Көктем – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Көктем» атты Исраил Сапарбай жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 20.07.2021
  • 0
  • 0
  • 953
Кірпікке бұлт қонғандай кілкіп келіп..,
Балауса бақ қалыпты бүртіктеніп.
Шайдай ашып жіберер көңіліңді
Шыны-аспанды мақта-бұлт сүртіп беріп!
Қайтқан құстың байқалып бір дерегі,
Арып-талып алыстан үн келеді...
Көгенінен ағытқан қозыдайын
Моп-момақан тіршілік нұрды емеді.
Жазық белдің жазылып кірбең өңі,
Тау етегін бау-бақша бүрмеледі.
Белін шешкен бесіктен бал бөбектей
Былдырлайды бұлақ та бірдеңені...
Көктесіннің жалауын жалбыратып,
Шөптесіннің көзінде жанды жақұт!
...Өзегінен бал тамған бір Тіршілік
Өнебойды барады балбыратып!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері