Мен ақынмын – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Мен ақынмын» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 20.07.2021
  • 0
  • 0
  • 2280
Мен ақынмын –
Періштемін ендеше!
Сенбегендер өзі білсін, сенбесе.
Өзге түгіл Аллаға аян ақиқат
Өмір сүре алмайтыным пендеше.
Мен ақынмын –
Періштемін ендеше!
Көнбегендер өзі білсін, көнбесе.
Көкірегімді көнтерідей қысады
Ано-оу дала,
Мынау қала, кең көше...
Мен ақынмын!
Жерде жүрмін уақытша.
Жақын тартсаң –
жарқыраймын жақұтша!
Алыс тартсаң – қасыңнан да басыңнан
Ұшып кетем баяны жоқ Бақытша.
Мен ақынмын –
Алла аузынан сөз күткен,
Еншім бөлек есерліктен, ездіктен.
Кез келгенді кесіп өтер кездікпін,
Ойнамаған жөн ендеше кездікпен!
Мен ақынмын –
Жаратқанның жұмбағы,
Жай оғындай жазатайым жырлары!
Мəңгі-бақи бітіспейтін қас жауым –
Саясаттың сатқын, сайқал құлдары!
Мен ақынмын –
Сырты сау да, іші ойран,
Бұл өмірге келгеніне пұшайман.
Асқазаным іріп кеткен індеттен,
Бас қабағым шіріп кеткен құса, ойдан...
Мен ақынмын елге еншісін тең бөлер,
Қараша үйін хан тағымен тең көрер!
Қара бастың харекетін қаузаған
Қадірімді қайдан білсін пенделер?
Мен ақынмын –
Алла жүгін көтерген,
Көнбістерді көре-көре еті өлген.
Ібіліс пен жын жайлаған мекеннен
Көп ұзамай көгіме ұшып кетем мен...
Мен ақынмын –
Періштемін ендеше!
Сенбегендер өзі білсін, сенбесе.
Өзге түгіл Аллаға аян ақиқат –
Өмір сүре алмайтыным пендеше!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Мен ақынмын өлеңінің авторы кім?

Исраил Сапарбай — осы өлеңнің авторы.

Мен ақынмын өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Мен ақынмын өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Исраил Сапарбай өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Мен ақынмын өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері