Өзiңдi-өзiң несiне алдайсың? – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Өзiңдi-өзiң несiне алдайсың?» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 15.07.2021
  • 0
  • 0
  • 931
Өзiңдi-өзiң несiне алдайсың?
Есi жоқтайсың, есi бардайсың.
Жат үйлiк болсам, жадыңнан шықпай,
Бақилық болсам, есiңе алғайсың.
Бағым боларсың, сорым боларсың…
Жанымда жоқсың, жолымда барсың.
Өмiрдiң өксiк өтiнен тамған
Мұңды өлеңдерiм соңымда қалсын.
Сол ғана болар дертiңе емiм,
Шарпылса шердiң өртiне демiң.
Көгенсiз көңiл, көксоққан өмiр
Көнбей де қойды-ау еркiме менiң.
Өзiңдi, менi несiне алдадың?
Кеңпейiл, кеще кеш ұғар бəрiн…
Қаңырап қалды-ау, қайран, көңiлiм,
Еңiреп қалды-ау есiл арманым!..
Өмiрдiң сезбей өтерiн демде
Түргендер қанша етегiн желге…
Ойға да сайға домалап басым,
Қаңбақша қаңғып кетемiн мен де!
…Өзiңдi-өзiң несiне алдайсың?
Есi жоқтайсың, есi бардайсың.
Кiнəлi болсам – кешiре алмайсың,
Кешiре алмасаң – есiңе алмайсың!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері