмiн сенi, сеземiсiң?
Нұр жүзi үздiккеннiң есiн алған
Қырмызы қыз бiткеннiң гөзелiсiң!
Арайлым,
болмай қалсаң сəл жанымда,
Қараймын елең қағып жан-жағыма.
Жалғыз қап жапа шеккен кештерiме
Кешеулеу келген жан ба ең шам жағуға?
Бар болса басыбайлы бiр қызығым,
Ол – сенсiң, қырда өскен қырмызы гүл.
Сұғанақ, суық қолға сол гүлiмдi
Мүмкiн бе бейуақытта жұлғызуым?!
Сау басын сақинаға қор етпеген
Мен сенi өзгелерден бөлек көрем.
Қасымда қатар жүрсең қол ұстасып,
Басыма басқа бақыт керек демен.
Өзiңмен өтiп жатқан ай, күн бөлек.
Қасымда қатар жүрсең, қайғым да жоқ.
Екеумiз егiз аққу сияқтымыз
Айнамкөз – тоят тапқан айдынға кеп.
Сен жоқта жүре алмаймын уайымдамай,
Өзге жан түсiнбейдi жайымды оңай.
Жайқалар жалқы күйде қайың қалай? –
Ендi ешкiм екеумiздi айырмағай.
Сен – көктемсiң көкше құрақ,
Мен – күзбiн,
Көрiндiң де көңiлге мұң енгiздiң.
Қадiрiңдi арттырардай ақынға
Қандай ғана сиқырың бар сен қыздың?
Көктем мен күз... Екеуi де жаңбырлы,
Бiрi сарғыш, бiрi жасыл шалғынды.
Жанарыңда жауһар тастай сан қырлы,
Жалбыр шашты жастық шағым жаңғырды...
Көктем мен күз қалай ғана үйлессiн? –
Сенi көрсем, алай-түлей күй кештiм.
Бұдан кейiн шын егiлiп ес-түссiз,
Кiм бiледi, ендi ешкiмдi сүймеспiн...
Жас гүлдей бүршiк жарып, желек ашқан
Сұлу қыз жоқ болатын сенен асқан.
Көзiңе жұлдызымен көшiп келiп
Мөлдiрей қалушы едi-ау зерен-аспан...
Бiле алмай есiм қайда, еркiм қайда,
Лапылдап жанатұғын өртiм бойда.
Сенi iздеп сергелдеңге түстiм бүгiн,
Даусымды ел тыңдай ма, жел тыңдай ма?
Айрылып қалғаным ба жайшылықта,
Ауылың, iздеп барсам, айшылық па?
Ерке өскен ен далада қайың едiң,
Ендi мен ен саламын қай шыбыққа?..
Қоп-қою шашың көнбей тарағанға,
Қан тебер ақ бетiңе, қарағанда!
Жалт етiп əнтек кiрпiк қадағанда,
Ұқсады жазған жүрек жаралы аңға.
Ұқсады жаралы аңға жазған жүрек,
Өзiңдi ойлай-ойлай тозған, жүдеп.
Елiгiп, неге сонша елжiреймiн
Бiр сұлу нəркес қарап назданды деп?
Қоп-қою, тарағанға шашың көнбей,
Қалыпты айқабаққа қасың көлбей.
Табылмас маған сұлу дəл өзiңдей,
Табылмас саған жiгiт асыл мендей!
Жұлдызың көк көбесiн жанап мына,
Бiлмеймiн, аз ақты ма, көп ақты ма.
Қалайша тағдырыңды тапсырмақсың
Кезiккен көлденеңнен көк аттыға?
Ойсыздың арбайтұғын байлап көзiн
Өткiншi жаңбыр сынды жайдақ сезiм.
Iрiтiп алмағайсың абайсызда
Жайдарман жастығыңның қаймақ кезiн.
Жаныңның тұнығында жақұт барда
Жабығып болмашыға жатып қалма.
Жас адам бақыт күтiп отырмайды,
Жас адам жетелейдi уақытты алға!
Ақ жүзiңе жарасып мойыл меңiң,
Жамалыңа кетiп тұр ойым менiң.
Қарағанмен қиылып, көз қана ма,
Бозбалаға ұқсаймын ойын көңiл.
Аппақ ай да жарасып түн өңiне,
Шақ қалып тұр еруге мiне-мiне...
Үнiмдегi бiр дiрiл үйлесiп тұр
Тiлiмдегi айтылмақ тiлегiме.
Ақ, қараның көз тартса жарасымы,
Айтылмай ма жақсы сөз – жан асылы?..
Қарай-қарай жүзiңе, қой көзiмнiң
қалып қойған сияқты қарашығы...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Кiсi жары

  • 0
  • 0

Өте шығар бұл өмiр қас қағымда,
Ойнап-күлген жарасар жас шағыңда.
Кiсi жары кiсiге жар болады
Балапандай бауырыңа басқаныңда.

Толық

Егіз лебіз

  • 0
  • 0

Жұпарын сеуiп жаныма
Жапырағын көктем жайған кез
Жүрегiмдi ұстап қолыма
Алдыңнан шықтым, Айнамкөз.

Толық

Керемет

  • 0
  • 0

Аспантөрден Ай сəулесі себелеп:
– Нені іздедің, – деді маған, – не керек?
– Іздегенім – көктен, жерден КЕРЕМЕТ.
– Е, солай де... жүрсің оны неге іздеп?

Толық

Қарап көріңіз