Көл қанданды
ПОЭМА
I
Бір жерде он үй барды заты қалмақ,
Атасызды іргелі ел қыспаққа алмақ.
Жер-су жоқ, таянатын тірегі жоқ,
Сықылды да желге ұшар бос түп қаңбақ.
«Құлдардың күн көргені «көңіл» бөліп,
Көп еңбекке бай асын «тегін» беріп.
Нешелер жыл осылай өмір сүріп,
Мойындары бекіді жегін көріп.
Қоянда «көңіл» деген қалды адыра,
Байлар жем таба алмады өз малына.
Аз малға тіс шұқитын шөп таба алмай,
Зар болды он үй «құл» да жылдағыға.
Он үйдің Әлім еді шек шығары;
Аталыққа таңбалы «құл» бұл-дағы.
Әлімге он үй бір күн жиылып кеп,
Тарлықтан құтылуға жөн сұрады.
— Шабайық,— деді Әлім — күйген көлді;
Көргем жоқ бұдан басқа шөпті жерді.
Бір мыңды берсе керек артығымен,
Тең жарып екі ақсақал кеше бөлді!»
«Уә пәле,— өзгелер де, мақұл» десті.
«Осы ақылын, табылмас ақыл» десті.
Үй басы он шөмеле алсақтағы,
«Еңбекке биылғы жыл татыр» десті.
Күйген көл Малдыбайдың ата жері;
Иеленген нешелер жылдан бері.
Бұдан басқа шабындық көп келі бар,
Бұл сол көптің, ішінде бірі еді.
Он үй «құл» Малдыбайға кісі салды,
Кінә тастап алдынан өтіп алды.
Атасызға аталы сөз бере ме,
Малдыбай көрсетпеді орай маңды.
II
Күз еді жел жынданып тартты ішін;
Қыстағы жақындады қайрап тісін,
Сұп-сұр боп, жер де, көк те, өсімдік те,
Үсіген өлімтіктей кетті пішін.
Әркім де өлмеу жөнін қарастырды,
Талайды қоян естен адастырды.
Тырбанып тіршіліктің қамын ойлап
Жалпы жұрт дамыл көрмей аласұрды.
Жұртпенен тіршілік қып он үй «құл да»
Істеді қарсы қайрат құрғақ жылға.
Он үйден он жігіт кеп күйген көлден
Шұқылап жиегінен шапты қырма.
Көп шошақ күйген көлдің тұлабойы,
«Құлдардың» олар емес келгенде ойы,
Шапқы деп басып шауып жатқан жері,
Көл емес, көл маңайы, көл деңгейі.
Малдыбай сонадағы бермеген де,
Жалынған сөз құлаққа енбеген де,
«Ең болмаса беріңіз тең ортаққа»
Деген сөзге маңайлап көнбеген де.
Он үйдің ең байында екі-үш қара,
Талғажаулық шөп керек соған ғана.
Малдыбайдан түк өнбей сұрағанмен,
Басып шапқан қырманы ала-сала.
Он үй «құлдың» бәріне басшы Әлім,
Күйген көлге сол алып барды бәрін.
Орағына Малдыбай бөгет болса,
Торсыққа біржолата құймақ қанын.
III
Шөпшінің таңсәріден бір күн бәрі,
Жүр еді қырма шауып келгенше әлі.
Ағаштың кезеңінен бір топ салттың
Көрінді шошаңдаған сойылдары.
«Ал сақ бол!» деді Әлім жігіттерге,
Шошынып селтең етті жігіттер де;
Малдыбай ғой, күшпенен қайтармақ қой,
«Не болса да шыдайық, бірің көнбе!»
Он бес салт ә дегенше жетіп келіп,
Аузынан ақ ит шығып, қара ит еніп,
Әлімді қарсы тұрып жауап қатқан
Жіберді сойылменен періп-періп.
Ішінде Малдыбай бар, сұп-сұр өңі,
Ойбай-ай, құлдардың қай дәндегені!
Көлімді неге басып шабасыңдар,
Жүрсіңдер ойнайтұғын кім деп мені?»
«Көріп ем бұл қорлықты қайда, ойбай!
Бәрін де ұстап түгел байла, ойбай,
Ұмытпаспын бұл қорлықты өмірімде,
Бірінің қара қанын ұрттап тоймай!»
Сойылдар соққан бытыр-бытыр етті,
Құлдардың есі шықты, құты кетті.
Қасқырдай Малдыбайдың азулары
Тістеніп қытыр-қытыр-қытыр етті.
Он жігіт шалғысымен қылды қайрат,
Екі-үш ат үсті босап шықты, «ойнап».
Әлімнің екі жерден басын жарып,
Дірдектеп жып-жылы қан ақты саулап.
Әлімнің екі көзі толды қанға,
Жауларын жуытпады орай маңға,
Көзіне елестеді ажал оғы
Қоштасты үміт үзіп шыбын жанға.
Баласы Малдыбайдың Алтынсары.
Сұп-сұр боп қызыл беттен қашып қаны.
Сойылын көтеріп ап ежірейіп,
Әлімді перейін деп жақындады.
Ұруға Алтынсары жетіп келді,
Әлімді бұл уақытта ашу жеңді.
«Екі өлгенше біржола өлейін» деп,
Шалғымен Әлім шалып тастай берді.
Желкесін өткір шалғы түсті қиып,
Құлады басын жерге қарай иіп.
Баласын көрген кезде жанталасқан,
Қан жұтып Малдыбай да кетті күйіп.
Ендігі істің жайы мәлім болды
Малдыбай бала өлгенін көзі көрді.
Әлімге есі шыққан төрт-бес жігіт,
Сойылын оңтайланып келіп төнді.
Жарқ етті төрт-бес сойыл бірақ жола,
Құлады Әлім-дағы жерді оба.
Дөңгелеп қара құсы ұшып кетіп,
Миы да бірге түсті домалана.
Күн батты қып-қызыл боп қанын шашып,
Жел жылады, жер жүзін қайғы басып.
Байлап ап тірі «құлды» Малдыбайлар.
Өлікті ап елге шапты жанталасып.
ТӨКАЛА
Әлімді ел жиылып көме салды.
Алтынсары жұмысы сотқа барды.
«Құлдардың өзгесіне айып түсіп;
Өкімет барлығын да түрмеге алды.
Әлімнің қатыны бар Жаңыл деген,
Үш жасар бір ұлы бар Әбіл деген.
Малы жоқ, жалғыз сенген Әлім өлді,
Тіршілік қып күн көрмек олар немен?
Ел босты малдарына азық таппай,
Жерсіздер әсіресе болды қақпай,
Бір жерге Төкала атты Сібірдегі,
Босқандар ұбақ-шұбақ көшті қаптай.
Біреуге сауыншы боп Жаңыл кетті;
Жаңылға еріп үш жасар Әбіл кетті.
Әлім қалды бір уыс топырақ боп,
«Тақыр қоян» тақырлап түпке жетті.
АҚ ДАМБАЛ
I
Әбіл биыл отыздың екеуінде;
Бейнеттен көз ашқан жоқ әлі күнге.
Мал дегенде бір сиыр, бір көк шолақ,
Әлі де құл, байларға әлі кірме.
Бір сөз бар құлағына тиген суық:
Әкең өлген өз қанын қанмен жуып!»
Дейді әркім, бірақ кек алу үшін
Күшіктен аспандағы бұлт жуық.
Күшік ол Малдыбайдың кенже ұлы.
Ала білсе, Әлім.нің сонда құны.
Әбілге құн алудың ауылы алыс,
Күшіктің ата құлы, жалшы құлы.
II
Дүңк етті бір уақытта елдің іші,
Ауылда болады-мыс жер бөлісі.
Кедейге жер беруге келіпті-мыс.
Губерниядан «ақ дамбал» деген кісі.
Тым тықыр болмағанмен биыл қоян,
Қоянның жұт болуы елге аян.
Молда, бай, би, ақсақал, атқамінер,
Жерді өздері шаппақ та өңшең ноян.
Жайылды «ақ дамбалдың» келгендігі.
«Ақ дамбал» болды кеңес елде ендігі.
Егіндік, шабындықты келген жерде,
Тең қылып кедейлерге бөлгендігі.
Ығысты зәресі ұшып бай мен молда,
Азғырып кедейлерді алды қолға.
Бұл жағын нығыздаған болғанымен,
Қорқыныш көп қатердің көбі алда.
III
Таңертең бие байлап жатқан кезде,
Көрінді бір арбалы түсі өзге.
Қарады Күшік оған тесірейіп,
Алақанын көлеңке қылып көзге.
Бір жігіт жетіп келді сарша бетті,
Ақ киімді, басына киген кепка.
Шертиіп Күшік жолда қала берді,
Сүр жігіт сәлемдеспей етіп кетті.
Тірелді аттың, басы төрдегі үйге,
«Мынау үй Күшік үйі деген үй ме?»
Деді де сарша жігіт қарғып түсіп,
«Жасаймын жиылысты осы үйде.
Ауылдың кісілерін тегіс шақыр,
Үй басы бір адамнан келу мақұл.
Әсіресе кедейлер тегіс келсін,
Қалмасын еркек, әйел іске татыр!»
IV
Күн еді бұлты бар қоңыр жайлы,
Жұрт ортаға ап ақ дамбал, ауылнайды.
Дөң басында қоздырды сөз дүкенің
Ешкімнің бет, жүзіне қарамайды.
Әуелі түсінбей жұрт шегінгенмен,
Жер керексіз адамдай көрінгенмен,
Артынан түсініп ап шуылдасты,
Сөздері— «жер жан басы бөлінсін тең!»
Жалғыз-ақ «жер керексіз» Әбіл екен,
«Мал болса жер жетеді бөліп нетем.
Күшік мені көрген жоқ жерден қағып
Байды тастап, жерді алып қайда кетем?»
Деп күн бойы қарысып отырды Әбіл.
Бір кезде бұрқ-сарқ етіп кірді Жаңыл,
— Айтатұғын бір сөзім — мұңымды айтам:
Қарағым Ақдамбалжан ұрықсат қыл!»
Ақдамбал сөйле деді қарай қалып,
— Құлаған тезегімді қойдың жағып,—
Деп Күшіктің, қатыны келіп жаңа,
Тілдеді үйіме кеп дабыл қағып.
Ол өзі мырзамыздың бәйбішесі,
Бәйбіше болғанмен бар менде несі,
Аузымды менің неге қышытады,
Бұлардың маған қылған аз ба ісі.
Байымның осы үй де қанын ішкен,
Өлтірген 15 жігіт ұрып күшпен,
Үш жасар мына Әбілді ертіп алып,
Қаңғырып Төкалаға қарай көшкем!
— Қой апа,— деп еді Әбіл,— Жаңыл тағы,
Долданып өршеленді одан әрі.
Ақдамбалға айт, әкеңнің құнын төлет,
Аузымды қышытқаны не қылғаны.
Күшіктің салбырады екі иығы,
Желкені Әбіл емес Жаңыл қиды.
Кемпірге келген өкіл көзін қадап,
Ашуын, айтқан сөзін ішке түйді.
ҚАНДЫ КӨЛДІҢ БӨЛІМІ
I
Топтанып кедей келді Қандыкөлге
Тұсасып арықтарын құба дөңге;
Қудалап көлдің жасыл шабындығын,
Созылта ала арқанды тартты жерге.
Арқанның бір жақ ұшын Әбіл алды,
Бір ұшын қой бағатын Кәрім алды.
Бәріне би — созылған ала арқан,
Бір адам шығармады дау-жанжалды.
Күшік кеп ерсіл-қарсыл екі өтті,
Екі өтті күйінді, келмей кетті.
Күшіксіз-ақ бөлісті өңшең кедей,
Қандыкөл он бес үйге еркін жетті.
II
Сырылдап қанды көлде ойнады орақ,
Дөңгелеп жалп-жалп етті жасыл құрақ;
Қаз-қатар 15 жігіт тізбектеліп,
Қиратып Қандыкөлді барады орап.
Тартқан жол жатыр сұлап астау жондай,
Шөмеле жыпыр-жыпыр жайған қойдай,
Шаңғырлап өткір шалғы сілтегенде,
Көл үсті айғай, өлең бейне тойдай!
Біреуі сол 15 тін, белгілі Әбіл,
Шөп шауып қимылдап жүр көрмей дамыл.
Оның сөзі: «шыққан соң ертең шөптен,
Көмменеске кедейлер бәрін, жазыл!»
Әбілдің жауырыны ырғалаңдап,
Алдынан шеп жығылып бұлғалаңдап,
«Әкемнің құнын жаңа алдым ғой» деп
Қояды оқта-текте ыржалаңдап.
Рас ол әкесінің құнын алды,
Қосымша көп жыл еңбек бұлын алды.
Октябрьдің 10 жыл болған жылы
Күшікті шалқасынан жығып алды.
Күйгенкөл, Әлімді алған Қандыкөлде,
Қандыкөл екендігі мәлім де елге.
Бір кезде Қандыкөлде құл шалынса,
Ие, жоқ, бүгінде оған құлдан өңге.
Сентябрь, 1927 жыл.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі