Ақ аю
поэма
Қазақстан Үкіметі 1935 жылы жариялаған конкурста екінші бәйге алған поэма. («Социалистік Қазақстан», 1 июль, 1935 жыл, № 124).
I — АТТАНЫС
Июльдің жиырма бір күні
Балтық
Лепірді әлденеге тасып, шалқып.
«Арыстанның жалындай бұйра толқын
Айдаһардай толғанды»
сүңгіп, қалқып.
Бірінің белін басып, бірі ырғып,
Аранын ашты, бірін бірі қылғып.
Бүктетіліп, тік қарғып,
шалқасынан
Жығылды, арыны ұстап, кейін сырғып.
У-шу боп сапырылды, араласты.
Кейі күлді, кейінің көзі жасты,
Ыңқылдап, сарнап, зарлап,
екі иінінен
Демін алды, қысылды, жанталасты.
Таң сәріден лек-лек боп жарға бетті
Түзеді.
«Уралады!»,
ұрды, тепті.
Толқынға құл болмасын білген халық
Бір топан еске түсіп, ойға кетті:
«Аттаныс. Қамау. Толқын толқып қаптап,
Терезеден аңдардай түсті аттап.
Бой бермеген шыныға,
көпірлердің
Сынығын лақтырды, ұйтқып, шаптап.
Талқандап талайлардың үйшік,
үйін.
Суға ағып саудагерлер жиған бұйым,
Қарық болмай қалған жоқ,
ең аяғы
Кедейлер қайыршылап жиған тиын.
Қалқыды кебінімен көрден өлік.
Халықтың құты ұшты мұны көріп.
Тәңірінің күні туды десті олар,
Ызаланған пендесіне қаһар төгіп.
Ол кезде марқұм патша тірі еді,
Бағының ұшып тұрған күні еді.
Балконға шықты.
Көрді тасқын суды
Орданы орап толқын жүгіреді.
Меңіреу күшін керіп табиғаттың
Сөз жоқ — деп әміріне —
жалғыз хақтың,
Ақ патша, ауыр оймен көзін сүзіп
Долданған рақымсыз күшке бақты.
Ол дәуір өтті — десті халық — бірақ,
Петербор емес, қазір — Ленинград.
Қалтылдақ қайық емес,
ер «Челюскин»
Шығуға тұр, теңізде, жолға жырақ.
«Челюскин» шым болаттан құйған құрыш,
Жемі көмір, алады оттан тыныс.
Жазық бауыр, құрыш бел, кең жоталы,
Сүзеген бас,
тістері — алмас қылыш.
Мұндай емес, әрине, байлық, ырыс.
Долы Балтық үстінде тұрып тыныш:
«Қалжақтама,
сен мені оба алмайсың!»—
Дегендей қатты өкіріп берді дыбыс.
Сол күні зым-зия боп тұман мен бұлт.
Күн ашық, жадырады бұйықпай жұрт.
«Челюскин» тұрған жаға
құмырсқаның
Илеуіндей қайнаған адамға лық.
Кәрі, жас, әйел еркек —
бәрі сонда.
Жоқ дейсің, нелер халық, не ұлт онда?!
Бәрінің кескінінде күлкі...
Өлең...
Музыка...
Желбірейді тулар қолда.
Бір кезде, қайнаған жұрт тына қалды.
Бейне бір арыстандай жалбыр жалды;
Бұйра, ұзын сақалды, қошқар тұмсық,
Шүңірек көз, зор дене,
түсі ызбарлы.
Бір адам, шықты да бір биік тасқа,
Маңдайын күнге қарай бере, қасқа:
«Жолдастар!»
деді қатты.
«Жолдастар!»— деп
Қаңқ етті байтақ теңіз, шыңырау тас та.
Эфир де
«Жолдастарды!»
ұшты алып.
Шмиттің жердің шары даусын танып,
«Не дер екен?» деп түгел түрді құлақ,
Жердің бес құрғағында тұрған халық. —
«Жолдастар!
Біз шығамыз ұзақ жолға.
Бұл жүріс бір қиын жол, бұрын-соң да
Бірақ біз большевикпіз, жеңетұғын,
Алсақ та қандай қиын істі қолға.
Табиғат бізге ана. Бірақ, сараң,
Бір түйір дән бермейді
«мә,— деп — балам!»
Ішінде көп перзенттің,
сүтті ананың
Емшегін еме білген жалғыз адам.
Біз оның суын кештік жүзіп, сүңгіп,
Асау желін осқыртып ұстап міндік.
Қалын, қара орманын отап, жол сап,
Бауырдай, асқар, алып тауын тілдік.
Орал, Алтай, Қазбек, Алатауды,
Біздің қол идірді де сүтін сауды,
Турксибтей айғырлар үйір жинап
Үдетті құла дүзде арқырауды.
Жер астында қазына барын білдік.
Оған да кірдік қулап, терең, ін ғып,
Кенді адамнан жасырған ұры тасты
Қопарып ап уаттық талқан күл ғып.
Жасырынған электр күшін тауып,
Ол күштен жерді жиі жұлдыз жауып.
Машинаны өргізіп малдай, біздің
Дүние жүзіндегі ән, күй, сауық.
Балтық пен Ақ теңізді жырдық қосып,
Бетпақдала, Қарақұм шөлін жосып.
Волхов пен Днепрдей асуларды
Бөгедік бұғалық сап, алдын тосып.
Жер түгіл қолды созып жұлдыз,
күнге,
Жиырма шақырымға шармен бірге
Аспанға ұштық. Дүние қайран қалды
«Бұлай ұшып көрмеген — деп —-
еш пенде!»
Біз сауа біліп едік, ана иді,
Иіп еді жаңбырдай байлық құйды.
Бірақ кеше байлықты тапқан аш боп,
Таппаған арамтамақ болды сыйлы.
Сол сұмдар ұзақ уақыт қолды бөгеп
Кеп еді,
Октябрьдей елекке елеп
Ұшырдық,
арам тұқым арылғасын
Жайқалып егісіміз шықты ерек.
Россия — тасбақа, шабан, шибұт,
Большевикке тигесін тізгін, билік,
Озықтардың талайын басып озып
«Бәйгемді бер!»
боп отыр, бүгін жүйрік.
Капитал дүниесі шіріп, быжып,
Күн санап қаны қашып, барады азып.
Жас алып пролетар,
көмуге оны
Даярлап жатыр, кәзір көрін қазып.
Дегенмен, жалмауыз сұм жанын тегін
Бермейді,
ышқына ап сасық демін
Алыпты тұншықтырмақ, әлі жетсе,
Келгесін есік қағып өзіне өлім.
Соқа ғып жер шарына зеңбірегін,
Сеппек оған қорғасын оқтан егін.
Тұншықтырмақ боп барлық тірілерді
Өсімдіктен шығармақ удың демін.
Қас қылса да жасармақ емес шірік.
«Жер жүзі жұмыскері, қосыл, бірік!»
Деген Маркс ұраны
жаңа өмірді
Жасамақ,
ескі өмірді талқан қылып.
Жаңа өмірде адамға адам қастық,
Бітпек,
Адам бірлігін мықты, тас қып
Алғасын, табиғатқа бұйда тағып
Жалған тәңірі орнына болмақ бастық.
Біздік әзір
алтыдан бірі шардың.
Бірақ, бар планетті қолға алар күн
Жуықта.
Жүрегі бір, жолында нұр
Табым бар айқын болжап тұрған алдын.
Дегенмен, жер, су, ауа,
әлі де асау.
Онда әлі байлық көп шыққан шашау,
Біздің міндет тықса іздеп,
қашса қуып,
Сараң, долы, дүлейден байлық жасау.
Құрғақ жер жер шарының төрттен бірі.
Құрғақты қоршап алған сулар ірі.
Қанша байлық жасырып тұр солардың
Толқынды су,
тұңғиық, терең түбі.
Кейбір судың кеудесін ерлей басып
Жүрміз жүзіп, азды-көп байлық ашып.
Бірақ бір су,
«Мұз теңіз» дейтін елі
Маңына беттетпейді заһар шашып.
Көрпесі, мың метр мұз, демі үскірік.
Демінен айдаһардай жел ысқырып
Ұйықтауда мәңгі,
көрпе тұйықталған
Тұншығып өзі ашпаса, кейде ышқынып,
Маңына жуығанның бетін қарып,
Басындың деп долданып, мұзын жарып,
Құшағына қысып ап, тұншықтырып,
Тереңіне батырып қылған ғарық.
Міне, біз аттанамыз, сол долыға.
Жеңеміз деп сенемін, біз оны да.
Өйткені бір бұл емес,
талай сондай
Түскен таппыз, тайсалмай тық, соныға.
Партия —
«большевиктік берік қолдан,
Болса да бұзылады нендей қорған!»
Деген,
Ұлы басшының осы сөзін
Ақтап біздер қайтамыз шыққан жолдан.
Жарық, жаңа өмірдің үш жыл құсы,
Социалды қоғамның біз тұңғышы.
Тайғақ кешу, тар жолға кел жүзейік,
Кәне,
маған еріңдер жүз бір кісі.
«101» ді Воронин мен Шмит бастап
«Челюскинге» міністі,
Якорь тастап
Тұрған кеме, түтіні будақталып,
Моторы быр-рылдады суды жасқап.
Теңіз беті қорыққандай етті қалш-қалш,
Жағада жер сілкінте ойналды марш.
Чапаевтай зор дауыс гудок,
қиқу
Салды келіп,
кемеге
деп:
«Шагом марш!»
II — МҰЗ ҚҰЗ
Болғасын қалың, тұйық көрпе үсті,
Мұхиттың тұмшаланып іші пысты.
Бұлшық еттер түйіліп,
алып дене
Кеудесін демін ала керді күшті.
Мұз көрпе граниттей берік тісті
Серпілмеді. Мұхитты енді ашу қысты
«Науп!»—
деп тағы долданып серпіп еді,
Мұз талқан боп, сынығы аспанға ұшты.
Жыртылған жерден толқын шықты ырғып.
Сеңдерді кесек-кесек жұтты қылғып,
Екі езуі көпіршіп,
айғай-сүрең
Салып еді, бас иді сеңдер шұлғып.
Қара бұлт көкті қоршап түйді қабақ.
Ашулы көзін жерге тіге қадап:
«Не болды?» деп қараса мұхит тулап
Бұрқан-талқан боп жатыр сеңді сабап.
Ол қара бұлт мұхитпен көптен сырлас.
Сырласын, сол, бір күні туған құрдас.
Әрі дос. Қайғы менен қуанышы
Ортақтас, тілегі бір, жолдас, жымдас.
Сол достың долданғанын бұлт көрді.
«Мен сенен қалам ба?» деп досына ерді. —
«Біз қайғырсақ,
күлетін неме екен?» деп
Сәулесін бүркеп, сұлу күнді көмді.
Астан-кестен бұрқанды, күшін жиды,
Көкті жара күркіреп жаңбыр құйды.
Жалтылдаған найзағай, алмас қылыш,
Сықылды бытырлатып мұзды қиды.
Тау толқынды жетектеп жел ысқырып,
Жерге от шашты, дамылсыз бұлт пысқырып,
Астан теңіз,
үстінен жел сабалап
Қысылды сең зорға алды демді
ышқынып.
Мұзды жеңіп долы қарт ашу басты,
Бұлт ыдырап, түнерген пердені ашты.
Кеудеге ай үстінде жұлдыз қадап,
Қара жібек киінді аспан қашты.
Ашуын басқаннан соң мұхит тұнды,
Кетті қалын, ұйқыға, көзді жұмды.
Қуылған соң біріне бірі мініп
Асқар тауға айналды биік шыңды.
Мұхиттың долданғанын бұлай налып,
Судағы сайрандаған білді балық.
Сең соққаны иленді нандай болып.
Тереңіне сүңгіген аман қалып,
Бұл ашуға және бір аю лекті.
Жел ұрды, су шымшыды,
сеңдер тепті.
Өлдім-талдым дегенде дымы құрып
Жаңағы мұз тауға кеп зорға жетті.
Ішінен пана тапты өркеш мұздың
Етегінде бір шыңырау
биік құздың.
Жатты тығып тұмсығын қолтығына.
Бірде шошып оянып, бірде мызғып
Жұмған көзін кейде ашып,
көкке қарап.
Әлденеге тамсанып, ернін жалап.
Бірдеме түсе ме деп дәме еткендей.
Жіп-жиі жұлдыздарды жатыр санап.
Әр жұлдыз, бір тюленнің көзі болып,
Әр сирек бұлт,
тюленнің өзі болып.
Түн ортасы ауғанша ойы құрғыр
Көкке оны шарлатты,—
мезі қылып.
— «Па, шіркін,— деді аю —
шықсам көкке,
Келмесе мұздағыдай еш жан бетке.
Әр балықты шүйдеден бір-бір қыршып,
Қарынды сірестіріп тойсам етке.
Жер құрсын!
Күні суық, қыртысы мұз
Жем іздеп ол қыртысты
ер болсын бұз!
Бұза алмайсың. Балықтың бәрі астында,
Қарын аш,
қабақ жабық,
жатағым сыз.
Мұз бұзылса болады күнім қаран.
Туласа теңіз,
жейтін жем бе маған?
Сең сүзгілеп, толқыны тұншықтырып,
Ac түгіл өзім өлмей зорға қалам.
Осы тақыр мұхиттан келіп безгім
Бетімменен қыдырып талай кездім
Шек жоқ, шет жоқ,
бір құрғыр
қаңғырғанмен
Бұдан бөтен су жоғын енді сездім.
Бұл мұхит осыншама неткен жалпақ?
Сол жалпақта басқаның бәрі жалтақ
Мен-ақ батыр,
тюлень жеп, мұз төсеніп,
Бұлтты шапан қылатын
күнді қалпақ!»
Бір шолып ұйқылы аю төңіректі,
Бір ойлап, бүгін тойып жейтін етті.
Ойдан қажып, танауы пысың қағып
Түн ортасы ауғасын ұйықтап кетті.
«Тауық тары,
түсінде,
түлкі тауық,
Көреді».
Түсінде аю көкке шауып
Өмірінде көрмеген рақатты,
Сонда көрді мол жатқан азық тауып.
Не тамақ керек қылса бәрі дайын.
Жұлдызы балық екен,
айы жайын.
Қашу жоқ, я қорқу жоқ, бәрі момын.
Демейді бірде-бірі қаймығайын.
Шетінен ен тамақтың кірді аю,
Бүркіттей көрінгенін бүрді аю.
Бір асап майлы жерден,
ен тамақтың
Ішінде балпан, басып жүрді аю.
Бір кезде барлық балық жылады ма?
Болмаса аспан сынып құлады ма? —
Әйтеуір,
бір қатты үн аю ердің
Сап етті бір мезгілде құлағына.
Сезімі бұл дыбысқа етпей тезім.
Сескеніп былшықтанған ашса көзін.
Жел басылған. Күн шыққан,
бұлт серпілген
Табиғат күлімсіреп тартқан езу.
Құлпырған кек торғындай айна аспан.
Үгетіп, көпіршіте күміс шашқан
Сықылды,
аппақ кіршік жалтылдап қар,
Мөлдір мұз құйылғандай гауһар тастан.
Сәулесін алтын күн де бүрке төгіп,
Төккен сәуле мұз сүйіп,
қарды өбіп.
Ақ шымылдық сықылды желбіреп тұр
Құздардың арасында тұман шөгіп.
«Жел тымықта не пәле бар — деп — мұнда?!»
Балпаңдап өрледі аю құзды шыңға.
Қарға малтып,
тайғанап мұзға,
шықты
Тау шетіне,
тауып бір жолды жымпа.
«Челюскин» сол мезгілде тауды қулап,
Аузы қыршылдатып мұзды турап
Келе жатты.
Тулаған мұз сүңгіп, қалқып,
Сүзісіп,
орғып, қарғып түсті тулап.
Тулаған соң біреуін бірі ұрып,
Тарс-тарс, гүрс-гүрс,
сатырлап, қирап, сынып,
Зеңбіректер атылған ұлы майдан
Ғып жіберді,
теңізді тұрған тымық.
Кең жота, екі жақтан сеңді кернеп,
Кернеген соң сырғыды жолды ернеп.
Тұншыққан мұз көпіршіп, сыртқа шапшып,
Әлдиледі кемені шайқап, тербеп.
Қымыздай мөлдір суды мотор жұтып,
Жұтқан сайын жүрісі мұхитты ұтып,
Гудок мас боп, ән шырқап
тұрды, шылым
Тартса түтін будақтап шықты ытып.
Ытқан түтін шұбалып көкке тартты.
Иегін көкте сиреп бұлтқа артты.
Жер мен көкті жалғаған қоңыр лента
Күн нұрына боялды қызыл нартты.
Осының бақылап тұр аю бәрін.
«Бұ не?— деп — мұзға төгіп кеткен кәрін?!
Мұндайды кездестірген емес тіпті,
Судың да көрдім талай мықтыларын.
Мәселен, көрдім талай мықты китті,
Ол мұзға ойран салып қашан бүйтті?
Киттің күші мұзда емес,
суда ғана,
Мынау одан жоталы, көшті, күйтті.
Денесі сеңдей екен тау боп шеккен.
Бітіпті қабырғасы жайма,
кеп-кең.
Бас қиратып,
қабырға керіп,
аяқ
Ұшырып түсіреді сеңді тепкен.
Дауысы теңіз бетін қылды мезі.
Өзінің үңірейген нешеу көзі?
Ішінде бірдемелер қимылдайды,
Арқалап балаларын жүр ме өзі?
Бұл пәле көз көрмеген шықты қайдан?
Түсті ме екен, аспаннан, күннен, айдан?
Кім білсін бұдан былай не істерін,
Әзірге мұхит бетін қылды ойран!»
«Челюскин» сол мезгілде тауға бетті
Қойды да,
аю тұрған шыңға жетті.
Кеме тоқтап,
ішінен мұз үстіне,
Өрген адам жан-жаққа қаптап кетті.
Көрінді ақ аюға бұлар таңсық.
Бірақ,
еттің иісіне мұрны қаңсып,.
Өзін өзі ұмытты,
тұра ұмтылды,
Өргендердің біреуін жеуге жаншып.
Сырғыды төмен қарай биік таудан.
«Қорқам ба — деп мынадай ұсақ жаудан.
Ең үлкені тимесе,
ұсақтарын
Жемеймін бе,
тюленьдей шеттен аулап!»
Сол кезде құз-тау болған мұзға тан, ғап.
Сыртында аю терісі жүндес жарғақ,
Тұрды Шмит.
Серігі қасындағы
«Ана қара!» —
деді оған аюды аңдап.
Қараса шыңды өрлеп келеді аю.
«Атар я ұстап алар»
демеді аю.
Оның жаны шикі ет.
Көзіне ет
Көрінсе құмарланып өледі аю.
Тау тіп-тік,
асқар биік, мөлдір шыңы.
Кірпіштей қолдан тізгін сеңнің жымы,
Шмиттің ойы кетті ұстамаққа
Аюды асқар шыңнан аман, тірі.
«Кәне, ат!—
деді қарап жолдасына —
Тигізбе, не жүрекке,
не басына.
Жеңіл ғана жаралап, ұстап алып.
Мәскеудегі аңдардың, ордасына.—
Апарайық өлтірмей!»
анау —
«Құп!» деп Винчестерін қолға алды қойған бүктеп.
Суырды,
Аюды болжап тұрып басып қалды
Зымырап оқ аюға ұшты тіктеп.
Ауаны бұрғылап оқ ұшты зырлап.
Екпіні саңғыратты құзды шыңдап.
Аюға бұл әдемі күй көрініп,
Қатерсіз жаны жай боп тұрды тыңдап.
Ол тірсектен тигенін білмей қалды.
Білді жалғыз сырғанай құлағанды...
Бірнеше адам түсірмей жерге оны
Сырғанаған бойымен қағып алды.
III —ШҰҒЫЛА
«Февраль.
14. 34.
Мұз теңіз жақ
Кеше,
15, 30 да
кеме апат
Болды.
Бір жан шығын бар, басқасы аман
Мұздан қалап жатырмыз лагерь жасап
Лагерь бейне Кремль: кең, биік, тік
Ортасына Октябрь туын тіктік.
СССР-ға сәлем де,
сағынышты
Жүрекпенен жанашыр жәрдем күттік!»
Деп Шмит қабар берді штабына.
Саспай сеңнің жан-жақтан қысқанына
Кеме батқан орында ойға кетті,
Әркімге әрбір істі нұсқады да.
«Мынау мұз,— деді іштен,— бізге тұрақ,
Егер де бұл жарылып кетсек. құлап.
Түпсіз тұнған тұңғиық... меңіреу күш,
Минут сайын қорқытпақ:
«Көр — деп,— шыдап!»
Бұл жерден жаға аса емес жырақ.
Жүз елу километр,
жаяу шұбап
Жүрер ек жиырма күн
шыдамайды
Бала, әйел, әлсіздер оған, бірақ.
Алмаса арамыздан ажал қастан
Албановтай осалды мұзға тастап
Кете алмас ешкім де біздің топтан
Қиыншылық туғанда басын жасқап.
Өзге таптан біздегі өзгешелік.
Қара бұлттай келсе де қатер төніп,
Өзімшіл тап адамы сықылданып
Тілектестен қашпаймыз безіп,
жеріп.
Қуанышты қайғыны бірдей көріп,
Бірге жасап немесе бірге өліп.
Шықса төбе, жатса сай бірге болып,
Бір түйір нанды жейміз бірге бөліп.
Одақтың, біз бармақта буынындай
Одақ орда, біз оның уығындай.
Сынса уық, сыздаса буын,
одақ
Тұра алмас апшысы қуырылмай.
Еңбекші тап бір дене, жүрегі бір.
Қай жеріне қадалса қылдай шөгір
Сыздамақ жүрек.
Егер сыздаса ол
Сыздамай тұрған емес дене бүкіл...
Жұтқан мұхит жорықта талай ерді,
«Челюскинді» — қиратқан жұмсап сеңді.
Дүлей ғой ол, білмейді ұлын жауға
Оңайлықпен бермейтін біздің, елді.
Білмейді болат жүрек штабымды,
Естіді мұхит сенің қысқаныңды.
Әмір беріп ұшырмақ,
пятилетка
Туғызған құрыш қанат құстарымды.
«Ленин», «Литке», «Красин», «Малыгинді»
Танисың,
мұз кеудеңді талай тілді.
Үкіметтің әмірін алып олар
Қойныңа қолын салып тағы кірді.
Кеме тұрсын, біздерге болып жоқшы,
Иттерін жегіп, іздеп шықпақ чукча
Бірі құйрық, біреуі қанат:
ит, ат,
Пароход, поезд, қыран, болат топшы.
Жаяды олақ бізге тегіс құшақ,
Жайса құшақ, ұстайсың қалай тұсап.
Ертең елге жетеміз,
біздің ерлер
Жасамақ талай жорық бізге ұсап.
Жүректе жатар мәңгі Магилевич.
Аянышты өлімге ауырса іш,
Бүгін бізді жеңдім деп масаттанған,
Мұхитқа жігерлене жұмсармыз күш.
Жарылса шар, теңізге кеме батса
Техника кемдігі ол уақытша,
Түптегенде табиғат тұсаулы ат,
Табиғат құл, түбінде,
адам патша!»
Ұшқыр ойы жер шарын шарлай ұшып,
Биік ұшып, жұлдызды, күнді құшып
Мұзға кеп қонды,
Шмит орнынан
Тұрды еске лагерьде істер түсіп.
Түктері тоғайлы тау қырау басқан
Көзі күн, түксіз беті тұнық аспан.
Жүрегі жердің шары,
Тентек теңіз
Секілді қызу қаны қайнап тасқан
Қайраты қайтпас болат, ақылы кек.
Тауды тескен қызу от — шығарған дем.
Сөзі судай тасқынды ашық үні,
Дауылша күркіреген күнменен тең.
Көтерді қырауланған түкті басты.
Кескінмен қуанышты керді қасты.
Мұхитта Кремльдей коммунизм,
Ордасын қаласуға араласты.
Күн тұмансыз, бұлтсыз, ашық, шағыл,
Ерлер істе — ағылған, көрмей дамыл.
Бір адамда уайым жоқ,
Бәрі батыр,
Дулаған той орны бейне
лагерь.
Сүйсініп жүрген жұртқа жұмыс істеп,
«Бұ неткен қайрат,
сенім,
неткен күш!» деп
Аласа қазығына арқандалып
Ақ аю жатыр екен шынжыр тістеп.
Тұтқынға түскеніне аю кекті,
Долданды ол, тыпырлап, мұзды тепті.
Түк шықпады... қажыды...
жамбасынан
Құлады да, көз жұмып ойға кетті.
— «Міне төрт ай — деді аю,— мен тұтқынмын
Жарты жылдық өмірді ұтты ұшқыр күн.
Менен осал болмады,
бекер екен
Дейтін сөзім: мықтымын,
жауды ықтырдым.
Қиядан сықылды едім құлап кеткен.
Кезінде етегіне келіп жеткен
Осы бір, қос аяқтар ұстап алып,
Байлады қарсылыққа болмай еткен.
Аяғым сынған екен әлденеден.
Қан сорғалап ес ауып, талды денем.
Кейінгісін білгем жоқ...
Жисам есті
Бір қуыста жатырмын жылы, терең.
Жаралы аяғымды орап, байлап
Тастапты,
Сол арада қаным қайнап,
Тұрдым да орнымнан
үйшігімнің
Көрінген жерін тырнап, көрдім шайнап,
Tic бату былай тұрсын түспей таңба,
Ызамен, арпалысып.
Бұлқынғанға
Болмады, құйылды тер, құлай кеттім
Жарадан қорлық қатты батты жанға.
Деген сөз рас екен «ұйқы дұшпан»,
Бойыммен ыза кернеп, ашу қысқан
Жатып ем, ұйқтап қаппын...
дыбысқа бір
Оянсам, бейне бұйра бұлтқа ұқсап.
Басының түгі бар жан қасымда тұр.
Осымен үшінші рет кездесті бұл.
Тап беруге бір ойлап...
Көзіне көз
Түскесін.
«Болмас,— дедім,— мына құрғыр».
Содан бері бірталай өтті заман.
Тұтқыннан басқа қастық бұлар маған
Жасамайтын сықылды,
ашпай қарын
Күн сайын мезгілімен тамақтанам.
Бұрынғы бостандықты ойлап көңіл
Жүдейді аздап,
Бірақ мынау өмір.
Рақат деймін іштен, бір есептен.
Уайымың не, тамақ жеп, жат та семір!
Көндіктім...
Бірақ, маған келетін ой,
Мен бір заттың ішінде жатырмын ғой.
Ол мені жұтты дейін...
Сонда... өлмей,
Қалайша тірі болып көтерем бой.
Өзіміз бітеу жұттық талайларды,
Деместен мынау жансыз, мынау жанды.
Солардан, тап мендей боп:
ішімде мен
Көргем жоқ жанын аман сақтағанды.
Ойлаймын жатып, тұрып соны ылғи.
Суды сыңғи,
азықты кесек қылғи,
Білгенмен, жұтқанына дақ салмауын
Көргенде қайран қалам, жетпейді ми.
Сол алып бүгін суға кетті сүңгіп.
Мына бір,
мұз бетінде өрген тырбық
Қала берді.
Батады жанға қатты
Осылар ұстағаны мені құл ғып.
Кім білсін, зоры неге сүңгігенін.
Қиратып мұзға салған дүрбелеңін.
Істей ме тереңдегі балықтарға?
Бұл пәле, оңдырмайтын тиген жерін.
Мен тұтқын...
Мұзға міне арқандалдым.
Туатұғын болмады шер тарқар күн.
Кім білсін, күтіп тұр ма алдымда әлі
Бұдан жаман жүдейтін, қайғы артар күн!»
Көзімен шолды аю лагерь жақты.
Шолса сеңдер мрамор үй бон қапты.
Биік діңгек басында желбіреген
Тумен ойнап сәулесі күн де батты.
Үш жылдай ұстап келем «АНТ»ның басын.
Деместен: боран, тұман, жаңбыр, шашын,
Көргем жоқ содан бері
не күн, не түн.
Не құлап,
не талығып,
не адасып.
«Мұз мұхит тұтқындады біраз ерді,
Солардан құтқар деген хабар келді,
Аттан тез! деп партия, үкіметпен
Басында марттың маған әмір берді.
Қаһарлы қарт мұз теңіз жаққа қарап,
Жарлықты алғасын «АНТ» қақты қанат.
Сонда аспан сен бізді бұдан қатты
Қайырмақ боп маңдайға ұрдың сабап.
Болмады шапалағың шопақ құрлы.
Кеудеңе «АНТ» - ым құлай салды бұрғы,
Сен түгіл асау мұхит қайратыма,
Таң қалып, аузын ашып, көзін жұмды.
Кешікпей орындалды берген жарлық.
Тұтылған мұз мұхитта ерді барлық,
Құтқардық,
Большевиктік біздің қайрат
Жер шарын түгелімен отыр тан, ғып.
Алсаң да алай-түлей дауыл демді
Шүмектеп құйсаң-дағы жаңбыр-терді.
Осқырып туласаң да асау аспан,
Үстіне аумайтұғын салдым ерді.
Сен түгіл ертең айға, күнге мінем,
Мінем күнге, әлемге күндей күлем.
Күлем күндей, кезіме көлеңкелі,
Орын түссе пердесін серпем, түрем.
Ұмыт қып тұрмыста жоқ пері құстан
Ертеде адам емес, қиял ұшқан.
Қиял құсын адамзат айдан жасап,
Алғанда, капитал сұм оған дұшпан.
Сол сұмнан құсты түгел алсақ тартып,
Топтанған тырна, үйрек, қаздай қалқып
Ұшады аэроплан, адам түгел
Ән салады аспанда мендей шалқып.
Құс та біз,
балық та біз,
адам да біз.
Бөгелмей мұхит,
таудай қамалға біз
Анық атам атын ап,
әмір етіп
Тұрамыз он сегіз мың ғаламға біз!
Меңгердік біз асаудың алуаның
Шүу аспаным!
Үш үдеп жануарым.
Мәскеуге ертең барып көрсетейін,
«АНТ» сықылды аспанда —
балуанын!
Толық бет, қыр мұрынды, жұқа ерін,
Қалың қабақ, өткір көз жанға тегін
Бітер емес,
сары-сұр кескінінде
Толқып сыртқа теуіп тұр қайрат, сенім.
Қашан күн системасын түгел шолмай
Ұшатұғын ойы бар, жерге қонбай.
Аспан ызғар,
қайраты жалын.
теңіл
Киімменен келеді қызып, тоңбай.
Артында тұмшаланып жатыр
Борька,
Қараса күлімсірей, оған жорта.
Жұмады Борька көзін:
«Неге маған
Қарайды?» деп көзінен жаны қорқа.
Бұл жолы Борькада да долы ашу,
Я, ойында, тұсауды үзе қашу.
Мәңгі ғып келе жатыр басын оның
Ойдан ой туып,
ойға ой ұласу.
«Апырай,— дейді Борька—бұ не сұмдық?
Мына бір қос аяқтар мені құл ғып.
Басынып алды әбден.
Дегеніне
Көнетін болдым қазір басты шұлғып.
Адасып әлдеқайда қалды теңіз,
Кіндіктес туысқаным еді егіз.
Құлағымды сасытты осы біреу
Беймаза,
Пырылдаған ащы лебіз.
Бырылдап, су сіміріп мұзға ұрынған
Дегенде құтылдым ба, бір бырылдан
Аспанда бірдемелер тағы бір күн,
Оянсам қанат қағып жүр дырылдап.
Ол дырыл теңіз бетін орай ұшты.
Биік ұшты,
аспанда бұлтты құшты.
Ес білгелі өз басым көрген емен,
Теңізде бұл сықылды ірі құсты.
Сол құстан қорықты ма?
Қуанды ма?
Шулады да қос аяқ,
уанды да.
Шақырды?
Я, үркітті?..
Түтіндетіп
Теңізді айналдырды буалдырға.
Екпіні дауылдатып құс та қонды.
Сытырлады қайысып қонған орны.
Құс артынан құс қаптап теңіз беті,
Бір кезде сондай ірі құсқа толды.
Көп екен көргенімнен көрмегенім
Жұтып ап,
қос аяқтап еңгелерін,
Мені де қылғыды құс,
бірақ ғажап,
Тағы да бұл қылғуға өлмегенім.
Қылғыды, әлде залал, әлде пайда!..
Мені бұл апарады ұшып қайда?
Биікте бір теңіз бар сықылды еді,
Барса соған, балығы аз ба,
бай ма?
Ол теңіз орным еді қиял еткен,
Дейтін ем, мен өмірде оған жетпен.
Әлі де мына себеп кездесуі
Кезі ме, тілек қабыл болып кеткен.
Биікте теңіз бары анық болып,
Түп-түгел жарқыраған балық болып,
Түсімде көргенімдей түнеугүні,
Тамаққа қаламын ба қарқ болып!..»
Күресіп қуаныш пен қайғы бойда,
(Ай батты, аспан тұнды), аю ойда.
Сол кезде «Ант» айналды
Мәскеу үстін Бірнеше орағытып, қонуға ойлап.
Еңбекші адамзатқа болған қорған
Маягы бостандықтың Мәскеу —
ордам.
Жігіттей жиырма бес жасқа шыққан
Денесі өскен,
алып күші толған.
Толықсып тұрды бетте қаны ойнап,
Қаланы нұрға көмді шамдар жайнап.
Атқан фонтан кілем түс, гүлді сүйіп
Шырқады радио —
бұлбұл сайрап.
Пролетар табының жүрегінде,
Бақытты түпкі қызық тірегінде,—
Шомылып электрдің жарығына
Жайқалды қызыл жалау Кремльде.
Ұлты көп, тілегі бір, азат халық,
Ән, күй, енер, ойынға құмарланып.
Театр, кино, бақша,
тағы сондай...
Азықтан рухани жұтты қанып.
Соларды Анатолий көріп қызық,
Ойнағысы кеп кетіп,
дене қызып,
Орай ұшып,
дөңгелек қошқар мүйіз,
Қала үстіне түтіннен тартты сызық.
Теңізде еркін балпан басқандағы
Көп көзді, көретіні аспандағы
Мәскеу екен деп ұғып,
үрейлі ойы
Мынау болды аюдың сасқандағы:
Теңіз жоқ. Балық та жоқ, жоқ жайыны.
Сүңгіген суға алыптық ағайыны
Жатады екен көкте,
жолатпастан
Маңына қос аяқтан жабайыны.
Қызарып жаңа шыққан күндей жанған,
Қызыл ту желбіреген мұзда қалған.
Күшімен нендей заттың көкке келіп
Өзгермей сол күйінде орнай алған?
Көктің де алыптары зорлар екен,
Теңіз, көк, қос аяққа толған екен.
Қайда барсам алдымнан солар шығып
Ендігі күнім қаран болған екен!..»
V — АЙТЫС
Мәскеудегі аңдардың қорасында,
Түнгі сағат төрттердің шамасында
Жатты ақ аю дөңбекші,
кірпік қақпай,
Торкөзде, толған аңдар арасында.
Өңге аң шырт ұйқыда -, қор-қор, пыс-пыс,
Олардың есінде жоқ тұтқын-қипыс.
Жалғыз-ақ жабырқаңқы қиқылдайды,
Бақшада, көл үстінде ұйықтаған құс.
Май сұлу — алма қызыл беті бөртіп,
Қаны тасып, кеудеде сүті дертіп.
Жібек шашын тарқатып,
жасыл желекБүркеніп, жатты ұйқыға о да елтіп.
Майдың сұлу мүсіні түсі-дағы,
Көрген жан ғашық боп қол ұсынады.
Ақ аю мұзда өскен, бірақ олай,
Құмартпады, дөңбекшіп пысынады.
«Екен — деп — мұнда түн де, күн де қапа!»
«Жамбасым ауырды — деп — жата-жата!»
Тұрды да торкөзді кеп ерсіл-қарсыл
Қозғады бар күшімен сықырлата.
Қара аю көршісінде мас боп тәтті
Ұйқыға
қор-қор етіп қалғып жатты.
Құлағына сымдардың сықырлауы
«Оян, оян!» дегендей ызын, қақты.
Оянды.
Бірақ, көзін ұйқы басып,
Есінеп, былшық басқан көзін ашып,
Қараса сығырайып көршісіне,
Бұлқынып жатыр екен жанталасып.
Мезгілсіз маңайына ұрынғаны
Ұнамай, қара аю ырылдады.
Бірін-бірі тістемек болып,
екі
Жақтан келіп түйісті мұрындары.
Тістері сақылдады,
тырнақтары
Тарбиды, бірақ торкөз тырнатпады.
Екеуі де шоқиды жүресінен,
Беттесіп бір-біріне тіл қатқалы.
Қ а р а а ю
Ұйқыдан неге ояттың долы, тентек.
Бір жан жоқ, сенен басқа, еткен селтек.
Осы тордан өмірде босану жоқ,
Тула, қарғы, тырнала яки жер теп!
А қ а ю
Басымды қатырмашы, босқа оттап!
Қ а р а а ю
Сен өзің басынасың кімді боқтап?!
А қ а ю
Басынса не қыласын?
Қ а р а а ю
Құтырма сен,
Мұхитта дардаңдайтын күнді жоқтап!
Дәндеме, кімнен сенің артық жаның!
Маңыңның көзбен шолып көрші бәрін.
Көзің шыққыр, көрмейсің, аңдамайсың.
Әкеңдей тұтқын болған дала ақын.
А қ а ю
Айта ғой, менен мықты қай аңың бар!
Қ а р а а ю
Пә-шикін,
мықты екен-ау,
мына мұңдар!
Әлін білмес әлектер осылар ғой...
Мықтыны мен айтайын, сен тыңда, ал!
Көрмесең әкеңдей аң бұдан бұрын,
Ана бір қалқан құлақ, ұзын мұрын.
Піл.
Аяғы бөрене, денесі құз,
Мықты болсаң кәне, бар, соған ұрын!
А қ а ю
Ұрынса не қылады?
Қ а р а а ю
Қылғаны сол:
Тұмсық пен қабырғадан бір персе ол,
Сүйегің күл болады.
Аяқ басқан
Аң да бұдан жоқ дейді күшті я зор.
А қ а ю
Қамалды мықты болса неге мұнда?
Қ а р а а ю
Кішкене саябыр ет, сөзді тыңда...
А қ а ю
Апырай қызықсың, сен, неге тұтқын
Болады біте тұра мұндай тұлға?
Қ а р а а ю
Күш, тұлға біткенімен, зады момын.
Жүз пұттан жүктер ілсе тесіп жонын
Мыңқ етпейді.
А қ а ю
Оңбайды оған көнсе,
Ендігі мықтылығын айтпа оның!
Қ а р а а ю
Ана бір сабау құйрық, жалбыр жалды,
Кіндігі көтеріңкі, төстек алды,
Аран ауыз, таяқ тіс, найза тұяқ,
Танимысың атақты арыстанды?
Бұл жақта, дейді аңдар, мұны «патша»,
Егер де ашуы кеп, қабақ қатса
Жытамыз бәріміз де. Оңуы жоқ,
Қуып жетіп, біреуін ұстап қапса.
А қ а ю
Рас, ол бір тұрғанның түсі суық.
Қасына басқа біреу барса жуық
Бұрқан-тарқан болады, шабынады,
Долданады денесін ашу буып.
Қ а р а а ю
Әне бір бола қоймас тарғыл таныс.
Оның жүрер мекені тау мен қамыс.
Арыстаннан кейінгі ауыздағы
Жолақ жүнді, жойқын күш,
ол — жолбарыс
Айласы бойында мол, шапшаң, епті.
Жүректі.—
Бір нәрсеге қойса бетті
Таймайды.
Жараланса не еледі,
Өлмесе, тынбайды ол алмай кекті.
А қ а ю.
Кететін неме екенсің кейде мыжып.
Біріне-бірі қайшы, сөзін, қызық.
«Кек алмай тынбаса ол»
неге қашпай
Тұр мұнда, талқан қылып, торды үзіп?
Қ а р а а ю
Сен өзін, кім деп тұрсың
адамзатты?
А қ а ю
Тағы да аң бар ма еді ондай атты?
Қ а р а а ю
Кім өзіңді мұхиттан ұстап алып,
Осы торкөз ішіне қамап жапты?
А қ а ю
Қос аяқ.
Қ а р а а ю
Соның атын дейді адам.
Келді ме ұстағанда оған шамаң?
А қ а ю
Жоқ.
Қ а р а а ю
Ендеше құтырма сен,
Соның құлы —
Құрт-құмырсқа, құс, балық, барлық ғалам.
А қ а ю
Апырай, оның рас.
Қ а р а а ю
Рас болса,
Мықтысынып сөйлейсің неге онша!
А қ а ю
Менікі мықтылық па, күйінгендік,
Шыдау қиын, жүрекке қайғы толса.
Жүндестеу, ұзын тұмсық, ана бір сұр,
Неткен аң?
Қ а р а а ю
Кәне?
А қ а ю
Әне!
Қара а ю
О ма? Қасқыр!
Тоңмойын, қайсар, өжет, ұры.
Оны
Жаратқандай деп әдей «малға қас қыл!»
А қ а ю
Малың не? Біз сықылды о да аң ба?
Қ а р а а ю
Түйе, жылқы, қой, ешкі, сиыр малға
Саналады.
А қ а ю
Оларды кім көріпті.
Таныстыр болса малдар осы маңда.
Қ а р а а ю
Бар. Анау иір мойын, найза өркеш...
(«Өркеш деген арқаға біткен кертеш»),
Мойын, саны шудалы, жоталы, зор,
Қапсырыңқы қарынды, төсі еңкеш.
Бұл зордың білмесең, сен аты түйе.
Түйені ұстаған жұрт бар деп кие.
Олай дейтін себебі шөлді кезген
Адам жүгін арқалап күнге күйе.
Жүгі ауыр болғанда боздаған ол,
Боздаса мұң зарларды қозғаған ол.
Дегенмен, жылай жүре жүгін жерге
Тастамаған, ғасырлар тозбаған ол.
Қажымаған қыртысты етсе қомын,
Елемеген тамақ пен сусын жоғын.
Адамзаттың тарихи жүгін талай
Сүйреген еңбегі бар сондай оның.
Нелер ғасыр талықпай тартып жүкті,
Күндіз-түні кемде-кем тізе бүкті.
Тыныс беріп, арқамды босатар деп
Салысты ана жылы Турксибті.
Әне бір, желкесі жал, құйрығы қыл Жылқы.
О да адамды тыңдағыш құл.
«Ер қанаты — ат» деген атақ алып,
Адамға талай пайда тигізген бұл.
Еті, сүті, жүрісі,— бәрі де жел,
Желденбеген ертеден аты жоқ, ер.
Біреуде «мың».
біреуде, «біреу» де жоқ,
«Мыңды» мұңсыз,
«бірсіздің» жүрегі шер.
Мыңға қазір «бір» емес, ие «мыңдар».
Мыңды «мық» иеленсе, кімде мұң бар.
Бас бақташы Буденный дейтін батыр.
Атқа не табылды, сыйлар, құндар.
Көпшілікке тигесін мұндай билік
Аттан-дағы еңбекке алып сыйлық.
Бұдан былай мінеді әрбір адам
Сүйріктей сұлу:
желгір, жорға, жүйрік.
Жылқы жанға етпейді әсте залал.
Азулы аңның бірі ұмтылса әгәр.
Осқырып қаша бастау, басын қорғау,
Қолдан келер қайраты, барлық табар.
Қасқыр деп атадым ғой, сонау сұрды.
Ол жылқыдан кеп осал.
Бірақ сұмды
Жылқылар жолықтырып айдалада
«Қос қолдап төбесінен, дей бер ұрды».
Қапса қасқыр алқымнан яки шаптан,
Шыңғырып құлау барлық ісі тапқан.
Егер де қайрат қылса,
қасқыр қатып
Қалар еді тұяқтан жалғыз қаққан.
Бұдан анау сайдақты сиыр аңға
Мықтырақ,
далада аң жолыққанда
Осалдарын ортаға ап, өкірісіп,
Сүзгілеп түсірмейді етке таңба.
Сиырдан — сүт,
сүт қаймақ,
қаймақтан май,
Майы көпті адамзат дейді:
«тоқ, бай»
Өгіздері алып күш, аяң жүкке
Талықпайды болса да ауыр қандай.
Қой мұнда жоқ, тұқымдас анау арқар,
Ешкі анау киіктей
көзді тартар
Болмағанмен бұлардың денелері,
Иеленсе жатқан бір байлық шалқар.
Адамзат жарымаған аңдай түкке.
Тоқылып қойдың жүні фабрикте,
Киінсе адам оны, жаны жайлы,
Етпейді сақылдаған аяз түк те.
Мал еді амандықтың бұрын алды
Себебі малсыз — құнсыз, құнды — малды.
Мал жалпының мүлкіне айналғансын
Бұл амандық бұл күнде жаңаланды.
Әлі де ұстағанмен малды бұлдап,
Бұл елде малдан қазір адам қымбат.
Бүгін ашық шешілді табушыға
«Мал ма, мен бе, кім қымбат?»
деген жұмбақ.
Таусайын айтып саған аңды қай бір.
Тақыр бет, түкті дене анау маймыл.
Аң атаулы ішінде епті осы
Істейді кейбір істі адамдай бұл.
Аң адамға қорыққаннан иеді бас,
Ал, мал деген еліккіш, көнбіс, жуас.
Қашпайды, қастаспайды, пайдасы мол,
Кисе киім, мінсе ат, ашықса ас,
А қ а ю
Менде бар тағы үлкен екі сұрау,
Олардан бұрын сұрар сөзім мынау:
Аң емес, ана біреу шумақталып
Жатқаның емес пе бір мықты дырау?
Қ а р а а ю
Осында оны халық дейді
«удав»,
Ол-дағы шыға алмайды тордан тулап,
Анау қоян жұтқанда кесектеліп
Денесін жөнеледі керіп, бунап.
Бұл тұқымдас жәндіктің аты жылан.
А қ а ю
Өзгесін айтпай-ақ қой өзім де ұғам.
Ендігі бір сұрауым: осынша құс,
Ұғындыр, пайда боп жүр қайдан бұған?
Қара а ю
Отырған қанаттарын кере сілкіп,
Көк сала, орақ тұмсық, анау бүркіт.
Қырағы көз қиядан бір нәрсені
Шалса, онда болмайды қате,
мүлтік.
Ана бір қызғыл аңды дейді түлкі.
Баққаны қулық, қалжың, ойын, күлкі.
Айлакер, төбелескек
бірақ оны
Қояндай алып жейді бүріп бүркіт.
Түлкі тұрсын қасқырды жейді алып.
Қасқырға түсерінде қанат қағып
Топшысын қысып,
төмен сорғалайды
Шырқап шығып бұлттан әрі барып
He қыларын білмейді қасқыр сасқан.
Көздің түбін қапсыра
алып бастан
Сықса, темір құрсаудай
сынып сүйек,
Тұяғы кіршілдейді миға шанышқан.
Бұлай дейтін көпшілік,
емес бір мен.
Аңға аман қалу жоқ бүркіт бүрген.
Талайлардан естідім құлағыммен,
Бүркітті қасқыр түгіл аю ілген.
Торғындай құлпырған көк анау лашын,
Өзінің көрдің бе сен кербез, нашын,
Анау қаз, анау үйрек, дуадақтың
О-дағы кемірген қу талай басын.
Қияғы қылпылдаған бейне пышақ
Тиіп кетсе тіледі орғанға ұсап.
Ұшқырлығы найзағай,
үйрек, қаздың
Бәрін оған қойғандай байлап, тұсап,
А қ а ю
Мына, бір ұзын мойын аппағың кім?
Қ а р а а ю
Аққу, онда бар байлық — әдемі үн.
Көңілді боп кетеді осы бақша
Ішінде ол сызылып ән салған күн.
А қ а ю
Ана бір ұзын құйрық құлпырған түс?
Қ а р а а ю
Сал, кербез, сылаңдаған ол тотықұс.
Әдемі.
Бірақ құс деп өңгелердей
Не сайра, дей алмайсың, немесе ұш!
А қ а ю
Кішкене, мына біреу, әншіл сары?
Қ а р а а ю
Бұлбұл құс
ыстық, жаз, тоғай, гүлдер жаны.
Сол кішкене қалпымен шымырлатып
Жібереді денеңді сайрағаны.
А қ а ю
Екі үлкен сұрау бар, бірі оның
Емессің аң сықылды сен де момын.
Әрі білгір екенсің,
сөйте тұра
Қалайша торкөзден сен алдың орын?
Қайда және кім сенің ата-енең?
Осыны өтінемін енді сенен?
Қ а р а а ю
Дұрыс...
Былай деп жазған шежіремді
Германия ақыны «Гейне» деген: —
«Балқанның көріп жүр жұрт биік тауын.
Көтерген көкке керіп омырауын.
Ерке өскен еркесіндей тастық бетін
Сүйеді аққан бұлақ, жауған жауын.
«Созылып таудан төмен кербез дала,
Етекке мрамордан орнап қала.
Алапта базар қызып,
нелер сұлу
Келеді сол базардан азық ала.
«Базарда музыкалар тербетсе күй.
Екі аю (ұрғашы, еркек) билейді би,
Аттатроль, Момиды қызық көріп,
Болады сол маңайда халық, ылғи.
«Би билеп иесіне тапса да ақша,
Бар жұртқа қарайды олар дұшпан, жатша.
Өйткені түседі еске, асқар таудың
Ішінде тағы болып өскен бақша.
«Ойласа орман, тауды күйеді іш,
Зарланып шықырлайды қайраған тіс.
Бірақ,
бұғау шынжырдан ойланғанмен,
Босанып үзіп шығып кетуі күш.
«Бір күні жатыр еді қайнап базар,
Жұрт ду етті, шыққандай жерден тажал.
Нәрсесін қолындағы тастай қашып,
Секунд сайын жалтақтап күтті ажал.
«Ол қашудың мәнісі: Аттатроль
Болмаймын деп өмірлік
адамға қор,
Шынжырды үзді, бұлқынып тауға қашты.
Халық үрікті, бөгет жоқ, ашылды жол.
«Жан тұтпай, әркім басын қылды сауға.
Құтылып Аттатроль кірді тауға.
Құрысын құтылғаны!
Сүйген жары
Момиы босана алмай қалды жауда.
«Үңгірден балаларын аман тапты.
Оларды құшаққа ап, қысып қатты.
Күңірентіп тас қуысты Аттатроль
Жарының қайғы зарын тасқа шақты.
«Жан жарым,— деді аю,— қашан көрем?
Зарымды естимісің жарым деген.
Аузыңды балдан тәтті, құшырлана
Қандырып сусынымды қашан өбем?
«Мұрнымнан кетер ме екен жұпар исің,
Шекердей үнің тәтті, сазды күйшім,
Алдыма мың сұлуды қатар қойса,
Оларға ненің сендей бойым исін!
«Қалдың-ау, жау қолында сүйген жарым!
Қайтейін, өзегім өрт, кеудем жалын!
Қолымнан бақыт құсын тартып алды,
Зорлықшыл, қиянатшыл, адам залым.
«Барлық аң, жігерлене түгел мендей,
Бағынбайық, десе егер, адамға өлмей.
Өгіз сүзіп, ат теуіп, иттер тістеп
Жұмсаса, қару болса кімде нендей.
«Сонда біз жеңер едік адамзатты,
Тұрар ек қиянатсыз, тату, тәтті.
Не керек!
Береке жоқ!
Әй, адам-ай!
Болғасын біз бірліксіз тізең батты!»
А қ а ю
Онысы рас та ғой.
Қара а ю
Бөгемеші.
Аңдардың адамменен ерегесі
Әншейін әурелік!
А қ а ю
Күшін қосса
Бар дейсің теңеспейтін неменесі.
Қ а р а а ю
Жарқыным, қоя тұршы мықтылықты.
Адамнан аңдар түгіл жел, су ықты..
Одан-дағы сұра сен, «Аттатроль —
Деп — үңгірден ақырда қалай шықты?»
Момиға оның шыбын жаны құрбан,
Момидай боп шыңғырып біреу тұрған
Бір бақсы бақырған кеп және біреу
Мылтығын шығар жерде кезеп тұрған.
«Жанына» таяқ батып, бебеу қаққан
Шыдамай, үңгіріне кіріп жатқан
Аттатроль жүгіре шыққан кезде
Қос өкпеден аңдыған мерген атқан.
А қ а ю
Айланы білмей қалған екен сорлы
Қ а р а а ю
Қандай екен деп оның жатқан орны
Кірсе мерген, табылған алты күшік,
Оларды алып, тағы болған жолды.
Сол алтаудың біреуі менің шешем,
Төртеу ек, мен-ақ тірі жүрмін есен,
Қаталеспен, егер де өмірімнің
Алды жарық, арты зар-қайғы десем.
Бір ойын ордасы бар дейді — цирк
Жасымда үйренуге соған беріп,
Әртүрлі енер білдім, соның бірі
Арқанды бойлай билеу, қойған керіп.
Арқан деген бейне қыл жіңішке сым.
А қ а ю
Қатерді ойын екен мынауың тым!
Ойнайтын болды онда, сенен басқа
Осындай өнерлерді тағы да кім?
Қ а р а а ю
Бүркіт пен қоян, қой меи қасқыр онда
Бірге ойнайды.
Ішінен тынып зорға.
Аттар сал, иттер әнші, жылан қамшы,
Арыстандар мүлгіген сопы, молда.
Мәселен, арыстандар аузын ашып
Тұрғанда, ойнатушы ұртын қасып,
Аузына басын тықса тістемейді.
Қайраты сол сағатта суып-жасып. ,
Цирк деген дөңгелек бір биік үй.
Ойнаушыны көретін адам ылғи.
Мен сонда, жоғарыда көрген арқан
Үстінде дөңгелекке билеймін би.
Тәртіпке үйретуші болды қатал.
Болмашы ойнағанда болса қатаң
Артынан таяқ жейсің.
Ашуланса, Ұрыншақ адам еді «әпербақан!»
Сондықтан ойнағанда ойың барлық
Қабағын жүру ғана оның аңдып.
Оркестр дейтін, бірақ, бірдемесі
Басыңды жібереді кейде даң ғып.
Адам ол —
қайғырымпаз, қуанымпаз,
Жеркенімпаз, сүйімпаз, қуанымпаз,
Дариядай шалқымпаз, шаттанымпаз,
Көркетімпаз, тасымпаз, суалымпаз.
Осындай ішіндегі сырдың бәрін
Өз үнімен шығарса, дейді —
әнім.
Әнде үнге сұлу сөз сәйкестеліп
Балдан тәтті етеді әннің дәмін.
Күй де үн.
Бірақ сөзсіз сара дыбыс.
Дыбыстан сыр аңғару қиын жұмыс.
Бірақ, адам дыбысты шебер құрап
Әннен-дағы береді артық ұғыс.
Шіркін-ай, бар-ау күйлер нелер тәтті
Дыбыспен ұқтыратын талай гәпті.
Шектен шыққан тәтті үн, алпыс екі
Тамырымды сан рет шымырлатты.
Тәтті күйге етпейді денем сабыр,
Шектер емес, ойнаған, барлық тамыр
Сықылданып адасам ылғи естен,
Сол мінезден ақырда көрдім жәбір.
Бір күні орындадым ойнақы би,
Оркестр қошеметтеп ойнады күй.
Есім шықты...
Құладым...
Сынды аяқ...
Содан бергі мекешім торкөз ылғи.
А қ а ю
Енді кеңес қылайық адамзатты,
Бағындырды дедің ол талай жатты.
Денесінің түрі анау,
сонда солар
Соншама мықтылықты қайдан тапты.
Қ а р а а ю
Біздегі барлық қару тіс пен тырнақ,
Табиғат сыры бізге түгел жұмбақ.
Әлсіздер қолға түссе, алып жейміз,
Әлділерден қашамыз, денені ұрлап.
Бізде жоқ, адамда бар қару —
сана.
Сана ол —
иландырғыш, тапқыш, дана.
Дүние кең, байлығы ұшан-теңіз
Сол байлықты табатын сана ғана.
А қ а ю
Ақыл, айла шіркінде не деген кеп!
Қ а р а а ю
Саналы адам күшін дейді еңбек.
Сол еңбектің сойылын соққыш мұнда
Бір керемет қуат бар дейтұғын —от.
Тығылған жерден оны еңбек тапқан,
Алғашқы шыққан ұшқын тастан шыққан.
Адамнан басқалардың аяғына
Сарт етіп бірінші рет түскен қақпан.
Сен өскен мұзға барған алып дене
Естуімше «Челюскин» дейтін кеме.
Көкке ұшты деген құс — аэроплан,
Жансыз жүзіп, самғайды олар неге?
Сен білмейсің, соларға жан берген от.
Олар тұрсын құмалақ көлемді оқ
Жұмсаса от, не жүрек, не басыңа
Keп қадалса өлесің тіршілік жоқ.
Көкте түнде көреміз жиі жұлдыз,
Біз, мәселен; көк емес, жерде тұрмыз:
Жұлдыз жерге түспейді.
Жерде жанған
Электрдің жарығы нелер мың жүз.
Электр де от. Бірақ, ол — оттың оты,
Жетпейтін электрдің құдіреті
Әлемде жоқ. О-дағы адамға құл
Осы бір керек сабақ, тыңда, оқы!
Тентегім, адам деген сондай пәле.
Торды үзіп шығам деп етпе дәме.
Енді дамыл алайық, бітсін кеңес,
Сәскеге күн де барып қалды, әне!
А қ а ю
Артымыздан, десейші, енді пыстық,
Күн кешеміз, десейші, мәңгі естіп.
Адамыңды ұғындым...
Соңғы сұрау:
Осы жақтың ауасы неткен ыстық?
Қ а р а а ю
Құс көлде, балық суда, құлан шөлде.
Туып-өспек әр жәндік, әрбір жерде,
Құсқа көлі, құланға шөлі қымбат,
Мұз теңізді көресің артық сен де.
Мұхитыңның көргем жоқ татып тұзы
Татпасам да білемін, құтсыз мұзын.
Тұтсыз емей немене,
күні суық,
Үскірік,
Үсті тықыр, желі ызың.
Суықбас аңнан басқа жәндік сирек.
Көкірек кеудесіне найза түйреп
Бармаса батыр адам,
басқа жәндік
Бармайды апармаса, зорлап, сүйреп.
Бұл жақта да бар ондай ызғар, суық.
Көктем, жаз, күз, қыс
бірін-бірі қуып
Ауысады.
Жәндіктер жадыраулы
Міне, қазір көктемнің күні туып.
Пасқа жәндік жаз шықса болады мәз,
Ал адамға үскірік қысың да жаз.
Жанды-жансыз табиғат оның құлы,
Бар әлемнің иесі — ол өнерпаз.
Қара аюдан бұл кепті естіп барлық,
Шарасы қалмай енді тұлданарлық,
Ақ аю көзін жұмып жатты-дағы,
Ұйқыға батып терең, кетті қалғып.
3 май, 1935 жыл.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі