Арзу – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Арзу» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 22.07.2021
  • 0
  • 0
  • 799
Жалғанда мынау мінəйім
Адамның бəрі арманда…
Қор қылма мені, Құдайым,
Құлқыны құдық жандарға.
Көзіне алтын жалатқан
Жан едім қызды жар тұтқан –
Сақтай гөр мені, Жаратқан,
Жалмауыз көмей Жантықтан!
Жанығып тұрса жалыным,
Сабырым қашан сап тынған?!
Сақтай гөр мені, Тəңірім,
Сабындай жылпос Сатқыннан!
Тəнімнен жаным шығарда
Өзіңе сапар шексін дем…
Сақтай гөр мені, бір Алла,
Есебі түгел Епшілден!
Мезгілі жетсе, мейлі,
Саудырап қалсын сүйегім!
Анамның ыстық мейірі
Аузыңда жүрсін, киелім!..
…Жапанды ымырт жапты ғой,
Жұлдызсыз, айсыз түн-түнек.
Дүниені мынау, Хақ-Құдай,
Алсаң бір етті сілкілеп!!!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері