Ғашық тал
1
Баба қазақ малға қоса ән жиған,
Әні аспанда, аясында Андижан.
Зүлфия бар келе жаттық аралап,
Жасыл қала жанына жыр, ән құйған.
Басқалардай телмірмеген асқарға
Бұрылып мен қарай бердім жас талға.
«Мәжнүн тал ғой»– деді ақырын Зүлфия,
О, ғажап-ау тал көзінде жас бар ма!
О, махаббат, сезім бағы нұр бағы,
Кейде бақыт, кейде айықпас мұң бағы.
Әміріңнен ажал кейін шегініп,
Аласарып қалады құз-шың-дағы.
О, махаббат, көркің көктем,
назың бал,
Жайың да бар жаза басқан жазымдар.
Бір өзіңнің құзырыңмен осынау
Нәзік ағаш атаныпты Мәжнүн тал.
Сезімі шер, көңілі жер бұл-дағы
Сенің ғана құдіретіңнің құрбаны.
Ағаштардың аспан болса аңсары,
Бұл бүгіліп, жерге құлап тұрғаны.
Тақсыреттің тартқан сынды ауырын,
Бойын жеңіп, жаза алмайды бауырын.
Орыс жұрты «жылауық тал» атапты
«Тыймаған соң көзден бұршақ» жауынын.
О, махаббат, саған жат па қайыспақ,
Ғашықтар да, ғашық тал да майысқақ.
Құзырыңмен қылы үзілмей үміт түр
Қолаң шашын, қыл саусағын жайып сап.
О, махаббат, тіршіліктің тірегі,
Өзінде ғой өмір мәні, тиегі.
Сен тұтатып бермес болсаң сезімге от,
Дүние құл боп сөнер ме, кім біледі...
2
О, ғашық тал, ақпанда да көз ілмей
Жататұғын кәусар бұлақ көзіндей
Таралыпсың жұмыр жердің бетіне,
Әлем толы махаббаттың өзіндей.
Жауын алып талай көзді талдырған,
Ләйләсі үшін талқы көрген тағдырдан,
О, ғашық тал, белгісі ме ең Мәжнүннің
Кейінгіге ой салсын деп қалдырған!
Балдыр кешіп белуардан осынша
Қия жардың иығына асыла
Жиегінде сен үңілген мөлдір су,
О, Ғашықтал, Мәжнүннің көз жасы ма!
Сыбдырында сарыны бар наз-мұңның,
Көк торқанда көркі ылғи жаз күннің!
Уыз көктем үлбіреген ажарың,
О, Ғашық тал, жастығы ма Мәжнүннің.
Өңір толы, өмір толы ғашықтар,
Сыпырмайық сыр пердесін ашып бал.
Әлде мынау әз табиғат адамға
Ғибрат үшін сыйлаған да Ғашық тал!
Кешті дүние қанша қысы, жазы өтіп,
Көшті ғасыр қанша өмірді мәз етіп...
Қаз-қалпында қалды әлде Ғашық тал
Махаббаттың мәңгілігін паш етіп!
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі