Ұшқыр еді, ғұмыр – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Ұшқыр еді, ғұмыр» атты Исраил Сапарбай жазған өмір туралы өлең берілген.

  • 20.07.2021
  • 0
  • 0
  • 574
Ұшқыр еді, ғұмыр,
Қанатың қандай ?!
Жанның бəрі бүгін
Жаңа туғандай.
Жанарында лағыл
Шам жанатындай.
Жақсылыққа жаның
Жалғанатындай.
Есік ашып əр үй
«Мұндалайтындай».
Ақ бесікте сəби
«Іңгəлайтындай».
Ақ көрпесін көгім
Ашып түнімен,
Бал татқандай көңіл
Ғашық тілінен.
Жарасқандай күлкім
Жамағатпенен.
Осы екен ғой, шіркін,
Қанағат деген!
Көгерсін деп елім
Көп тілеп едім...
Жыл басына қолым
Жетті ме менің?!
Сілкін, көңіл, сілкін,
Қайғыңды қашыр.
Бұзылмасын шырқың,
Айбынды ғасыр.
Қайдан Өмір тусын
Екі рет мені,
Қалғыма арман – құсым
Көкіректегі.
Қар астында қалған
Қара жердейін
Жазмыш аузын жарған
Жараны емдейін...
Шапағатыңмен ізгі
Шашыра, таңым.
Жақсы үмітпен бізді
Асыра, Тəңір!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері