Өлең, жыр, ақындар

Қазақ қызы

  • 19.07.2021
  • 0
  • 0
  • 2001
Тəттi уды, шөлдеп iшкен, көлiң дедiм.
Ақ буды көлбеп ұшқан лебiң дедiм.
Аққудың көгiлдiрi,
Өмiр гүлi –
Көзiме қандай ыстық көрiнгенiң?!
Мiнезiң – аңқылдаған қыр самалы,
Мүсiнiң – мамырдағы гүл сабағы.
Алдымен сенi аймалап, құшар едiм,
Алдымда Жұмақ қызы тұрса-дағы!
Мiнезiң – аңқылдаған қыр самалы.
Бермейтiн ханға сəлем қалпымменен
Сəнiңнен салтанаттың салтын көрем!
Затыңа кiм қызықпас асыл тектi
Жүрмейтiн айырбасқа алтынменен!
Сəнiңнен салтанаттың салтын көрем!
Ақынға өртiң де өлең,
Дертiң де өлең!
Арбайсың көзмоншақтай көркiңменен.
Айналып кетпеймiн бе сəулетiңнен
Аққудай айнамкөлге төркiндеген?!
Ақынға өртiң де өлең, дертiң де өлең.
Безiнiп кетпесiн деп бақтан бұлбұл,
Үзiлiп кетпесiн деп тəттi əн бiр күн,
Қайдағы қаны сұйық қайманадан
Өзiңдi келе берер сақтандырғым,
Үзiлiп кетпесiн деп тəттi əн бiр күн...
Қазақтың қараң қалып құз-қамалы,
Көбейдi көрсеқызар түз қонағы...
Қызғыштай қорғайтұғын қыз баланы
Жiгiттiң қайда бүгiн Мұзбалағы?
Көбейдi көрсеқызар түз қонағы...
Жатқанда жан-жүректi жайлап iрiң,
Ойға алар оймақ ауыз Лəйланы кiм?
Қаракөз қарындасын қасына ерткен
Жiгiттiң Марқасқасы қайда бүгiн?
Қалауын Хақ-Тəңiрден кiм таңдады?
Құлқымнан құтылдым ба құл таңбалы?
Қалқаның тағдырына қалқан болар
Жiгiттiң қайда бүгiн Сұлтандары?
Бүрмелi көйлегiңдей ырғалған гүл
Қайыңның қашан көрдiң бүр жарғанын?!
Əнiмен əсем қызды əспеттеген
Қайдасың Əсеттерiм, Бiржандарым?..
Қасқырлар түсiп жатса қақпанға ұдай,
Қайтемiз жасап алып жоқтан «құдай»?!
Зор етпей, хордың қызын қор еткендер
Домалап түспей ме екен тақтан былай!
«Жiбектi түте алмаған жүн етедi»,
Белгiлi айтпасам да кiм екенi...
Шашыңнан абайламай кiм сипайды?!
Қасыңнан қарайламай кiм өтедi?!
Шығыстың атқанынша шырай таңы
Мұнар күн,
Мұғдарсыз түн мұңайтады...
Бақыты Баяндардың баянсыз деп
Апырмай, ауызы барып кiм айтады?!
Қонсын деп көк жұлдызы алақанға,
Сəуiр мен сайран салдым Саратанда.
Мен сенi жырлап өтем, Қазақ қызы,
Аузыма əлем жұртын қаратам да!
Аузыма əлем жұртын қаратам да!!!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мұңлық

  • 0
  • 0

Күннен күнге жүрегiмдi жүдетiп,
Айлар ағып... Бара жатыр жыл өтiп...
Аққу-қазы сыңсып ұшқан айдындай
Мұң тамады кiрпiгiңнен дiр етiп.

Толық

Көзiң сенiң – шаркесе шарап толы

  • 0
  • 0

Көзiң сенiң – шаркесе шарап толы,
Қайта-қайта мас қылдың, қарап, менi.
Ұшып шыққан ұядан қарлығаштай
Қасың, қалқам, қағылған қанат па едi?

Толық

Кешегі кербез жиырмабес...

  • 0
  • 0

Кешегі кербез мəз емес жігіттің жайы –
Тақырдай қаңсып таусылды жіліктің майы.
Төзімді жалап-жұқтаған төсекке ене
Өзеуреп өшіп қалады қос өкпе неге?

Толық