Жас қарағай – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Жас қарағай» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 21.07.2021
  • 0
  • 0
  • 1261
Қамыққан қара күзде, жас қарағай,
(Қалып ең қайдан жалғыз қасқа бала-ай?..)
Қайыстай қатып қалған қара жерге
Тамады кірпігіңнен жас домалай.
Көргенде көгеннен жас ыршығанын
Көңілім босап, мен де тұншығамын.
Қойынға қолы жүйрік жезөкшедей
Желекем, сен де езулеп тыншымадың.
Жабықпа,
Жапа шекпе,
Уайымдама,
Салқын күз,
Саған серік сайын дала.
Мұңыңды мұншалықты шақпас ең-ау,
Қасыңда қатар тұрса қайын бала.
Сен де бір,
Жеке қалған жетім де бір.
Бес елі бетің де кір, етің де кір.
Елп етіп егілгенге ерімейтін
Безбүйрек өгей шеше секілді Өмір.
Шыға алсаң қыстан аман алдыңдағы,
Басталар жаз, көктемнің жаңбырлары.
Жүгірер тамыр бойлап құлын-тайдай
Тірліктің тыншымайтын мəңгі ырғағы!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері