Алдабергенов туралы аңыз
Кірісу
Бастамай-ақ бұл жырды
Баяғы өткен Баяннан
Жырлайың жаңа өмірді,
Бастайық бізге Баяннан.
Аяным да емес аз
Әр ұлттан нелер миллион.
Талайының қысы-жаз.
Дәм де таттым үйінен.
Түзінде Де сан рет
Кездестім еңбек үстінде.
Бір білек пен бір жүрек
Болғандай халға түстім де.
Талайынан тамаша,
Көңіліме түйдім сыр.
Сан кітап болар санаса,
Сырларында жатыр жыр.
Жырлап та келем кезегімен
Ол сырларды шетінен.
Кем емес алтын өзектен
Тереңде шексіз бекіген.
Таусылатын түрі жоқ.
Қазсам да қанша қиналып.
Қаусыратын түрі жоқ,
Ақын біткен жиналып.
Қаусырсын қайдан, Октябрь
Жарқырап таңы атқалы.
Советтік Отан жылдан-жыл
Биікке шырқап аттады.
Бұрын «ер» деп таныса,
Соғыста ғана жеңгенді.
Азат еңбекте жарыса
Танылған көрдік ерлерді.
Біреу емес, бұл ерлер
Советтік шықты әр үйден,
Жарысқа тусті өрендер.
Еркекпен қатар әйелден.
«Білімді» бұрын десе ел
Оқуы көп ғалымды:
Тәжірибеде талай ер,
Үлгілі іспен танылды.
Бүкіл Совет еліндік
Кеңісе ерлер өрісі;
Партияның лениндік
Ісінің бұл жемісі.
Талай адам тамсанып
Бұл жемістің дәміне:
Жариялайды жар салып,
Суретшінің бәрі де.
Мен де жырлай берейін.
Жеткенше әл-қуатым.
Түгел тусам демейін,
Ішетін мол суатым.
Бұл суатқа ортақтың
Сусындар жерін баспайын,
Замандас пен ұрпақтың
Үлесін де Тастайын.
АРДАҚТЫ АДАМ
Бұл жолы жырлар адамым —
Нұрмолда Алдабергенов.
Жеткізе алсам бояуын,
Жаза алсам меңгеріп.
Колхозы оның, тамаша,
Ылдида емес, ерге асқан.
Асқар тау, бейне, қараса,
Жемісті еңбек ұласқан.
Еңбекте жұрт бірігіп
Қойғанда есім топқа бір,
Колхозшылар жұмылып,
Атаған оны «Октябрь».
«Нұрмолда колхоз өpeні» —
Деп қойса оны ие ғып,
Жүреді ол үнемі
Сол жұртына сүйеніп.
Колхоз мүлкін бар адам
Өз мүлкіндей жинайды.
Туғандай бір анадан
Бірін-бірі сыйлайды.
«Нұрмолда айтты, бітті!»
деп Бағынады басқалар,
Он сегіз ұлт — бір білек
Нағыз интернационал.
Партия басшы, ел қосшы,
Шашау шықпай жұмылған.
Түрлі түс, жұпар иісті,
Олар букет буылған.
Осы букет советтік
Мызғымас берік қолда тұр.
Ортасында бөлек түп —
Нұрмолда біздің биік гүл.
Аспанға қолы жеткендей,
Аттап етіп шың, құзды.
Кеуденің үстін бөктерлей
Қадаған қос жұлдызды.
Орденді тізіп қояды
Қаз-қатар тұрған жасақтай,
Құлпырған түрлі бояуы
Кәдімгі кемпірқосақтай.
Сондықтан да бұл ерді
Білмейтін жан жоқ Одақта,
Көзіне жеткен кемелді,
Санайды жемісті дараққа.
Іскерлігін теңейді,
Мақтаныш қып айтарда:
Генералов Семенге,
Не Посмитный Макарға.
Шет елдің не адамы
Құмар оны көруге.
Делиде қарсы алады,
Жабахарлал Неру де.
Мысырға барса, Ніл бойын
Аралап бірге қасында,
Біледі сұрап іс, ойын,
Гамәл Ғабдо-Әннасыр да.
«Мұхиттың бұзып қамалын,
Атағын, желдей есті!» деп,
Шақырады қонаққа
Кубада Фидель Кастро.
«Көрмесем де, сыртынан
Ісіне қанық досымын!» —
Деп іздеп кеп жұртынан
Дәм татады Хо Ши-мин.
Кореядан, қытайдан,
Африкадан лек-лек боп,
Бай колхозды ұлғайған
Келеді халық көрмек боп.
Қонақтар түгіл тілектес,
Бағыттас бізге елдегі.
Келсе де ол қың етпес,
Америка фермері.
Қыс демей я жаз демей,
Келсе-дағы қай күні:
Бұл колхозда жоқ кедей,
Молшылықта бар үйі.
Құлдары жоқ, қожа жоқ,
Халықтың бұндай тегісі,—
Жарыста өсірген оза кеп,
Социализм жемісі.
Туысқан елдер еңбектің,
Қайнатса ұлы қазаның
Ортасында көрнекті
Орын ап жүр қазағым.
Талай ұл, талай қыздары,
Жүлдесін алды жарыстың.
Ұлы егесте қызғаны,
Барады шырқап, алыс тым.
Шырқаған топта Нұрекең —
Барады алдыңғы қатарда,
Сондықтан, ісі жыр екен
Шет елде де, Отанда.
Кең жайылған бұл жырға
Даусымды мен қосайын.
Тарлан тартқан боз жорға
Бүлкілдей аяқ басайын.
ТОЙ ҚАРСАҢЫНДА
Біздің үйге жол түсіп,
Келе қалды Нұрмолда.
Әкепті қымыз бір торсық,
«Жүрмес — деп — бата құр қолға».
Қарашығы көзінің —
Қасында ұлы — Төлеген.
«Көшірмесі өзінің» —
Жан жоқ оны демеген.
Күлән мен осы Төлеген —
Тірісі туған ұл-қыздан:
Махаббатқа бөлеген
Төлеші биыл тоғызда.
Әкесіндей бұның да
Денесі молдау пішілген.
Қабағын, бетін, мұрының
Аудармай-ақ түсірген.
Сарғылттау өңді әкесі,
Баласы бәлкім қоңырлау:
Әкедей жалпақ шекесі,
Ерні аздап қалыңдау.
Реңі, өңі, иегі,
Ақжарқынға келіпті:
Болған соң тең сүйері,
Табиғат солай бөліпті.
Мінез — ойын байқауға
Болған ең әлі кішкене,
Жәй жобалап айтарға
Әкедей бұл да мық-шеге.
Әкесіндей бұл-дағы
Білмегенін сұрағыш:
Ненің қалай тұрғанын
Абайлағыш, сынағыш...
Сыртымен емес ішімен,
Әкесіне тартсын, тек!
Білімімен, ісімен
Әкеден де артсын, тек!
Адал, арлы ұл, қыздың
Бәріне осы айтарым!..
Сүрлеуін қумай әр іздің,
Тақырыпқа қайтамын.
Нұрмолданың бұл жолы
Бермекпіз жайын баяндап,
Демесем — «Үйге кіргені»,
Орнықпайды аялдап.
Жолыққанда әрдайым
Жүрісі оның асығыс,
«Бірдеме жетпей... саруайым»,
Жүреді ылғи басып іс.
Бұл жолы да басып ол
Кәнігі өз әніне,
Қарамады сасып ол,
Мәкеңнің бермек дәміне.
Асфальт екен көшелік
Сапарының уайымы.
Кеп көшеге төселіп,
Азына жетпей дайындық,—
Абыржып батыр келіпті,
Өйтпеуіне бола ма?
Колхозында көрікті
Той болмақ жуық арада.
Отызға толған бұл тойын
Бүкіл Совет Одағы,
Мейрамдап, қызып күлкі-ойын,
Болады сыйлы қонағы.
Тойлағанда көреді.
Қора-қопсы үйлерін,
Көргісі және келеді
Жеке үйлердің күйлерін.
Нұрмолда оған қыңбайды,
Қарасын мейлі сығалап,
Бір үй де нашар тұрмайды,
Болса да қалай сынамақ.
Оқтай түзу және кең,
Көшелердің бойында,
Жайқалып өскен сәнімен
Сәулетті терек, қайын, да.
Қаз-қатар қаздай тізілген
Көлеңкеде ақ үйлер:
Аулада жеміс, жүзімдер
Дәмі тілді үйірер.
Ақ үйлерге сұқса бас,
Мұнтаздай жинақ, таза іші,
Суретші мен жазушы.
Сипаттамай шыға алмас
Білетін біздей егделер
Ескі ауылдың жайларын,
«Кедей түгіл, тең келер
Жоқ,— дейді,— бұған байларың!»
Бір үйге кірсең, кең, жарық,
Әйнектен күн нұр құйған,
Бөбектер жатыр демалып,
Балапандай бұлтиған.
Бара қалса дәм айдап,
Колхоздағы клубқа,
Таңданар еді қарай ғап,
Атақты Има Сумак та.
Емханаға ең жақсы
Мағынада қызғанып,
Болар еді тұрмақшы,
Профессор Сызғанов.
Салтанатты, кең, зәулім
Ғажап көркем мектебі.
Одан да ғажап гүл-баудың
Тотыдай бояу төккені.
Көп көтеріп шалқытпай,
Теңемей-ақ басқаға.
«Алматыдан артықтау,
Болғанға дейін астана!» —
Десем боп тұр ауылдың
Сипатына сиымды.
Колхоздық қана қауымның
Қолынан солай құйылды!..
Шыққысыз, кірсең тұрағы
Адам түгіл, малдардың,
(Сыртынан да ұнады,
Сарайындай хандардың.)
Ішінде семіз сиырлар,
Қайырып жатқан күйісін,
Сезбейсің мұрын жиырылар
Тезектің де иісін.
Жайылымда қойлары,
Шөмшектеп жерден терген от,
Жуандығы, бойлары
Торсиған бейне бегемот.
Мыңдаған үйрек, қаз, тауық
Шыққанда жемге шұбақтай,
Бұрқырап аққан тас жарып,
Құлаған таудан бұлақтай.
Тік еркешті түйесі
Жоталанған биіктей,
Ешкілері иесіз
Тағы боп өскен киіктей.
Автомобиль, самолет
Болғанмен көптен көлігім,
Жылқы десе елеңдеп,
Желігеді көңілім.
«Ер қанаты — ат» деген,
Жасымнан бойға сіңген сөз:
Сондықтан атты кем демен
Ракетадан — ұшқан тез!
Бұл колхоздың жылқысы
Шетінен түгел сайгүлік.
Бейілмін болсам жылқышы,
Бағуға да тай мініп.
Бұл сөзім, бірақ балалық
Секілді, жәй, сағынған...
Десек те, қайда баралық,
Машина көп ағылған.
Гараждарда тізіліп
Тұр олардан бір қора.
Бәріне де қызығып,
Мінесін, жолға, далаға.
Тасымаса машине,
Теңкиіп астық жондардай,
Сарайдың сыймай ішіне,
Боп кетер еді Жоңғардай.
Сендерге кідіре кетейін,
О,сарайлар,сарайлар!
Таңданбай мен де нетейін,
Таңданған соң талайлар!
Секілді бұлар ордасы
Хандардың емес, патшаның,
Қымбатты іші — қоймасы
Нанбасаң есігін аш та үңіл!
Үңілгенде көрерін,
Тау-тау бидай үйілген.
Жемістен де мол енім,
Шырыны тілді үйірген.
Жүгерінің ұзынша
Дәндері тізгем меруерт,
Бал татып қанттық қызылша,
Анарын жарсаң — қызыл өрт.
Сарайда барлық тау-тау боп
Үйіліп түрлі жатыр дән.
Бұл колхозда жоғы жоқ,
Өнетін жерге дақылдан.
Жекешеде дорбадан
Аспаған астық құйылып,
Бұл колхоздай болмаған
Жетісу бұрыла жиылып.
Өсіруге мұнша астық,
Машинені ұстаған.
Отыз жыл бұрын таппадық,
Бүкіл Қазақстаннан!
Атамауға бола ма,
Электрдің қуатың—
Ауылда да, қалада
Сан байлық, қолынан туатын?
Бұл колхоз да сүйенген
Электрдің күшіне.
Тау-тау болып тиелген
Нелер ауыр ісіне,—
Жұмсаса билей кетеді
Кідірместен жасқанып.
Қимылын ермек етеді,
Тұрған адам басқарып.
Істің жеңіл-қиының
Күні жоқ тұрған атқармай.
Жұлдызды аспан қиығын
Түнде ауылға жапқандай.
Мол дәулеттің, несіне,
Сипаттап бәрін тізейін.
«Жазыпты,— десең,— өсіре»,
Колхоздың көр музейін.
Барлығын барлай баяндап,
Қайда шың барып, қайда құз,
Айтады кідіре аялдап,
Қызметінде тұрған қыз.
Сайрап тұр экспонаттар
Тарихын талдап колхоздың,
Қалғанын артта қанша жар,
Екенін қандай шыққан шың.
Көркем шың, бойы тым биік
Коммунизм өрінде,
Тұрады Нұрмолда жымиып,
Кім келсе де көруге.
Шаруасы биыл да,
Бар тараудан түрлі тым.
Өтеген тартып сыйын да,
Мемлекеттік міндетін.
Артығымен орындап,
Егісі мен мал басын.
Колхоздың өтеп, дамыл ап,
Ортақ жеке жарнасын.
Жайғасып өзге жұмысы,
Алынып қолға құрылыс,
Болмайды жай тұрысы,
Күні-түні қайнап іс.
Алдағы жылдың анықтап,
Тағы бір рет жоспарын.
Ұшуға тағы шарықтап,
Даярлау қажет аспабын.
Бір ғана түйткіл: «Көшенің
Асфальт боп бәрі бітпеген».
Болып та қапты өсудің
Отыз жылы күтпеген.
Байланысты осыған
Ұлан-асыр той болмақ.
Мол дәулеттің тасыған
Нұрмолда кемін көрсе ойлап:
Жиналғанда қалың жұрт,
Біле алмастық есебін,
Жоңғардан жылжи келіп бұлт.
Теге салса нөсерін.
Асфальтсіз көше бойында
Малтықса сазға аяғы, —
Болды,— деп,— мәлім жайын, да»
Қылмай ма ажуа қонағы?
Нұрмолда содан қынжылып
Алматыға шауыпты.
Іскер, бірақ қу жігіт.
Гончаровты тауыпты.
«Төлеуге құнын жұмыстың
Жетеді колхоз байлығы,
Мөлшерін айт бұл істің,
Бітетұғын қай күні»,—
Деп жол жайын кеңесіп.
Сырғытпа түрін байқай кеп,
Тұжырыпты егесін,—
«Үкіметке айтам!» деп.
Содан ба, әлде ұқты ма
Шабандығын қимылдың,
Жол бөлімін ықтыра
Гончаров жазған бұйрығын,—
«Бір жұманың ішінде,
Төселіп асфальт бітсін!» деп,
«Бай колхоз шат пішінде
Қонақтарын күтсін!» деп.
АТТАНАР АЛДЫНДА
Қалтасына салған соң,
Гончаров берген бұйрықты:
Бір шай ішіп алған соң,
«Волга» есімді жүйрікті
Баптады да Нұрмолда
Тартты тура аулына...
Тигеннен кейін күш қолға,
Жеп-жеңіл істін, ауыры да.
Начальник айтқан мерзімде
Асфальтты да аяқтап:
Өтетін тойға кезінде
Билетті бөліп таратпақ.
Нұрмолда келді қалаға,
Аз уақытта айналып,
«Іс кеп,— деп, — осы арада»
Жатпады тағы жайланып.
Әбігерлікпен еткізіп
Күндізін де, түнін де.
Екі-үш күндей күткізіп,
Бір күні соқты іңірде.
«Даяр шай болса ішем де,
Қазір-ақ, Мәке, аттанам!..
Абыржыған пішінде.
«Сыбаған, бар,— деп,— сақтаған.
Жібермеймін жегізбей!»
Мақұлдап мұны Нұрмолда
Басқа айтарын дегізбей,—
«Тез қамда, жеңгей, тез қамда!»
Нұрмолда қызық: демесек
Қонақ болған атағы,
Өзгеміз өндіре жемесек,
Ол жәй ғана татады:
Май дегеннен безеді,
«Жүрмін,— деп,— көптен диетте».
Тек қана, кейде езеуреп,
Мүжуге құмар сүйекті.
Жасы елуден асқанмен,
Азу тісі балғадай,
Кеміреді қасқырдай,
Кез келгенін талғамай.
Арақ-шарап дегенді
Тигізбейді ерніне,
«Сіңірсін,— деп,— жегенді»
Айран — сүтті өндіре.
Тартады тершіп маңдайы,
Күрең шайды сүт құйған.
Тұрмаса қайнап, қанбайды
Самауырға бұқтырған.
Мәжілістің кезінде
Жаңа сырын білдірді.
Жидырмайтын езуді,
Адам боп шықты күлдіргі.
Ертегі емес, солары
Көргендері өзінің:
Бір герой өзі болады,
Қосып қимыл, сезімін.
Бос кеңес емес және да,
Бәрі істің пайдасы:
Ұмытылғанда жаңаға,
Жасайтын әдіс-айласы:
Қалжыңмен де, іспен де,
Мақсатын берік тұтуы,
Сөзімен де, күшпен де
Әр уақытта ұтуы:
Ұтқанының бәрі де
Өзіндік емес, қоғамдық:
Жастарға да, кәріге
Әрдайым үлгі боларлық.
Қоғамдық іс дегенде,
Көрмейді ұйқы, күлкіні.
Болмайды оны бөгеуге
Не күндіз де, не түні.
Бүгін де біздің Нұрекең
Мәжіліске біраз алданып,
«Айлы әдемі түн екен,
Жүремін — деді — қамданып».
Жалынды Мәкең: «Қайыным,
Көзіңнің ал,— деп — шырымын!»
«Болмасын, жеңгей, уайымын,:
Түнде жолға шығуым,—
Бұл ғана емес, сан рет,
Мезгілсіз жортып үйренгем.
Кездескен талай көр-түндер,
Көзге инедей түйрелген.
Тас қараңғы шақтарда,
Адым жер алдын көрмеген.
Нелер биік шаттарға
Ат жалын құшып ерлегем.
Нелер терең құздарға
Құлдырап төмен түскемін:
Кездесіп жаңбыр, мұз, қарға
Тоңазып, кейде үскемін.
Жаз аңызақ ыстықта,
Кезгемін құм, шел арасын.
Ат жалын талай құштық та,
Ұйтқып құмнан борасын.
Далада қасқыр, тауларда
Аюлар талай қамады.
Ұсап аспаннан жауғанға
Сар маса жаудай талады.
Жеңгенде ұйқы, кей шақта,
Мызғыдым үстінде аттардың:
Араласып құм, шатта
Жыландармен жатқамын.
Шетсіз шөлде, кей кезде
Таусылса азық, адасып,
Жан иесін кез келген
Шикідей жедік таласып.
Тамшы су таппай, ақырып,
Өлерлік халге түскенде,
Аттың күре тамырынан
Кез болды,— қанын ішкен де.
Демей ме қазақ, жеңгей-ау,
«Мал арыстанның аузында?»
Байлық та оңай келмейді-ау,
Жүрмей жан тары қаузында.
Қиындығын соғыстың,
Қояйын, жеңгей, айтпай-ақ.
Жауларды қолдан жеңістім,
Жоғалсын құрғыр қайтпай-ақ!..
Сондай күндер басынан
Өткенге бұл түн немене?
Дарияда шалқи тасыған,
Ақырын жүзген кемедей,—
Асфальт жолмен машине,
Ағады сырғи тербетіп,
Мейлің қалғып есіне,
Мейлі аяқты көлбетіп
Жатып ал, артқы диванға,
Қаласың қатты ұйықтап
Үйге жетіп тұрғанда,
Жатқан жағын, ұйып қап...
Бізде де, жеңгей, қатын бар,
Ерінің тапқыш көңілін:
Дененің ұюы ұмытылар,
Сипаса баптап келінің!..»
Мәкең күліп, сол кезде:
«Мақтауын,, қайным, жетті!»— деп.
«Деп ойласам: кербез бе?
Екен ғой, келін епті!» деп,
«Түн қататын жайыңды,
Енді ғана ұқтым» деп:
Деп маған да: — «Қайнымды
Көрдің бе? Сөзге ұтқыр!» деп.
Сонымен бітіп әзіл сөз,
Нұрмолда ұлықсат алды да,
«Даярла,— деді,— жеңгей, тез,
Кетейін ертіп шалды да.
Шақырмаймын алалап,
Өзіңіз де жүріңіз!
Той жабдығын бағалап,
Кемдігі болса біліңіз.
Біліңіз, жәрдем беріңіз,
Түзесуге кемдікті!
Шаттансын тойға көңіліміз,
Етейік риза ел-жұртты!»
«Той болар күннің алдында,
Қоналқаға жетем»,— деп —
«Жұмыстарым бар мұнда,
Сәкең жәрдем етер» деп,
Мәкең қалып қойды да,
Нұрмолдамен аттандым.
Сөйлесе отырып тойды да,
Тың сырын біраз ақтардым.
ЖОЛҒА ШЫҚҚАНДА
Замандастар, ұрпақтар,
Алматыда тұратын!
Кездесе қалса бір шақтар
Серуендеп жолға шығатын.
Беттеп жүріп көрші бір,
Станция Ілеге!
Болсын, бірақ, түнде бұл,
Жолшыбай тоқтап түнеме!
Күз я болсын жаз айы,
Болсын айлы ашық түн.
Аспанның күмбез сарайы,
Тұндырсын жұлдыз жымыңын!
Қажет емес ол түні,
Желдің күшті, бәсеңі.
Автомобиль екпіні
Оятса, ызғындап еседі.
Бұзылған соң күйісі,
Жәй ызғын емес, екпіндеп:
Жусан сасып иісі,
Үрлейді ысқыра, өткір леп.
Сыртта ысқырма, келе ғой,
Терезені өзім ашайын!
Долданбай-ақ өбе ғой,
Ерніңе төсімді тосайын!..
Тегіс жол, жұмсақ машине,
Тербеліп қалғи бастасам,
Салқын леп үрлеп төсіме,
Сергіп ұйқымды ашпасам.
Қор ете ғап, қызығын
Көре алмас едім маңайдың.
Самалдың тыңдап ызыңын,
Төңірекке қараймын.
Артта ақ жон Алатау,
Ай сүтін еміп бөккендей,
Ақ жотаға ай тақау,
Еңкейсе ерінің өпкендей.
Биік шыңдар теңкие,
Тігілген аппақ отаудай.
Аласа шыңдар кеп түйе
Қатарласа жатқандай.
Аспанды бөктерлей шұбалған,
Тұтас тау — шексіз қамалдай.
Жан жоқтай оған шыға алған,
Жау жоқтай оны ала алған.
Ұзаған сайын барады,
Алатау шөгіп, төмендеп.
Тіккен көз енді талады,
Құмартқан «тағы көрем!» деп.
Аласарған ақ жота,
Жер жиегін көбелей,
Жоғалды біржолата,
Теңізге батқан кемедей.
Іледен де бұл кезде,
Алыстап біз кеткеміз:
Ызғындатып, лезде,
Арқарлыға жеткеміз.
Шыққан шақта биіктен,
Арқарлының өріне,
Жұлдыздарды киіп кеп,
Шыққандаймыз төріне.
Құлдыраса ылдиға
Машина зулай лып беріп,
«Жардан теңізге ырғи ма?
Кете ме батып, күмп беріп?»—
Дегендей жүрек өрепкіп,
Шырадай көзің жанады.
Елемей, оны керек қып,
Машина заулап ағады.
Зауламақ түгіл ұшса да,
Тез таусылар дала жоқ.
Жалпайып жатыр сұстана,
Теңіздей шексіз қара көк.
Талай жаудың сан ғасыр
Тартса-дағы азабын.
Өзі кең және өзі асыл,
Алыпты-ау жерді қазағым!
Тоқсан сегіз Бельгия
Өлкеңе сияр халықсың,
Осыншама жерге ұя
Кешіп жүріп салыпсың!
Сонша жерге сан ғасыр,
Жүрдің-ау қазақ сын алмай!..
Ұйтқыттап бай, хан — масыл,
Төбелестің-ау, ұялмай!..
Береке, бірлік таппадың,
Дау-жанжалын, астаса:
Бітпейтін еді-ау лаққаның,
Басыңды Совет қоспаса!..
Тек Советтің тұсында
Ел болдың тұтас, ерікті.
Шарықтап бақыт құсын, да,
Дәулетің тасты көрікті.
Іші-сырты кең жерің,
Екен толы қазына.
Игілікті мол меңгердің,
Қанатың кең, жазыла.
Ұлы Одақтық бай, көркем,
Болдың бір ғажап отауы.
Жыл сайын биік өсті өркен,
Аспандап аброй, атағың,
Жайылды даңқың дүниеге,
Ел елдің шет жұрт білмейтін.
Енді жаудың бүйіріне
Ел болдың найза түйрейтін.
Талай жүйрік ере алмай
Сен сілтеген қарқынға,
Шаңыңды да көре алмай
Қалып қойды артында.
Көркем далам, кең далам,
Тіл жетпес сені бағалап.
Тауыса алмадым, мен балаң,
Үздіксіз қырық жыл аралап!
Түгел көрем десе егер,
Ешкімнің жетпес шамасы,
Өркендей бер, есе бер,
Бақытты қазақ даласы!..
* * *
Тез қалғып және тез сергіп,
Тез ұйқтап, тез оянған,
Нұрмолда емес кем дерлік
Ең сақ құлақ қояннан.
Қалғысын я ұйықтасын,
Сыбырларды сезіп дәл:
Қараңызшы, ұмытпасын,
Қайталап айтып бере алар!
Сұрасаң өзінен, сергектік
Қылығына тан, болып,
Жауабы: «Өстім өрлеп тік
Шыңына өмір, «аң» болып.
Көрген жоқ ешкім құс, аңды,
Ұйқыда қапы ұрылған.
Жыртқышты я адамды
Сезініп күн бұрыннан.
Жан сақтар жерге жармаса,
Жытпай ма жылдам бой ұрып?
Сезімі сондай болмаса,
Кетер еді жойылып.
Ірі аңды қойып, мысалы,
Алайық киіктің лағын,
Туа сала тосады,
Қатерлерге құлағын.
Ене емшегін ембестен,
Бет қойып ерге жатады.
Қауіпті сезсе, көрместен,
Биікке ырғып атады.
Ал, мен ше? Мен енеден
Туа көрдім таршылық.
Сезбесем қатар денемен,
Кететін болды жан шығып.
Жарты миым қалғыса,
Жарымы тұрды күзетте.
Кішкене күннен аң құсап,
Сақ құлақ болдым тыз етпе.
Өзіме кейде білінбей
Жүргенде, ұйқылы-ояуым,
Еш ісімде мүдірмей,
Атқарып мінсіз қоямын.
«Мақтанды» деп ойласаң,
Білетін сұра адамнан.
Балалық шақтан әрқашан,
«Құс-ұйқы» атым тараған.
Айтқанының шындығын
Өзім де көріп келемін.
Сондықтан дедім: »Шың бұның!»
Бір сөзін бекер демедім.
Уақ кеңеске таусылар
Емес екен мына жол.
Жүз емес, мыңдап бар шығар,
Кездесетін ылди-ер.
Пысылдап дем алғалы,
Нұрекең қалғып қояды,
Зымырауы «Волганың»
Секілді өгіз аяңы,
Түнере төнген бұл түнде
Зымырау түгіл, мейлің үш!
Ағынды судай іркілген
Тұнжырай тұнып пысады іш!
Сондықтан ба, кім білсін,
Келеді ұйқым ашылып.
Аспанның жыпыр күмісін
Барады бұлт жасырып.
Бұлтқа ма, тауға ма?
Жоғалды барып, шөгіп ай.
Қап-қара түнек айнала,
Бейне қою қарамай.
Түн тонын тіліп қайшыдай
Фарлары көзге шағылған,
Біріндеп барып таусылды,
Машиналар ағылған.
Жыландай тұрқы тым қысқа,
Алда, асфальтті із ғана.
Жарысамыз кей тұста.
Қосаяқпен біз ғана.
Қосаяқ жалт бергенде,
Өтеміз ағып ілгері.
Мені де торлап меңдейді
Ауыр әсер түндегі.
— Нұреке, деймін, қалғыған
Нұрмолдаға сол кезде.
Бүркіттей түлкі аңдыған
Салт етіп ол лезде:
— Немене, Сәке?— десе, мен:
— Табайық ермек, ұйқы ашар!—
Десем, күліп Нұрекең
— Түн бе еді,— дейді — тан, асар
— Кеңесейік! деймін мен,
— Кеңесейік!— дейді ол.
— Қызық кеңес айтып бер!
Қысқарсын мына қашық жол.
Қашық жолға машина
Келе жатқандай аяңдап!..
Түскенінше есіңе,
Бер өміріңді баяндап!..
Олай дейтін себебім:
Шаруа жайын сан айттың.
Табылып талай керегім,
Білімімді молайттың.
Мен ғана емес, талайды
Тамсандырды байлығың.
Үлгі деп халық қарайды,
Істеріңнің барлығын.
Талай ғалым, мамандар,
Арнады томдар көлемді,
Ақыннан бар адамдар
Шығарған топтап өлеңді.
Әр кезде алған әсері
Молайғанда құралып,
Көп нәрсе жазды көшелі,
Бір ғана Ғабдол Сланов.
Жасап талай жорықты,
«Роман жазу ауыр» деп,
Очеркті тоғытты,
Бақбергенов Сәуірбек.
Қалжыңдап айтсақ көрем деп,
Атқарған сендер зор істі,
Түк жазбаған, көп қой жеп,
Ақындар кейбір борышты.
Мен олардың іздерін
Қояйын шарлап баспай-ақ.
Сөздерімнің тізбегін
Құрайын бәлкім басқарақ.
Ұзын сөздің, Нұреке,
Қысқартқанда аяғын:
Бір тақырыбым жыр етер —
Сенің өмірбаяның.
Одан жұрттың білері: —
«Баяғы — батырақ, бүгін — ер».
Қазіргі сенен тілегім,—
Осы жәйді айтып бер!
Қайда тудың, қайда өстің,
Нелер көрдің бәрін айт!
Шол, бәрін өткен белестің,
Бүгінге жетіп бір-ақ қайт!
— Құрметті Сәке, бөлмей-ақ
Маған ғана уақытты,
Жырыңмен түрлей бер бояп,
Нұрманбетов Ақықты.
Ең құрметті ақсақал,
Жетпістен асты, бірақ, жас.
Алпысында ап тоқал,
Туды үш ұл қарбалас.
Көрмеген ол ұлдарды,
Күдіктеніп, етер сөз.
Көрсең тартып тұр бәрі,—
Орақ тұмсық, шегір көз.
Немесе, Сәке, сипатта
Ноғайбаев Саумалды.
Тыңылшадан ойпатқа
Үйді талай тауларды.
Не жазып көр, агроном
Забрицкий Бористы.
Ақылы тапқыр, ойы кең,
Дәл болжайтын бар істі.
Қойшылардан жазуға
Дәл келеді Құрманбек
Жарыста ылғи озуда,
«Бар қойы егіз туған» тек.
Жұлдызды қойшы іздесең —
Асантаев Базарбай.
Қойшыны «жүз мың» десең,
Бірі де қойды оза алмай.
Бәрін тізіп кетейін,
Еңбектің Ері — он алты.
Бірінен-бірі өтеді,
Түйіндеп айтсам — бәрі алтын!..
Мың екі жүз үйдің мен
Таппас ем, жаман адамын.
Тек, іске қос, біліп жөн,
Жұмса тауып амалын.
Жұмса іске әрқашан,
Қолынан оның келерлік.
Дүниеде жан жоқ орасан,
Бағынған барлық шеберлік.
Дәрігерге көне ме,
Мысалға алсақ,— комбайн?
Қолынан іс өне ме,
Білмегеннің әрдайым?
Білгеніне жіберсең
Атқармайтын шебер жоқ.
Тапсаң ырқын түгел сен,
«Жалқау», «олақ» деген жоқ.
Колхозды десек,— «аса зор
Мәшиненің денесі»:
Ондағы барлық еңбеккер
Не — бөлшек, не — шегесі.
Тұтаспаса солардың
Бір орынға қаруы
Ауырды жеңіп алар кім?
Биікке қиын баруы.
Он бес жыл бұрын бұл колхоз,
Болса да елдің сорлысы:
Кеткені бертін байып тез,
Ерлердің ғана қол күші.
Колхоздық атақ, әлі де
Әйгі боп, биік өссе бой,
Колхозшының бәріне
Ортақ осы абырой!
Ширек ғасыр басқартып,
Сыйламайды босқа көп.
Билейтұғын жасқантып
Бұл заманда патша жоқ.
— Қашсам да қалай бұлтарып,
Қойдың-ау, Сәке, құтқармай!..
Боп жүрмейін мен «алып»
Көлеңкеде жұрт қалып!
— Бұл сөзіңнің, Нұреке,
Жоқ артық я қатасы.
Дегенмен, сені жыр ете
Деседі олар: «атасы!»
Жемісті ағашқа жайыла
Өскен олар көп бұтақ.
Тоқтасақ жеке жайына,
Әрқайсысы бір кітап.
— Оларға да жетерміз,
Алдағы күнде аяңдап.
Әзірге ермек етерміз
Бер өміріңді баяндап.
— Ойбо-о-й,— деді
Нұрмолда,— Сілтедің тағы іріге!
Жетеді нақ, бұл жолға
Ол жайдың жүзден бірі де.
Сізге ненің керегін,
Айтпай-ақ іштей сеземін.
Қысқаша айтып берейін,
Өмірімнің кейбір кезеңін!
Тамағын кенеп алды да,
Нұрмолда кеңес бастады.
Жеткенше біз аулына,
Талайын айтып тастады.
АТА-ТЕГІ ТУРАЛЫ
— «Мен жасымнан көргем жоқ,
Қатысып билік-ерлікке,
Сөзі түгіл бетпе-бет,
Би мен ерді көрдік пе?
Әй, көрмеген шығармын,
Батырды да, биді де,
Бейнеттен болмай шығар күн,
Көруге қолым тиді ме?
Тиген жоқ, алған үлгім жоқ
Биден, ерден, шешеннен.
Бұл жөнде басқа білгім жоқ,
Әжем менен шешемнен.
Алтымда өлген шешемнің
Аты еді Назира.
Салдарынан кеселдің
Тап болды жастай ажалға.
Сымбатты, сұлу, аққұба,
Адамды биік денелі.
Сыйлатқан жақын, жатты да
Әлінше тиіп көмегі!..—
Қалжыңдамақ болдым да,
«Сен қалай тудың содан?»— деп,
Күн бар ғой әлі алдымда,
Тоқтадым «кейін соғам» деп.
— Ескі ауылда білесін,
Барлығын қандай енеге.
Әженің бауырына кіресің,
Боласың бірінші немере.
Мен керген күні бейбақтың,
Өтті көген басында.
Тұрса да шыжып қайнап күн.
Қой сауды қосақ қасында.
Өнері ме немесе
Болды ма екен жан шері?
Тітірер адам денесі,
Даусы зарлы әнші еді.
Ауыр еңбек үстінде
Көмекейі бүлкілдеп,
Ән айтса, өтпей ешкім де,
Тыңдайтын тұрып, «шіркін!» деп.
Білмей де қалдым, сол халда,
Неден, қалай өлгенін.
Қыстыгүн, суық боранда,
Білемін, тек көмгенін.
Атам, әжем, әкемде,
Шықпаған тек жан қалды,
Долы жел биік көтерген
Құлағымда зар қалды!»—
Елестеп көзге сол елім,
Кеткендей жаны түршігіп,
Нұрмолда тартып кең демін,
Алды бір ауыр күрсініп.
Осы бір тұста машине
Бір белестен әрі асты.
Кеңесін алып есіне,
Нұрмолда сөзі жалғасты.—
— Әжемнен, жұрттан естуім,
Арғы атамыз — Жалайыр.
Етеді аңыз: «өскен,— деп —
Желкесіне жал айыр.
Нар түйеге теңдесер
Ірі екен,— дейді — денесі,
Қадала қалса тас тесер
Өткір,— дейді, жебесі.
Садақ тартса құлатқан,
Қиядан құлжа, текені.
Құланды ұстап қыраттан,
Жетектеп ұстап кетеді.
Жолбарыс пен аюды
Жекпе-жекте алған деп:
Сондықтан бүкіл руы,
Ұран еткен «Қаблан» деп.
Кейінгі біраз атаны
Созбайын бері шіреп тым:
Оның да шыққан атағы
Жалайырда — Шінетпін.
О да батыр деседі,
Жаудан елін қорыған.
Өліпті ақыр деседі,
Шыңғыс ханның қолынан.
Шінеттен өрген бергісін
Дей алмаймын: «таратам».
Болмаған би, ер кісі,—
Білетінім: өз атам.
Атамның аты — Өренбек,
Әжемнің аты — Айтолыс.
Атамды атайды «мерген» деп,
Осы маңда ел тегіс.
Аспанда құс, жерде аңға
Атқаны бос кетпеген.
Өзі ескен заманда,
Одан мерген өтпеген.
Өмірінде бар малы,
Жалғыз ғана ат болған.
Жақсы ат болған арманы,
Сондай ат ылғи тап болған.
Әжемнен туған деседі,
Он екі ұл, сегіз қыз.
Аң етін жеп өседі,
Сол ғана боп бар дәм-тұз.
Әжем қолдан илеген,
Аң терісі кигені.
Өлтірмей сондай күйменен,
Атамның ғажап, сүйреуі!
Ұлдарының бәрі де
Өзіндей ірі дәу болған.
Денеге сәйкес әлі де,
Дендері түгел сау болған.
Мал түлігі болғаны —
Жалшылыққа бытырап:
Он ұлы қатын алмады,
Өмірінше болып батырақ.
Қайда өліп, қайда көмгенін
Он батырақтың бәрінің
Білетін жан жоқ елдегі
Адамдардан әлі күн.
Әкем болған ұлдардың
Кенжесі және күйкісі.
Батырақ өңшең құлдардың
Ең жасығы, шикісі.
Әкеммен туыс қыздардың
Болыпты бәрі ажарлы.
Заманда ауыр — қыздар күн,,
Шетінен болған базарлы.
Бейбақтардың әкесі
Шықпай жатып қыз аты,
Қалың малын өтеуші
Алған да кеткен ұзатып.
Менімен құрдас бір қыздың
Еді аты — Тазагүл.
Күшігіндей құндыздың
Жан еді көркем, таза бір.
«Он алтыншы жыл» атты
Болмады ма дүрбелең?
Соққанда дауыл сол қатты
Ел қалды ма бүлмеген?
Білмей де қалдық сол кезде,
Көп «аға» қайда кеткенін.
Білмедік үйдің лезде,
Өлерлік халге жеткенін.
Әкем байғұс сол тұста
Болған еді сырқатты,
Күн көрерлік қол қысқа,
Жоқшылық бізге тым батты.
Сол кезде бір бай, сияқты,
Өңкиген кәрі күшіген.
Ақ сақал, ақ мұрт қияқты,
Жан шошырлық түсінен.
Тазагүлді он жасар
Сатып aп бір қап тарыға Әкетті!..
Күш жоқ таласар,
Өлердей батты-ау, жаныма!..
ЖАЛШЫЛЫҚ ТОНЫН ЖАМЫЛУ
Нұрмолда ауыр күрсініп
Тағы бір рет алды да:
Бастады кеңес құлшынып,
Тамағы аздап қарлыға.
— Біздің елде болды бай,
Қарақожа дейтұғын.
Биені бітеу, қақалмай,
Түйені түгімен жейтұғын.
Қожаларды демей ме:
«Пайғамбардың тұқымы?»
Кең болмай ма көмейге,
Мол болмай ма жұтымы?
Сырт қараған адамға,
Еді Қара — мүләйім.
Екі сөздің бірі «алла!..
Бере гөр, патша құдайым!»
Жылан өңді кісі де,
Қасқа бас, беті бір уыс,
Қанын тартқан ішіне,
Қара тастай суық түс.
Қарға тұмсық, қисық көз
Ойнақшиды түлкідей.
Қылығы да қатыгез,—
Жиырылған кірпідей.
Қапсырар қышқаш сияқты,
Имиген мұрын, иегі.
Таңқы мұрт, ұзын қияқты,
Сақалы — қошқар күйегі.
Қара дене қатыңқы,
Бурадай бейне жараған.
Жанырлық пышақ жақ-ұрты
Түрі иттей қабаған!
— Пау, шіркін! — дедім,— Нұреке,
Келтіріп бақтың келбетін!
Бояумен жарқын түрленте
Жасап бердің суретін!
— Асырып айтты дей көрме,
Жалғаны емес, расы.
Шығармас ешкім бекерге,
Білетін жұрттан сұрашы!
— Сұрайын оның несіне,
Сөзіңе көңілім иланды.
Қай малды мол өсірсе,
Айтып бер, енді жиғанды!
— Қарақожа болатын,
Кейде орташа, кейде бай.
Маңайға сыймай қалатын
Сауда қойын келсе айдай.
Өз қолында бір мыңдай
Қой, ешкі ғана есетін.
Сауда қойы бір ыңғай
Жиырма мыңдай десетін.
«Қарқарадан жиғаны,
Қояндыда етеді.
Сонан соң елдің имамы
Болады да кетеді.
Сәлде орап, ел ақтап,
Жүреді бала піштіріп.
Аурулы үйде қонақтап,
Емдейді оқып, үшкіріп.
Підия, зекет, садақа...
Сарқылмайтын бұлағы.
Жынын шашып бората,
Бақсылық та құрады.
Талақ, неке қиярдай,
Аз болып тағы олжасы.
Жеседі бірге, ұялмай
Қатындардың қалжасын.
Жиғандарын тасиды,
Арбалап та, дорбалат...
Жалшыларға ашулы,
Жүрсе де ылғи «аллалап».
Атқармаса ойындай,
Әлдеқалай бір ісін:
Қоймайды сыдырып айырмай
Таспадай жон терісін.
Әбің Қожа әкесі
Болыпты одан да айуан:
Орыстан тамыр купесін
Өлтіріп, содан байыған.
Өренбектің ұлдары
Жалшысы болған кезекпен.
Батып ұрысқан-ұрғаны,
Ұзақ тұрмай, тез кеткен.
Талай жыл баққан малдарын
Батырақ атам — Мерген де.
Күнелткен тістеп бармағын,
Шыдаған қорлық көргенге.
Айттым ғой мана әкемнің
Үйленбей он ағасы,
Қорлықта өтіп бекер күн,
Өшкен деп,— ақыр қарасы.
Қызы екен сорлы, Қожада
Жүретін бір жалшының.
Келісе ғапты өз ара,
Болмапты оған мал шығын.
Ал, әкемнің алғаны
Екенін айттым — Назира.
Болғанын әйел саңлағы,
Біткенін — сұлу ажар да.
Ажарына сай біткен
Мінезі мен қылығы.
Дейсің ғой, «қалай іліккен
Әкеңнің оған құрығы?
Құрығы түскен шешеме,
Әкемнің емес, әжемнің.
Шешемнің әкесі деседі:
Жалшы екен көрген әзер күн.
Ата-анадан Назира
Жасында жетім қалады.
Бермей төнген ажалға,
Әжем асырап алады.
Хал-қадары жеткенше,
Өз қызындай бағады.
Жорғалап алдында кептерше
Әжеме шешем жағады.
Әбеннің көзі түседі,
Назира оннан асқан соң.
Кетпей ме құрбан кесегі,
Аш қасқыр аузын ашқан соң?
Шешемді алмақ болады,
Төрт қатынның үстіне.
Табылмаса амалы,
Кім төтеп болмақ күштіге?
Әжеме сөз салғанда
Өтініп, қызды беруін.
Әжем амал қолданған,—
«Боп қойған деп келінім!»
Қожа зорлық жасауға,
Рулы елден батпаған.
Түсіп сондай тұсауға
Шешем жанын сақтаған.
Менсінді ме, жоқ па әлде,
Әкемді бейбақ «ерім» деп,
Абыройлы, тоқтаулы,
Жүре берген «келін» боп.
Қал-қадары жеткенше,
Әжем күткен қызындай.
Не қызметін өткерсе,
Шешем де жүрген бұзылмай.
Жетеді қайдан: қаршадай
Шағынан болса сауыншы!..
Жүретін күн жоқ шаршамай,
Басынан асқан бар ісі.
Қарындасым Бибіш пен
Мен-ақ тірі қалыппын.
Күн кешті Бибіш күйінішпен,
Мен-ақ көрдім жарық күн.
«Күйініш» дейтін себебі, —
Қытайлық қазақ — бір бай шал,
Әкемді алдап,— «Беремін
Матастырып қалың мал» —
Деп он жасар Бибішті Әкеткен...
Содан хабар жоқ!..
Болдық та қалдық күйінішті,
Бірақ, істер амал жоқ!..
Бейнет пе, әлде қайғы ма,
Жасынан шешем байғұсты
Жеңді де, күштен айрыла,
Мен ес біле қан құсты.
Төсек тартып бірер жыл,
Айналып сорлы масылға,
Суалып ақыр бітті өмір,
Жиырма бір жасында.
«Әлдеқалай қосылған
Жары еді» десек те,
Құса боп әкем тосыннан
Жатып алды төсекте.
Біраздан кейін байғұсқа,
Тіршілік жасар жан бітіп,
Жоқшылық айдап алысқа,
Алып кетті қаңғытып.
Осы бір тұсқа килікті,
Көтеріліс,— дүрбелең.
Теңіздей шайқап ел-жұртты,
Қалмады ауыл бүлмеген.
Біздің үй де бүлініп,
Өлмеуге аштан тырбандық.
Құрыққа Тазагүл ілініп,
Болып кетті құрмандық.
Алыста әкем... бар салмақ
Түсті жалғыз әжеме.
Жүректі жүрдік жәй жалғап,
Қатықсыз, қара көжеге.
Біздің үйдің мен ғана
Жұмысқа жарар еркегі.
Бұған дейін көр-бала,
Далдаңдаған ерке едім.
Аштыққа қиын төзуім,
Қалды еркелік адыра,
Соңына түстім қозының
Жалшылық тонын жамыла.
ТЕНТЕК ТАСЫҒАНДА
Барынша сілтеп көсілген,
Мәшинеміз бұзылып,
Кілт тоқтап, жіптей есілген
Әңгіме кетті үзіліп.
Шофер түсіп, көтеріп
Машиненің капотың
Деді: «Сабыр етелік,
Іс болды таңға жететін».
«Сусадым» деген сылтаумен,
Әлденені жұтып ап,
Тілдесіп үнсіз мылқаумен
Кетті әр жерін шұқылап.
«Сайтастың жоны, бұл» дейді,
Біз тоқтаған қыратты,
Ышқына жел үрлейді,
Тұндыратын құлақты.
Әрі, лебі өңменнен
Өтетұғын сұп-суық.
Бұл жотаны өңгерген,
Қалғандай бейне қыс туып.
Тойтарып демді ішіңе,
Тұншығып тыныс қысылып,
Болмасаң ие күшіңе,
Кетерліктей ұшырып.
Әлі де тас қараңғы,
Қоршаған бізді төңірек.
Нұрмолда ауыр дем алды,
— Болмағай,— деп,— керемет!
— Не керемет?— дегенде,
Делдие түсіп танауы.
Ыңыранып әреңге,
Қайтарған маған жауабы:
— Өзіңе мәлім, ауылдың
Шығысында Жоңғар бар.
Ежелден енесі дауылдың,
Қар жамылған заңғар бар.
Тау ішінде кезең бар,
Атанған «Жоңғар қақпасы»,
Тентек атты өзен бар,
Басы қардың нақ қасы.
Тасымаған шағында
Тізеден суы келеді,
Тасыса сел боп ағын да,
Дарияға төтеп береді.
Қарулы ат көлденең
Тырмысып әрең өтеді
Қой, ешкіні — бейне сен,
Қалқыта алып кетеді.
«Жоңғар желі!» атанған
Сұрапыл қатты дауыл бар.
Іргесін түре қопарған,
Қорқады одан ауылдар.
Басталады құйын боп,
Ол да алғаш Жоңғардан.
Қашады қиыр-шиыр боп,
Жан қалмай жолда жануардан.
Қазандай тасты қаңбақтай
Домалатып кетеді.
Ызғары бетті қаратпай,
Өңменіңнен өтеді.
Биік таудың басынан
Мұз бенен қарды суырып:
Ағады Тентек тасыған,
Ел апшысын қуырып.
Бұрқанған Тентек үдетіп,
Тасыған бетте желігін,
Кетеді елді жүдетіп,
Ғарық қып малын, егінін.
Қирата қан-қақсатып,
Елдің бейғам кезінде.
Кетеді кейде оқсатып,
Тұрғындардың өзін де.
Өткен жылы Жоңғардың
Желі қатты есті де,
Тасыған Тентек долданып,
Қалдырды әрең, ГЭС-ті де.
Сайдағы село үйлері
Жөнелді қалқып астаудай!
Талай зор үйлер күйреді,
Орнында шөкім тас қалмай.
Жасырмай айтсақ, жетерлік
Адамның да шығыны...
Ойласаң зәрең кетерлік,
Тентектің сондай қылығын.
Ол жайында айтатын
Әңгімем бар ілгері...
Себебім не қорқатын
Осынау желкем түндегі?
Ұнамай тұр бұныңның
Ышқына соққан өкпегі,
Ғажап емес тым шұғыл
Тентектің тасып кетпегі.
Отары қойдың бар еді,
Жоғарырақ сағада.
Жусайтын жері тар еді —
Аталатын «Тал қора».
Тал қора тұсы кең ойпат.
Қазандай қайқаң шүңірек.
Малға пана — жел жайқап,
Өседі қалың тал, терек.
Ортасында обадай,
Құралған құмнан тебе бар.
Қарасаң тұрып анадай,
Ойпатқа тіккен сере дәл.
Тасыса Тентек, сол тұсты
Кететін еді сел басып.
Ел жинап бойда бар күшті
Шығатын жанталасып.
Кейбір кезде елдің де
Күші жетпей қалатын.
Сыпырып кетіп сел мүлде,
Қойлар сеңдей ағатын.
Сөйте ме деп бүгін де
Жүрегім тұр өрепкіл.
Қиын болар бұл түнде,
Ел отырса керек қып.
Елге тезірек жетуге
Машина құрғыр бөгеді.
Сел басса жәрдем беруге,
Жаяу кеткім келеді!
— Не дедің?! —деппін «жаяулау»
Деген сөзге елеңдеп.
Тақырға да таяулау
Келіп қалдық төмендеп.
Қозы көш жер осыдан,
Жатыр ауылдың түйесі.
Маңайы ырыс сасыған,
Ауқатты адам түйеші.
Жетеміз тез жаяулап,
Өтіп бірер қыратты.
«Қой — деп едім,— даярлап,
Қайтарда ішем шұбатты».
Шіркін шұбат бұл кезде,
Қандай қою, қышқылтым!
Сімірсең жадырап лезде
Бітеді бойға күш бүтін! —
Сілекейім бұл сөзге
Кетті менің шұбырып.
Жететін болсақ лезде,
Бой жазғым келді тынығып.
— Жаяу-ақ, онда, барайық,
Бусанар аздап арқамыз.
— «Мақұл! Деме, «орайық»,
Төтелеп тура тартамыз!»
— Қараңғы түнде, дауылда,
Жолдан жазып кетпесек?
— Көзді жұмып табуға
Кепілмін, егер беттесек!
— Қамамай ма,— деп күлдім,—
Қырдың қорқау, қасқыры?..
— Қасқыр түгіл, Тентектің
Жеңбейді бізді тасқыны!—
Еркексініп мен-дағы
Бекіттім енді жүректі.
Жолда қаруланғалы
Алдым темір күректі.
— Не болмақ,— дедім,— жаяулап
Барғандағы ұтарың?
— Шұбатты қойған даярлап,
Сіміріп, ауылға жытамын!
— Немен?
— Ат та ермейтін,
Желмая — жүрдек түйе бар.
Мәшіннен кем жүрмейтін
Жарау екі бие бар.
Қайсысы қолға түссе тез,
Мінеміз де тартамыз.
Аман болса қолқа, көз,
Машинедей жортамыз!
Нұрмолдамен екеуміз
Еңісті бойлай жаяулап,
Өткізбей уақытты, бекер біз,
Жол тарттық ілгері аяңдап.
Аздан кейін қараңғы
Түнге де көз үйренді.
Ентелей аттап қадамды,
Артынан бастым күйбеңге.
Біраздан кейін дауылдың
Күшті екпіні бәсеңдеп.
Ауғандай бастан ауыр күн,
Ашылы аспан әсем боп.
Елестетіп көзіме,
Ақ қылшық қара құндызды,
Тұрғандай көрдім, өзіме
Күлімдеп сансыз жұлдызды.
Кей жұлдыз ақты зымырап,
Қияға тартқан қиялдай.
Ауыр ой бастан ыдырап,
Ініне кірді жыландай.
Болмағанмен басылып,
Әлі де желден ызыңдау.
Түйткіл ойды жасырып,
Кеңеске кірдік қызулау.
* * *
Мен қазақпын, мекендеп
Өскен орман, жазықты.
Тауына кім тепеңдеп,
Бұлайша тақым жазыпты?
Тау түгіл, әрең шығамын,
Белеске көлбей жағалап.
Ылдида талай құладым,
Кей жерде кеттім домалап.
Қазір де сілем қататын
Түйешіге барғанша.
Халге жеттім жататын
Серігім қолтықтап алғанша.
Ылдида да, ерде де,
Мен бассам аяқ ақсаңдап,
Болса да ауыр, зор дене,
Нұрмолда келеді қақшаңдап.
Ор я жартас жолықса
Секіреді лақтай.
Мен көтерем — арықша,
Баспаймын аяқ, сұратпай.
Көнбей де қоям кей жерде,
Дегеніне— «өтелік!»
Игеріп денемді әреңге,
Нұрмолда алады көтеріп.
Болдырған кезде серігім,
Деді: «Еңіске кетеміз.
Жер жоқ енді демігер,
Нысанаға жетеміз!»
Тайғанақтап қойғанмен,
Еңіске жеңіл аяңдау.
Нұрмолда еркін алды дем,
Басталды өмірін баяндау:
— Тасуын айтсам Тентектің,
Түседі еске балалық.
Қозышы боп мен кеттім,
Табанға шегір қадалып.
Сол табанмен баспаған
Жер жоқ Жоңғар бойында.
Табылмастан басқа адам,
Қараның бақтым қойын да.
Табынмен жусап іңірде,
Табынмен бірге ерте өрдім.
Қыс тоңып шидің түбінде,
Жаз ыстыққа өртендім.
Жаз жаңбыр, қыс боранмен,
Болса да күнім алысу:
Көбіне ішіп қалам мен
Саптыаяқтан сары су.
Әйелі болды Қараның
«Сара сұлу» атанған.
Имамы бұл даланың
Оған да болды қатал жан.
«Бетінен басқа әйелдің
Бар денесі ғаурат» деп,
«Сазайыңды беремін,
Жүрмесең еркектен аулақ!» деп,
Оқ жыландай ысқырды,
Дыбысынан ызғар сап.
Жолатпай ерден ешкімді,
Болды өлердей қызғаншақ.
Ұстады қорып бейбақты,
Жігіттер түгіл баладан.
Дейтін де «сенімен ойнапты»,—
Еркекті бетіне қараған.
Ашуланса перетін,
Түскенді алып қолына.
Көгере, талып өлетін,
Қояншық, тентек долы да...
Күн кешкенмен қорлықта
Бай болды Сара мінезге.
Қылығы жағып бар жұртқа,
Алды тартып лезде.
Ұстаса да қосағы,
Кетірмен таяқ төбеден.
Бар асын жұртқа тосады,
Кең пейіл, қолы береген.
Күйеуінің көп күні
Ат үстінде етеді.
Халыққа жарқын беттігі
Сол күндерде жетеді.
Қолын тарта қояды,
Қожасы үйге оралса.
«Мырза» атын жұрт жаяды,
Сыйлайды жақсы адамша.
Осы Сара болмаса,
Өлер едім мен аштан.
Жең үшінен жалғаса,
Сол ғана маған қарасқан.
Қысқасы, содан басталды,
«Бармақ басты, көз қысты»,
Елемей алшақ жастарды,
Екі жүрек ұғысты.
Кездесе қалса оңаша,
Айтатыны «қарағым».
Жанымнан етсе жанаса,
Кетеді беріп тамағын.
Белгілі жерге немесе
Ас апарып қояды.
Жабыса қалам кенеше,
Сіресе қарным тояды!
— Жетті,— дедім,— Нұреке,
Сұлуыңды мақтауың.
Толтырып аузыңды жыр ете,
Жегеніңді ақтадың.
Ақырында, сонымен,
Қайда кетті сол Сара?
— Кейінірек теңімен,
Қосылыпты бейшара.
Асықпасаң, ол жайға,
Кейінірек оралам.
Келтірейік орайға,
Кеңесті айтқан манадан.—
Қостадым соны мен-дағы,
«Нұреке, сөзің, мақұл» деп.
Жалғанды кеңес,— «Ел-дағы,
Алдымызда жақын»,— деп.—
Күшігінен өсірген
Болды ұялас қос итім.
Кетпейді әлі есімнен,
Сол бір, екі дос итім.
Бірі ұрғашы, бірі еркек,
Еркегін қойдық «Шыңдауыл»,
Ұрғашысын кеспелтек,
Атап кеттік «Қырғауыл».
Екеуі де кек қасқа,
Балуан дене, ірі еді.
Жаңғырып даусы тау-тасқа,
Арыстандай үреді.
Қоссаң батыл барады,
Білмейді аңнан таюды.
Кездесіп қалса жарады,
Қақпақылдап аюды.
Аю түгіл, тайыншадай
Бір рет қамап барысты,
Қан болса да шаршамай,
Қашырғанша алысты.
Аң шошырлық түріне,
Алыстан қорқып қарай ма?
Қасқырлардың бірі де
Жолаған емес маңайға.
Тек, айыбы — шабысқа
Жүйрік емес, долаңдау:
Болғанмен мықты алысқа,—
Қуып жетіп ала-алмау.
Ал, қылыққа келгенде,
Дерліктей «бетер адамнан».
Таниды бір көргенде,
Екенін адал, арам жан.
Қаппайды адал адамды,
Аттаса да басынан.
Жүргізбейді арамды,
Жолату түгіл қасынан.
Таң сәріден табынмен
Қабаттаса ереді.
Кешке тағы бағынмен
Ауылға қайтып келеді.
Малға босқа ермейді,
Күзетінде қабаған.
Ақсақ лақ бермейді,
Не қора, не даладан.
Бытырап шалғай жайылып,
Алдынан мал кетпейді.
Қалыңына қайырып,
Ұнатпайды шеттеуді.
Жұптарын жазып жүреді,
Табынның екі шетінде.
Сезілсе қауіп үреді,
Серігі жәрдем етуге...
— Иттеріңді мақтадың,
Сипаттарын жеткізе,
Аяқтамай тоқтадың,
Балалық шаққа бет түзе!
— Ескертпей-ақ, өзім де
Оралып соған келемін.
Қатпаған буын кезімде,
Айтайын иттің көмегін.
Айнымас жан серігім,—
Жүргенде қос ит қасымда,
Көншіп балалық көңілім,
Болмады уайым басымда...
Есіңде бар ма, ағажан,
Басыңнан өткен балалық?
Балдан да тәтті сол заман,
Шіркін-ай, келсе оралып!
Астыма мініп тал атты,
Тауларды кезіп кетер ем!
Тасыса, шытпай қабақты,
Тентектен де етер ем!
Бөгелмей көңілім жұлқынған,
Не тұрса да алдында,
Тотыдай түсі құлпырған,
Күп берер едім шалғынға.
Тілді үйірте теріп жеп,
Қымыздықты жуамен,
Жалтылдап ұшса көбелек,
Жан таласа қуар ем!
Шаршамас ем ертеден
Қара кешке қуғанға.
Жидектей қызыл — бөртер ем
Жүгіруден тынғанда!..
Бәйтеректен араның
Бал салған тауып қуысын,
Алар ем тыңдамай талайын,
Толғанша екі уысым!..
Шақса өлтірер жыланның
Тілі мен тісін суырып,
Түгі де кетпей шыдамның,
Алар ем белге буынып!..
Құрғақтардағы құстардан
Жұмыртқа қоймай шағатын
Өлтірер едім дұспанды
Құмырсқаға талатып!..
Сақсынған ұшқыр аңдарды,
Жібермей-ақ ұзаққа,
Деп күліп — «байғұс алданды
Түсірер едім тұзаққа!..
Бір сәттерде сыймаған
Секілденіп жерге мен:
Жүк болмай жанды қинаған,
Шыңдарға шырқай өрлер ем!
Жып-жылтыр және тым тіп-тік,
Болмай бөгет қия-шың,
Көрер ем көзбен бүркіттің
Жан көрмеген ұясын.
Жетпес еді батылым,
Балапанын алуға.
Қалықтап ұшып ақырын,
Қымс етсем бүре қалуға,—
Қандыгөз ұя басары
Кетпес еді айналып.
Жамылып ылғи тасаны,
Құтылар едім айла ғып!
Сырғыр едім төменге,
Сарқырама суындай,
Ауырмас еді денем де,
Дем тартар едім буынбай!..—
Осы бір тұста төменнен
Ит үре қалды шәуілдеп,
Нұрмолда сөзден бөгелген
Тоқтады «жақын ауыл» деп.
— Кетіппін,— деп,—көлденең,
Балалық шаққа қызығып.
Айтайын!— деп,— енді мен,
Әңгімемді тұжырып.
Балалық шақты есіме
Алмадым, Сәке, босқа мен.
Жатпай бір күн шешініп,
Жарымай киім, асқа мен.
Қайнағанмен дамылсыз,
Қазанында бейнеттің:
Балалықпен уайымсыз,
Қорлықта жүріп ер жеттім.
Қожаның құрдас баласы,
Болмады биік кегейден.
Мен он бестер шамасы,
Жігіт болдым серейген.
Жалпаймасам көлденең,
Тұрқым содан артқан жоқ.
Шешемдей ірі — бар денем,
Кескінім, бірақ, тартқан жоқ.
Жалшылық жаншып жасымнан
Боп өскен соң бұйығы,
Басымнан сөз асырған,
Адамның болдым тұйығы.
Керкілдесіп кісімен,
Бетінен жанның алмадым.
Көптің қашып ішінен,
Жиылған жерге бармадым.
Біреулер: «Түсті,— деп жатты,—
Тағынан құлап ақ патша».
«Ақ қашып, қызыл кеп жатты —
Жоқ-жітікті жақтаушы».
Біреуі де бұл сөздің
Құлағыма кірмеді.
Бәрінен қызық, тау кезіп
Қойды бағып жүргенім.
Қара -— қожа сол тұста,
Балалы қаздай байпаңдап,
Айналды, бейне «туысқа»,
Қожайынсымай айқайлап:
Итінен жаман ұстайтын
Жалшыларға күтім боп,
Ыстық, суық қыспайтын
Халде, киімін бүтіндеп.
Бір ісін, бұрын жақпаса,
Бәріне қазір ырза боп,
Ас бермей бұрын боқтаса,
Енді ашық қол мырза боп...
Бара берсе осылай,
Жалшы боп мәңгі кетер ме ем.
Қойса Тентек тасымай,
Ашуымды көтерген...—
Серігімнің кеңесін,
Құлағыма құя кеп,-
Болсын деп оған демесін,
Дыбыс қостым «Иә» деп.
— Жиырма бірінші жылды біз,
Атаймыз ғой «тауық» деп,
Жер тақыр мидай, сол жаз, күз,
Жұтарлық төнді қауіп кеп.
Қайдан болсын,— ала жаз
Аспаннан жаңбыр тамбаса,
Тауға шығар кедей аз,
Байларменен тармаса.
Тауды барып жайлайтын
Көлік қайда, күш қайда?!
Байдан сұрап алмайтын
Себебі,— ертең қыспай ма?
Тақыршылық соққан соң,
Осылайша төтеден:
Кедейде не күй сақталсын,
Мал болды жазда көтерем.
Жал-құйрығын жылқылар
Тауысты түгел жұлып жеп.
Қойда түк жоқ қырқылар,
Қызыл шақа — жүнін жеп.
Салқын тауда, биікте
Бай жатса малын семіртіп,
Ұшырап кедей күйікке,
Көбейді сасық өлімтік,
Тауға бағып жаз бойы,
Малдарын Қара қожа да,
Қауіпте жоқ еш ойы,
Ілікпеді бір мал қазаға.
Лажсыз жылжып етекке,
Таудың қары төмендей,
Күп перді жетіп Тентекке,
Шалғынға — жасыл берендей.
Сыдыртып Тентек сайларын,
Күз бойына жайлап ап,
Балқашқа қыс қойларын
Болды Қара айдамақ.
Мың шақты қойға әжеммен
Екеуміз ғана бақташы.
Бір сәтте қондық кезеңге, —
«Мал қораның» нақ қасы.
Қожаның үйі таудағы
Тоғайлы бір саяңда.
Ит, құспен аң аулайды,
Сирек кеп малды жаярда.
Айтпадым ба есуін,
Жоңғардың желі кенеттен.
Ел қашып одан, көшуін
Жылдамдатып тез өткен.
Жабылып ел, малдың да
Тастамай бәрін айдаған.
Қалғанның дауыл алдында,
Ілезде соры қайнаған.
«Тақыр тауық» күзінде,
Біз де сорға іліктік:
Қаһары түтеп жүзінде,
Бас салды дауыл ұлып тік!
Күндіз емес және түн,
Жатқан шақ шырт ұйқыда.
Боп кетті дүние шу, ың-жың,
Тигендей қасқыр жылқыға.
Төбеге тіккен күркені
Әкетті дауыл ұшырып,
Тоғайды жайпай өртеді,
Жер ошақ оты ұшынып.
Шошынып біз оянып,
Ұйқыны ашып үлгірмей,
Тасқыны Тентек таянып,
Келе жатты күмбірлей.
«Ә» дегенше болмай-ақ,
Төбенің маңын сел басты.
Маңыраған малды аяп,
Қорғауға жан таластық.
Жүретін иттер бұл, мезгіл,
Алыста үріп аңсырап:
Талағандай жел ызғын,
Тығылды бізге қаңсылап.
Ағыны екпіндей су өсіп,
Кетті асып тізеден,
Сырғыта әкетті сіресіп,
Бұқадай, бейне, сүзеген.
Амалың жоқ, сонда да
Екпіндеген тасқынға.
Жөнелді толқын малды ала,
Ұқсап қуған қасқырға.
«Сақтайтын бар ма?!» дегендей,
Шуласты қойлар маңырап.
Үрей боп әжем өлердей,
Жіберді жылап, аңырап.
Мен түстім селге күп беріп,
Шықпақ болып қойды алып.
Әжем де түсті шылп беріп,
«Қайттім,— деп,— құдай?!» зарланып.
Жөнелді жұлқи Тентектің
Мені де қатты екпіні.
Десем де «мықты еркекпін»
Жедім одан тепкіні.
Ыққа ағып кеттім де
Әрең деп қана оңалдым.
Бір төбеге лектім де,
Алқынып зорға дем алдым.
Орала ғап басыма,—
«Әжем қайда?!» деген ой,
Қап-қара судай тасыған,
Дүрілдеп кетті тұла бой.
Бұндай халды көрмеген,
Қиынға талай төзе кеп,
Даусымды қоса желге мен,
Салдым айғай «әжелеп».
Қайталасам сан рет,
Қайтарар жауап дыбыс жоқ,
Барады сыздап жан жүрек,
Алқынды өкпе, тыныс жоқ.
Құм топырақты сапырып,
Кетті су, сары көже боп...
Зарлана бердім бақырып,
«Әже!.. Әже!.. Әже!..»—деп!..
Қасымда Нұрмолда тұрғандай,
Сол қалпында шырылдап.
Төбемнен найзағай ұрғандай,
Кетті бойым шымырлап.
Дедім: «Мына зарыңа,
Мен де өліп кетермін!
Түсір де жылдам жадыңа,
Тез айтшы, тоқ етерін!»
— Арт жағында көп сөз жоқ,—
Деді Нұрмолда— созатын.
Кетеді енді кек сөз боп,
Қайғы мен ашу қозатын.
Қояншық ауру секілді
Тасқын да Жоңғар желі де.
Бұрқан-тарқан көпірді,
Ойнатып жынын өңірге.
Бір кезде буған жынынан
Екеуі де айығып,
Бәсеңдеп дауыл ұлыған,
Су да кейін жайылып,
Түксиген қабақ табиғат
Ашуын бойдан таратып,
Бола қалды рақат,
Арайлап алтын тан, атып.
Мен тізеден саз кешіп,
Денемді сүйреп әзер деп,
Шықсам да қоймай төбешік,
Ешбір жерде әжем жоқ!..
Және де ешбір сыбыс жоқ,
Қойлардан я иттерден.
Зарландым «өлген дұрыс деп,
Тірі қор боп бүйткеннен!..»
Шөп оралса аяққа
Сүрініп, діңкем құрыды...
Сап ете қалды құлаққа,
Бір кезде иттің ұлуы.
Селк еттім де, селтиіп.
Тұра қалдым елеңдеп.
Құм төбеден үрпиіп
Келеді бір ит төмендеп.
Саз, топыраққа бар дене
Ұйпа-тұйпа малшынған:
Зілді ауыр әлде не
Басқандай бойы жаншылған.
Секілденіп сүйегі
Күл-талқан боп қираған,
Сенделіп, жоқтай сүйері,
Басады аяғын қиралаң.
Таянғанда таныдым,
Өзіміздің Қырғауыл!..
Кеткен ғой алып қаруын,
Долы тасқын, сұм дауыл!
Атын атап «күшім!» деп,
Жақындап едім, жалт берді.
Айтқандай «өзің түсін!» деп,
Жалт бұрылған жаққа үрді!..
Ой келді: «Маған аңдатқан
Болмаған еді ишара!..
Әжеме алып бармақ па,
Бастап мені бишара?»
Жан ұшырып жүгірдім,
Қалмай иттің соңынан.
Жыңғылға жетіп кідірдім,
Шәуілдеп қаншық торыған.
Малшынған сазға киімі,
Жастанып құмды, қырынан
Жатыр әжем бұйығы,
Әл бітіп, сүлдер құрыған!..
«Әжетай!» деп бас салып,
Көтеріп алдым кеудесін.
Кеткендей бойға күш дарып,
Мені аман көрген соң,
«Нұржаным!» деді кемсеңдеп,
Бетіме бетін тигізіп.
«Тілеп ем тірі көрсем!» деп,
«Қоштасса,— деп ем,— сүйгізіп!
Көрдім, сәулем, тірідей,
Тілегім теріс болған жоқ,
Енді іркіттей ірімей,
Өле қалсам арман жоқ!..»
Қысқарсын, ұзақ сөз енді,
Жаңартпайын жаққалап,
Түйіні: әлсіз әжемді
Жеткіздім қосқа арқалап.
Жинастырып шошайттым,
Дауыл шашқан күркені.
Ақсарыбас қоса айттым
«Болғай,— деп,— әжем, тек тірі!
Суға кеткен қойлардан
Не сыбыс, не хабар жоқ,
Сыздайды жүрек ойланған,
Бірақ, істер амал жоқ!
Бай да жетті іңірде,
Мінген атын борбайлап.
«Қалдырмай малдың бірін де
Қырдың ба?!» деп айғайлап.
Хал-жайды көріп, талықсып
Атынан аунай құлады.
Ашуы кернеп, ал өксіп,
Сақалын жұлып жылады.
Жұбатқан мені қамшымен
Жіберді тартып басымнан.
Жаңбырдан аққан тамшымен
Бір болды қаным жосыған.
Қараның халін түсініп,
Қол да, тіл де қатпадым.
Тек, «таяқтан ұшынып
Кетер» деп көзді сақтадым...
Әжем шықты ойбайлап,
Сенделіп жан таласа.
Қараға — «Тақсыр, қой-қойлап»,
Жылады тілеп араша.
Араша түгіл, әжемді
Жіберді түйіп кеудеге!..
Қарайып кетті көзім де,
Қалтырап кетті бар дене.
Сол бір шақта, Тентектей
Бұрқан-тарқан тасыппын.
Ұмар-жұмар жентектей,
Қараны астыма басыппын...
Шеңгелімді бүркіттей,
Әлдекімдер қайырып.
Қылғындырып өлтіртпей
Алыпты Қараны айырып...
Айырғаны құрысын,
Болған қайғы-зары көп!..
Тоқтатқан әжем тынысын!..—
Кеудесінде жаны жоқ!..
Зілдей қайғы басқанда,
Сылқ еттім сүлдем құрыды:
Қырғауыл қарап аспанға,
Үн қоса маған ұлыды!..
МАХАББАТ ЖОЛЫ МЫҢ ТАРАУ
Алдағы бұйрат белесте,
Көсіле ойнаған, көмескі,
Әлде не жарық елестеп,
Жіберді бөліп кеңесті.
Жарқ-жұрқ сәуле көбейді,
Топала ойнаған түлкідей.
Нұрмолда кенеп көмейді,
Жиырыла қалды кірпідей.
Неге өйткен себебін,
Сұрап едім саумалап.
— Қауіптеніп келемін,—
Деді,— іштей «сауғалап».
— Неге?
— Тентек долданып,
Болмағай еді, тасыған!..
Қайтпағай еді кеп жарық:
Бұзылған көпір қасынан!
Нұрмолда солай деді де,
Жүгірді ойға ентелеп.
Тырыстым мен де еруге
Күрегіммен жер тіреп.
Ұшты төмен, тың адам
Секілді, артына қарамай:
Кей кезде таудан құлаған
Тастай болып домалай.
Асфальтті жол сол сайды,
Тартылған екен жиектеп.
Жарқыратқан маңайды,
Фарлар жетті иектеп.
Ортасынан тар жолдың
Тігіле қалып, алшы боп,
Құлашын жазып қос қолдың,
Нұрмолда тұрды қалшиып.
Екпіндеген «Победа»,
Шұрр етіп, кілт тоқтады.
Ай-түйге шофер қарамай,
Сыбап бізді боқтады.
«Естерің дұрыс адам ба,
Бұл тұрыс, қай тұрыс?!» деп.
«Түнде байқай алам ба,
Жол ирелең — бұрыс?!» деп.
Қылмыстыдай біз тегі,
Болған кезде ұрарман,
Машинелер тізбегі
Тоқтай қалды шұбалған.
Қоршаған топтан таныдым,
Малдыбаев Ысқақты.
Тоқтатты басып қарығын,
Көрсеткен бізге қыспақты.
«Тұрмысын, шырақ, танымай?
Құрметті бұлар адам!» — деп,
«Қойсайшы, босқа налымай!
Шығын жоқ, бәрі аман»,— деп
Деді шофер: «Не пайда,
Бұлардың маған атынан?
Он бес жыл алу оңай ма?
Әрі кетсе,— атылам!»
Бізге шофер жекіріп,
«Жүріңдер! — деп,— абайлап!»
Руліне барып отырып,
Ілгері қарай кетті айдап.
Басқалар да ілесе,
Артынан оның шұбырды,
Өзгелерін түгесе,
Ысқақ қана кідірді.
Бірінші сөз: «Апыр-ау,
Жүрсіңдер жаяу қай жақтан?
Білдіңдер ме, батыр-ау,
Оқиғаны сорлатқан?!»
Қосарлана «Не?!» деп ек,
Жауабы: «Тентек қиратты!
Селге толып сай-өзек,
Қой атаулы суға ақты!»
Нұрмолда: «Шырақ, не дейсің?
Ойының ба, шынық б а ?!»
Нұреке, баспен төлейсің,
Баттың ауыр шығынға!
Бүгін түнде кенеттен,
Дауыл мен тасқын бастала,
Ести сала көмекке,
Аттанды барлық астана.
Машинеге қарамай,
Самолетпен бардық біз.
Қауіптің алдын орамай,
Қапыда, бірақ, қалдық біз.
Біз жеткенше сел қаптап,
Отардың, орны тып-типыл.
Құм төбеде қонақтап,
Қойшы тіккен құр үй тұр!..
Көмек ете барғанда,
Әлгілердің барлығы —
Санын соғып қалғандар,
Тасқынға етпей жарлығы!»
«Бұл не деген масқара,
Бақытсыздық еді?!» деп,
Секілді, бейне, жас бала —
Жіберді Нұрмолда еңіреп.
Қайғыға шомып, қалтырап,
Нұрмолданың бүлгені,
Сұрлана қанын тартып ап,
Ысқақтың ойына кірмеді.
Тек айтқаны — «Таппадық,
Сізді қала, даладан,
«Бастық қайда?!» деп халық,
Арадай бізді талады!»
Жайдан-жай тұрып, менің де
Терлеп кетті маңдайым.
Жабырқаған көңілде,
Аз сөзбен айттым жол жайын.
Деді Ысқақ: «Мен-дағы,
Ендеше кейін орайын!
Ашулы ғой ел-дағы,
Өзім ертіп барайын!»
Машинеге бұрылған,
Сүмірейе отырдық.
Шығынға қатты ұрынған,
Қынжылып іштей өкіндік.
Ысқақ алда, біз артта,
Заулап мәшін сылаңдап.
Лезде ақ таңдақ та,
Білінді алдан қылаңдап.
Жел де енді бәсеңдеп,
Болды көзін ілгендей,
Күн шексе кесте әсемдеп,
Тұра ма бұлт түрленбей?
Түрленген бұлт өртене,
Өрледі аспанға асыла.
Кигізді ғажап сәукеле,
Шоқылардың басына.
Тоты қанат тан, нұры,
Аспанға кең жайылып,
Құлпырды жердің ой-қыры,
Шәйі шапан жамылып.
Көркейгенмен табиғат,
Түспенен талай құбылыс,
Тіл қатыспай, жандай жат,
Біз отырмыз тым-тырыс.
Отырған шақта осылай,
Тартып ішке тынысты:
Қоя ма адам шошымай!
Естісе кенет дыбысты?
Ысқақтың даусы!.. «Жолдастар!
Деді.—
Атты-ау, таң ғажап!
Жақұттай жайнап сұр тастар,
Түрленіп кетті-ау, тау ғажап!
Керемет эсер береді-ау,
Ақындар түгіл, басқаға!..
Әдемі ойлар келеді-ау,
Күш жетсе, жазып тастауға!..
Осындай жарқын дүниеде,
Сіздерді келем кейітіп...
Жегізіп жанды жүдеуге,
Болған да жоқ, тегі түк!..
Мал да аман, жан да аман,
Тасқыннан тасты қалқытқан.
Жәй сөзім еді алдаған,
Сіздерді мана қорқытқан.
Шынын айтсақ, жолдастар,
Дауылдың рас соққаны:
Арнасына сыймай тар,
Тентектің таси аққаны.
Колхозшылар күн бұрын,
Сезініп осы қауіпті,
Болмаудың мал мен жан шығын
Әдісін тез тауыпты.
Төсепті тақтай, тар торап
Темір жолдық көпірге,
Фар жаныпты жарқырап,
Қой айдалар бетінде.
Шулаған қой айдауға,
Жүрмепті, бірақ бұйығып.
Олар жатқан сайларға,
Кеп қапты Тентек құйылып.
Жан басы сүйрей жөнелген
Қойларды бірден-екіден.
Кейінгі қойлар бөгелген,—
Сөгіле ерген шетінен.
Артқы жағын қалқыта
Үлгергенмен су басып,
Айдаушы қойды малтыта
Ап шықты жан таласып.
Тасқынға бермей бір малын,
Өткізген түгел көпірден:
Құрытып Тентек амалын,
Екпіннен қайтқан лепірген.
Су сарқылып арнаға,
Басылған сол кез дауыл да.
Күзетіп аз жан ғана,
Басқалар қайтқан ауылға.
Самолетпен ұшып кеп,
Осы жайды көрдік те:
Оралдық кейін риза боп,
Жұрт жасаған ерлікке!..»
Түсініп енді «қыспақты»
Нұрмолда — буыны бекіген,
Қапсыра қысып Ысқақты,
Сүйіп алды бетінен.
Көншіп көңіл, қуанып,
Шүкіршілік еттік біз.
Кеткенін білмей су алып
Көпірге де жеттік біз.
Жалпақ, мықты көпірді,
Әкеткен тасқын суырып.
Әлі де жынды секілді,
Ағады Тентек буынып.
Кесек тастар түбінде,
Сырғыды сумен күтірлеп.
Ақ көбік ойнай жүгірген,
Бусанады түтін боп.
Жаңқадай қалқып барады,
Толқынға жуан бәйтерек!
Ілінсе бізге араны,
Күл болар ма ек, қайтер ек?..
Нұрмолда қарап тұрды да,
— Қатты екен,— деді,— екпіні
Құшады сені қылғына,
Бассаң болды, тек, бұны!
Жаяу түгіл, ат түгіл,
Жығады грузовикті де.
Босатпай талай ақты бұл,
Ең жүзімпаз итті де!
— Арғы жаққа өтуге,
Ағын өткел бермесе,
Ауылына жетуге,
Не амал бар, ендеше?
— Темір көпір маңына
Машинемен барамыз.
Оның арғы жағына
Ат шақыртып аламыз.
Почтасынан Ақсудың,
Қояйын ауылды хабарлап,
«Білмеді-ау, жайын,— деп,— судың»
Отырған болар алаңдап.
Телефон соғып алған соң,
Көпірге тез жеттік біз.
Ысқақпен қоштасып қалған соң,
Ар жағына еттік біз.
Әлденедей себеппен,
Күткен аттар келмеді.
Киімнен қызу лебі өткен,
Күн аспанға өрледі.
Саябыр салқын самал да,
Осынау кезде тына ғап,
Бұлыңғыр ауа заманда,
Көгілдір түспен тұна ғап:
Желпінген сайда сағымның
Жібегі жұқа, күлтілдеп,
Манағы долы ағынның,
Екпіні енді бүлкілдеп.
Сарғылттау сүттей, бетінен.
Сыпырып алған қаймағын,
Егіннің орны шетінен
Көз жетпес кеңдік аймағың.
Әлдеқайда... жырақта...
Жұмыстан жүрген босамай,
Трактор үні құлаққа
Ызыңдайды масадай.
Белгісіз тұста тағы бір,
Қояды поезд қиқулап.
Ін маңында суыр жүр,
Сақсына оттап, шиқылдап:
Ешкібас пен Тақырдың
Жан біткендей тасына,
Өрген малдар жыпырлап,
Өн бойына шашыла.
Жоңғардың қарлы жотасын,
Шыжыта күн қыздырып,
Жайнатып жалт-жұлт оқасын,
Қырқада шың, құз күліп.
Бозторғай біткен «жаз қайтты
Дегендей шырқап аспанға,
Арасын үзбей соза айтты
Жырлаған үнін қосқанда:
Көз әрең деп шалатын
Биікте тырна тыраулап,
Қимылсыз жайса қанатың
Кететіндей жерге аунап.
Одан төмен тізіле,
Ұшады қаздар қаңқылдап,
Жөнелердей бізді іле,
Жапалақ жүр жалпылдап.
Түрлі түс гүлдер аспаннан,
Жауғандай бейне, себелеп,
Жалтылдай ұшып жасқанған,
Нелер көркем көбелек.
Биыл да шексіз көп болған,
Жемісінің шығымы,
Халқы бөге жеп тойған,
Жанға рахат шырыны,—
Бал сорған гүлден араша,
Жан құмартып іздеген,
Осы екен-ау, тамаша,
«Қоңырсыған күз» деген!..
Жылы күн, жым-жырт табиғат,
Жанға рахат,— жер жұмақ,
Тербеткендей бөлеп ап,
Кетті дене маужырап.
Нұрмолда да сол кезде,
Аңырайта ауызын есінеп,
«Келетін аттар лезде,
Кешіккені несі?!» деп.
«Қисая қалғып алуға,
Жердің беті дымқос» деп,
«Аяңдап ақырын баруға,
Сонау тұста тұр қос» деп.
«Ұйқы — дұшпан қамады,
Төңіректі қоршай кеп,
Шеңберіне алады,— Деп,—
Қазір-ақ құрсау боп».
Деп,— «одан да ерінбей,
Қосқа аяңдап барады!
Қалғысақ қатып темірдей,
Қоста тез ұйқы қанады!»
Біз осыған келістік,—
«Жазған құлда шаршау жоқ»
Кеңеспен ұйқы бөлістік,
Ақырын ілбіп, алшаң жоқ.
Нұрмолданың әйелін,
Атайды «Ақжарқын» деп,
Көп қойылтпай бояуын,
Үйленген қалай қалпын, тек,—
Білмек боп, қойшы қасына
Келе жатып, аяңдап, —
Болайық,— деп,— ашына
Өтіндім — бер,— деп, баяндап!
Білгенімді бұл жайда —
Деді Нұрмолда, аянбан.
Сүюім басқа, алай да,
Қозы Көрпеш, Баяннан.
Ақжарқынға Қозыдай
Туа ғашық болғам жоқ.
Бесікте жылап азынай,
Лапылдай от боп жанғам жоқ.
Не Төлеген болғам жоқ,
Кеш бойлап, қыз таңдаған,
Қособада қалғам жоқ,
Жібекке жету боп арман.
Мәжнүндей, немесе,
Санадан солып кепкем жоқ,
Ләйлі не демесе,
Жынды болып кеткем жоқ.
Бірақ, мен де әйелге,
Ұйыған жоқпын көрінген.
«Әу, Ақжарқын!» дегенді
Атаймын сүйген көңілден.
Қайтемін жұрттың, ол барда,
Баяны мен Жібегін?
Байланып соған қалған да,
Өмірлік жан жүрегім.
Неліктен оны таңдауды,
Болғаныменен әйел көп,
Қысқаша ғана толғаулы.
Берейін сөзбен дәлелдеп.
Бұл сөзге құлақ елеңдеп.
Кетті ұйқым ашылып,
«Тыңдауға әзір келем» деп,
Құлақ түрдім асығып.
— Бастайын,— деді,— кеңесті,
Бұл жолы да әріден.
Боп қалған сөзден көмескі,—
Қажетті маған, бәрінен.
Өмірімде ен; ауыр
Батты әжемнің ажалы.
Жыртыла жүрек боп жауыр,
Жанымды жеді азабы.
Тіріде сүйген әжемді,
Өлген соң сүйдім мың есе,
Бұдан гөрі төзер ем,
Пышақпен денемді іресе!
Өткізгем жоқ еш түнді,
Әжемнің қабырын күзетпей,
Тыйдым ойын-күлкімді,
Жүдетті қайғы сүзектей.
Қатынынан айрылып,
Қаңғырған әкеме бармадым.
Қытайдан келген қайрылып
Атамның тілін алмадым...
Бауыры мұздай қара жер,
Біртіндеп көңілді суытты.
Еңбекте төккен қара тер,
Таратты бойдан уытты.
Селге аққанмен қойлары,
Бай адам, тегі жұтай ма?
Кім білсін, нені ойлады,—
Қашты Қара Қытайға.
Содан кейін жалданып
Мен қақпаған есік жоқ.
Аспабын қажет қолға алып,
Атқармаған кесіп жоқ.
Олардың бәрін жазбақ боп,
Қалам алсаң қолыңа,
Кең жайыла қоздап кеп,
Сыймайды нелер томыңа!..
— Нұреке, келер оның да,
Алдағы күнде кезегі.
Әңгімеңнің — жадыңда,
Үзілмесін өзегі!
— Болсын!.. Бірақ, керек қой
Оған да шығар баспалдақ.
Тонналарым бөлек қой,
Айтайын азын мысқалдап.
Жүре бердім сол бетпен,
Айдалғанша ірі бай,
Жалшылық жастан терлеткен
Бітпеді олар құрымай.
Байлардан кейін жалдандым,
Бірер жылдай кулакқа.
Бейнетпен ауыр, сандалдым
Ауылдан кетіп жыраққа.
Жүргенде, сөйтіп, жойылды,
Село мен ауыл кулагы.
Кедейлер қосып мойынды,
Бірігіп басын құрады.
Қинамадым мен жанды,
Кесіп іздеп, жүріс қып.
Құшақ жая қарсы алды
Құрылып жатқан Түрксиб.
Жапыра істеп жұмысты,
Еңбегім болды өнімді.
Ұнаттым қатты бұл істі,
Күйге түстім көңілді.
Осы бетпен, мүмкін, мен
Жұмысшы болып кетер ем,
Айырған ойын-күлкімнен,
Келмесе пәле төтеден.
Дегенім «пәле» — әкемнің
Ашығып маған келуі.
Қосыма әрең әкелдім,
Жақын екен өлуі.
Жаяулап зорға жетіпті,
Қолына ұстап тал таяқ.
Денесі күп боп кетіпті,
Бет-аузы да жалқаяқ.
Сұрастырсам сорлыдан,
Атам да осы күйде екен.
Жоламайтын жан бұған,
Екеуі бір үйде екен.
Кедейлерге бұлар да,
«Қосқан екен мойынын».
Өзге түгіл, ұлы арман
Етіпті асқа тоюын.
Оған-дағы жарымай,
Аштықтан кеуіп ісіпті,
Әкемді қалдым танымай,
Жан шошыр халға түсіпті.
Тарығып, солай несіпке,
Қалса да кеуіп бірі боп,
Мен атқарған кәсіпке,
Өлсе келер түрі жоқ.
Қиын болды безуім,
Жүдеген әке, атадан.
Қайталанды төзуім,—
Бейнетке қолды матаған!..
— Матауын, не? — дегенде
Нұрмолданың жауабы,—
— Асыра сілтеу бұл елге,
Қырын кеп, жүдеп-жадады.
— Жаңа еңбек — ТОЗ-ында,
Тақыр кедей — қырық үй бар.
Құдайдың жалпақ, жазында
Қырық сиыр — арық, тыртиған.
Он ат және бес бие,
Шетінен бәрі көтерем.
Жарамды көлік — үш түйе,
Бар жүрісті өтеген.
Түрені өтпей ескірген,
Жеті ескі омаш бар.
Кемпірдей тісі кетілген
Тоғыз тырма ағаш бар.
Тұрманы тозған ер-тоқым.
Табыла қалса, жүген жоқ,
Басқа асбап та қоң-қоқыр,
Кей сайманнан сілем жоқ.
Жаралы жандай өн бойын,
Шандыған екі арба бар.
Өзгесін тізе бермейін,—
Он күрек, бес балға бар....
Адамның «ас» дегеннен,
Мысық құйрық татқаны.
Күнде «қашан өлем мен?» —
Жан біткеннің айтқаны.
Голощекин антұрған,
Осындай халға келтірген.
Күн көрер күші сарқылған,
Айырылды ел түрден.
Бұл қатені партия
Тез көріп, тез түзеді,
Еткенді зиян халқына,
Күлкі ғып елге күзеді.
Алғаш колхоз егінді,
Сепсе де жыртып күректей,
Ісіне болып сенімді,
Атқарды адал жүрекпен.
Мен де жүрдім, сол топтың
Қатарында алдыңғы.
Рахатын көрмекпін,
Жұмысым жұртты тан, қылды.
«Қырсыққанда іриді,—
Дегендейін,— қымыран»,
Демеп ем,— «діңкем құриды,
Тағы кеп дүние қырынан».
«Байғұстың мұрны қанайды,
Тисе,— депті,— аузына ас».
Аш табы өткен талайғы
Әке, атама қылдым қас,
«Қас қылдым» демей не дейін
Оңалудың орнына,
«Ішейін де өлейін»
Дегендей майға тойды да,—
Қара құрт шаққан адамдай,
Молайды ісіп-кебуі,
Шөкті де қалды тұра алмай
Мәлім боп енді өлуі.
Өлігімен қоштасып,
Екеуін де жерледім.
Қайғыға қайғы ұштасып,
Еш болды, еткен еңбегім.
Сыздаған ескі жараны
Жаңа қаза білтелеп,
Даланың жеке дарағы,—
Қуарған болдым, бір терек.
— Жығылғанның үстіне,—
Дегендейін,— жұдырық».
Әкетті әл-күшті де,
Безілдеп безгекке ұрынып.
Жатып алдым жүре алмай,
Шеттегі есіз кепеде.
Сілем қатты, тың алмай,
Қысылып өкпем жөтеле.
Колхозда бастық ол кезде
Ауғанбай сұм Қайықов.
Жұрт мүлкін жеп лезде,
Жіберді әзін байытып.
Аясын ба, арзанды,
Ақшаны төкті араққа.
Сормағаны аз қалды.
Күн-түн жүріп қонаққа.
Бұғалтыр ғып бай ұлы —
Алдамжаров Сейітті,
Болмай түк те қайыры,
Екеуі қатты кейітті.
«Өлді»- ге жорып маңыма,
Жан жоламай безгенде,
Шипа болып жаныма,
«Өлі балық» кез келді.
«Өлі балық» дегенім,
Тірі балық -— Ақжарқын.
Сол ғана берді көмегін,
Төнген шақта ажал тым.
Жатқанда жан таласып,
Жөтелге бір күн булығып,
Есікті біреу кірді ашып,
Қарауға әл жоқ, дым құрып.
Еппен басып аяғын,
Қасыма таяу келді де,
Сыбырлай айтып аяуын,
Басымды сүйей берді де:
«Бүйеңге құйған мына бір
Көжеге қатқан сүт» деді,
«Жүректі жалғап сусын қыл,
Кәзір де аздап жұт!» деді.
Сімірсем көже орасан,
Қышқылтым және сап-салқын!
Әкелгенге қарасам,
Жәй жүз таныс — Ақжарқын!.
Естігем: «Ата-анасы
Құлдықта шіріп өлген» деп,
«Бірер ай бұрын шамасы,
Қытайдан ауып келген» деп.
Не себепті?.. Кім білсін,
Түскенін маған мейірі?
«Жаным-ау, қалай тірісің,
Бұл түрмен!..» деп кейіді.
Содан кейін, күн сайын,
Үздіксіз келді қасыма.
Түзеліп ішкі сарайым,
Оңала бердім асына.
Оңалған сайын бәсеңдеп
Айыға берді безгегім.
Әрі әкем, әрі шешем боп,
Көрмесем бір күн төзбедім.
Азғантай күннің ішінде,
Тар дүнием кең жайылып,
Толықты бойда күшім де,
Құлан-таза айығып.
Ұзын сөздің түйіні:
Ақжарқын болды періштем!
Қалтқысыз көңіл ұйыды,
Жұбай болдық сеніскен!..
Нұрмолданың кеңесі
Болмағанымен қымқалау:
Кәне, оқушым, демеші,—
«Махаббат жолы мың тарау?!
ШАЛҚЫҒАН БАЙЛЫҚ ІШІНДЕ
Алыстан төбесі қылтиған,
«Қос» деген кигіз үй екен.
«Үйген тезек томпиған» —
Дегендер шеккен түйе екен.
Ар жақтағы сайларға,
Шашырап көп үй тігілген.
Жайылған мал, ойнаған
Балалар зыр жүгірген.
«Біреу жаяу, біреу салт» —
Дегендей жұрт әбігер.
Ақ киіп, мініп ақбоз ат
Шоқытқан болар дәрігер.
Шапқылар кәзір кезі ғой
Қызып жатқан күземнің.
Баққаны істің тезі ғой,—
«Қалайша жылдам күзер кім?»
Машине я қолқырықтық
Қой терісін кесіп алмағай!
Бір шөкім түгіл, біржіптік
Жүн қырқылмай қалмағай!
Аяғы. ұзақ байланып,
Қой іші кеуіп кетпегей!
Шалағай боп байламы,
Күзетшіні теппегей!
Кей семіз қой өлмегей,
Тарылып тыныс пысынап!
Қырықтықтан шошып көрмеген,
Қалмағай тоқты қысырап!
Жел де, қол да қымқырмай,
Күзем жүні жиылғай!
Киініп халық құлпырғай!
Қой түгі түгел бұйырғай!..
Осы істің бәріне
Жауапкер болар дәрігер.
Жеткенше уақыт, әлі де,
Жүрген болар әбігер.
Дәрігердің тисе көмегі,
Жақсы етсе, күздің күземі,
Қырық мың костюм береді,
Бұл колхоздың бір өзі!..
Ауылға жақын қарсы алды
Бізді екі ит көкшолақ,.
«Жат адам бар!» деп жар салды.
Айнала үріп, қоршап ап.
Аздан кейін таныған
Сияқтанып бастығын,
«Босқа үрдік» деп налыған
Тәрізді кезіп тас түбін
Кете барды, өз ара
Әлдеқайда жарысып:
Mac болған жандай бозаға:
Қаша, қуа, алысып.
Бозғылдау үйге таянсақ,
Қаңтарулы екі ат тұр,—
Тұсамай-ақ шідер сап,
Бастастырған матап құр.
Үйге кірсек, әлдекім
Диванға қырынан жатыпты.
Көзін жұмып жатқан тың,
Тани кеттік Ақықты.
Одан басқа бұл үйде
Бой жетіп қалған қыз отыр.
Европалық киімде,
Сәнденген бойын түзетіп.
Стиляга сияқты.
Тар киім емес тылтиған.
Ұмытып әдеп, ұятты,
Бар мүшесі бұлтиған.
Тыңартқан жоқ ерінің
Қан жалаған қаншықтай.
Бұзбаған бояп көрігін,
Саздағы жылтыр шалшықтай.
«Тың» я «ұлы» белгісіз,
Бұйралап шашын кеспеген.
Әр талы тебенге бергісіз
Жалғанып қасы өспеген.
Оңбайтындай тырналған,
Қоймаған тырнақ сүйритіп.
Қасын да тонап қырмаған,—
Қалдырып қылдан бір-бір түк
Тың — кезіміз тоқтаған,
Түр-тұлғасы келіпті.
Жас сұлу бұзбай сақтаған,
Табиғат берген керікті.
Шілдеде піскен жидектей,
Қызғылт көркем кескіні.
Кеудесі — кегер үйректей,
Шұбалған соған қос бұрым.
Дөңгелек қара көздерін
Қорғаштап ұзын кірпігі.
Жанары құбыла өзгеріп,
Жаутаңындай түлкінің .
Қою қасы имиген
Қанатындай қарлығаш.
Арық емес кілбиген,
Сом денесі — талдырмаш.
Құмырсқадай қыпша бел,
Қалайша тұр үзілмей!..
Қысқасы,— адам тоймай жер
Піскен, бейне, жүзімдей...
Тың екенін ұмытпай,
Сыпайы, сұлу киінген,
Денесі тал шыбықтай
Ықшамдап іске түйінген.
Несіне тізе берейін,
Сұлулығын тағы да.
Қандай жігіт «өбейін»
Деп жүр екен бағына!..
Әркімдер ғашық болмауға,
«Екен,— деп — мынау, тым сұлу!
Адресін бермей, алдауға,
Қояйық атын — «Нұрсұлу».
Бұл үйдің, іші — бай, көркем
Кабинеттей жиылған:
Хабарды радио, таңертең,
Айтып тұр қақсап қиырдан.
Мәлімет беріп ортадан
Қосарлана рация,
Қиын боп тыңдау қатардан,
Саңғырап жатыр састыра.
Не істің қалай жүруін.
Сызыққа тізе құратын
Оп-оңай жайды білуін,
Сайрап тұр айтып график.
Қаз-қатар қойған кітаптар,
Он, жақта, жалпақ шкафта.
Қалыңдар яки ұсақтар
Тізіліпті бәрін әр сапқа.
Бастарын қоса топталып,
Дегендей «кәні, ойнаңдар!»
Тұр түгел бәрі бапталып,
Музыкалық саймандар.
Емшінің, дәрі-дәрмегін
Жөн-жөнімен тәптіштеп,
Бір шкафта көргенім,—
Медикалық аптечка.
Жаңа, сәнді мебельдер
Жасалған қоңыр еменнен.
Фотода түгел тұр ерлер,
Керегеге ілінген.
Бәрінің де түрінде,
Жеңіске берік сенім тұр.
Жоғарырақ төрінде,
Күлімдей қарап Ленин тұр.
Уықтарға салбырай
Ілінген нелер плакат.
Жан сүйсінер балбырай,
Бұл үйде ғажап рахат!
Кигіз үй іші жайнаса,
Секілді, бейне, жаз гүлі.
Ұлттық түрді ойласа,
Осы емес пе мазмұны!..
Біз үйге кірген сыбдырдан,
Оянып кетті Ақық та.
«Ұйқыдан, көзді тұндырған,
Қалған ем аз уақытқа».
Деді ақсақал, әжімсіз
Беті қызыл күрең боп.
Жымиғанда жылы жүз,
Тістерін тұрдық түгендеп.
Амандық-саулық сұрасып,
Көншіге түсіп көңілді,
Білмек болдым сыр ашып,
Жаз қыздан жаңа өмірді.
Сөйлесе келе білесің
Бұл заманның баласын.
Іштей шат боп жүресің,
Сырттай қайран қаласың.
Шыққаныменен Нұрсұлу,
Жаңа ғана қауыздан.
Жұлдыздай жайнап тұр сұлу,
Күн сәулесі тамызған.
Он жылдықты шаққанмен
Өткен жазда бітіріп.
Білімді талай ұққан кең,
Құйма, құлақ — тым түрік!
Қажетті түрде хабардар
Егіннен де, малдан да.
Кететін бастап түрі бар,
Керегі, егер, болғанда...
Кітапты көп сімірген
Өмірде бар сусыннан.
Көсемсімей, кідірген,
Сыпайы қыз — қымсынған.
Ұялшақтық мінезін
Жіберсең аз жетектеп,
Біледі қалай жүзерін,
Ағады өзендей, кейде өктеп.
Домбыраға саусағы
Кем емес жортса Динадан.
Ойлама,— «сарқып тауысады»
Ән-күйлерін жинаған.
Бүгежектеп әуелі,
Артынан, кезде, сыр ашқан.
Аузыңды жаппай, тек, «па-а»,
Бір кем емес Күләштан.
Әр өнерден өскенмен,
Тұтанарлық от алып,
Мол және кең тексерген,
Білімі — радио-механик.
Малмен көшкен шақтарда,
Жайлаған я қыстаған,
Ракета аспанда аққанда,
Дыбысын талай ұстаған!..
Бұл кигіз үй боп шықты
Колхоздың «Қызыл отауы».
«Мәдени іске ұқыпты» —
Шыққан екен атағы.
Кино, концерт дегендер,
Бірінен соң бірі кеп,
Би-ән, күй, жыр, елеңдер,—
Өнердің талай түрі кеп.
Көңілді боп көп күндер,
Осылай тез өтеді.
«Қырда оқимын» дегендер,
Кітапты алып кетеді.
Ішінде баққан көп малдың,
Шүйгінді шола жайылған,
Бақташы болған адамның,
Бытыратпай малын қайырған.
Кеңесері жазушы,
Бір елден емес, әр елден.
Бірдей үлгі алушы,
Жамбылмен қатар Гомерден.
Ал, «радио» дегенің
Жер шарын ұстап уысқа,
Табады малшы керегін.
Тастамай ешбір қуыста...
Өнерге мұнша көңілді.
Отырған шақта тасытып,
Есіктен кіре көрінді.
Парторг — Әбен Сасықов.
Қоңыр өңді, толықша
Бұл жігітті танимын.
Іркілмей бұрынғы қалыпша
Бәрін де айтты жай-күйдің.
Іле кірді түйеші,
Атантай қарт Мәулімов.
«Колхоздың сусын — үлесі,
Тұрмын,— деп,— іңген саудыр
Қойшы келді ілесе,
Балақаев Құрманбек:
Тау толып кетті күн өсе,
Далада жатқан қырман боп,
«Зампред» деп атайтын.
Нысамбаев Сойдақты.
Дауылда, кеше қақайтын.
Сақтаған бес мың бойдақты.
«Электрлік аппарат,
Түзу ме,— деп,— өрісте?»
Болыпты бәрін баптамақ,,
Есболатов Меңіс те.
Сексендегі қарт ұста,
Қораласов Байсары,
Жаяулап келген алыстан,
Күземге ауып аңсары.
Әжімі қатпар, қара өңі
Темірге ұқсап тоттанған,
Деп кепті «күземді көрелі»
Мүсәпіров Аппақ та.
Қажет болса күзетке,
«Сырқатпын демей тұрғалы,
Келіпті, ашуға тыз етпе,—
Нұрпейісов Тұрғали.
Қосылып ән салғанда
Жаңғыртып тау-тасты үні,
Артистер кепті бұл маңға.
Нұров Жұмат бастығы.
Қайсыбірін танимын,
Жиналғандар және бар.
Ұясындай қырғидың,
Шуласты бала-шағалар.
Нұрмолда соның бәрімен,
Сұрасып болып амандық,
Білдірді көңілін, алмай дем
Малды аралап қарарлық.
— Сәкен, барып тынықсын
Иманқұлдың үйіне,
Шұбатына құнықсақ
Теріс емес, басқа күйі де:
Он бес мың сом, үш тонна
Астық,— еңбек ақысы.
Басқаннан соң іс оңға,
Шіренген байдай жатысы.
Қонағына, Имеке,
Бір бағланды бауызда!
Пісір, етін жидіте,
Бал татып тұрсын ауызға!
Сыпайысып — «Бір жанға
Қайтесің қозы сойғызса?
Дегенде: «Талай адамға
Береді ас тойғызып.
Биыл ғана қырық тоқты
Алады санап ақыға.
Үйінде оның той бопты,
Келіпті әдейі шақыра».
— Не қылған той?
— Көріпті,
Жақында ұл — немере.
Шалқи шат боп келіпті,
Той жасау оған немене?!
— Ә, ендеше мақұл! деп,
Қостай кеттім мен-дағы.
«Қонақты көбірек шақыр!» деп,
Шуласа қалды ел-дағы.
— Ақа, Әбен екеуің,
Бұл қонаққа ере бар.
Беріңдер айтып керегін,
Әуелі, жатып дем алар.
Өзгелерің тараңдар,—
Деді Нұрмолда,— жұмысқа!
Кәне, ойлап қараңдар,
Осылай істеу дұрыс па?
— Дұрыс! — десті шуласып,
Жиналып тұрған халайық.
— Жатқан жоқ па, іс басып,
Тиісті жерге тарайық!
— Бола тұрсын осылай,— Деді
Нұрмолда, әзір іс.
Жамыла ымырт, туа ай,
Бастармыз үлкен мәжіліс!
Бұл сөздер жұртқа болғандай
Бытырасты жан қалмай,
Командирдің бұйрығы,
Шапшаңдап жүріс-қимылы.
Иманқұл тартты үйіне
Әбен, Ахық, мені ертіп,
Таң қалдым тұрмыс-күйіне,
Ең бай үйге теңелтіп.
Мәдениет мұрасын
Шамаласаң, өлшемі,—
«Емес пе,— деп тұрасың,—
Қызыл отау бөлшегі!».
Бұнда да сырнай, домбыра...
Әр тұста кітап — қыстырған.
Бір күйді, қайран қалдыра,
Радио ғажап ысқырған.
Болғанменен азырақ,
Бұнда да сәнді мебельдер.
Жүз жылы, қабақ жазып ап,
Жылтылдайды келіндер.
Жайнаған барлық жасаулар,
Қарасан, көзді тұтып қап,
Қышқылтым шұбат,— ішсе бал,
Тұр мұрынды қытықтап..
Нұрмолда қалғыр дегенмен,
Келе ме ұйқы мұндайда?
Сергіп барлық денеммен,
Серуен жасау кірді ойға.
Шұбатқа мол сусындап,
Жасап қонақ-кәдемді.
«Келейік жортып, болса ат»,—
Деп көндірдім Әбенді.
Әбенменен екеуміз,
Салт міндік те аттандық.
Жайнай түсті көркем күз,
Жаңа сыр тағы ақтардық.
Түстікке дейін, кеңірек
Айналаны шолғалы, ,
Жүрісі тиышты, белі бек,
Міндік екі жорғаны.
Қаңқайған қалың көп таудан,
Бойы кіші, өзі жас.
Жекелеп көрсең қамаудан,
Ғажап тау екен Ешкіөлмес!
Жемісті ағаш тәрізді,
Бітіпті бойы жатаған.
Жасырған бойға. бар ізді,
Өсімдік — аяқты матаған.
Белуардан бетеге,
Жабағыдай ұйысқан.
Еңсесін биік көтере,
Тек қурайлар құнысқан.
Солғанменен бұл кезде,
Түрлі-түсті қырда гүл.
Келіншектей боп көзге
Ағараңдайды құлқайыр.
Тұлғасы тықыр көрінген.
Қырқа да көзге толымды,
Шоқталып әр өңірден,
Көрінді күрең тобылғы.
Шылқы май боп жаралған,
Қой, ешкі және түйе үшін,
Рахаттана адам дем алған,
Аңқытты жусан иісін.
Мақтанды Әбен: — Ешкіөлмес
Жарықтық жердің құты! — деп.
Жамылған көде бұнда тас,
Жерінде жоқ жұты! — деп,—
— Жаздайды,— деп,— жарыла,
Малдар мұнда семірген.
Жеген оты ағыла
Саулайды,— деп,— желіннен
— Ендеше,— деймін,— ел малды,
Алысқа неге айдайды?
Ешкіөлместен табанды
Аудырмай неге қалмайды?
— Кәзір, Сәке, мал көп қой:
Бір бізде қой — отыз мық.
Тақырлап түгел жемек қой,
Қалың мал шалса отыз күн!
Сондықтан күзге арнаймыз.
Қалдырып бұны кезекке, -
Малды қысқа айдаймыз.
«Ақдала,» Ортаөзекке».
Бұл екі жер — Балқаштың
Жынысты қалын, — түбегі.
Оның да оты асыл тым,
Мал семіріп түледі...
Жобалап жайын қараймын:
Болғанмен Әбен ойлы жас.
Шамалап халін талайдың.
Көп істе өзі болған бас.
Тайпаңдаған жорғадай,
Сөзге де қақпай ағып тұр.
Бірақ, босқа зарламай,
Барлық іске қанық бұл.
Отарларды аралап,
Қайтқанда кейін айналып,
Нұрмолда ісін бағалан
Беруін айттым, жайланып.
Деді Әбен: — Ондайға,
Сәке, менде жетпес күш.
Баяндаушы болмай ма,
Ашылғанда ескерткіш?
Колхозшылар атынан
Ескерткішті ашқанда,
«Оқы» деген хатынан,
Партком менен басқарма,—
Берейін айтып қысқаша,
Ауызша түрде ұзынды.
Нұрекең, тізгін ұстаса
Етеміз несін біз үлгі.
Бірінші үлгі — бойына
Біткен жақсы кісілік.
Жүреді деме, жайына
Сені отқа түсіріп.
Әр кезде өзі көтеріп,
Алдымен істің ауырып.
«Сыннан бірге өтелік»
Дейтін қамқор бауырың.
Екінші үлгі — бойына
Дарыған мөлдір тазалық.
Алысты алса ойына,
Бітеді беймаза ғып.
Мемлекеттік, қоғамдық,
Үйлік яки әдеттік,—
Істерді түгел адалдық
Қылықты кеткен әдет қып.
Үшінші үлгі — сақ құлақ,
Аң мен құстан елгезек.
Жүреді тынымсыз шапқылап,
«Шаршадым,— демей,— талды өзек».
Жұрттан бұрын көресің,
Қайдағы қиын-қыстауда.
Қаласың көріп төбесін,
Болмайды жетіп ұстауға.
Төртінші үлгі — түп-түгел,
Жаңашыл ой-санасы.
«Қайтсем тез қолға ілігер?»
Деп, көрінсе, қарасы,—
Қалмайды қыр соңынан,
Жаңаны қуа жөнеліп,
Мол қармап, ақыр, қорынан
Игереді кенеліп.
Бесінші — аса сауатты
Болмағанмен оқымпаз,
Әр ісіне жауапты,
Көңіліне тоқымпаз.
Тәжірибелік істерде,
Ақыл-ойы толуы,
Сондықтан, сынға түскенде
Академик болуы.
Алтыншы үлгі — әкелік
Бойына біткен мейірім...
Дейді «жәрдем етелік»
Кәрі бол, жас бол — мейілің.
Саулықта, күн керісте,
Жәрдемге біреу зар болса,
Салады аямай бөліске,
Қолында не бар болса.
Жетінші үлгі — тәртіпке,
Қаталдығы темірдей,
Жақпасаң, мейірім сен күтпе,
Тынбайды мүжіп кемірмей.
Түзеліп қашан болғанша,
Құлағыңа маза жоқ.
Ауыр сөздер қолданса,
Одан артық қаза жоқ.
Сегізінші үлгі — сүйеді,
Балаларын, жұбайын,
Бұл жөнде берік тиегі,
Демейді,— «теріс бұрайын».
Халық үлгі аларлық,
Мызғымас мықты семья.
Қосылмайды арамдық,
Кіршіксіз таза бұл ұя.
Тоғызыншы үлгі — жән-тәні
Кіршіксіз таза,— коммунист,
Айтары,— «құрығыр, құлқының,
Партия дәмін адал іш!і
Жөнге тарт, ылғи, керекті,
Жалғандық емес, растық!
Партиялық билетті
Ұстамайық лас қып!»
— Осы айтқаның жетеді! —
Деп жібердім Әбенге.
Қалайша аты кетеді деп
Ойлаушы едім әлемге!
Ғажап болды-ау, еңбектен
Осындай да ер шығып!
Байлықты солай көлдеткен,
Еріңде бар ма кемшілік?
— Неге, Сәке, болмасын,
Періште емес, пенде ғой.
Қанша биік шарласын,
Аспанда емес, жерде ғой.
Ұлы Ленин айтпай ма,
Қатасыз адам жоқтығын?
Қаталаспай аттауға,
Кітаптық онда жоқ білім.
Мектептік оның білімі,—
«Әліп», «би» ғана бастауыш.
Сонымен» білек түрініп,
Кете барды бастап іс.
Жетекшісі бұл істе.
Заманға адал жүрегі.
Нелер ауыр күресте
Жұртты жұмсай біледі.
Бақыламай сыртынан,
Жүреді қайнап ішінде.
Үкіметтен, жұртынан
Ірікпейді, білім күшін де.
Ал, кей кезде қайтадан
Шалыс басса аяғын,—
Себебін айтып матаған
Асқындырмай жояды.
Оның да бар, өзінше,
Досы менен дұшпаны.
Дұшпаны мақтап көзінше,
Сыртынан пышақ ұстады.
Арыз айдап сан рет,
«—Жаман жан» деп көрсетті.
«Алдаушының бірі» деп,
Астығын, малын өлшетті.
Өлшегенде шықпай кем,
Түсті бәрі артылып.
Демесе жәй,— «бұның нең?!»
Керген жоқ жазаға тартылып.
Кеткенде соғысқа тіленіп,
Бола тұра «броны»,
«Келсе,— деп,— аман!» тіледік,
Колхоздың көріп тірегі.
Өзі кетті соғысқа,
Жауды жеңіп келем деп,
Түрлері шаруа,— тоғысқан,
Келгенше кетті төмендеп.
Қызметті атқарып,
Ауыр артиллерияда.
Сан жерді жаудан құтқарып,
Кетті алыстап қияға.
Жарылған доптан жарты жыл
Боп қалса да саңырау.
Әдеттен танбай жүрген бұл,—
Қиындыққа налымау.
Командирі сол кезде,
«Қайт!» десе де қайтпаған.
Ерлікпен түсіп сан көзге,
Азамат атын ақтаған.
Жеңістен кейін кеудеге
Тізіп келді орденді.
Онда да ісі өрлеуде
Болғандығын ел білді.
Орындады айтқаның
«Жауды жеңіп келем!» деп,
Келе көрді жатқанын
Шаруа түгел төмендеп.
Ол бар кезде қақаңдап
Жүретұғын «білгіштер»,
Ол жоқта босқа қоқаңдап,
Жоқ болды жәйі түк істер.
Соғыстан келе Нұрекең,
Кірісті іске сыбанып.
Шынында ісі ірі екен,
Қайтадан байлық құралып.
Тауға өрлеген өрттей боп,
Жайыла жанды лезде,
Тез айыққан дерттей боп,
Бола қалды түрі өзге!
Ұзын сөздің, сонымен,
Қорытқанда қысқасын,—
Коммунизм жолымен,
Басқарудың нұсқасын,—
Аз ғана жылдың ішінде
Көрсетіп-ақ тастады.
Аямай ақыл, күшін де,
Колхозды дұрыс бастады.
Екі мыңдай қой басы
Отыз мыңға барды айдап.
Бұрынғы «байлар» қарасын
Көре алмады маңайлап.
«Отан сәнді киінсін»,—
Деген бастап дәстүрді,
«Игілікке бұйырсын!» —
Деп бердік миллион костюмды.
Соғымға тартқан малдарды
Кеміне жүз жыл асар ек.
Үйсек сары майларды
Ондаған мая жасар ек.
Пулеметтің оғынан
Кем емес, жауға атылған,—
Балапандар ағылған
Тынбай инкубатордан.
Байлыққа жұртты кенелтті,
Шаруаны түгел көтерді.
Он жылда колхоз жөнелтті
Екі мың вагон шекерді.
Жетістіктен биіктеп
Кетсе талай тау есіп,
Кемдікті айтсақ түйіп кеп,—
Қасында оның; төбешік!
Сондықтан да кеудеге
Қадайды ол сан жұлдыз.
Бұдан да биік өрлеуге
Дайын болып біз тұрмыз.
Ұлан-асыр халыққа
Жасалғанда тойымыз.
Нұрекеңді тарихта
Мәңгі сақтау ойымыз.
Батырдың ерлік істері
Мәңгілік болып еске түс!
Дегендей колхоз істеді
Нұрекеңе ескерткіш!
Байлықтың осы жеріне
Жеткенде, біз, санаған.
Сайдан қалтиып көріне
Шыға келді көп адам.
Самбыр кеңес дүсірге
Tүpe қалдық құлақты.
Шалқыған байлық ішінде
Теңедім оған бұлақты!
ЕҢБЕК ЕРІНІҢ БЕЙНЕСІ
Эпилог
Бұл колхоздың мекенін
Атайды екен «Шұбар» деп.
Айнала еңсесін көтере,
Қаз-қатар ескен шынар көп.
Және жуан терек көп,
Сыймайтын екі құшаққа,
Екпе қайын, бөлек боп,
Тұр орманға ұсап та.
Таласа ескен әр ағады,
Тіккен қауырсын қаламдай.
Тұтасқанда бар ағаш
Еңсесі биік қамалдай.
Бұл маңайда «бір» емес,
Бұл сияқты көп «қамал»,
Жалпая өскен, тік емес,
Әр қамалға боп арал,—
Нелер ғажап жемістің
Мол құнарлы дарағы,
Пайдасындай егістің
Одан да енім алады.
Осынша қалын, орманнан
Жайыла өскен шұбар боп,
Ойларлықтай бүгін: жан
Орманнан қалын, шығар! — деп
Қоршаған тау да жан-жақтан
Құйылып жатқан өзендей,
Ағыла шұбап кеп жатқан
Жанға жер әрең төзердей.
Екі күн бұрын осында
Жіберіп әдейі өкілді,
Бетондап, тас қып тастаған
Тентек бұзған көпірді.
Ағылған жанға бөгет жоқ,
Келсе-дағы қай жақтан.
Ат, машине, самолет
Таусылар емес андатқан.
Күннің де бүгін ажары,
Жайма-шуақ, тамаша!..
Бейне гүлдің базары»
Адамдарға қараса.
Кеп жатқанда шұбырып
Көлікті және жаяулы,
Түрлі түспен құбылып,
Асылын киген аяулы.
Бәрінің құйылар теңізі —
Колхоздың кең алаңы.
Толғанып адам сезімі,
Қараған көз талады.
Жиналған бұлар колхоздың
Отыз жылдық тойына.
Айнала тіккен көп көздің,
Оралған бір сөз ойына:
Алаңда биік бір зат тұр,
Жамылып ақ жібекті.
Арманы болып көптің бұл,
«Тез көрсет!» деп тілепті.
Көрмегенмен тасадан,
Халыққа бұл мәлім түс:
Наурызбаев жасаған,
Нұрмолдаға ескерткіш.
Бұдан бұрын жасаған,
Наурызбаев «Абайды»
«Түскен — деп, аумай— осы адам!»
Қайран ғап халық қарайды.
Одан кейін жасаған,
Уәлиханов Шоқанды. —
«Зор шебер,— деп,—осы адам!»
«Ғажап мүсінші!» атанды.
Нұрмолданы тағы да ол
Жасаған болар айнытпай! —
Деседі халық,— берген мол,
Табиғат бұған байлықты-ай!
Митинг те ашылды.
Бітті сөздер сөйленіп.
Халық құмары басылды,
Ескерткішті тез көріп.
Әлдекімдер үстінен
Сыпырғанда жібекті,
«Өзінен аумай түсті!» деп,
Қоршаған халық шу етті.
Жасалған бұл ескерткіш
Сұрғылт түсті қоладан,—
Дәл Нұрмолда,— жылы түс
«Қола» болып қараған!..
Уа, ғажап, бұл бюстің,
Болсайшы жері айныған!
Бір биеден бұл түсті
Туа да қоймас тай, құнан!
Нұрмолда мына мүсінде
Айнадан өзін кергендей,
«Мүсіннің жан бар ішінде»
Десе де адам сенгендей.
«Өзекті жанға өлім бар»
Нұрмолда өлсе қартайып.
Тұруға мәңгі сенім бар
Осы алаңда шалқайып.
Осы емес пе жақсының
Мәңгі-бақи өлмесі?
Қатасы жоқ, нақ шыны,—
Еңбек Ерінің бейнесі!
* * *
Әрбір ісі маңызды,
Жақсылыққа бастаған.
Тудырған талай аңызды.
Осындай біздің жақсы адам.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі