Өлең, жыр, ақындар

Тау бүркіттері

  • 12.08.2021
  • 0
  • 0
  • 547
Түн.
Қыс.
Боран.
Ышқынған долы дауыл,
Қопарып ұшырғандай Кавказ тауын!
Тынысын тарылтқан түн тауды таптап,
Қозғалтпайды, салмағы зілден ауыр.
Еңсесін Эльбрустың көтертпей бұлт,
Ақ басын айдаһардай айналып шырқ,
Каспий мен Қара теңіз қамай толқып,
Тербетсе де қамал тау етпейді тырп.
Сол түнде Эльбрустан биік ұшып,
Топшысын бірде жазып, бірде қысып,
Мұз балақ, темір тұяқ, болат қияқ
Жүйткіді желге қарсы қыран жосып.
Түн тонын талмай тіліп алмас қанат,
Долданған дүр дауылды бетке сабап,
Булықпай боранға ол, тартады жол
Таммерфорс жағына көзін қадап.
Қапалақ қарынан мол қырау-қыстың
Қадаған көздерінен ұшты ұшқын,
Таммерфорс ішінде тау бүркіті —
Білген барын Лениндей қыран құстың.
Халыққа елестейді қыран Ленин:
«Тең болсын оған басқа қыран ненің.
Денесі дүниедей, көзі күндей,
Түктері тоғайдай бір болар керім.
Бар болар басы бейне жер шарындай,
Миы жердің уызы — от жалындай,
Қара теңіз, Каспийдей толқынды ой,
Сөзі тасты төңкерген долы ағындай.
Ыстыққа, суыққа да піскен құрыш,
Боп туған еңбекшіге бақыт, ырыс.
Тарихтың тар кезеңін тауып ұшқан
Тау бүркітін ізденіп табу дұрыс...»
Қақалтпақ боп қырауын қатырды бұлт,
Жолдан жазсын деп қарын сапырды бұлт,
Халық жолдан жазбады, жайқағанда
Қауырсын қанаттарын жапырды бұлт.
Халыққа жел мен бұлттың жетпеді әлі,
Жүйткіп ол бұлттан да кетті әрі,
Ар жағы ашық аспан, сансыз жұлдыз,
Жымыңдап жаутаңдады, шат боп бәрі:
«Адамның айға шапқан арыстаны,
Жауыңды жанышпақ боп алысқалы,
Боранды бөгет көрмей, түнді түйреп,
Барасың бас қыранға табысқалы»
«Мұзбалақ, отты кезді, қырау қабақ,
Темір топшы, жез тұяқ, алмас қанат,
Қылыш қияқ, кең кеуде, ілгір тұмсық
Шабытың келген екен баппен жарап!
Үш қыран, жоғары ұш, ұш күнді құш!
Адамға артық біткен күннен де күш.
Күнді билеп көрсетсең көзін жерге,
Түріліп түн, құриды қыраулы қыс!»
Жұлдыздың жымыңдарын ұғып, біліп,
Жарқылдап жайдай жүйткіп келеді ұшып,
Түн таптаған таудағы, жазықтағы
Жандарды ойға алса, қаны ысып,
Теңіздей теуіп жүрек, жанып кегі;
«Әй, бәлем жайратамын жауым сені!» 
Деп тісін қайрағанда, вулкан жарған
Тарсылдайды таудай боп тістің, мөрі.
Қараңғы түнек түнде қырағы көз,
Болған-ды түгел көріп жолында кез,
Ленинге баяндауға барлық сырын
Қанатын қажымастан қағады тез.
Боран ба, Қасқыр ма, я адамзат па?
Ұлыған, зарланған үн етек жақта.
Жабырқап жаны ашиды халық түгіл,
Тас жүрек Қазбек пен кәрі Шат2 та.
Айтысып бір заманда Қазбек, Шат:
Батысты батыр деген, Шығыс қорқақ,
Біз бөлекпіз ол ойдан, Ленин жаққан
Жұлдызға жер жүзінде еңбекші ортақ.
Лениннің жұлдыз жаққан жолы құрыш,
Бетіңді құрыш жолға бұр да дұрыс,
Құрыш жолмен жөнеңдер жарық жазға,
Жалпы құл, қол ұстасып: батыс, шығыс».
Шаңқылдап шығарғанда өткір үнді,
Түседі найзағайдай тіліп түнді,
Сескеніп сырғып, қасқыр борсық, жылан
Жартасқа жүгіреді іздеп інді.
Осылай ұшып қыран түнді жарып, Ішіне
Таммерфорс қонды барып,
Сенбеді өз көзіне өзі біраз
Ленинді көргенінде алғаш танып.
Танысты. Тілге келді. Түсіністі.
Жайдары мінез, мақсаты, ісі күшті,
Сыпайы сөз, логика мылтықтан тез,
Батырланып бастайды қорықпай істі.
Мүлтіксіз тіл мен қолы бірдей мерген,
Жерінде мақтанбайды жауын жеңген,
Табанын басқан жолдан аудармайды,
Көпшілікке, езіне берік сенген.
Мың жылды минутында түгел шолып,
Төңкеріс жұмбақтарын тура жорып,
Тым тез-ақ таниды екен тау бүркітін
Табының тұғырына тұрған қонып.
Қыраным, Кавказ тауын келген орап,
Болмаған бөгет дүлей боран борап,
Ісің түсің, қайыспас сталь екен
Кайратына атық сай — болсын Болат.

1935



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Диен-Биен-Фу

  • 0
  • 0

Не нағашы, немесе емес жиен,
Сөйте тұра «басып ап болам йен,»,—
Деп барған отаршылды, жұдырықпен
Тұмсықтан соқты өлтіре Диен-Биен!..

Толық

Қарындаштың тұқылы

  • 0
  • 0

Қырық тиындық бұл қызыл қарындаштың
Ұшы кезді сансыз мың жолдың астын.
Кей жерлерін мақұлдап, кейбір жерді,
Деп сызады «бұл тұста жаза бастың».

Толық

Жайнаған жапырақтар

  • 0
  • 0

Біз тіккен былтыр қолдан бір топ шыбық,
Биыл да көріктеніп жапырақ шығып,
Мінекей ағаш болды көлеңкелі,
Сүңгідей әрі тіп-тік, әрі шынық.

Толық

Қарап көріңіз