Күрсіндірді мына күз
Бұл бетте «Күрсіндірді мына күз» атты Исраил Сапарбай жазған табиғат туралы өлең берілген.
Күрсіндірді мына күз,
Желек көркін жел үптеп.
Желпілдейді құла дүз
Желмаяға еліктеп.
Елжіреп те елбіреп
Тұратұғын далам-ай...
Селеу басы селдіреп
Қалыпты ғой, обал-ай...
Жаның құлай жығылып
Сыбызғыға, сырнайға,
Жусан исін құнығып
Жұтатұғын күн қайда?
Жез қанаты желпілдек
Жер құшқан ба көбелек?..
Неге сонша еңкілдеп
Жүгіреді ебелек?
Мынау ызғар, мына сыз
Өпті дей ме бетімнен, –
Жан-жағына күнəсіз
Жаутаңдайды жетім көл.
Ойыны ма, шыны ма –
Бұлт қабағын шытынды,
Əкесінің ұлына
Ұрысқаны сықылды.
- Рымғали Нұрғалиев
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі