Өлең, жыр, ақындар

Шоқпыттың шаруасы

  • 12.08.2021
  • 0
  • 0
  • 1648
1905 жылы
Шоқпыттың күні нашар болды,
Бар малы бір қашар болды,
Жазғы үйі дауылға құлап,
Қыс қорасы осал болды.
Балалары ете жас болды,
Қатыны аздап есуас болды.
Үйі толған қызыл аяқ балаға
Жалықса да өзі бас болды.
Тамағын «баю»— ісіре берді,
Шөпте бір қолын кісіге берді.
Малының басы құрала бастаса
Не пәле келіп өшіге берді.
Қашарға мал қосылмады,
Раматтан көзі ашылмады.
Жылда үш сом рамат келіп,
Торпақты алып, мал асырмады.

1910 жылы
Қашардың белі бүкір болды,
Мүйізі сынып тұқыл болды.
Жаздай қақтап сауғандықтан
Ала қыстай қотыр болды.
Шөп таусылып, болып қалды,
Көтерем «бақыт» қонып қалды.
Біраз күн күтіп әуре болды,
Бірақ сиыр өліп қалды.

1914 жылы
Шоқпытта бір де мал жоқ,
Тататұғын дәм жоқ,
алаларының алды ержетсе де,
Сүйектерінде нәр жоқ.
Қартайғанда Шоқпыт кісіге тұрды,
Қатыны ас пісіре тұрды.
Екі баласы қозы бағуға,
Біреуі құлынды суға түсіре тұрды.
Бір қызы байдың бесігін тербетті.
Екі ұлы ержетті, бетімен кетті!
Өзге жаны күндіз-түні дамыл жоқ,
Тұрған байдың көп ісін дендетті.
«Сондағы ақылары не?! де:
Бір-бір ақ бөзден жейде,
Бір қозылы қой, бір торпақ,
Бір қап құрт бар олардан өңге.
Ауылнайда ұят, ар жоқ,
Шоқпытта а дал мал жоқ:
Торпағын тағы раматқа алды,
Қолын қағар жан жоқ.

1916 жылы
Бір жылқының құнаны болды,
Бір ешкі, екі лағы болды.
Өзіне бөлек күрке салып,
Өзінше тұрағы болды.
Жаз жетті — Июнь жарлығы шықты,
Заманның ең тарлығы шықты,
Байлар да шығынданды,
Кедейдің тандыры шықты.
Шоқпыттың үлкен ұлы жиырмада еді,
Көзін ашқаны биыл ғана еді,
Солдатқа жасы дәл келді,
Жаңада үй боп жиылған еді.
Байдың «19-ы» «45-те» болды,
Кедейдің «40-тағысы» «25-те» болды,
Кедейдің көбі жанжал салып,
Біразының кегі іште болды.
Болыстың, пышағы құйрықта болды,
Қымс етсе аузы «бұйрықта» болды,
Ауылнай, болыс жонын көрсетіп,
Біраз малды жиып та болды.
«Балаңды қалдырам» деп, құнанын алды,
«Сойып жейін» деп, лағын алды,
Шоқпыт бәрін бере берді,
Ең аяғы сеңсең тымағын алды.

1918 жылы
17-жылы Олжабайға жалданды,
18- жылы Мырзабайға жалданды.
Мырзабайға қыстай тұрып,
Бір тиын ақы ала алмады.
Бір тойда ақысы кеңес болды,
«Аламын», «бермеймін»— ерегіс болды,
Шоқпытты Мырзабай ұрып тастап,
Недәуір төбелес болды.
Мырзабай болысқа шапты,
Акт жасатып, одан да алысқа шапты.
Колчактың қырып салдарына,
Жылады, мұңын шақты!
«Шоқпыт деген большевик бар» деді,
«Іздегені жанжал» деді.
«Талаймын» деп дікеңдей берді,
Сөзі ылғи «байлар» деді.
Жанына үш солдат алды,
Жайға емес, жалдап алды,
Бір ат, бір алтын сағат берді,
Атты топтан таңдап алды.
Шоқпытты солдат қамшылады,
Арқадан қан тамшылады.
«30-ды» жеп түрегелді-ау,
Деген кезде жан шығады!
Байларға күн қаран болды,
Большевиктік заман болды,
Бірақ қайласын білгендер
Одан-бұдан аман болды.
Шоқпытта адал қара жоқ,
Байғұста бірақ, «сана» жоқ,
Тым көңілшек сезге ергіш,
Сақтар кегі және жоқ.
Бір күні Мырзабай келді,
Біраз мал әкеп берді.
«Бұл не?» деді Шоқпыт,
Мырзабай «үндеме» деді.
«Қазына деген пәле шықты,
«Рызбеске» деген кәде шықты.
Большевик мал қояр емес,
Бәрі дағы малын тықты...»
Шоқпыттың... шелектей болды,
Аузы көнектей болды,
Мырзабайдың жалынғанына,
Қуанып желөкпе болды.
Бір күні агент келді,
Малды сұрап, танып келді,
Малды қазынаға алуға,
Қолына қағаз алып келді.
Мал қазынаға ілекті,
«Еңбек» далаға кетті,
Байға құйыршық деп,
Сорлы жазаға ілекті.

1921 жылы
Шоқпыттың күні қаран болды,
Тататын дәм «арам» болды.
Жалғыз қашардың қорек қылғаны,
Шіріген ескі сабан болды.
Қашар аштан өліп қалды,
Ауызы кеуіп қалды.
Олжабайға тағы жалданды,
Үй-іші еріп барды.
Сегіз жан тамаққа жәй жүрді,
«Жазмыс» деп бой сұнды,
Алтын балаларын астан қағып,
Үш баласы ісіп өлді.

1923 жылы
Қоғамнан сиыр алды,
Кооперациядан бұйым алды,
Қарыз серіктерінен сепаратор алуға,
Жетпіс сом сексен тиын алды.
Қазынадан он төрт пұт бидай алды,
Екі десятина егін салды.
Күз орып, соққанында,
Бидай жүз алпыс пұтқа барды.
Борышын түгел етеді,
Жиырма пұт бидай ішуге жетеді,
Шоқпыт мұртынан күлді,
Қалғанын не етеді?
Төрт ұрғашы торпақ алды,
Қалғанын атқа салды:
Тамағы тоқ, көйлек көк
Алдағы жазға тың барды.

1926 жылы
Шоқпыттың сиыры үшеу болды,
Қозылы қой бесеу болды,
Екі пар құнан егіз,
Ешкілері әлденешеу болды...
Қыстан ете тоқ шықты,
Уайым-қайғы жоқ шықты,
Тұқымын даярлап алдағы жылға,
Бес десятина салам деп шықты.
Өткен күнге қарғыс айтты.
Заманына алғыс айтты,
Алдағы күннен үлкен үмітті,
НЭП Шоқпытты солай «байытты».
Жалынғаны күші болды,
Баққаны адал ісі болды,
Барлық ұйымға мүше болып,
Шоқпыт қатарлы кісі болды.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Елка

  • 0
  • 0

Балалар, бізге елкаға
Келді міне дед Мороз;
Кел, дед Мороз, дед Мороз,
Жоғары шық, төрге оз!

Толық

Жер айналған жалауым

  • 0
  • 0

Жауын жауып, жиектен бұлт түрілсе,
Құлпырып мың, бақтың балғын гүлінше,—
«Кемпірқосақ» аспан, жерді қосақтап,
Жер аспанның лентасына ілінсе.

Толық

Жас қайрат

  • 0
  • 0

Жас қайрат күндей қайнап, гүлдей жайнап,
Құлындай емін-еркін далада ойнап,
Қолға түскен шынжырлы бұғалықты,
Дырылдатып, сүйретіп кетті бойлап.

Толық

Қарап көріңіз