Жалыныңменен ысытпай – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Жалыныңменен ысытпай» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.06.2021
  • 0
  • 0
  • 815
Жалыныңменен ысытпай,
Жастығымды ұрлап жырымдап,
Жанымда менiң мысықтай
Жатырсың ұйықтап пырылдап.
Сеземiн, сенде жоқ алаң,
Сеземiн, сенде жоқ қайғы.
Ал менiң көңлiм зобалаң
Əлдекiмдердi жоқтайды...
Жанарым жұмық жатқанмен,
Көңiлдiң көлпар көлi – сел.
Көзайым көктем, ақ таңмен
Көзояу жатып көрiсем.
...Салбауыр бұлтын сақтап күз,
Сарғайған шақта бар алап,
Ақ көйлек киген аппақ қыз
Ақ тұман iшiн аралап,
Адасып жүрген сыңайлы
Көз жазып күннiң көшiнен.
...Сүмбiле жұлдыз құлайды
Сұңғыла көктiң төсiнен.
Қай жаққа барып оралдың,
Көңiлiм менiң пендегөй?
Əппақ қыз, қайда жоғалдың,
Жамылған жiбек желбегей?..
Жұлдыз ба,
Қыз ба?..
Түн iшi
көгiлжiм көктен түскен кiм?
Тарылды-ау жүрек тынысы,
Өңiм бе?
Əлде... түс көрдiм?
...Жалыныңменен ысытпай,
Жастығымды ұрлап жырымдап,
Жанымда менiң мысықтай
Жатырсың ұйықтап пырылдап...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері