Өлең, жыр, ақындар

Мен кіммін деп мақтанам

  • 13.08.2021
  • 0
  • 0
  • 1641
1
Мен де адаммын жаралған сүйек, еттен,
Маған жүрек, жан беріп, қан тебіренткен
Бір күні дамылдаса, жөнелем мен
Сапарға әкем, атам, бабам кеткен.
Бірақ мен, адам емен ізім тақыр,
Мейлі жұрт «алтын» десін, мейлі «бақыр»,
Жолында езім ерген ұлы көштің
Бірталай мен қалдырған мүлік жатыр.
Ол мүлкім арзан, яки болсын құнды:
Мен жазған прозаны, өлең, жырды
Жинаса, кездескенді бөгейтұғын
Болар деп шамалаймын, бір тас құрлы...
Бір жылы миллион ба, мың ба, жүз бе?..
Біреулер менен қалған түсіп ізге,
Жолықса сол мүлікке және ақтарса,—
«Қалдырған бар екен,— деп,— несі бізге?»
Мүлкімнен ғасырлардың шаңын қақса,
Сарғайған қағаздарға төніп бақса,
Ішінде көп жазудың «Батырақ» пен
«Сұлушаш», «Ақ аюлар» қатар жатса;
Тағы да отырғанда сілкіп қарап,
Тастаған бір папкаға байлап, орап,
Бір жерден шыға келсе«Ақ Бөпенің
Сыры мен «Жұмбақ жалау»— Балуан-Шолақ».
«Арналған тарихқа я сынға» деген,
«Барлығы мақаланың мұнда!» деген.
Дауысқа жалт қарасып көрсе бәрі,
Папканы «Жиырма бес жылда» деген...
Оқыса осыларды бәрі анталап,
Дауласса пікірлері боп әр тарап:
Біреуі «пышақ, сүргі қолданған» деп,
Біреуі, «жасаған,— деп — жай балталап».
Тебірентіп «аруағымды бұл дауыстар,
Асуы секілденген қиын асқар.
Алдыма сын көпірін құрып қойып,
Топталып келешектік тұрса жастар.
Олардан біздің заман алыс болса,
Олар бізбен архивтен таныс болса,
Оларда тап жоқ, ұлт жоқ табиғаттың
Байлығын меңгеру-ақ жарыс болса.
Тебіренген ақын жаным таласына,
Солардың барып кірсе арасына.
Көздері маған төнген ұқсай қалса,
Түйеге жас баланың қарасына:
Сол таудың арасынан маған төнген,
Мәселен, келген біреу Юпитерден
Тіл қатса маған: «Кімсіз? Қайдан жүрсіз?
Келдіңіз қай заманнан мына түрмен?»
Заманым артта қалып, ескірсе де,
Мен сонда Абайша да, Пушкинше де,
Бермес ем оған жауап, Байронша да,
Маяковскийше де... Ешкімше де.
Қыдырған планеттің бәрін жастың
Алдында ағызбай-ақ сөзден тасқын.
Берер ем қысқа жауап сұрауына:
Мен ұлы Ленинменен замандаспын.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мектеп — білім егіні

  • 0
  • 0

Сүйген кезде алтын күн
Таңның күміс маңдайын.
Тракторға тіркелді —
Күйіне келген комбайн.

Толық

Майға сәлем

  • 0
  • 0

Мың сәлем саған,
Мәңгі, жолдас Майым!
Сен жылда жас жігіт боп келген сайын,
Жер жібек, барқыт киіп,

Толық

Балқаш

  • 0
  • 0

Кешегі құлан өтпес бұл батпақ шөл,
Көрмеген орын теуіп мекендеп ел,
Ормансыз, бетегесіз, сусыз, құмсыз,
Үйіріп қу топырағын есетін жел.

Толық

Қарап көріңіз