Батырақ
ӨЛЕҢДІ ХИКАЯ
(Қазақ жалшыларына)
Мен сендерден бір тамшы аққан жаспын,
Сол тамшы болғандықтан байға қаспын.
Сенің жүрген жеріңнен қозғалмайтын
Жұдырықтай қарам бар, қатқан таспын.
Мен дариядай тасыған ағып келем.
Менде ақындық жалғыз сөз «Жалшы» — деген
Сол сөз менің тәңірім табынатын.
Басқаға сенен қалса ғана берем.
Мен сендерді басқадан бұрын көрем,
Мен қолымды сендерге бұрын берем.
Сендермен кеп алысар жау табылса,
Мен бәріңнен қолында бұрын, өлем.
Сен жыласаң көзімнен қан ағызам.
Сен қуансаң тілімнен бал тамызам.
Сенің, егер өзегін, талып кетсе,,
Басқадан бұрын саған нәр тамызам.
Бұл менің иманым мен адал сырым,
Сендер үшін, мендегі барлық жұғын.
Сендердің өміріңнің бір суреті
Алдыңа тарту қылып тартқан мұңым.
Менің тілім арнаулы саған ғана,
Мен сендікпін еншіңе тиген дара,
Алдыңа тарту тартып бас иемін,
Мен сенің намысыңды қорғар бала.
ҚАРАШҰНАҚ БАЛА
I
Үңгір көз, мұрны қайқиған,
Табақтай бет жалпайған:
Шот маңдай, түсі қап-қара
Дүрдік ерін салпиған.
Сақал мұрты жабағы,
Түксие біткен қабағы;
Бұқа мойын, шоң, желке,
Тырысып жатқан бұғағы.
Екі иіні қақпақтай
Бұлшық еті тоқпақтай;
Екі елі кір кеудесі,
Баттасып жатқан батпақтай.
Таяқтай қолдың саласы,
Тарамыс саусақ арасы:
Бір өзінің келеді
Көп жігітке шамасы.
Аупай-саупай мінезді,
Бейнетке нендей төзеді;
Он кісінің жұмысын
Істейді жеке бір өзі.
Қарашұнақ осындай,
Болып өскен жалшы еді,
Есіркеудің орнына,
Жейтіні ылғи қамшы еді.
Күңшаш оның қатыны,
Сол-ақ жалғыз жақыны,
Адам болып жүргені,
Жалғыз соның ақылы.
Қарашұнақ болғалы,
Соңынан «қырсық» қалмады,
Отыз жылдай кісіге,
Адал күшін жалдады.
45-ке басты аяғын,
Бір ашпады қабағын.
30 жылдай асырап,
Келеді жалғыз тамағын.
Сақал, шашқа ақ кірді.
Буынға сарсық дақ кірді;
Тері ұстап ылғи ауырып
«Құяң» деген «бақ» кірді.
Күш те қайта бастады.
Қажыған қайрат таспады;
Қанша еңбек етсе де,
Өмірде көзін ашпады.
Екі-үш жасар арасы,
Өлді талай баласы,
Жасынан оны қартайтқан —
Көп баланың азасы.
Асырайтын туған жоқ,
Өзіне мал жиған жоқ;
Содан басқа ол маңда
Сормаңдай болған бір жан жоқ.
Қарашұнақ бір кезде,
Шаттыққа түсті бір езге;
Екі қабат қатыны,
Зарығып жылап жүргенде.
Бір күні Күңшаш толғатты,
Түні бойы зар қақты;
Тан, алдында босанып
Тілегі болды—ұл тапты.
Шұнақта ес қалмады,
«Түгелденді» арманы;,
Бір қой сойып қалжаға
Бес айға күшін жалдады.
Молданы да шақырып,
Қалжадан дәм таттырып.
Былай деп сөз бастады
Қасына жақын отырып.
«Мына бір тері орамал,
Ырым қып көпке балап ал.
Ат қойып бер балаға,
Жалғызға тәңірі болсын жар!»
Молданың күліп қабағы,
Бүлкілдеп қана тамағы;
Қозыбақ болсын балаң деп,
Атады туған баланы.
Қарашұнақ күлімдеп,
Күр-күр етіп дүрілдеп.
Буындары қатайды,
Сары су басқан іріңдеп.
«Қозыжан» қойды баласын,
Көріп оның қарасын;
Ішпей, жемей ток, болды,
Жазып ескі жарасын.
Көкпеңбек болып иегі,
Жұмыста үнемі жүреді;
Талықсып шаршап келгенде,
Қозыжанын сүйеді.
Үйіне келсе әлдилеп,
Домбыра алып күй күйлеп;
Дүрдиген ерні қыбырлап,
Бүлкілдейді «сүй, сүй» деп.
Бірге келіп Қозыжан,
Болды піскен балдырған!
Екіге аяқ басқанда,
Шамдай болды жандырған.
Келгенде үшке домалап,
Жүгірді ылғи ағалап;
Карашұнақ сүйеді,
Мың балаға бағалап.
Төртке келіп күн болды,
Қызарып шыққан гүл болды;
Беске аяқ басқаны,
Ер жеткенмен бір болды.
