Қараспанға қар жаудырдым шілдеде – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Қараспанға қар жаудырдым шілдеде» атты Исраил Сапарбай жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 20.07.2021
  • 0
  • 0
  • 649
Қараспанға қар жаудырдым шілдеде.
Қараша күз қарайлап тұр іргеде.
Жар басында жаңғырығып жан дауысым,
Жаратқанға айтпақ болдым бірдеңе...
Жаратқанға жете алмады дауысым.
Жаңғырығым кезіп кетті тау ішін.
...Жаһаннамға жанын қиған жан аз ба
Жарық күнгі жалғыз жұтым ауа үшін?
Жағалаудан жарық іздеп бір кеме
Жарым түнде жанталасып жүр неге?
Мен туғалы менің ғазиз жүрегім
Тұрып жатыр түннен бетер түрмеде.
Бөлеп қойып үлде менен бүлдеге,
Қызығымды қияр ма едім гүлге де, –
Көңілімді жықпай жатыр түн неге?
Көкжиектен шықпай жатыр Күн неге?


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері