Мен суықпын – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Мен суықпын» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 20.07.2021
  • 0
  • 0
  • 832
Мен суықпын...
Түсі суық көрдеймін.
Көрінгенге бейілімді бермеймін.
Бəйшешегін бауырында əлдилеп
Алты ай қыста ақ жамылған жердеймін.
Мен суықпын.
Мұз құрсанған көлдеймін.
Көрінгенге көңілімді бөлмеймін.
Құлыпталып құлықсызға құпиям,
Бұлт болып көз аяңда көлбеймін.
Мен суықпын.
Қар жамылған таудаймын.
Өз көңілімді өзім ғана аулаймын.
Жақсыларға – жасыл барқын баураймын,
Жамандарға – зауал сыйлар жаудаймын.
Мен суықпын.
Суық болып көрінем.
Еміренсе, кез келгенге ерір ем...
Қаусамай ма қасат-қасат қар да анау
Алқын желмен – Алтынкүрек лебімен!
Мен суықпын.
Суық болып көрінем...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері