Өлең, жыр, ақындар

Мәлипаға

  • 12.08.2021
  • 0
  • 0
  • 1046
Болғанмен ұл да адам, қыз да адам,
Қай қазақ, деп санайды қызды балам.
Ұл туса, «ат ұстар» деп, қыз —«қырық жеті»,
Әкесі қуанады, деп — «мал алам».
Біреу кеп құда түсіп бесігінде,
Жеткізбей бойын еркін өсіруге,
«Қырық үйден қызға тыю» деп шешесі,
Жат үйдің аттатпайды есігін де.
Он үште десіп қызды «отауға ие»
Ұзатса, сиыр менен сауып бие,
Күндіз-түн — отпен кіріп, күлмен шығып,
Кетпейді қол мен беттен қара күйе.
Көңілден қайғы бұлтын айықтырмай,
Жасырып жұрттан бетін айыптыдай,
Егер де қылдан тайса қайын енесі
Сабайды басқа-көзге, байып қылмай.
Санамен сарғаяды ауыр ойдан,
Сыбаға тию түгіл ойын-тойдан,
Қол сұқпай өз үйінің ыдысына,
Жалайды аяқ-табақ, сарқыт қойған.
Үстіне таза кисе, «сәндендің» деп,
Демалса, «бой күйез боп пәлдендің» деп,
Жасынан «салды балақ, салақ қатын»
Атанып күнелтеді «әлдекім» боп.
Бір сәрі сонда күйеу болса теңі,
Не кәрі, не өмірдің ол бір кемі
Боп шықса, мойнына масыл дағы,
Сорының болғаны да табан елі.
Мінезі күйеуінің болса шадыр,
Күн-түні тепкілесе бермей дамыл,
Өмірден ол сияқты сорлы әйелге,
Өзі тар, өзі суық артық қабір.
Сорлыға тез келмесе бір күн ажал,
Қорлықпен өмір сүріп, қайтса ажар,
Атанып кәрілікте «мыстан кемпір»,
Жұрт одан жеркенеді көріп тажал.
Тұрады өмір деуге мұның несі,
Көрерің қай ауылға барсаң осы.
Осылай күн кешеді сорлы қыздың
Дәл жүзден, санап тұрсаң, тоқсан бесі.
Ендеше, сұлумын деп мақтанба, қыз!
Сыланып тоты құстай баптанба, қыз!
Жүрегің кімді сүйсе соныменен
Ойнап-күл, сырды түгел ақтар да, қыз!

1919



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Елу

  • 0
  • 0

«Елу» деген осы ма? Мұның несін
«Қартайдым» деп қайғырған Абай ағай?!
Өмір маған жайнатып бар бейнесін,
Жан-жағымда жанып тұр самаладай.

Толық

Ыстықкөл

  • 0
  • 0

Айналасы асқар тау,
Жатады көлім мөлдіреп.
Бұйраланса толқындар
Жалында жүрек елбіреп,

Толық

Қарқындай құлаш сермесем

  • 0
  • 0

Басқа келген теманың
Қоя тұрып өңгесін,
Бір желпінтіп тастайын
Октябрьдің он бесін.

Толық