ҚАРАШҰНАҚ ҚАЛАЙ ӨЛДІ
II
Қарашұнақ сорлыда
Жалғыз қара болды ма?
Жалданып байға күнелту,
Басқан таңба жарлыға.
Ес біліп етек жапқалы,
Жем болды байға тапқаны;
«Соқан, адал адам!» деп,
Кімге тұрса мақтады.
Биылғы жыл тұрғаны,
Айдарбектің Құрманы,
Өзіне деген түгі жоқ,
Сол үйдікі бар малы.
Құрман асқан бай еді,
Жегені ылғи май еді,
Төрт түлік мал түп-түгел,
Төрт құбыласы сай еді.
Жүздеген оның биесі,
Алпыс-жетпіс түйесі,
Бес жүз қой, үш жүз сиыр бар,
Жалғыз бай соның иесі.
Отыздап жалшы жалдайды,
Аз бұлмен көңілін аулайды,
Қарашы, қоңсы кедейлер
Жағынып тағы қалмайды.
Біреуі сауып биесін,
Біреуі бағып түйесін,
Тамағы үшін сақтайды
Құрмекеңнің «киесін».
Бір күні түйе желдепті,
4—5 күн ұдай келмепті,
Олай-бұлай жүргеннің
Біреуі де көрмепті.
Шұнақты Құрман шақырып,
«Қайда,— деп,— түйе?» ақырып.
Малға ие болмайсың!
«Жүресін ылғи шатылып».
Ата тегін боқтады.
Шошқалап сөзбен қаптады,
Қарашұнақ мелшиіп
Бір ауыз сөз қатпады.
Әкеліп атын ерттеді,
Бай оған кісі ертпеді.
Күрсініп, кейіп, буынып,
Жатыр еді кеткелі,
Қозыбағы жылады,
Қатыны жөнін сұрады.
«Түйе желдеп кетіпті,
Бармасам бай ұрады».
«Барма!» — деді қатыны,—
Мал ғана байдың жақыны,
Ажалға жалғыз айдаған.
Не керек оның шатуы.
«Арам қатқыр жыланбас,
Кісі көрсе қаны қас;
Осы күні құтырып,
Көпіріп жүрген есуас.
Жалғыз жан қалай айдайды,
Біреуге ол болмайды,
Жыны түссе ұстап ап.
Мылжалап сені шайнайды.
Азар болса шығарар,
Күрекке жұмыс табылар.
Егер бар деп қыстаса,
Біреуді тағы ертіп ал!»
Қатынның тілін алмады,
Алуға бай болмады.
Аттанғанда Күңшашы
«Сақтай гөр» деп зарлады.
Кеш еді ымырт жабылды,
Бұлт бар ала-шабырлы.
Жайлау жаққа бет алып
Түн бойы іздеп сабылды.
Бір уақытта күн шықты,
Серпілтті тұман ашықты.
Он, қол жақта алыста,
Бақырған бір үн шықты.
Дөңге шығып қарады,
Түйелер 60 шамалы,
Күн батысқа бет алып,
Желдеп тартып барады.
Атының, бұрып мойының
Көлденең ұстап сойылын,
Түйеге шаба жөнелді,
Деңнің ала қойынын.
Жыланбас бұған қарады,
Өркешке басын сабады;
Талтиып тұрып шабынып
Бұрқырай жыны борады.
Қарашұнақ жақындап,
Қорқытып ойы ақырмақ,
Айдауға, бетін қайтарып
Сойылды әбден батырмақ.
Бураға Шұнақ тап берді,
Бура да қарсы шап берді,
Сойылмен ұра бергенде
Долданып бура «ап» деді.
Арандай аузын аңырайтып,
Жұтардай көзін бадырайтып,
Көп еді, перді сойылмен
Дәл шекеден нығайтып.
Және перді жағынан,
Бұрылды он, жағынан
Қай тұсынан соқса да,
Қалар емес соңынан.
Күшіне көңілі сүйінді,
Бура неше түйілді;
Ұмтылайын десе де,
Жасқанып мойын, иілді.
Түйені айдап келеді,
Бура тап-тап береді.
Қарсы келсе маңдайдан.
Сойылмен келіп переді.
Басын бура шайқайды,
Сойылмен тағы жайқайды.
Қорқытпақ боп айбынмен
Көбейтеді айғайды.
Бір кезде бура тап берді,
Шоқаң да қарсы шап берді;
Сойылмен бастан ұрғанда
Ортасынан қақ бөлді.
Түбімен басқа сабады,
Бураның жыны борады;
Қаймығар оған болмады,
Құрыды енді амалы.
Енді соры қайнады.
Тауысты істер айланы;
Жынын шашып бұрқырап
Шоқаңды бура шайнады.
Қолымен ұрды шекеге,
Жұдырық оған өте ме?
Ойбай салды бақырып,
Елге дауыс жете ме!
Ырс-ырс етіп тамағы,
Өркешіне сабады,
Шопақ құрлы көрмеді,
Үйіргендей баланы.
Есі ауып, құлақ шулады,
Жүрегі аттай тулады;
Көзінен қанды жас ағып
Қарғады іштен бураны.
Тіземенен басқалы,
Бір кезде жерге тастады;
Төсіменен үйкелеп,
Енді езе бастады.
Түсірді еске қатының
Алмаған оның ақылын;
Күрмеліп тілі ыңырсып
«Қ.о.о..з.. ы... ж... а... н!..» деді ақырын
ҚОЗЫБАҚ ЖЕТІМ
III
Құрман жатты алаңсыз,
Қарашұнақ хабарсыз,
Сол кеткеннен жоқ болды,
Іздеді Құрман амалсыз.
Іздеген жұрт сабылды,
Кезді сайды, адырды;
Он бес шақты күн өтіп,
Сүйегі зорға табылды.
Жатқан жері сасыпты,
Сүйегін ит-құс шашыпты,
Әр жерде жатқан бір сүйек
Етін жеп аңдар таусыпты.
Бір қап қылып сүйекті,
Арбаға әкеп тиетті,
«Тағдырда солай жазылған»,
«Осылай жалғыз ие етті».
Деп құдайға аударды,
Сүйекті алып барған-ды.
Көргенде Күңшаш ойбайлап,
Шашын жұлып зарланды.
Құрманды қарғап-сіледі,
«Осылай өзін, қал!» деді.
Қайырлы болсын айтқанды
Құлағына ілмеді.
Ер жетпеген баласы,
Көзінің ақты сорасы.
Жерді соғып қарғады
Қолынан келген шамасы.
Қарғады Күңшаш өмірді,
Көзінің жасы төгілді,
Салдырлаған қу сүйек
Ертеңіне көмілді.
Жылау-сықтау айғаймен,
Бетін жыртқан ойбаймен;
Тағы да бірер жыл өтті,
Алысып сорлы маңдаймен.
...Елге сүзек тарады,
Естіліп жаман хабары,
Күңшаштың барлық уайымы,
«Қашан келіп қалады!»
Өлгені артық өзіне,
Жалғызы күйік көзіне.
Жетсе арман қылмас ед,
Ұлының жігіт кезіне.
Бір күні ерте тұрды да,
Міндетті ісін қылды да,
Отырды, басы ауырды,—
— «Шынымен құдай ұрды ма!»
Ауру үдей бастады,
Басына жастық жастады.
Қорқайын деді жүрегі
«Не пәлені тастады?»
Екі шеке зырқылдап,
Денеден тер бұрқылдап,
Жанған оттай қызынып
Жатып алды ыңқылдап.
«Қозыжан, келші, қарағым,
Шөлдеп, сусап барамын.
Қаласың ба зар қағып
Қалқам-ай, не боламын?!»
Сол жатқаннан меңдеді,
Күшейіп ауру дең деді,
Жан таласып жатқанда
Үйіне бір жан келмеді.
Күңшашта күшті сандырақ,
Екі беті албырап,
Оттай күйіп денесі
Әлсізденді қалжырап.
Ұлының ұшты жүрегі,
Күңшаштың кетті сүреңі,
Жан ашыр жалғыз баласы,
Басқа кім аяп келеді.
Бірер күн жатып шала есті,
Мезгілінде күн кешкі.
Бет терлеп, ерні қыбырлап,
Ышқынып Күңшаш жан кешті.
ҚОЗЫБАҚ ҚОЗЫШЫ
IV
Қозыбақ зарлап жылады,
Көзінің жасын бұлады,
Әке-шеше, туған жоқ,
Енді кімде тұрағы.
Барар тау, басар жері жоқ,
Асырарлық елі жоқ,
Жасы биыл жеті де,
Сүйенетін белі жоқ.
Бұғанасы қатпаған,
Таңы еркін атпаған.
Жалғыз болып дардаңдап,
Ойынды ғана жаттаған,—
Жас бала нені біледі,
Неге әлі келеді.
Зарлап жылап жүрсе де,
Ешкім обал демеді.
Көрінген көзге шұқыды.
Жұдырықпен нұқыды.
Әркімге бір телміріп,
Болмады ешбір күтімі.
Сенгені Құрман жалғыз-ақ,
Құрман оған өгей, жат.
Қозылардың соңына
Жас жетімді қойды сап.
Күн шыға қой өреді,
Ұйқысын Қозы бөледі.
Күн сәскеге жеткенде,
Ауылға зорға келеді.
Басқан дүние тар болды,
Аяушыға зар болды.
Таң біліне түрегеп,
Күзеткені мал болды.
Басына қотыр білінді,
Аяқтары тілінді.
Шөгір кіріп ақсаңдап,
Қозымен бірге жүгірді.
Балағы жырым, жырылып
Түрілген ышқыр бүріліп,
Басында таз кепеш бар
Тозған терісі қырылып.
Басы киіз қотыр боп.
Кигені көң-қоқыр боп,
Азды, елден іздесе
Бұл сықылды жетім көп.
Безге толған тамағы,
Сасық боп ағады;
Бас-сарала қанды ірін,
Сауыс қылды жағаңы.
Жұрт жеркенді маңынан,
Аққан ірін, қағынан,
Жататын мекен жасады,
Ақтабанның жанынан.
Бай ұлы ойын бағады,
Басқа ісі шамалы,
Қозыбақ көріп оларды
Ішінен ызаланады.
Көзі құрғыр қызығып,
Ойнауға көңілі бұзылып,
Жақындаса бай ұлы,
Салады соған жұдырық.
Арашалар адам жоқ,
Қарсыласар заман жоқ.
Жер тепкілеп жылайды,
Бұрынғыдан жаман боп.
Бәйбіше де күтпейді,
Бұл істер ісі бітпейді,
Ер жеткен үлкен жігіттей
Қиынды да жүктейді.
Жарымайды тамағы,
Айранның да шалабы
Аузына еркін тимейді,
Ірімшік ұрлап алады.
Қатады аштан бұралып,
Өзгермеді бұл қалып,
Ақырында ұры деп,
Жіберді Құрман шығарып.
ҚОЗЫБАҚ ҚОЙШЫ
V
Он үшке аяқ аттады,
Қойшы болды, мақтады.
Қойынан шығын шығармай
Алған бұлын ақтады.
«Таз қойшы» деген ат алды,
«Сүр таңдай» «қу жақ» атанды.
Епті болды баладан
Өзімен өскен қатарлы.
Бір көрмеді дамылды,
Ертелі-кеш сабылды.
Қол-аяғы тілініп,
Қап-қара болып жарылды.
Таң сібірлеп атқанда,
Бозторғай қанат қаққанда,
Жердің үсті шық болып,
Боп-бозғыл болып жатқанда.
Ұйқысы шайдай ашылып,
Басын тыр-тыр қасынып,
Өргізеді қойларын
Иығына дорба асынып.
Бір аяқ айран тамағы»!,
Бір аяқ құрт алады.
Қой жүн күпі жамылып,
Қоймен кетіп қалады.
Шыққа белден түседі,
Быртиып аяқ іседі,
Табанына шөгірлер,
Инедей болып піседі.
Тыр-тыр қасып арқасын,
Кеміріп тіспен малтасын,
Ермек қылып ойнайды,
Арқалап жүрген қалтасын.
Ауыздары бүлкілдеп,
Құйрықтары іркілдеп,
«Шай, бұлай!» деген дауысқа
Жапырылып дүркіреп.
Жайылып қойлар өреді,
Соңында қойшы келеді,
Қоймен бірге жүгіріп,
Жидекті бұл да тереді.
Сәскеде қойлар тояды,
Енді оттауды қояды.
Қойшының да көп жүрген
Ауырады аяғы.
Жусайды қойлар жатады,
Рақатқа қойшы батады.
Шалқасынан жатып ап,
Шымшықты жақпен атады.
Сыбызғысын алады,
Күңірентіп даланы.
Әуендетіп дауысын
Шырқап әнге салады.
Жауында соры қайнайды.
Бүрсеңдеп қойды айдайды.
Иығынан су өтіп,
Берекесі қалмайды.
Денеге су өтеді,
Құты мүлде кетеді.
Ерні-басы бозарып,
Тісі сақ-сақ етеді.
Күз болса күлкі көрмейді,
Өңі тіпті енбейді.
Сүйретіліп итшілеп
Сонда да сорлы өлмейді.
Қозыбақ қойшы сорлыда,
Бір рақат болды ма?
Көрінгеннен сөз естіп,
Жемеген таяқ қалды ма.
Таз қойшы атын таққалы.
Бір күн дамыл таппады.
Байға бір күн жақса да,
Бір күндері жақпады.
Тұрмыс үлкен молда ғой,
Не білем болса сонда ғой,
Жоқшылықтың зардабы,
Түсірмейді нендей ой.
Қозыбақ есті қу болды,
Жүрген жері ду болды,
Беті күліп жұртты алдап,
Ішінде ащы у болды.
Тақпақ, өлең,, ертегі....
Бұларды ермек етеді,
Жиын-тойда ән салып
Домбыраны шертеді.
Буады көзін, алдайды,
Тіл де сайрап зарлайды.
Солай еңбек етсе де,
«Таз қойшы» аты қалмайды.
СҮЙІСКЕН КӨҢІЛ
VI
Жыл артынан жыл өтті,
Күн артынан күн өтті;
Қозыбақ енді жігіт боп
Қатарға кіріп ер жетті.
Кедейлік әлі қалған жоқ
Алдына мал салған жоқ,
25-тен асса да,
Әлі әйел алған жоқ.
Бүтін киім киген жоқ,
Тақымға ат тиген жоқ.
Арқасында жастықтың
Бірін де елеп көрген жоқ.
Он қолдан енер төгілді,
Балқытып соқты темірді,
Түйін түйіп ағаштан,
Өрнектеді ерімді.
Білмейтіні болмады,
Өтелді байға алғаны,
Құдайберген деген бай,
Бір жыл оны жалдады.
Атадан байлық кетпеген,
Өзіне ешкім жетпеген,
Аузынан уыз арылмай,
Еш уақыт «ырыс» теппеген.
Құдайберген бай болды,
Төрт түлігі сай болды.
Шалқиып жатып күндіз-түні
Жегені ылғи май болды.
Жалдады ондап жалшыны,
Ұстады малдай малшыны.
Оларға жалғыз қожа боп,
Үйіріп жүрді қамшыны.
Қозыбақ тағы жақты оған,
Жаздай шөпті шапты оған.
Күзде жинап отының
Қыс болса малын бақты оған.
Бөтенге табан аудармай,
Бөтен байға жалданбай,
Жүргендіктен бай оны,
Көрді сатып алғандай.
Тоқалсыз бай бола ма,
Кедейде ес қала ма,
Сұраса бай жас қызын
Сатпай ма үш-төрт қараға.
Құдайберген елуде,
Әлі де қызық көруге,
Көңілі бір кез кетеді
Тоқал ап көңілденуге.
Тап басты ойға аяғын,
«Мақұл» деді ағайын;
Қай кедейде қыз бар деп,
Көздеді барлық маңайын.
Онсыз да екеу қатыны,
Екеуден бар алты ұлы,
Үшіншіні алам деу,
Ен байлықтың қарқыны.
Не көп елде, кедей кәп,
Өледі кедей «көмей» деп
Кедейдің қызы әкеден,
Туғандай ғой өгей боп.
Қойшығұл деген кедей бар,
Алпысқа келіп болған шал.
Он бестегі Гүлжанды,
Біреуге беріп алмақ мал.
Гүлжан сұлу ақ маңдай
Ерніне бояу жаққандай,
Құмырсқа бел, қара көз,
Төгілген қара шаш қандай.
Бай бір күн оны естіді,
«Сұлу десті кескіні»,
Қойшығұл сөзсіз көнеді,
Берсе қой мен ешкіні.
Кісі жүрді араға,
Кедейде ес қалама,
«Мал береді, мол беред
Осалына қарама».
Мал десе кедей өледі,
Қалыңмалды береді.
Он күн етпей Құдекең,
Тоқалды алып келеді.
Еркімен Гүлжан келген жоқ,
Еркімен әке берген жоқ.
Үйге алып келгенше,
Күйеуін Гүлжан көрген жоқ.
Көкпеңбек сақал иегі,
Елуден асқан күйеуі.
Он бестегі балдырған
Ол шалды қалай сүйеді,
Күні сол ғой жарлының,
Бірақ білді шалдығын.
Күндіз-түні жылаумен
Шығарды іштен бар мұңын.
Оңбаған деп тұқымы,
Күндесі көзге шұқыды,
Аяғымда жатыр деп
Болыспады тұқылы.
Жылаумен білді өлмесін,
Өткен күн қайтып келмесін,
Көңілі әбден сезді де,
Гүлжан тапты теңдесін.
Қозыбақ өте епті еді,
Гүлжанға көңілі кеткелі,
Недәуір уақыт болса да,
Көп күн қолы жетпеді.
Гүлжанға ол ұнайды,
Көз қарасын сынайды.
Жұмыстан қолы босаса,
Домбыраны бұрайды.
Шырқап әнге басады,
Перделеп Гүлжан тасаны.
Екі көзі күлімдеп,
Ыңырсып әнін қосады.
Кей кезде сөзбен қағады,
Көзін де қысып қалады.
Қозыбақ енді Гүлжанға,
Анық сеніп болады.
Екеуі қосты көңілін,
Гүлдендірді өмірін.
Күннен күнге арттырды,
Бір-біріне сенімін.
Аламын дейді Гүлжанға,
Тиемін дейді Гүлжан да,
Бірақ алу қиын ғой,
Кедейлікте күн бар ма!
БАТЫРАҚ СЪЕЗІ
VII
Қан жайлаудың іші еді,
Күн мезгілі түс еді.
Күн көзі ысып, быршытып,
Аяқты басу күш еді.
Қозыбақ қолға қалып ап,
Пышағын қайрап жанып ап.
Тігуге етік айналды,
Саймандарын тағы да aп.
Көлеңкеге отырды,
Маңына жиды қоқымды.
«Ширатып бер тарамыс»
Деп Гүлжаннан өтінді.
Гүлжан оның сүйгені,
Көздері күліп биледі.
Қозыбақ шырқап ән салып,
Бұлғары түйреді.
Бір пар ат жортып келеді,
Сол үйге атын тіреді,
Қалпақты екі жас жігіт,
Тарантасқа мінгені.
Бәйбіше қымыз сапырды
Жігіттер байды шақырды.
— Отағасы жегіп бер
Жалшыңа пар атыңды.
— Жалшы қайда барады?
— Бүгін съезд болады.
— Шырағым, бүгін бара алмас
Істері бітпей қалады.
— Жоқ, бай, оның болмайды,
Бүгін жұмыс қылмайды,
Жалшылар бірге жүреді,
Жұмысым бар деп қалмайды.
Амалы байдың құрыды,
«Артынан бір былығы,
Жарар еді болмаса,
Жақсы емес-ау ырымы» —
Деп ішкенін ойлады,
«Аналар бол!» деп қоймады
«Қозыбақ, сен барма деп,
Құдекең оны арбады.
Мен бар дейін, сен барма,
Түк бермейді, алданба,
Бермек түгіл қол салар,
Қайта менен алғанға.
Сен бетіммен жүрмін де,
Баласымен бірмін де,
Жалданбасам шарт жасауды,
Әлдеқашан білдім де».
— Сартың не?
— Саған не керек!
Кәмунес саған не беред...
Ауырып ертең сырқасаң,
Беремін мына мен көмек.
Қозыбақ оған «құп» деді,
Келгендер көп күтпеді,
Көндірдім деп ішінен
Бұ да атын жекпеді.
Келгендер қысып қоймады,
Бай «о, бұ», деп алдады.
Жалшыны бірақ әкетпей
Келгендер кетер болмады.
Бай атын жекті амал жоқ,
Қарсыласар заман жоқ.
Қозыбақ та артына
Кетті амалсыз алан, боп.
Бір жерге жұрт жиылды,
Алқа-қотан иірді,
Қойшы-қолаң, құл-құтан,
Қараса бұл жиынды.
Нұсқаушы сөз сөйледі:
— Кедей бұрын ел ме еді,
Байларда жүріп құлдықта,
Не азапты көрмеді,
Қанша еңбек етсе де,
Ақысын бай бермеді.
Тұзағында байлардың,
Тепкі болды көргені.
Тең ұстаса қанаушы
Ит, шошқасың— дер ме еді!
Сол сөзді есітіп жалшының
Көзінің жасы кел деді.
Ойлашы, кәне, жалшылар,
Сол күндерін, күн бе еді?
Байға малды сен таптың,
Отынды байға сен жақтың.
Күнге күйіп далада,
Шөбін-дағы сен шаптың.
Көгерген құрт, ащы іркіт,
Бай татпады, сен таттық.
Арасында құрымның
Бай жатпады, сен жаттың.
Адал күшің арам боп,
Байларға иттей талаттың.
Ақылсыз да сен болдың,
Жақынсыз да сен болдың.
Жілігіңде майы жоқ,
Татымсыз да сен болдың.
Өмірде тізең жылымай,
Қатынсыз да сен болдың.
Көлік тимей астыңа
Тақымсыз да сен болдың.
Өзің адам болсаң да,
Айуанмен тең болдың.
Күшін, адал болса да,
Тұрмысыңда кем болдың,!
Өткен күн енді жойылды,
Байлардың көзі ойылды.
Біреуді біреу талап жеу,
Бұдан былай қойылды.
Міндетін білген сендейлер
Бүйірі шығып тойынды.
Теңдікке жеткің келсе егер
Осыған бөл ойыңды.
— Сендерге ұйым ашамыз,
Бастарыңды қосамыз.
Кемтігіңді толтырып,
Көңіліңді басамыз.
Теңелудің жемісін,
Теріп же деп шашамыз».
Шешен сөзін доғарды,
Есітіп мынау хабарды,
Білмегенін сұрасып,
Жиылғандар қуанды...
БІР ЖАЛШЫНЫҢ СӨЗІ
«Жаңағы сөздің бәрі рас:
Түк білмей болдық, қараңғы.
Жалшылардың етіне,
Сүліктей байлар қадалды.
Керегі жоқ деп сөйлеп,
Өтіп кеткен заманды,
Ашуға сондай ұйымды,
Тап басар едік табанды
Білмейміз...
көз жетпейді,
Пайдалы, яки залалды?
Ен, әуелі түсіндір,
Біздей жалшы наданды».
НҰСҚАУШЫНЫҢ ТҮСІНІГІ
«Ұйымнан пайда мыналар:
Әуелі бастық сайлап ал!
Сонан соң бәрін, мүше боп,
Басыңды қосып қоғамдал.
Сол ұйымын, арқылы,
Жасайсың шарт қағаздар.
Шарт қағазда мынадай
Жалшылар үшін пайда бар:
«Байлар жалшы жалдайды,
Шарт қағазсыз алмайды.
Нұсқаушы жолдан жолықты,
Сайлауын сайлап болыпты.
Жалшылармен кеңесіп
Әңгімеге молықты.
Қозыбаққа кел деді.
Қысқарсын ұзақ жол деді.
Өлең айт деп өтініп
Айтқызды біраз термені.
— Қозыбағым жарайсың,
Кешегіден қалайсың?
Құрылған мынау ұйымды,
Не нәрсеге санайсың?
— Не көрмедік өмірде,
Тиеді ұйым көңілге,
Адам боп алға басармыз
Деген келем сенімде.
— Оқу оқып көріп пе ең?
— Болған жоқ ісім оқумен;
— Олай болса, Қозыбақ,
Съезден кейін оқы сен.
Білімсіз адам болмайсың,
Білімсіз теңдік алмайсың,.
— Оқуға тілім келе ме
Буыным қатып қалған соң.
— Тілін, әбден келеді,
Оқу білім береді.
Оқысаң кезін, тұрмысты
Айқынырақ көреді.
— Қатының бар ма үйіңде?
— Осы жүрген күйімде.
Маған қатын тие ме?
— Тоқал бар байдың үйінде.
— Оныменен қалайсың?
— Оның несін сұрайсың...
Тоқалменен тәуірмін
Есікте жүрген малайсың.
Сөзімен тоқал алдайды,
Далада сөзің қалмайды...
Мал салып алмай алдына,
Кедейге қатын бармайды.
— Асықпа, әлі, барады!
Кедей де қатын алады.
Қыздардың көзі ашылса,
Бай тоқалсыз қалады.
Оқысаң былай етесің:
Өз еркіңмен кетесің.
Қатын да, мал да табасың
Дегеніңе жетесің.
Оқымасаң егер де
Осылай болып етесің!
Байдан ақы даулайсың,
Мың сомнан кем алмайсың.
Сотқа арыз апарсаң,
Тоқалдан құр қалмайсың.
Тоқал да саған тиеді,
Кәріден жасқа иеді.
Ақылын тауып ала біл
Ол қатын сені сүйеді.
Жолшыбай соғып әңгіме
Қалаға кешке енді де,
Жалшылар тарап жайғасты
Жататын орын берді де.
Ертең съезд ашылды,
Үй іші қызыл, жасылды.
Ой мен қырдың жалшысы
Съезде басы қосылды.
Жалшылар да сөз алды,
Талай мұңдар қозғалды.
Көргендерін айтпаған
Жалшылар да аз қалды.
Жиылыс көп білгізді,
Жалшыға сана кіргізді.
Не айтса құйып құлаққа
Ой жолымен жүргізді.
Үш күнде съезд жабылды
Жалшының жоғы табылды.
Тасыған судай көңілмен
Жалшылар елге ағылды.
ҚОЗЫБАҚ АҚЫСЫН АЛДЫ
IX
Қозыбақ қайтты еліне,
Сене түсті көңіліне.
Өткен күнді ойласа
Кек қосылды кегіне.
Қайта байға бармады,
Қайта жалшы болмады.
Көңілі ауды көп жылғы
Ақысын даулап алғалы.
Құдекең оны көп күтті,
Қайтып келер деп күтті.
Елге қайтты, келмеді
Енді үзді үмітті.
Комсомол еді Тілеубек
Ақылдасты соған кеп.
Сөзін түгел есітіп
Ұнатты ол мақұл деп.
Көп жылдық еңбек азығын
Алмақ боп жазды арызын.
Еңбек қорғау бөлімге
Былай деді маңызын.
«Жасымда қалған жетім ем,
Қаңғырып қор боп кетіп ем.
Бейнеттің жеп таяғын
Талайға қызмет етіп ем.
Өмірде қорлық көргенім,
Бейнетті бір жеңбедім,
Кімде тұрсам ақы жоқ,
Ала бердім бергенін.
Құдайберген жалдады,
Табаным көп жыл аумады.
Жылда ақымды берем деп,
Бір тиын бермей алдады.
Сұраудың жолын білмедім,
Жуырда ғана білгенім.
Алады екен жалшылар
Байлар бермей жүргенін.
Мұңымды шағып жылаймын,
Көзімнің жасын бұлаймын.
Еңбегіме көп жылдық
Бір мың сомды сұраймын...»
Сотқа арыз берілді,
Жалшыға сот сенімді.
Сауатсыздық жоятын
Оқуға қойды көңілді.
Бір жарым айдай оқыды,
Оқуды оңдап тоқыды.
Хат танып, газет оқырлық,
Біліп алды оқуды.
Сот келді бір күн қаладан:
Шақыру қағаз тараған.
Қаралмақ екен қағазда,
Қозыбақ ақы сұраған.
Құдекең келді ырсылдап,
Маңдайы тершіп бырсылдап.
Екпіні тауды жыққандай,
Ойы жоқ соттан қымсынбақ.
Құдекең, әуел тергелді,
Куә болып келген-ді.
Түгелімен шақырып,
Даулы сөздер сөйленді.
Құдекең дауға кәнігі,
Елге де бар қадірі.
Құйыршықтар куә боп,
Аузына алды тәңріні.
Сөз алып сөйлеп Қозыбақ
Дәлелін айтты тақталап.
Беттесіп мойнын бұрғызбай,
Жаудыратып қойды сап.
Істің жөні көрінді,
Жиылған жұрт серілді.
Соттың көріп әділін
Қозыбақ қатты көңілді.
... «Қозыбаққа бір мың сом,
Бес жүз сом айып салған оң.
Тұжырымды бұл билік
Қаралмайды бұдан соң!».
Құдекең енді сүмірейді,
Жейтін сорлы кедейді.
Қарқ-қарқ күліп Қозыбақ,
Түгелденді кенейі.
Қозыбақ көңілі жайланды,
Белді бекем байланды.
Жалшыға жоқшы болуға
Енді өзі ойланды.
ҚОЗЫБАҚ ҮИЛЕНДІ
X
Түс еді күн қайнады,
Кеңсенің түгел аймағы.
Жиылған жұрт лық толды
Іс болды, жоқ ойдағы.
Алыстан бір шан, бұрқырап
Көрінді пар жеккен ат.
Ә дегенше болмай-ақ,
Келіп қалды жақындап.
Кеңсеге келді жанаса
Милиция қараса.
Ортасында келіншек
Бүлдіршіндей тамаша.
Келіншек үсті құрымдай
Киімдері сұмырай,
Тұлғасы бірақ өзгеше
Жаңа туған құлындай.
Соңынан тағы үш пар ат,
Артынан тағы 4—5 салт,
Бұрқылдаған бойымен
Кеңсеге келді жақындап.
Соңғы келген Құдекең
Құп-қу болып кеткен.
Бастапқы келген пар атты
Милиция Гүлжанмен.
Құдекең түкті білмейді,
«Бұлар неғып жүр?!» дейді,
«Әуре қылып осынша...»
Деп Кеңсені тілдейді.
Дуалға атты байлады,
Кездесті жоқ сот ойдағы.
Бір сұмдықтың болғанын
Құдекең енді ойлады.
«Ойланбадым, білмедім»,
Деп бармағын шайнады.
Гүлжанға қарап: «Әй қатын!
Бір сөзім бар айтатын.
Мойныңды бері бұра кет,
Бері кел, не бар қорқатын!»
«Уақытым жоқ баратын!
Жауабы бар алатын.
Екіталай болуым
Саған енді мен қатын».
Қорқайын деді жүрегі
Құдайдан тілек тіледі.
«Арыз берген болар ма,
Бұл жауыз, кім біледі!..»
Гу-гу етіп жатыр жұрт,
Құдекеңді жеді құрт.
Жүрегі тулап дірілдеп
Төбесінен басты бұлт.
Жұрт жиналып отырды,
Құдекең сасып қорқулы.
Ең әуелі Гүлжанның
Арызы жазған оқылды.
— Әкем жарлы, шал еді,
Көкейін кескен мал еді.
Тамағын байлық ісірген,
Бір бақытсыз жан еді.
Мені сатып мал алмақ,
Алты, жеті қара алмақ.
Құдайберген бір жылы
Сұратты мені кісі сап.
«Әкемді құдай оңдады»
Бай айтты, ес қалмады.
«Барасың ба, жоқ па?» деп,
Ризалық менен алмады.
Кәрі шалды сүймедім,
Еркімменен тимедім.
Кете бардым еріксіз
Ол кезде заңды білмедім.
17-де жасым бар
60-тан асқан мынау шал.
Менен басқа қолында
Тағы да екі қатын бар.
Сот сендерге жылаймын!
Көзімнің жасын бұлаймын.
Сол шалдан мені азат ет,
Деп бас иіп сұраймын.
Гүлжан».
Жүрегі ұшып Құдекең,
«Азғырған мұны кім екен!
Жасаған-ай сақтай көр,
Биыл бір жаман жыл екен!»
Куәдан жауап алынды,
Құдекең сөзден жаңылды.
«Разы болып келген» деп
Талай куә табылды.
Гүлжанның көзі жайнады,
Белін бекем байлады.
Құдекеңді сөйлетпей
Жүзі одан таймады.
Сот билікке отырды,
Әркім әр сөз өтінді .
Сот билігі ақырда
Былай болып бекілді.
«Гүлжанға теңдік берілсін,
Сүйгеніне телінсін,
Еріксіз алған байынан,
Тиісті енші бөлінсін.
Ақтық билік саналсын,
Гүлжан ертең мал алсын.
Қалың, ісі қылмыс боп
Тағы бір сотта қаралсын».
Гүлжанның көзі күлімдеп,
Қып-қызыл ерні күбірлеп.
Шыға келді далаға
«Нашардың бұл күн — күні» деп.
Тыста күткен Қозыбақ,
Гүлжанға қарай жақындап.
Құдекеңнің көзінше
Бетінен сүйді құшақтап.
Қайтерін жуан білмеді,
Жұрт күлді, ол күлмеді.
Ерні-басы дірілдеп,
«Бәлем тоқтай тұр!..» деді.
Күн көзі күліп қайнады,
Жер күлімдей жайнады.
Екі жасты құттықтап
Көлде құстар сайрады.
Көбіктеніп көл күлді,
Сағымданып дөң күлді.
Екі жасқа сыбырлап
Жұмсақ жазғы жел күлді.
Көгілдір тартып көк күлді,
Көк ала болып шеп күлді.
Аспанға шығып боз торғай
Алақай-ау, деп күлді.
Жиналған өңшең, «құл» күлді.
Кешегі «өңшең жын» күлді.
Сол күлгеннің ішінде,
Қозыбақ, Гүлжан тым күлді.
Өңшең жалшы шуласты
Мәз-майрам болып дуласты.
Жеңді деп жалшы азулы
Кәрі қасқыр, қу басты.
Байлардан естіп кекесін,
Оларға айтып «не етсін!»
ЗАГСқа келді екеуі,
Қидыруға некесін.
Жабырлап жұрт жиылды,
Бұларға көзі түйілді.
Екі жастың зарыққан
Некелері қиылды.
1926
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі