Шабытсыз ақ қағазға қонбайды өлең – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Шабытсыз ақ қағазға қонбайды өлең» атты Исраил Сапарбай жазған поэзия туралы өлең берілген.

  • 20.07.2021
  • 0
  • 0
  • 703
Шабытсыз ақ қағазға қонбайды өлең,
Жазықсыз, жай түспесе, жанбайды емен...
Жаныма бір жұбаныш болар ма деп
Жолыңа жанарымды жалғай берем.
Жанарым талды білем қарай-қарай,
Жол жатыр жон үстінде шарайнадай.
Ойлаймын жарым түнде, жаным, сені,
От басып алған жандай абайламай.
От басып алғандайын табаныммен,
Алқынып жарым түнде аламын дем.
Хабарың бар ма, жоқ па, қарағым-ай,
Осынау тағдырыммен, таланыммен?
Балықтай байқаусызда торда ойнаған
Жоқ əлде мен болдым ба сор қайнаған?
Желпінсе желді күні жер-дүние,
Болмай ма ұясына торғай да алаң?
Кеудеден жан шығармай, қан шығармай
Жүректі зіл-батпан жүк жаншығандай.
Ұшына кірпігімнің жас ілінді
Тізілген жапыраққа тамшылардай...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері