Қас-қабағың, шырайың – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Қас-қабағың, шырайың» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.07.2021
  • 0
  • 0
  • 1231
Қас-қабағың, шырайың –
Менiң ауа райым.
Ашық күнiн аспанның
Бiр Алладан сұрайын.
Аятындай Құранның
Əр сөзiңдi құп алдым.
Неге саған iңкəрмiн?
Неге саған құмармын?
Лебiзiңе – үр самал
Балдай балқып жұмсарам.
Менiң көңiл күйiм де
Байланысты бiр саған.
Жалғыз жүрек, бiр жанның
Жайын таппай жындандым:
Неге сонша бəйекпiн?
Неге сонша құрбанмын?
Қайырмасын мұңды əннiң
Қайыл қалып тыңдар кiм:
Неге кештеу бүрленiп,
Неге кештеу гүл жардым?
Тұнжырайды түн саған,
Елжiрейдi Күн саған.
Аясында көзiмнiң
Айналайын, жүршi аман!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері