Сұлушаш
поэма
КІЛТ
(Толғау)
Жалғанда табынатын тәңірім табым,
Табы жоқта «тәңірі» жоқ—күні жарым,
Табым десем бұлақтай таудан аққан
Өн бойымды шымырлап билейді ағын.
Қанға өрлеп, қырандай қанат жайып,
Табым десем — қозады «аруағым».
Түпсіз қара тұнықта суды кешсем,
Топ — қолыма медеу ғып ұстар талым,
Көзсіз көрдей басыма күндер туса
Табым қолда жарық қып ұстар шамым.
Менің, табым — еңбекші — еңбек ері,
Онсыз менде көрген күн бұлдыр сағым.
Бесіктен-ақ маған тап белгі таққан
Тапты шаққан бесікте мені шаққан,
Caп-сары ала, сап-сасық жөргектерде,
«Іңгә» орнына уілдеп «тап» деп жатқам.
Есті біліп, етекті жапқан кезде,
Табыма оғын атқандар маған да атқан.
Сақылдаған өмірімнің аязында
Тапқа мұз боп қатқан кек, маған қатқан,
Менің кегім мың жылдық таптың кегі,
Ол кек құл, құл болғалы келе жатқан.
Табым кегін алуға аттанғанда,
Дүрмекке еріп, кектенгем, мен де шапқам.
Менің-дағы, мен сүйген тапты-дағы
Көгендеуден Октябрь таңы ағытқан.
Жылы суға суық қол малынғанмен,
Томағасы көзімнің алынғанмен,
Ілесе алмай қалмасам өзім шаршап,
Маған айқын жүрер жол салынғанмен,
Кеше маған кіжіңдеп қожа болған,
Бүгін құл боп, бас иіп бағынғанмен,
Кешегі күн күрмелген үнсіз тілім,
Бүгін сырын ақтарып ағылғанмен,
Кешегі күн бит тескен жауырыным,
Бүгін бүтін шүберек жамылғанмен,
Кешегі күн іздеген жоғым түгел,
Бүгін қайда болса да табылғанмен,—
Кешегі өткен өмірім әлі есімде,
Ол өмірден бүгінде арылғанмен.
Өткен өмір ұқсайды соққан желге,
Оны еске аламыз — тап та, мен де.
Не көрмеді, басынан не кешпеді
Октябрьдің, өткелін кешкен пенде?!
Бұл өткелде кім өліп, кім өшкен жоқ,
Кім түспеді өткелде сергелдеңге?!
Кім шопылдап батпады дарияға,
Дауыл соққан кемелер тербелгенде,
Октябрьдің өткелін өткенше тап,
Құрбан болды талайлар ерлерден де.
Домбырада бір күй бар «Көкей кескен»
«Көкей кескен» ұға алсаң шықпайды естен,
Бір кезде сол «Көкейді» алмас қанжар,
Жылы қанын ағызып шаншып тескен,
«Көкей» өлген, көш кешкен, тұрмыс көшкен,
«Көкей кескен» тұрмыспен бірге кешкен.
Домбырада зарланған күйі қалып,
«Көкей» өлген, суынған өмірі өшкен.
«Көкей кескен», шынында, Алтай зары,
«Көкейінен» Алтайдың аққан қаны,
Талай-талай жүз жылдар өтіп жатыр
«Көкей кескен» сол қанды жырлағалы.
«Өлді, өшті, жүректе кегі кетті,
Қор боп елді сабаз» деп ымдағалы.
Қашан таптың біткенше таптық кегі,
Талай ерлер бұл күйді жырлар әлі.
Қытай менен Қырымның арасында,
Хандардың қан ағызған Даласында.
Еділ, Жайық, Нұра, Есіл, Шу мен Ертіс.
Сырдария, Сарысу жағасында.
Орал, Алтай, Алатау — асқарлардың
Биік құзды салалы сағасында.
Нелер Алтай өмірмен қош айтысқан,
л.ш, батыр, бек пен байдың таласында,
Менің жырлар Алтайым—сол Алтайлар.
Бір Алтай болуы анық, расында.
Ескі өмір құрысын, құмар емен,
Ескіге емес, алдағы күнге сенем.
Бірақ, ескі өмірдің мұңды зарын,
Жаңа өмірге бейнелеп айтып берем.
«Көкей кесті» өткеннің айнасындай,
Ұққандарға Алтайдың сыры терең.
Күйдің кілтін осымен бұрап ашып,
Енді күйдің тұп-тура өзіне енем.
I БӨЛІМ
САЙРАН
I
Бай болған дәулеті мол Тілеуберді,
Байлықпенен меңгерген тамам елді.
Төрт түлік мал өргенде құрттай қайнап,
Құмырсқадай қыбырлап жапқан жерді.
Тор-қасқалы, қазмойын жылқыларын
Екі-үш мыңдап он шақты қосқа бөлді.
Түйелері түздерде бота тауып,
Қойы жүрген жерінен қозы терді.
Тілеуберді жасынан жігіт жиды,
Тоқсан торқа оранып киім киді.
Қыран тазы қолында жұбымен боп,
Қасқыр, түлкі, киікті тау ғып үйді.
Жаз — қаршыға, лашын, тұйғын салып
Дабыл қағып өзеннің бойын шүйді
Көңілі түскен кісіге қыдыр болып,
Теріс ыңғайға келгендер отқа күйді.
Аппақ майды ағызып ауызынан,
Пенде қылды елдегі батыр, биді.
Айғырындай құланның одыраңдап,
Бет алдына жан шықпай басын иді.
Есіл менен Талас сай арасынан,
Теріс аққанның теріс жақ жағасынан,
Жеті атасы мекен ғып келе жатқан
Даңқты ата болғалы о басынан.
Одан көшсе Шортанды, Теңізді егіп,
Бір мекен ап Соналы сағасынан,
Кейін беттеп қайтатын күзге қарай,
Құлан өтпес Нұраның даласынан,
Қыс Қорғалжын, басына үйін тігіп,
Кетпейтұғын ықтасын саласынан.
Жас кезінде қыз таңдап кезіп елді,
Өз бойына лайықты іздеп теңді,
Мың жылқыны біржола матап беріп,
Алтынай дейтін сұлуды алып еді.
Тоқсан нарға жүк артып безеп, жасап,
Алтынайға әкесі құл, күн, берді.
Шұнақ деген жігіт пен Тезек атты
Бір жас қыз, құл, күңдермен ере келді.
Шұнақ пенен Тезек те қосты көңіл,
Құлдық, күңдік болса да көрген өмір,
Өздерінше қызықты дәурен сүріп,
Тәтті өмір тәрізді болды о бір.
Шеккен түйе, көгенді қозы арасы,—
Жататұғын мекені күл мен көмір.
Сөйтіп Шұнақ Тезекпен осы өмірде
Тірі жанға сездірмей жүрді үш-төрт жыл.
Содан кейін құрсақты болып Тезек,
Торсық шеке, ақ сазан тапты бір ұл.
Ұл туды деп шашулар шашылған жоқ,
Қатын жиып қалжа да асылған жоқ.
Шілдехана жасауға туған күні
Екі адамның басы да қосылған жоқ.
Жөргегі жоқ, қап-қара құрымға орап
Алса да, жанның жаны ашыған жоқ.
Алтай деп әлдеқалай атын қойды.
«Азанменен» құлағы ашылған жоқ.
Шұнақтың ақжүрегі қуанғаннан
Көпке шейін дүрсілдеп басылған жоқ.
Жан туды деп еш адам елеген жоқ,
Шүмек салып бесікке бөлеген жоқ,
Kөзі көрсе,— «Шұнақтан шұнақ туды,
Ода не оңар дейсің» — демеген жоқ,
Қарақұрым ішінде шегі қатып,
Жылағанда, тірі жан жебеген жоқ,
Сонда-дағы өлген жоқ өсті Алтай,
Торсық шеке, ақсазан көбеген боп.
Күн күн санап толқыды туған айдай,
Қап-қара көз, қыр мұрын, қасқа маңдай,
Қаз мойынды, кең иық, сұлу тұлға
Тіп-тік боп тауда өскен қарағайдай.
Кір-қожалақ табанын тас тілсе де,
Жүдемеді үдеді гүл боп жайнай.
Қозы бақты, қой бақты, отын жақты,
Ерте тұрып үнемі кешке жатты.
Құлдан туған неме деп көзге шұқып,
Кім көрінген бір сабап шырылдатты.
Итке төгер іркітін оған беріп,
Бай да жастан ұстады қысып қатты.
Сол бейнеттің бәрін де көргенімен,
Болып өсті ер Алтай ер сымбатты.
Бip доғал, жасынан бір бетті болды.
Кекшіл қасқыр сықылды кекті болды.
Аузынан шыққан сөзден қайтпайтұғын,
Сөз ұстағыш қажырлы, сертті болды.
Сол бірбеткей бетінен қайтпаймын деп,
Жасында талайлардан тепкі көрді,
Бала күннен әлдінің қылығы етіп,
Жас күнінен өзегі өртті болды.
II
Екі-үш жылдай отасып Тілеуберді,
Тұңғышы, Алтынайдан бір тың көрді,
Сұлушаш қойып атың ұлан-асыр
Той жасап дүрілдетті бүкіл елді.
Ай мен күндей нұры бар жалғыз ару,
Бесіктен-ақ бал болып мәпеленді.
Ержеткенде күн түсіп бұғағынан,
Таң қылды сұлулығы көргендері.
Он алтыға келгенде қыздың жасы,
Төгіліп тізесіне түсті шашы,
Қаламмен жалғыз сызық тартқандай боп,
Қиылды қап-қара боп қиғаш қасы,
Қарақат көз, қыр мұрын, ұзын кірпік,
Тістері меруерттің тізген тасы.
Бетінен нұры бөртіп, қаны тамған,
Толқыған сұлу айдай кесер басы.
Мойыны иірілген аққу-сынды,
Тамағы торғындай боп тартты күнді.
Қып-қызыл жұқа ерін, оймақ ауыз,
Қиылып құмырсқадай белі үзілді.
Сүйрік саусақ, жұп-жұмыр жұмсақ білек,
Орта бойлы-шалқақтау ер пішінді.
Көз қарасы көргенді күндей ертіп,
Ішпей-жемей мас болып көзін жұмды.
Есіркеп, әлдеқалай құты түсіп,
Не керек, бай табиғат берген нұрды!...
Басына бәт-құндыздан киді бөрік,
Тізеден қара шашты жіберді өріп,
Шеберге шашын ылғи маржандатты.
Бір рет ергеніне бір ат беріп,
Бірі күтіп, біреуі нөкер болып,
Соңынан сұлу қыздар жүрді еріп.
Өз алдына оңаша бір ауыл боп,
Алты отауды ақ күмбез тікті бөліп.
Өңшең торы қасқалы жорғаларды,
Тұрмандатты шұп-шұбар күміс көміп,
Қай уақытта серуенге шығам десе,
Бәрі даяр керегі, өзінде ерік.
Сандалды ел мырзасы болып ғашық,
Талай жорға, ішікті төкті шашып,
Бетпе-бетте бір ауыз сөз қата алмай,
Сұлудың маңайынан жүрді қашып,
Бетіне сұлу жанды қаратпады,
Сөзге шешен, ақ жарқын, мінезі ашық.
Толған айдай толықсып гүлдей жайнап,
Күннен-күнге сұлулық өрледі асып.
III
Сұлушаш бала еді аз жыл бұрын,
Балалық өмірдің жәй терген гүлін,
Не дегенін істетіп, еркелетіп,
Тілеуберді «қыз» демей, деді — «ұлым»...
Неше түрлі қуыршақ істеп сұлу,
Отауда отыратын жиып «жүгін...»
Сол кезде қозы баққан Алтай бала,
(Сауыс боп үсті-басы қарақұрым),
Соқтығып ойнаған боп қағып кетіп,
Көретін Сұлушаштың тартып сырын.
Сұлушаш сол мезетте күлімсіреп,
Алтайға аударатын көздің қырын.
Өйтетіні, Алтайға біткен тұлға
Байланбаған мүшелі сұлу құлын.
Ол кезде екеуі де құлын еді,
Құлындай ойнап қана күлімдеді.
Ержеткенде ол ойын у болуы
Оларға бала кезде білінбеді.
Қызарып шыға қалған қос қызғалдақ,
Суық желді өмірмен үрілмеді.
Неге екенін сезбеді өздері де,
Қарасса жүректері дірілдеді.
Ойнақшып қара көздер жаутаңдасып,
Қып-қызыл еріндері күбірледі.
Жастық-мастық балалық бәрін жеңіп,
Өмірдің шын пердесі түрілмеді.
* * *
Май туып, жер құлпырып, шешек атты,
Даланы Мың құлпырған бүліс жапты.
Сай суларға мөлтілдеп, өзен-дағы,
Сылқ-сылқ, күліп бұраңдап төмен ақты.
Жылы жаздың мейірі ағаштарға
Сылдыраған, төгілген шолпы тақты,
Ой да, қыр да сайраған әнге толып,
Бұлбұл даусын құбылтып балбыратты,
Жанды-жансыз, жаз тойын қарсы алып,
Рақатқа белшеден келе батты.
Басталды ел ішінде жазғы сайран,
Қымыз тілер күн туды жарлы байдан.
Құрық көріп, құландай жатса-дағы,
Байланбаған аз қалды құлын-тайдан.
Жыл тәулік боп желінің басын көрді,
Лашық үйдей биелер, жалын жайған,
Талай-талай айғырдың сауырына,
Жылдағы ырым,— ақ-ала құйылды айран.
Өзеннің өнебойы елге толды,
Қыс бытырап кеткендер қоңсы қонды.
Кезек-кезек ерулік әкелісіп,
Ел менен ел жүргізді «ата жолды».
Жастау жағы қымыз бен қызды бағып,
Кәрілері кездік aп жая жонды.
Қымызы бар, еті бар, аты барлар
Рақатқа бөленіп қарық болды.
* * *
Сәске еді. Нұры балқып, қайнады күн,
Желіге Алтай әуел байлап құлын,
Үйге қарай қайтқанда, ақ отауға
Жүрші деп жүрек соқты бермей тыным,
Есікті ашып үйге кіріп келсе,
Сұлушаш шашын тарап отыр қырын.
Сүйріктей саусағымен шашын ашып,
Жымиды келгендігін көріп мұның.
Қанша арбап қылмыңдап жүрсе-дағы,
Бұлай қарап көрмеген бұдан бұрын.
Маңдайы сықылданып күміс теңге,
Жарқ етті шашын ашып жібергенде,
Бота көзі жарқылдап, жанған шамдай
Мөлтілдеді беттегі қара мен, де.
Буындары әлсіреп, ғашық Алтай
Сұлушаштың қасына барды төрге: —
«Сұлушаш! — деді ақырын езу тартып,-
Бұл үйде жан жоқ екен бізден өңге.
Сені ойлап, жүрек толқып мазамды алды,
Тиыш қыл мені сәулем көңіл бол де,
Болмаса, өз өртіне өзін, күйіп,
Шоқ болып біраздан соң сөніп өл де».
Сұлудың ұялғаннан беті күйді,
Бірақ айтқан зарлы наз жылы тиді.
Кет әрі еместігін білгеннен соң,
Алтай кеп Сұлушашты беттен сүйді...
Не керек, ұзын сөзді қысқартқанда,
Сол түнге куә қылмақ болды ақ үйді.
Ақ үйден Алтай шыға келген кезде,
Сұлудан басқа бір ой түсті лезде:
Ата, енесін сұлудың ата, енесі
«Құл, күң» деп күнде-күнде шұқып көзге,
Ұрып-соғып, Алтайдың өзін-дағы,
Жасынан қой бақтырып қылған кезбе,
Мойнақ төсеп, иығына құрық іліп,
Денесін жарытпаған бүтін бөзге.
Табанын боп шөгір тілген,
Нәлет қамыт мойнына мықтап ілген.
Баққан қойдан бір қозы жатып қалса,
Ішкен асы бойына зорға сіңген.
Күңнен туған ит-шошқа, шұнақ құл» деп,
Тілеуберді шағатын улы тілмен.
Ер Алтайды улы ой жегідей жеп,—
Өлген артық дейтұғын — бүйткен күннен»
Сұлудың рас болса берген серті,
Алтайдың шықпақ бүгін іштен дерті.
Құлдық күнде қожаның сүйсе,
О заманда басына алған «еркі».
Солқылдаған мықынын басып жүрген
Мырзалардан бір озбақ өзі келкі.
Әттең «құл» деп танылған атақ қана,
Әйтпесе кем туған жоқ ақыл, көркі.
Үйіне қарай Алтай қойды бетті,
Хиял шарлап шырқады төңіректі,
Денім сау боп, Сұлумен көңіл қоссам,
Ежелдегі алам ғой байдан кекті».
Деп үміті ұмтылып көкке өрлеп,
Бір жақ ұшы шұбалып күнге жетті.
Сол ойда келе жатып, қарақұрым,
Асқа тіккен күркеге тұрған шеткі,—
Отау жақты айналып бір шолды да,
Қасқа маңдай қасқиып кіріп кетті.
Түн болды, ауыл-аймақ, түгел жатты
Жұлдыздар әлденеге жымын, қақты,
Түн күзетіп, Алтайдың жас жүрегі
Тыным бермей ойға да, қырға шапты.
Бір кезде толған айға тәжім қылып,
Отауға еніп Алтай есік жапты.
Алдынан күндей Сұлу қарсы шығып
Сыбырлап — «мұнда кел!» — деп қолдан
тартты...
Бір сүйіп бота көзді құралайды,
«Таң атты, енді жату ұнамайды» —
Деді де тұрды Алтай, Сұлу сонда:
«Жүрегім шыдамайды, шыдамайды!..» —
Дей беріп, ақ білекті Алтайға артып,
Алтайдың ыстық жаспен бетін шайды.
Есіктен шықса Алтай, алтын тан, да,
Қызарған алтын сәуле берген маңға.
Сиыр мөңіреп, қой маңырап, түйе боздап,
Өріске өріп барады барлық мал да.
Ауыл өлік, түк нәрсе сезінбестей,
Малшылар жүр оянған мал жақ маңда.
Баса қарап ер Алтай бар әлемді,
Өзін бүгін санады мұңсыз жанға.
IV
Басқаны Сұлушаштың сүйері жоқ,
Алтайдан басқа көңілі иері жоқ,
Кездескен қай мырзаға көз салса да,
Ішінде тап Алтайдай біреуі жоқ.
Алтайдың тілі оған бұлбұлға ұқсас,
Сөйлесе майдай майда, сүйегі жоқ.
Тәңірісі табынатын жалғыз Алтай,
Өзінше одан артық киелі жоқ.
Алтайды көрмегелі көптен бері,
Жүрекке сағыныштың толды шері,
Отарға жылқы айдап кеткен Алтай
Жыл болды міне елге келмегелі.
Алтайдың, қосы жүрді Нұраны өрлеп,
Жылқыны салған қысқа, жайлы жер деп,
Сол бет алған жағынан жазғытұрым
Қос көшіп Құланөтпес жаққа келмек.
Сәуір туып, қар беті қабыршыққа
Айналғанша, кешті ол қосын теңдеп,
Бұл бет алған маңайда, ат жететін
Орында, қатынасар ешбір ел жоқ.
Қыс маужырап, жылқыны қысып кетпей,
Қыс тентегі — боран да зәрін төкпей,
Жылқышылар жайланды рақатта,
Бір адамға батыра суық өтпей!
Жер отты, қыс та жайлы болғандықтан,
Семіздің басы жерге қалды жетпей.
Быртиып жылқышылар семіріп ап,
Беттері қара-күрең болды өрттей.
Алтай да осылардың арасында,
Жапанның ақ кебіндей даласында.
Ойынан жатса-тұрса шықпай сұлу,
Көңілсіз, қосылып жүр қарасынға.
Түн болса «күзетке» деп қосқа келмей,
Кетеді екі іңірдің, шамасында.
Жүреді түні бойы жұлдыз санап,
Ғашығын іздеп, көзін көкке қадап,
Ермегі сүмбі-сынды Торытөбел
Оқтаудай ішін тартып қатқан жарап.
Есіне сұлу түсіп кеткен кезде,
Екпінмен шырқап тұрып әнге салад...
Бір күні жүргенінде жылдай болып, .
Жаз жақындап, жылыды қар да еріп.
Қыстай көшкен қос та енді кейін қарай
Бетін бұрды ел жаққа бейімделіп,
Сұлуыма бір табан жақындадым»—
Деген жанша Алтайға ажар еніп,
Күндіз-түні ат үстін босатпастан,
Жүре берді қуанып, көңілденіп,
Қос сол көшкен бойымен жер қарая,
Құланөтпес түбіне қарай келіп,
Тігілді де, жылқыны тоқыратты,
«Келдік» деп иесіне хабар беріп.
Түс еді, жылқы біткен жусап жатқан,
Алтай мен бір жолдасы жылқы баққан,
Аттарын қаңтарысып отыр еді,
Көрінді бір салт атты ауыл жақтан.
Алыстан аттың түсі қылаңданып,
Қара құйрық желпеңдеп бұлаң қаққан.
«Бұл кім» деп көз тігісіп отырғанда,
Бір жігіт келе қалды жорғалатқан.
Терлеген боз жорғасы бүлкіл қағып,
Толқыған толқындай боп ырғаланып,
Аузынан ақ көбігі бұрқ-бұрқ етіп,
Тайпаңдап «ә» дегенше келе қалып.
Қараса Сейіл дейтін жігіт екен,
Атынан түсірісті бұлар танып.
Жайласып, амандыққа келгеннен соң,
Алтайды шықты Сейіл оңаша алып.
«Келіп ем — деді Сейіл,— әдей саған,
Тапсырды бір аманат сұлу маған».
«Алдымнан жұма күні қарсы шықсын,
Алтайды сай басында тосып алам» —
Деп мені хабаршыға салып отыр,
Сөзімде жалған бар деп болма алан,.
Сенімен осы арада уәделесіп,
Ауылға көп кідірмей қайта барам.
Алтайдың тұла бойы шымырлады,
Жүрегі дүрс-дүрс соғып жыбырлады.
Жалғыз-ақ жыр сақтағыш сұрша беті,
Білдірмей сасқандығын құбылмады.
Бұл хабардың не хабар екендігі,
Әрі ойлап, бері ойланып ұғылмады,
Ой келді: «бұл сұлуға не боп кетті,
Бұл қалай тым ыстықтай сұғынғаны?» —
Ер Алтай шіміркеніп қабақ қатты,
Шыжытқан ыстық күннен тер де ақты.
Кенеттен келген хабар, түсініксіз...
Ішіне қосымша ғып тағы от жақты.
Әрі ойлап, бері ойлап келгенінде,
Шығып қарсы алуды мақұл тапты.
Сейілге жауап күтіп жаутаңдаған,
«Жарайды... Барайын!»— деп сөз ұстатты.
Қайсарды бүгін Алтай қасына ерткен,
Ол оған тату құрбы болған көптен.
Сейілдің сөзін айтып Қайсарға Алтай,
Ақтарды сырын түгел судай төккен:
— «Сұлушаш жанған жұлдыз маған бола,
Көрсетіп жарқын нұрын әуре еткен.
Жасырып сенен сырды не қылайын.
Сұлуды аламын деп мен ант еткем.
Адам болып өмірде жасау қиын,
Таятын болсам егер осы серттен.
Қане, Қайсар, айтатын ақылын, не?
Жәрдем тілеп, алдына жолым шеккен»
— «Мұныңның бәрі мақұл — деді Қайсар,
Бірақ, іске аптықпай кіріс еппен!»
V
Кеш болды көктің жүзін бұлт жапты,
Баяу жел біраздан соң дауылдатты,
Ымыртта атын ерттеп мініп Қайсар,
Әкелді жарап жүрген екі атты.
Қос алдында жалындар жалп-жалп жанып
Бақырда ет бұрқылдап қайнап жатты...
Ет жеді жылқышылар майлап мұртты,
Ақ майға томпаңдатып толтырды ұртты.
Алтай еттен дәм татпай отырып қап,
Сіміріп жалғыз аяқ қымыз жұтты.
Алдағы өмірлерін елестетіп,
Көзімен шолып отыр көрген сыртты.
Торытөбел қайшыланып құлақтары,
Қасынып артқы аяқпен жібек жалын,
Пысқырып тұяғымен жерді тарпып,
Шелектей желпілдетіп танауларын.
Есінеп желге қарап ішін тартып,
Керіліп төстіктей боп созды таңын...
Ер Алтай Тортөбелге көзін қадап,
Деп отыр: «Жолың болсын жануарым!»
Бір кезде Алтай, Қайсар атқа мінді,
Қаруға қарларына сойыл ілді.
Күзетке барамыз» деп сұрағанға,
Перде ғып аттанысты қара түнді.
Бұлардың қандай жаққа баратынын
Серік боп ілесетін жел-ақ білді.
Төбеден қап-қара боп бұлт көшті.
Ысқыртып аттың жалын жел де есті.
Қараңдап қарақурай төңіректе,
Бұларға «жол болсын» деп есендесті.
Қыл-ұшы құйрығының ағараңдап,
Жолшыбай қосаяқтар алдын кесті.
Сарлатып қос Тортөбел тартты желіп,
Тер шығып бойларына кірді желік.
Аузымен ауыздықты сүзе шайнап,
Ойнады үстерінде аппақ көбік,
Танаудан будақ-будақ дем шығарып,
Желпілдеп желбезегі делеуленіп,
Түйілтіп қайшылатып құлақтарын,
Келатқандай хауыпты көзі көріп.
Пысқырып анда-санда бас изейді,
Шаршамай келемін деп дыбыс беріп.
Сарлатып талай-талай жерден өтті,
Жазық дала, белесті өрден өтті.
Жарысқан желмен бірге отты жүрек,
Алтайды әлденеге дірілдетті.
Қара түн қап-қара боп маужырап тұр,
Түнеріп төрт құбыладан төңіректі,
Cap желіп сол ағызған бойыменен,
Екеуі уәде қылған жерге жетті.
Тан, атып келе жатыр түнді қулап,
Жер жүзін шық басқан қалық булап,
Бет алып күн шығыстан күн батысқа,
Бұлттар көшіп жатыр будақ-будақ.
Өзеннің қошеметшіл көп құстары,
«Хош келдің, жолын, болсын!» десті шулап,
Өзен де жар астында cap-cap ағып,
Көпіршіп әлденеге жатыр тулап.
Құлақ түрді, еш дыбыс білінбеді,
Шыдамай шерлі жүрек дірілдеді
«Асықпа, кешікпейді, келеді» деп,
Майда жел құлағына күбірледі.
«Екі жас ұяларсың, мен кетейін» —
Деп шолпан езу тартып күлімдеді.
Қоңыр қаз долы өзеннің жағасында,
«Мұншама ерте жүрген бұл кім?!» деді.
Жан-жаққа Алтай көзін сап тұрғанда,
Оң, жақтан естілді аттың дүбірлері.
Дүбірге Алтай, Қайсар құлақ салды.
Со жақтан аттыларды көзі шалды.
Таң еркін бозармаған, ала сәуле,
Әуелі анықталмай, бұлдырланды.
Уқалап көзін тағы қарап еді,
Боз жорға көз алдында оттай жанды.
Үстінде Сұлушаштың ақ үкісі
Теңселіп самал желге бұлғаланды.
Екеуі Сұлушашты енді білді,
Мінісіп аттарына қарсы жүрді,
Сұлушаш жақын келіп аттан түсіп,
Алдына Алтайының тәжім қылды.
Құшақтап екеуінің көріскенің
Өзен, таң, Қайсар, қыздар көріп тұрды.
Шөп етіп Алтай беттен сүйіп алды,
Сұлушаш езу тартып қана күлді.
Көп тұрсақ көзге ұшырап қалармыз деп,
Қайтадан бәрі тағы атқа мінді.
Жолшыбай мәз-мәйрам боп қарқ-құрқ күліп,
Қайсар да нөкерлерді сөзбен іліп,
Сұлушаш Алтаймен ат үстінде,
Келеді құшақтасып сайда жүріп.
Жол ашты басқан жасыл шөптер,
Майысып басып иіп, тәжім қылып.
ІІІуылдап өзен үсті әнге толды,
Бүгінгі шат көңілді құс та білді,
Бөлмеуге екі жастың әңгімесін,
Басылып жел жадырап болды тымық,
Жарыса акқан өзен мөлдірленіп,
Сыр бермей күп-күрең боп қалды тұнып.
Сөйлесе қайсар қандай тілге шебер:
Арулар сөзім мақұл көрінсе егер,
Сұлу менен Алтайды оңашаға
Жіберейік кешіксек біреу көрер.
Ойнап-күліп бір жерде думан қылып,
Бұл ара емес отырып орын тебер».
Арулар айтқан сөзді қабыл алды,
Бөлініп бір тасалы жерге барды.
Қайсар да оларменен бірге кетіп,
Сұлушаш Алтайменен жеке қалды.
Екеуі сол арада құшақтасты,
Жамылып үстеріне жасыл талды. .
Үстінен қошаметтеп ұшты аққу,
«Қайырлы болсын» — айтып шырқап әнді.
Сығалап сұлу күн де күлімдеді,
Жел сыбырлап құлаққа күбірледі,
Қосылған жас жүрекпен қоса қабат,
Талдардың жапырағы дірілдеді.
Өзеннің қабағында қоңыр қаздар.
"Мұншама құмарланған бұл кім?!» деді.
Қарақат төне қарап мөлдіреді,
Жасыл жапырақ перде боп желбіреді.
Тал ішінде қызарып шыққан гүлдер
Жайқалып нарттай жанып үлбіреді.
Шықтар күмістей боп, жарқ-жарқ тамып,
Әр жерде бір мөлтілдеп селдіреді.
Бұтаққа қонып алып бұлбұл сайрап,
Ұзақ болсын қуаныш, сүю деді.
Бұлардан басқа, сүйген қос жүректі
Жалғыз-ақ қиядағы күн біледі.
Жүректің жалындарын басып енді,
Екеуі құшақтасып түрегелді.
Көптен бері жүректе топ боп жүрген,
Ақтарды іштерінен қалын, шерді.
Сұлудан көзін алмай тесе қарап,
Ер Алтай «уһ», «Ойпырмай, уһ»—
дей берді.
Қайғысы ер Алтайдың бақ па, мал ма?
Не нәрсе күйінгендей батты жанға?
Болмаса өткен өмір уландырған,
Кәрілік келіп жеткен өлер шал ма?
Немесе мынау сұлу табиғаттың
Алтайға ұнамаған жері бар ма?—
Жоқ! Оған бақ пен малдың керегі жоқ,
Қайғысы,— алды-артына сенері жоқ.
Өлетін халге жетсе жаны ашып,
Аузына әкеп сусын берері жоқ.
Алдында күндей күлген мынау сұлу,
Жандыра жүрегіне түскен бір шоқ.
Сол шоқты сөндірем деп жүргенінде,
Рақымсыз қандай күнге болады соқ.
Бәрін айт, бірін айт та, ит жоқшылық
Жүректі айнытады құсықтай боп.
— Алтайжан,— деді Сұлу оған қарап,—
Қарақат қара көзін тура қадап,—
Қыздың көрген қызығы бес-ақ күндік,
Мұндай дәурен басымнан өтеді әлі-ақ.
Міне мен он жетіге аяқ бастым,
Бұл өмір жиырмаға жетсе сол-ақ.
Өз алтын босағаңды аттаған соң,
Өмірге болғаның жай күйсіз қонақ.
Сүйіктің еркін басын ноқтаға ілді.
Құда түсіп айттырды бір жер дүмді,
Атастырған адамның теңі емеспін,
Сұрастырып ғашығың жаңа білді.
Өмірімде жар емес, жалын құшып.
Өткізбекпін құсамен көрер күнді,
Соны саған естіртпек болып бүгін,
Әдейі келдім, төккелі іште мұңды!..»
Есіне түсіп барлық дос пен қасы,
Сұлудың мөлтілтеді көзде жасы.
Қыбырлап қызыл ерні тоңғандай боп,
Қабақта қимылдады қара қасы.
Әке де жау шеше де жау, туған да жау,
Бар сенгені алтайдың қара басы.
Неге екенін білмейді өзі-дағы,
Әйтеуір ауды соған ықыласы.
«Алтайжан қайтемін!»—деп құшақтады,
Оралып мойнына жібек шашы.
Алтайдың мына сөзге мұздап іші,
Құбылып қырық түрленіп сұрша түсі,
Аузына айтатұғын бір сөз түспей,
Дей берді:
— «Құда болған қандай кісі?»
— «Ол атақты Байбосын, ұлы жүзде
Билік құрып аюдай батқан тісі.
Оған жесір бермеуге теңгермеуге
Үш жүзде де келмейді жанның күші.
Байбосынның жұмсары кектескенге,—
Шоқпарлы қол, сүйреген найза ұшы!»
— Енді білдім, Сұлушаш, енді білдім!..
Қармағына түсіпсің мықты дүрдің.
Ол қармақтан құтқарып алу үшін
Қолынан не келеді мендей «құлдың!»
Мен жайымды қиямын құтқаруға,
Дерлік болсаң егерде «көзді жұмдым!»
Әкеңнің төрт құбыласы түгел дерлік,
Тізесін дәу-перінің бүгер дерлік,
Тік тұрса төбесімен кекті сүйеп,
Қолымен қос бүйірін тірер дерлік.
Сені берген қайының Байбосын да,
Үйретіп жолбарысты шідерлерлік.
Азуы алты қарыс өңшең аю,
Оңайлықпен бере ме бізге теңдік.
Мұндай іске бел байлап, көз жұмғанда,
Қайратыңнан тысқары керек ерлік.
Ойласақ малда ғана күш пенен бақ,
Кім-кімде малы болса мықты болмақ.
Кім ат пенен ас берсе, елдің бәрі
Сойылын соғып соның, тілін алмақ.
Бір мені күл ғып көкке ұшырады,
Жағынған екі байға өңшең жалдап.
Қаптаған қалын, аран'іштерінен,
Әкету тағы қиын көзін алдап.
Мұндай бәле басқа кеп орнағанда
Құтылмақ талмайтұғын жүйрік саңлақ».
— «Алтайжан!— деді сұлу бір заманда,—
Нелер мұңды еткен жоқ бұл жалғанда!
Өкінгенмен өткен іс бұзылмайды,
Оған кейіп қажыма, назаланба!
Кешетұғын өткел көп екені рас,
Талай әлі қиындық жатыр алда.
Мен сендік!.. Сенер болсаң сырым осы,
Қосылмасам санама тірі жанға.
Құр қажудан, қажырлы арық қайрат
Ұнатсаң мен бір амал жүрмін ойлап,
Ұрын келсін деп әдейі атасқан-ды,
Шақыртуға белімді будым байлап.
Жамандығы шын болса жасқаншақтап,
Сенсе өзіне әлемге келер жайнап.
Менсінбеймін десем ол не қылады,
Азар болса бармағын кетер шайнап.
Жамандығын көзімен көрсе өзі,
Әкем-дағы уәдесін бұзып, таймақ.
Менің әкем тек сонда бүлінеді,
Уәдеден және де шегінеді.
Байбосын көнсе егер құдай иіп,
Малдары қайырылып беріледі.
Жау жағы тулағанмен не қылады,
Азар болса біраз мал төгіледі,
Баласы жаман болып көзге түссе,
Болса да қандай мықты жеңіледі.
Көп ойлап менің ақылым соған жетті.
Демесін жесірімді бермей кетті.
Бүгін таң осы араға шақырғаным,
Ақылдаспақ болып ем осы көпті.
Қайтеміз, айла қылмай амал бар ма,
Тағдырдың талқысы әкеп соған жекті.
«Алтайжан жарай ма осы ақылдарым?»
(Алтай ойлап) «Мен-дағы мақұлдадым!»
— «Бұл қалай деп түбінде ойламасын
Деген ой еді сені шақырғаным.
Байбосынның мырзасын көзіңмен көр,
(Күліп айтты) жездең ғой, жақындарың!»
Серттесіп (бір-біріне қолын берді,
Ер Алтай Сұлушашқа жаңа сенді.
Құмарын баса алмаған екі жастың,
Сүйісіп шөп-шөп етті тағы да ерні.
Сұлушаш бір уақытта Алтайына
Бір алмас екі жүзді қанжар берді.
Қанжарды Сұлушаштан қолына ап,
Аударып екі жүзін қарап-қарап.
Ышқына бір күрсініп алдыдағы,
Қанжарды қойды Алтай жерге қадап,
«Білтелі қара мылтық тағы берем»
Деді Сұлу, қолымен шашын тарап,
Серттесіп сөз байласып болғаннан соң,
Шақыртып жолдастарын алдырды ат.
Сұлушаш нөкерімен аттанысты,
Сүйісті, құшақтасты, қол алысты.
Боз жорға ырғалаңдай басып шұлғып,
Баяғы келген ізге қайта түсті.
Артынан Алтай ұзақ қарап тұрды,
Ойлары болашақтың улап ішті.
Қарасын Сұлу үзіп кеткен кезде,
Бұлар да өз бетіне жөнелісті.
VI
Аттанып Алтай қайтып келе жатты.
Бұлт жадырап, күн қайнап отын жақты.
Торғай шырлап, шарықтап қияға ерлеп,
Тұс-тұстан қанаттарын жыбырлатты.
Жан-жақтың бәрі сұлу — күлімденіп,
Денені шаттық беріп шымырлатты.
Қурайлар ақ үкілі иіп басын,
Жас талдар жап-жасыл боп жайып шашын,
Қызыл гүл қызараңдап нарттай жанып,
Құбылды нұрға бөлеп дөң арасын.
Жасыл шөп жұпар шашып, жерді жауып,
Жүректің жазарлықтай бар жарасын.
Тап сол күн дүниеге келмейтін күн,
Айнала неткен шаттық тан, қаласын,!..
Тортөбел басын шұлғып бүлк-бүлк желді,
Денеден домалатып шып-шып терді.
Құйрығын сипаңдатып, басын шұлғып,
Жортақтап борт-борт басып ұтты жерді.
Жасыл шөптің астынан құрғақ топырақ,
Самалдан шаңғымақ боп дөңгеленді.
Тізгінді ер басына қазықбау шап,
Қамшысын мықынынан таянып ап,
Ағытып түймелерін омыраудың,
Жеңдерін шынтағынан түріп тастап,
Қабағы жабыңқы боп Алтай ердің,
Тұңғиық көкке көзін келеді сап.
Ғашығын көріп қайтты,— қуанбады,
Сүйісті, бірақ оған жұбанбады.
Үмітті ойы алдына алыс жатыр,
Көздеген мақсаттары тұмандады,
Сұм үміт сұп-сұр болып елес беріп,
Көктің бір қиырында қылаңдады.
Болмаса сағымменен бірге толқып,
Түлкідей таудан қашқан сылаңдады.
Алтай ер ат үстінде қалды қатып,
Көп ойлап ой ұшынан шыға алмады.
Үміттің тілі ауыр, сөзі қиын,
Ол тілді Алтай еркін ұға алмады.
Түнеріп қара көк боп тұр аспан-көк,
Бетінде шұбар бұлт тұр толқындай боп,
Қадалып қанша қарап байқап еді,
Бұп-бұлдыр жатқан дария қиыры жоқ.
Айналып күнге көзін бір салып ед,
Ол-дағы телегей боп жанған тек от.
Көз жұмып өмірді де ойлап еді,
Ол-дағы зымыраған бір атқан оқ,
Не ойлап, не нәрсені қиял етсе,
Қайғыға бәрінде де болады соқ.
Бір кезде көктен көзін жерге аударды.
Төңірек ажарланып гүл-гүл жанды.
Көзіне не көрінсе жаудай болып,
Бұрынғы қайғы үстіне қайғы салды.
Жер, шөп, су, орман, дөңес... бәрі-дағы,
Бай үшін жаратылған сықылданды.
Ойлады: «жер менен су, тоғай орман...
Адамзат пайдалансын деп жаратқан.
Бірақ сол ен байлықты байлар ғана
Өзіне меншікті ғып пайдаланған.
Жалшыға, құл-құтанға дәнеме жоқ,
Жалғыз-ақ ішер тамақ оларда арман.
Дүние-ай, маған берсе бар билікті,
Күштіні етер едім көзге түрткі,
Жалшыға, құл мен күңге, кедейлерге,
Берер ем бөліп-бөліп мал-мүлікті.
Не керек, бар байлықты байлар көріп,
Кекіріп, болып отыр майға күпті!»
Әкесі жүр соры қайнап бие бағып,
Кезі келсе, қой менен түйе бағып,
Киімі өрім-өрім сауыстанып,
Шешесі жүр бүкшеңдеп отты жағып.
Інісі Ермек,— әлі жас... өзі-дағы
Жылқышы боп бейнеттен киді қамыт.
Ині сияр өмірде тескендік жоқ,
Қайда барса алдында азап-тамық!..
Тағы да әртүрлі ой елестеді,
Бәрі ұшқыр бір-біріне ілеспеді.
Қаншама көзін жұмып ойласа да,
Ойлар көп, біреуін де түгеспеді.
Ойлатқан осыларды кедейлік қой,
Бай болса «мен еркінмін» демес пе еді?
Алтайдың Қайсар ойын отыр сезіп,
Ол-дағы ой сарайын тартты кезіп,
Алдында келер күнді болжағанда,
Өмірден қол сілтеді о да безіп,
Алтаймен не көрсе де бір көрмек боп,
Ішінен неге болса отыр төзіп.
Алтайды жұбатайың деді-дағы;
— «Жеткен жоқ қайғыға енер мезгіл әлі.
Ер басы еңбек үшін жаратылған,
Қашан да сыннан етпек ердің бағы.
Не керек ойға құл боп, жаным Алтай,
Жастық күн өмірдің ол жалын шағы.
Жастықтың жалынына су сепкені
Қайғыға ер жігіттің қажығаны.
Осыны дәуде болса айтқан шығар,
Өзің шын сеніп сүйген сұлу-дағы!»
— «Қайсар-ау! — деді Алтай күрсініп ап,
Рас, қызу уақыт қой бұл жастық шақ.
Осы істі бір бастауын бастасам да,
Ақыры не болары тәуекел-ақ.
Тілеуберді еркімен Сұлушашты,
Тап менің бұл күйімде бермеуі хақ.
Егер де Сұлушашты алып қашып,
Олардың қолдарына түсе қалсақ:
Не болмақ?.. Не боламыз?.. осы арасы
Жүректі шошытады көрсем толғап.
Ар жағы не болуы өзіне аян,
Қашқанмен жоқ барар тау, басар саяң,
Жаудан қорқып үмітті тілегімді,
Өлем деп орындамай қалай қоям.
Ой мен қырым, қанатым, құйрығым жоқ,
Құлашты талпынсам да қалай жаям,
Бүйткен өмір — өмір ме, ойлашы өзің!
Осы өмірден табамын қалай баян»,—
Деді де Алтай қатты демін алды,
Қара көзден ұшқындар шашырады.
— «Өлсем де орындаймын осы істі,
Өлгенше дұшпанымнан ішем қанды!
Ардақтап жаудан қорқып, бұғып сасып,
Кәдірлеп қапқа буып қайтем жанды.
Әйтеуір ертелі-кеш бір өлім бар,
Көргем жоқ екі жүз жыл жасағанды!»
Деп жігермен шоқытып Қайсар жігіт,
Жылқыға келгенін де білмей қалды.
II БӨЛIМ
СЕРГЕЛДЕҢ
I
Жұлдыз сөніп, таң атқан мезгіл еді,
Алыстан бұлдырап бір салт келеді.
Самалы қоңыр салқын толқып соққан,
Ән салып толқындатып жібереді
Парсының масатылы кілеміндей
Құлпырған ғажайып гүл төңірегі
Аққудай сұңқылдаған сонау әнді,
Жаңғыртып ен даланы шырқағанды,
Оқтаудай жарау атты бүгілдіріп,
Күзеткен ала-бөтен атқан таңды,
Мас болып шырт ұйқыда жатқандардың
Қайсысы ән екен деп есіне алды?
Ол әнді күміс көбік көл тыңдады.
Құлпырған, астау жонды дөң тыңдады.
Бөлмейін дегендей-ақ зарлы күйді,
Тына ғап жұпар иісті жел тыңдады.
Көзінен мөлдір жасы мөлт-мөлт тамып,
Буланып шық басқан жер тыңдады.
Одан басқа, мал баққан, отын жаққан
Қақ, сауыс, қара, жыртық жең, тыңдады.
Ән салып келе жатқан жалғыз жан кім?
Ішінде зарлағандай нендей бар мұң?!
Керіліп ат үстінде есінейді,
Көз шырын алмаған-ау бүгінгі түн!
Көзінен көрер таңды неге атырад?
Желдіртіп неге асығыс келеді тым?
Жер астынан сығалап бұлтты жарып,
Неліктен көзін қадап қарайды күн?
Дом алмай не себепті ішін тартты,
Самал жел көпті көрген қария сұм?
Торғайлар неге сонша шырылдады?
Неліктен үйрек көлде бырылдады?
Қоңыр қаз балапанын жайып жүрген
Біріне-бірі неге сыбырлады?
Күн жадырап, жайылып, өз-өзінен,
Не жақсылық жұмысты ырымдады?
Өсімдік жел тынғанда басын шұлғып
Қалайша себебі жоқ қыбырлады?
Не қайғы, не қуаныш көретіндей,
Аттының неге бойы шымырлады?
Осының бәріне де себеп ашық:
Қосылмақ бүгінгі күн екі ғашық.
Ән салып ен даланы өзі билеп,
Көрінген жігіт Алтай дөңнен асып.
Астында бөкен қабақ Торытөбел,
Келеді жұмсақ жерді борт-борт басып,
Құс, көл, жер, дең, жел, сағым үндемеді,
Қарсы алды ер Алтайды амандаса.
Алтай да таза ауаны жұтып еркін,
Құбылған табиғаттың көріп көркін.
Таянып он, жақ қолын мықынына,
Шекеге артын түре киді беркін.
Таң атпай келе жатқан бар жұмысы
Сұлуға орындамақ айтқан сертін.
Қазірде көңілі онша қаяу емес,
Таң жойды түнде өзекке түскен дертін.
Ел үсті өрген малмен азан-қазан.
Сиыр мөңіреп «әрем!» деп айтты азан.
Өрген қойды айнала шық бөлеп,
Қыбырлаған, үстері тартқан бозаң.
Қой жағалай жарысқан лақ, қозы,
Дегендей боп бірінен-бірі озам!
Көл де нұр, көлем де нұр, сайлар да нұр,
Айнала нұр, ілікпейді көзге тозаң.
Сол нұрлардың ішінде аппақ үйлер,
Дөңкиіп тұр бейне бір күміс қазан.
Түк нәрсе сезінбестей, ауыл өлік,
Таңғы тәтті ұйқыға алған еніп,
Ояулары құрт жайып, қазан қырған,
Қой-құрттаған, жүргендер тезек теріп,
Ең аяғы иттер де жалқауланып,
Маңқ етіп жата кетті дөңгеленіп,
Соның бәрін көзімен шолып Алтай,
Қарақұрым үйіне түсті келіп.
Қуанышты әкесі күле қарап,
Құлынын кіріп келген көре сала-ақ,
Құшағын ұша тұра жайып келіп,
Қысып-қысып бетінен сүйді жылап.
Шешесі де бүкшеңдеп жүгіріп кеп,
Бір беттен о да сүйді жанасалап.
Амандасып болған соң, ұйқтап жатқан,
Інісін Алтай барып епті аймалап.
Жыртық үй шымнан соққан балағандай,
Ішінен сырттағыны санағандай.
Үй ішінде төсеніш, көрпе, жастық,
Бірі жоқ, үйді жау кеп тонағандай.
Ер жігіттің тұрмысы сондай болса,
Нағып шыдар жүрегі жараланбай.
Екі аттап Алтай төрге барды-дағы,
Жан-жағына бір қарап алды-дағы,
Шырша бойы сыймады, басын иді,
Сықылданып жылқының арғымағы,
Ойына әр немелер түсіп кетіп,
Иығы талғандай боп салбырады.
Далаға тоқырамай қайта шықты,
Өліктей ұйқтап жатқан көрді жұртты.
Бір қарап жаңа шыққан сұлу күнге,
Отауға қара көзді қадап тікті.
Алдынан ғашық сұлу елес етіп
Қозғады жүректегі нәзік жіпті.
Бармауға шыдамады жанған жүрек,
Бірақ ерте баруға себеп керек.
Күні үшін байға құл боп жағынғандар,
Көзі шалса «бұл қалай барад?» демек.
«Тірі адам көрмейді, тасалаймыз,
Бар, бар!» деп тұманданып тұр төңірек.
Тұманменен тұтасып, күннің көзін
Жасырды ер Алтайды бұлт та елеп.
Бір кезде Алтай барып есік ашты,
Денесін жерді жапқан буға бөлеп.
Сұлушаш ұйықтап жатыр болып бырдай.
(Ұйықтамас па, кездессе тұрмыс мұндай!)
Жамылып шайы көрпе, шалқасынан
Керіліп жатыр екен аппақ қудай.
Тықырды сезгеннен-ақ атып тұрды,
Шошынып ұясынан ұшқан құрдай.
Толқынды қара шашы тізеден кеп,
Алтайға құшақ жайды сабыр қылмай,
Бүктеліп құмырсқа бел бұраңдады,
Үзіліп кететұғын нәзік қылдай.
Қадалтып қара көзін қарай берді,
Кірпігін әрең қағып, көзін жұмбай.
Құшақтап Алтай қысып бұраң белден: —
«Қалқам-ау, жолым ғой бұл әдейі келген.
Тағы да сөйлесерміз, көп тұрмайық,
Көп тұрсақ біреу-міреу көрер елден.
Кешке тағы келемін, сырласып бір
Құтылу керек көптен жүрген шерден.
Қанекей, тіліңді тос, бір сүйейін,
Кел қалқаш, әкел, әкел, әкел, бермен!»
II
Күн қайнап жалын шашты түстікке кеп,
Аспан ашық, шөкімдей бір бұлт жоқ,
Тұңғиық теңіз аспан қара-күрең,
Алыста жалтырап тұр айнадай боп.
Сілкініп әнші торғай жырлап жатыр,
«Тира-ра, тира-ра, тира-ра» деп.
Алыста шаңқылдады ақ шағала
Таңданып әлденеге күлкісі кеп.
Ауылдың сыртын ала қаққан желі.
Үйездеп байдың сауын биелері.
Түнде майса көк шөпке тойғандықтан.
Шығады ыңқ-ыңқ етіп зорға демі.
Құлындардың құйрығы жерді сабап,
Ыстықтап, солқылдайды бүйірлері.
Желіде сауыншы жүр көнек іліп,
Кеудесі ашық шынтақтан түгел жеңі.
Тік өркеш, ұзын шуда, иір мойын,
Сортаңнан сасырды жеп алған тойым.
Бөленіп толқып жатқан сағымдарға,
Жусап тұр шаттық алып тұлабойын.
Қой жатыр өзенді өрлей бырт-бырт күйсеп,
Ішінде қозылары салып ойын.
Пісілді күрс күрс, етіп қара саба,
Даусына жаңғырықты мидай дала,
Құйылып сары қымыз сапырылып,
Шүпілдеп көбіктене толды шара.
Ас үйде мейіздей сұр бүлк-бүлк қайнап,
Будақ бу бұрқылдады мұрын жара.
Иіндеп саба-саба жиған іркіт,
Асылып жер-ошақта қайнады құрт.
Түтіні желсіз күнде көзге ілеспей,
Көкшіл түсті жалындар жанды жылт-жылт.
Көсеумен от түртіп кәрі кемпір,
Салқын тер маңдайынан шықты шып-шып.
Еңбегі қанша екені мағлұм ғой,
Әйтеуір байға құл боп бағынған жұрт.
Ұйқыдан түс кезінде тұрды бай да,
Бұрқылдап мыс әйнекте жатыр шай да,
Үй-іші масатылы жайған кілем,
Жұмақтың дәл өзіне ұқсамай ма.
Іргеден түріп қойған есіп жатыр
Хош иісті, қоңыр салқын жел де майда.
Жастанып мамық жастық қарнын сипап,
Кекіріп бай бір кезде қанды шайға.
Бәйбіше шекесіне салып күндік,
Азырақ сығырайтын ашып түндік,
Кеудесін көйлегінің желпе түсіп,
Ішіне шым жібектің отыр сүңгіп.
Сонда да бір нәрсеге кейігендей,
Азырақ қабағына түскен кірбік.
Ол кірбік — бәйбішенің Сұлушашы,
Келгенде отауына бірде апасы,
Л... па!..» деп арғы жағын айта алмай,
Мөлдіреп қара көзге толған жасы.
Қып-қызыл жұқа ерні қыбыр етіп.
Қабақта қимылдаған қара қасы,
Анасы жалғызына деген: «қалқам»,
Өз ойын Сұлу жарып айта алмай,
Жүрегі дүрс-дүрс соғып болған талқан.
Анасының төсіне басын сүйеп,
Дей берген «апа, айтуға қорқам, қорқам...»
«Қалқам-ау, көз жасынан құрмалдық» деп,
Төгілген қара шашын сипап жібек.
Сүйріктей саусақтарын шөп-шөп сүйіп,
«Ойыңды айт, қалқам!» деп қылған тілек.
Бір кезде сырын шешіп, құшақтаған,
Анасын күміс — жұмыр аппақ білек.
— «Апа, мен бергеніңді ұнатпаймын,
Дейтін ең — қалқам, сені жылатпаймын.—
Сүймеген адамыма қосақтадың,
Қазірде көгендеулі лақтаймын.
Бергенің бай болғанмен неге керек,
Мен малмен өмірімді жұбатпаймын!»
Жүрегі бәйбішенің аттай тулап,
Денесін мұздай салқын қандар қулап,
Төбесі қатты шымыр ете қалып,
Тер шыққан маңдайынан будақ-будақ,
Сол сәтте не болғанын өзі сезбей,
Құлағы әлденеге кеткен шулап.
Солайша ана шіркін аяп кетіп,
Сұлумен о да көзін алған сулап.
Қадалып құлынына қалған қатып,
Айтты деп бұл сөзді ол қалай батып,
«Бармаймын бергеніңе» деген сөзі,
Кеудесін мылтықтай боп кеткен атып.
Көп сөзді қорытқанда келгендері:
«Көрген артық — естіген сөзден гөрі»
Күйеуді ұрын кел деп шақыртпақ боп,
Сұлудың осы сөзге қатқан белі.
Тап бүгін бәйбішеге ой түсуі,
Күйеуі ертең ұрын келмек еді.
Бәйбішеге Сұлудың ойы анық,
Салдыртып күйеу ертең келмек қалып,
Ойын-той, ырым-жырым өтіп болып,
Жеңгелер қалыңдықты бармақ алып.—
Ұнатса ол құдайдың оңдағаны,
Ұнатпай шықса егер кінә тағып,—
Базарға бас түсуі былай тұрсын,
Көруі екі талай сәуле жарық.
Жүрегін осы ойлар бәйбішенің
Жыландай әлсін-әлсін отыр шағып.
Шытынап, тырыстырып қабақтарын,
Ышқынып күрсінеді демін алып.
Бай бұдан түк нәрсені сезінбейді,
Қымызды сіміреді ықыранып.
Бүгінгі қайғылының Алтай бірі,
Күн сықылды еместей көрген күні.
Өзгелердің күлкісін көтере алмай,
Ашудан шығып отыр беттен түгі.
Қанша қайрат орнаған жан болғанмен,
Бүгін түскен мойынға аз ба жүгі.
Қайғырмай қайтсін Алтай, амал бар ма!
Тізгіні бақытының отыр малда.
Тең болса терезесі байларменен,
Өлсе де күйеуді ұрын шақыртар ма?
Алтайды шын жүрекпен сүйген сұлу,
Еріксіз басын салып отыр шарға.
Өзіндік сүйген жаны біреулік боп,
Тұрғанда батпай қайтіп тұрсын жанға!
Ішінде қырық жамаулы құрым үйдің,
Дауысы күңіренеді зарлы күйдің,
Көз жұмулы, бармағы шекті құлап,
Мазасын Алтай алып отыр мидың.
Өзегін ойы құрғыр өртеп жатыр,
Деп «жарымды біреуге қалай қидым?!
Сұм жүрек тілегіңе жете алмасаң,
Қол жетпес сұлу күнді неге сүйдің?»
Сұлуға зарлы күйдің даусы жетті,
Оның да жүрегінің қылын шертті,
Қараса Сұлу ойын өрге салып,
Асудан өтетұғын мезгіл жетті.
Көз шолып осы арасын байқағанда,
Солқылдап қара көзден жасын текті.
Көп жылап, дене шаршап, басы қатты,
Ауыр ой Сұлушашты әлсіретті.
Сол көз жасын сүртпестен зарлы сұлу
Жастанып ақ білегін қалғып кетті.
III
Іңір боп қараңғылық жайды қанат,
Ашылды кектің жүзі бұлыт тарап;- —
Жарқылдап күміс жұлдыз нұрын шашып,
Қара үйге көзін тігіп тұрды қарап.
Алтай ер шалқасынан жатып алып,
Жыртықтан жұлдыздарды жатыр санап.
Қалың ой қайғылыны қоя ма ертпей,
Лауланып іші-бауыры жайнады өрттей,
Талықсып маужыраған адамдай боп,
Көз жұмып домбыраны жатыр шертпей.
Түрегеп жұрт ұйықтады-ау деген кезде,
Аяқты ақ отауға басты беттей„
Ақ таңдақ сәуле шашып сонау жоннан,
Жел тынған, ұясына ай да қонған.
Үйректің зуылдайды қанаттары,
Ауылдың түнде ұшып үстін шолған.
Түйелер ұйықтап мойнын жерге салып,
Күйсеп сиыр, ыңырсып, демін алып,
Көлбақаға үн қосып лақ-теке,
Жардан төмен құлайды домаланып.
Әупілдек ара-тұра әупілдейді,
Дауысы тымық түнде құлақ жарып.
Қысылып, әлденеге жүрген жандай,
Талықсып бір қиырда шығады айғай,
Ол — күзетте ән салған жылқышы ғой,
Түн күзеткен көзінің шырын алмай...
Осындай көркемдіктің бәрін
Алтай Тамсанып, дәмін алмай жұтты балдай.
Алақтап төңірегін шола қарап,
Аяғын жолбарыстай басты санап,
Қырық адым жерге жолда қырық бес тоқтап,
Отауға тасаланып келді жанап.
Есіктің ілгегіне салды қолын,
Маңында жанның жоғын көре сала-ақ.
Сұлуды Алтай сүйіп, деді: «Қалқам!
Оңаша кездесіп бір кеңіді арқам.
Сонда да күйеу келед деген сөзден,
Жүрегім күні бойы болды талқан.
Сен үшін не де болса шыдамақпын,
Кінәні серттен тайсаң саған артам.
Өзеннің өткеліне жаңа келдік,
Жастықпен жеңіл ойлап жоққа сендік.
Әрі ойлап, бері ойлап келгенімде,
Әкеңнен екеумізге болмайды елдік.
Өлімге басыңды бер, беліңді бу,
Мұндайда ете қажет көзсіз ерлік!»
Басқа іс түскенде адам ашынады...
Сұлу да бұрынғыдай жасымады:
— «Егерде уәде қылған сөзден тайса,
Адам емес, айуан осы-дағы.
Менде екі жүрек жоқ, бір-ақ жүрек
Не өледі, не саған қосылады.
Достық көңіл, Алтайжан, достық көңіл!
Достық көңіл дегенге байлаулы өмір,
Анық достық табылса, айну қиын,
Достық көңіл айтуға ғана жеңіл.
Бірақ, достық қайғысын дос аршымақ,
Жалғыз қайда барады қайратпен құр.
Сен не десең, мен соған белді будым,
Көкірекке орнаған иманым бұл!»
— «Мен саған ежелден-ақ сенген жанмын,
Сен үшін неге болса, соған бармын,
Өлсем-дағы бұл істен өкінбеймін,
Өйткені өзіме-өзім тілеп алдым.
Менің мына ойыма не айтасың:
Көзіне жоғалайық түспей жанның!»
— «Алтайжан, ол ыстықтай суынғаның,
Соншама тығыз ойлап неғылғаның?!
Көрдім деп мәз-мәйрам боп күйеу кетсін,
Асықпа, күзге дейін шыда, жаным.
Күз бола, бір қараңғы түн жалынсын
Күз болғанша жолыңның жей бер қамын!
— Осыған шыдайсың ба?
— Төздім, мақұл.
Бұ да онша қонбайтын емес ақыл.
— Қамыңды өзің әбден жеп болған соң,
Қайсарды жібер-дағы, мені шақыр.
Оған шейін өзектен бар-дағы ал,
Жалғыз терек түбінде мылтық жатыр.
— Жарайды, мұның-дағы мақұл екен,
Бірақ сен шығарыңда болма қапыл.
Ала шық өн бойыңа сыйғанынша,
Қолыңда қару болса іске татыр.
Екеуі серт байласып алысты қол,
Сөздері «сен мықты бол, сен мықты бол!»
Бүгінгі көрісуден тапқандары,
Ашылған сықылданды көмескі жол.
Ернінен бір шоп етіп сүйді-дағы,
Есік ашып далаға шықты Алтай,
Сүйгенін шығарып сап: — болсын деп жол.
Сібірлеп келеді екен таң да атып.
Барады күлімсіреп шолпан батып,
Көл де көл, дөңдер де, сайлар да көл,
Әлемді шық басқан тұмандатып.,
Аспанда түтеленген сұрғылт бұлттар,
Сіркіреп күнбатысқа көшті қалқып.
Сол сұр бұлтқа түйіле көзін қадап,
Ер Алтай жансыз жандай қалды қатып.
IV
Қара бұлт қоюланды қабақ түйіп,
Көк жүзі отқа толды аспан күйіп.
Ысылдап айдаһардай, ұйытқи соғып,
Жел-дағы өршеленді күшін жиып.
Өзенде таудай толқын домаланып,
Жығылды жасыл құрақ басын иіп,
Шатырлап бұлтқа бұлт соғылысып,
Шүмектеп қара жаңбыр жауды құйып.
Кереге сықыр-сықыр селкілдеді,
Түндіктер тулақтай боп желпілдеді.
Жер жүзін топан қаптап, аппақ болып,
Сайларда су сарылдап көлкілдеді.
Қараша үйлер қаңбақтай ұшып кетіп,
Қирады, жел әй-күйге келтірмеді.
Өткен дауыл қайрыла қайта соғып,
Қара бұлт бір жадырап серпілмеді.
Малдың да, адамның да құты кетті,
Жауратып бәріне де жаңбыр өтті.
Арық-тұрақ, қозы-лақ, жаңбырға ұшып,
Семіз де су сорғалап дір-дір етті.
Бір кезде бұлт — «ашуды тоқтатайын»—
Дегендей-ақ, шығысқа қойды бетті.
Не нәрсеге долданды? —Өзі білед,
Әйтеуір оңдап ұрып алды кекті.
Бұлт арты — күнбатыс жанғандай боп,
Күнбатысты жалынды өрт алғандай боп,
Тұтанып, белең алып, өрлей жанып,
Жарты аспанды жалынды от шалғандай боп,
Сиреп жауған жаңбыр да қызараңдап,
Қызыл жалын тамшы боп тамғандай боп,
Не болмаса көкті де, бұлтты да,
Қызыл қанға малшылап алғандай боп,
Тыңыл бұлт түтеленіп, арты сиреп,
Дауыл-дағы басылып, ашылды көк.
Қызарған сәулесі екен батар күннің,
Қызыл от бояуы екен отты нұрдың,
Дөңгеленіп қызыл күн қанын шашып,
Төмендеді үстінде сонау қырдың.
Күндегідей күлімдеп қоштаспады,
Ізі бардай бетінде қайғы-мұңның
Деген жанша бір кезде жоғалды күн —
— «Енді қайтып шықпаймын көзді жұмдым!»
Соншама жер, жал, бұлт, күн долдануы,
Тиыштықта жүргендерді қолға алуы,
Күндегідей күмісті нұрын сеппей,
Күнбатыстың боялып қандануы,
Жер де, көк те сілкініп, буырқанып,
Жынды бура секілді шамдануы,
Неліктен?— қайғырмасқа бола ма екен,
Жасын төксе Сұлушаш,— жер аруы!..
Жаңбыр емес, сел болып әлгі жауған,
Ол Сұлудың көз жасы мөлт-мөлт тамған.
Анау дауыл қиратқан талай үйді,
Қатты ышқынып сұлудың демі алған.
Найзағай боп жарқылдап кекте ойнаған,
Жүректегі шер ғой ол от боп жанған,
Күн бата зарлы сұлу қалғыған соң,
Себебі сол: бәрі сап бола қалған!
Күн батты, көктің жүзі қоңырланды,
Бұлт сол көшкен күймен тамырланды.
Қирап қалған үйлерді күрке қылып,
Жұрт жауыннан адасқан жиды малды.
Дәл сол кезде түстіктен бір көп салтты,
Ауыл жаққа бет алып шоғырланды.
Ол шоғыр — ұрын келер күйеу еді,
Жанына ерген нөкері, биі, бегі,
Алдынан қарсы алуға аттанысты,
Күтуші Тілеуберді жігіттері,
Жүзден астам алдында салт аттылар,
Арт жағы шұбақ түйе көрінеді.
Он үйді бір қойнауға қойған тігіп,
Соған бұрды қарсы ала шыққан жігіт.
Оларда не уайым бар, амандасып
Қонақ үйге бет алды қарқ-қарқ күліп.
Түйелерге теңделіп келе жатқан
Кәде үшін әкелген болды мүлік.
Талай тоғыз айыбы тағы да бар,
Зейнетінен бай адам аяй ма мал.
Оған қоса босаға айып үшін,
Жүз жылқы тағы әкелген өңшең көкжал.
Бірер басшы ірі адам болғанымен,
Өзгесі: әнші, қу епті, шіренген сал.
Сұлуда не ой барын білмейді бай,
Мынау келген мүлікке көңілі жай.
Ұрын келіп осынша малын шашты,
Бұдан артық бай құда болмақ қандай.
Бірақ сол қонақтарға құрмет етер
Өзінен еркек кіндік адам болмай,
Байға осы ой азырақ ауыр тиіп,
Күрсінді тіршілікке көңілі толмай.
V
Далада ерсіл-қарсыл сабылған жұрт,
Есінен шала мас боп жаңылған жұрт,
Сия алмай «қуанышы» қойынына,
Бар-жоғы бүгінгі күн табылған жұрт.
«Қайғы» жоқ, «уайым» жоқ, «өкініш» жоқ
«Шаттыққа» белшесінен «малынған» жұрт.
Бәріне сүйтерліктей көрінді не?
Өшпейтін мәңгі шаттық берілді ме?,
Болмаса молда айтатын «сегіз жұмбақ»
Ашылып «хордың қызы» көрінді ме?
Немесе мылтық атып, қылыш шапқан,
Жаулары ұқсатылып жеңілді ме?
Балқытып әнші неге шырқайды әнді?
Күйлері домбыраның неге зарлы?
Көктегі көп жұлдыздың біреуі жоқ,
Себеп не, күліп тұрмай, сөне қалды?
Қап-қара түтектеніп түсі суып,
Қара бұлт бүгін неге қоюланды?
Жел неге ысылдады ішін тартып?
Әй неге бата қалды жүрмей қалқып?
Көл неге көбіктеніп жарды соғып,
Толқынды толқын ұрып жатыр шалқып?
Солардың аяйтыны жалғыз-ақ жан:—
Сұлушаш бүгін жалғыз қайғыланған.
Ішінде сол жиналған қалың топтың,
Алтай мен Сұлушаш-ақ назаланған.
Жиын кімдер?
Ойынға жиылғандар!
Бәрі де шат, оларда не «арман» бар.
Құлақ естір маңайдан іздеп келген,
«Күйеуді көреміз» деп мырза, салдар.
Шынтақтап тізе үстін, тізе баса,
Отырған қыз, бозбала араласа.
Балалар шуылдасып жүгіріскен,
Ойыннан басқа оларға не тамаша.
Бір жақта үймелеген толған қатың
Бастары аппақ болып шағалаша.
Жөнсуы бозбаланың шетте қалып,
Қатынғa қалжыңдайды жағаласа.
Ойланып «хан жақсы ма» сайланып хан,
Көтеріп әнші жігіт салады ән.
У да шу, күбір-күбір, сыбыр-сыбыр,
Жоқ шығар үн шығармай отырған жан.
Дауысы шоп ете ғап естіледі,
Жігіттің тың аузынан сақина алған,
Сүйгізген қыз көнбеген адамымсып,
Үкісі желкілдейді бұлғаланған.
Ойынды бозбалалар жүрген бастап,
Қолына есіп алған белбеу ұстап,
Қалжыңдап бірін-бірі қағып кетіп,
Жұлқысып әл жеткені жығып тастап.
Не десе өміріне құлдық ұрып,
«Хандығын» мақұл дейді бәрі қостап.
Күйеуді жұрттың түгел көріп бәрі,—
Десіп отыр «мырзамыз мынау ма әлі?!»
Кей кегі бар жігіттер Сұлушашты
«Мырзаңа болайын» деп табалады.
Бұрынғы от үстіне тағы от жағып,
Сұлуды одан жаман жаралады.
Ән, күй, жиын қызық қой, ойын, сауық,
Жазбады жүрегінің емін тауып,
Жиреніп естілгенмен құлағына,
Қабағы түсіп отыр қайғы жауып.
Білдірмей қасындағы тірі жанға,
Уһлеп күрсінеді ауық-ауық.
Көз ашып жоғары бір қарамайды,
Көз жасы маржандай боп домалайды.
Есінде дос дейтұғын жалғыз Алтай,
Басқаны досым бар деп санамайды.
Сорлыны қайғы басқан сал соққандар,
Неліктен «анау ма?!» деп табалайды!
Сұлудың бүгін жарға келген күні,
Не жығып, не жығылып өлген күні.
Келмеуге қанша белін буса-дағы,
Көпшілік жалғыз жанды жеңген күні.
Алтайдан басқа бір жан дос емесін
Көзімен бүгін анық көрген күні.
Сонда да білдірмеді жанға сырын,
Сезген жоқ қайғылысын адам мұның,
Бір өзі мың сан топты алдап кетіп,
Өзінше бәрінің де таппақ қыбын.
Ішінен сонда-дағы сескенеді,
Деп ойлап «жарар еді-ау болса мұным?!»
VI
Жел тұрып тан, атуға жақындады,
«Тан, атад» — деп бөдене тақылдады.
Тау құдірет— «құдірет, құдірет!..» деп,
Зар қағып көл басында қақылдады.
Көлде құстар оянып шу-шу етіп,
«Құдірет, құдіретті!» мақұлдады.
Жүгіріп Сұлушаштың жеңгелері,
(Сылдырап бұрымында теңгелері)
Сұлуға сөйлесуін жиілетті
Көрсетіп кәде алмақ боп көңілдері.
Қалай күліп жақындап келсе-дағы,
Сұлудың жылы сөзі көрінбеді.
Жанбайдың Айжан деген келіншегі,
Айжанды жандай жақын көруші еді.
Сырларын түгелімен ақтаратын.
Айжанға көп адамнан сенуші еді.
Тар жерде түпкі сырын ашса егер,
Жәрдемін беретіндей көруші еді.
Қап-қара тұнжыраған қара түнде,
Сөнгенде желден басқа дауыс, үн де.
Сұлудың ақ білегін мойнына асып,
Отауға келе жатыр Айжан бірге,
Аяғын Сұлу түзу баса алмайды,
Әл, қуат денесінен кеткен мүлде.
Жанына ақ отаудың келіп жетті,
Сұлудың буындары дір-дір етті.
«Ойпыр-ай, шаршадым-ау, жеңеше-ай! деп,
Сылқ етіп Сұлу жерге құлай кетті.
Басын сүйеп «оның не, қалқам!» деген,
Айжанға Сұлу тағы жасын текті.
Сұлудың Айжан сүйеп жарлы басын,
Буланған орамалмен сүртіп жасын.
Саусағын қойынына тығып тұрып,
Қолымен сипап жібек қара шашын.
Дей берді «Еркежан-ау, мұның қалай?
Қамығып не нәрсеге мұңданасың?»
— «Айжан-ай, жандай көрген жеңгем едің,
Саған мен жанашыр деп сенген едім,
Өзің айтшы, алдыңда тілегің бар,
Ойлашы, сол күйеу ме менің теңім?!
Бүйтерім бар, анадан неге тудым,
Құрысын бүйтіп көрген күнім менің!»
— «Қой, еркем, неге үйдейсің, олай деме!
Жай айтасың, күйеу кем болсын неге,
Ол бір елдің мырзасы сылқылдаған,
Бір өзі бір маңайға болған төбе.
Бүгін сөйлес, сырын біл, сына анық,
Күні бұрын көрмей жатып, уайым жеме.
Жанындай көретұғын жалғыз анаң,
Әдейі осы сөзді айтты маған.
Басқа жаннан дос көрер болмасыншы,
Анаң қастық айта ма сонда саған.
Жүр, еркем! Таң атады, кешікпейік,
Қанекей, отауға өзім ертіп барам
Ағаңды сүйе тұра сүймеймін деп,
Мен-дағы өп-өтірік бұлғаңдағам».
Айжанның сөзді Сұлу ішкі сырын,
Бұлай деп ойламайтын бұдан бұрын,
Жақсылық қыла ма деп күтіп еді,
Есіркеудің атынан көрмеді ырым.
Дос емесін көрді де белін буды.
«Рас, дұрыс... мақұл!..— деп — Айжан мұның!»
Маңайда үн атаулы қалған өшіп,
Жалғыз-ақ самал жел-ақ жатыр есіп.
Етегін торғын көйлек жел көтеріп,
Бір кезде сықыр етіп ашылды есік.
Алды тұман, не болмақ біле алмайды
Сұлу терең теңізге кетті түсіп.
Күйеу де және оның жолдасы да,
Төсекте ұйқтап қалған киім шешіп.
— «Еркежан, ұятты қой, отыр енді,
Бұйрық солай, тілдесер заман келді,
Мынау сенің қосағын, құдай қосқан,
Жолдасын, көрем дейтін көптен бергі».—
Деді де Ырыстыға кездестіріп,
Ақ үйден Айжан шығып жүре берді.
«Мырзамыз» түк те жауап қата алмады,
Амандыққа амандық қайтармады.
Сұлудың, мысы жеңіп, терлеп-тепшіп,
Тым болмаса «кел» деп те айта алмады.
Қасындағы жолдасы ұйықтаған боп,
Сұлуды «қарашы!..» деп сайқалдады.
— «Келіп ем,— деді Сұлу,— амандыққа,
Мен адаммын, жаным сен қорықпа, бұқпа!
Сен менің көрер жаным емес едің,
Шет болмайын деп келдім аруаққа.
Ең ақтық келген жолын, осы болсын,
Бұдан былай бұл жаққа жолға шықпа!»
Деді де есік жаққа жүре берді...
Біреуі төр алдынан түрекелді.
Құшақтай ап сұлуды аш белінен,—
— «Қой сұлу, шалқақтама үйтіп енді!
Көзіңді аш, басынасың кімді сайқал,
Бұзылған, құрытқан күң күллі елді!
Мынау сенің күйеуін,, сен қатыны,
Дәндеме, қол-аяғын, шідерлеулі.
Сен кімсің, осыншама дардаңдайтын
Қайдан ойлап шығардың менсінбеуді?!
Шатаспа!.. Қой!.. Дәндеме!.. көзіңді аш!..
Біз сендей үйреткеміз көп бедеуді»:
— «Сен үй деп тіл тигізбе, сыйлы қонақ,
Жаратқан мен емеспін күйеуді олақ.
Күйеу боп бір ауыз сөз қата алды ма,
Бергенде қалыңдығын үйге қамап.
Түбінде бөтен көңілім болмағанмен,
Мырзаңа әзір қылған сыйым сол-ақ,!»
— «Жоқ, сайқал, ол қулығын, болмайды!» деп.
(Қоя бер дегеніне қараған жоқ,),
Төсекке сылқ еткізіп алып ұрды,
Белі үзіліп, көзінен жарқ етті от.
Бозарып нарттай жанған тықыл беті,
Жалп етті ұзын шашы қара жібек.
Бассалды Ырысты да білегінен,
Шынтақпен бір нұқыды жүрегінен...
«Алтай-ау, тірімісің?! Қайдасың!» деп,
Қысылып зарлы Сұлу зорға алды дем.
Сарт етіп сол уақытта ашылды есік,
Қараңғы үйді көзі оқтай тесіп,
Ілгері ұмтылды да, Ырыстыны,
Жонынан дыр қамшымен жіберді осып.
Ырысты «ойбай өлдім!» деп бақ етіп,
Жыландай белге соққан түсті шоршып.
Сұлуды талықсыған көтеріп ап,
Ал жаным, есіңді жи, шық ілесіп!»—
Деп еді, демі бар да, дәрмені жоқ,
Сормаңдай бейне елік тұр сіресіп.
Күйеу жақ жаңа білді болған халды,
«Жауды» ұстап жабылуға үй қараңғы,
Біреулер қалқан болып, «қашпасын» деп,
Есікті жап деп іштен баса қалды.
Қорқақтар қиқушы боп, өз жандарын
Сақтайтын паналарға тасаланды.
Қызғандар намысына: «Ал, ұстайық,
Пәршалап өлтірейік осы адамды!»—
Деді де ұмтылысты. Сонда Сұлу
Ес жиып, ауызға ап «жасағанды»,
— «Алтайжан... құтыл! — деді,— мені таста!
Жеңбейсің жалғыз, өңшең есалаңды!»
Жан-жақтан суық қолдар жабысқандай,
Қордалы жылан көрген арыстандай,
Шошынды Алтай, қолдан түсті Сұлу,
Сылқ етті ақтық демін тауысқандай...
Шошынған Алтайда күш жоқ сияқты,
Жабылған мына топпен алысқандай.
Сонда ол қанжарына берді ерік:
Кейін жарып, кейбірін жанышқандай
Болғанда, жан түршігер бір шу шықты,
Тыңдаған болды естен ауысқандай.
Сып етіп үйден Алтай шыға келді,
Арты шу, құзғын, қарға, сауысқандай.
Тұр екен Тортөбел де тігіп құлақ,
Үстіне Алтай ырғып мінді бір-ақ.
Жөнеле бергенінде, арт жағынан
Жаулар да аттанысып қуды шұбап.
Жармасқанын сойылмен бір-бір қағып,
Талайының есі ауып қалды құлап.
Тортөбел ұшқан құсқа шалдыра ма,
Қара үзіп қуғандардан шықты жырақ.
Жаулардың қуғынынан аман шығып,
Атының алды Алтай басын бұрып.
Ыза-кектен алқынды, дем ала алмай,
Ой жүректі өңешке әкеп тығып.
Зарланды айдалада жалғыз өзі,
Бозарып атқан таңға қарап тұрып: —
«Сұм өмір, маған тартқан сыйын, сол
Бір ісім өмірімде баспады оңға.
Адасқан айдалада ақсақ аңдай,
Кездестім қайда барсам қазған орға.
Жалғыз сенген, сүйенген Сұлушашым,
Бүгін міне күң, болып қалды қолда.
Өткелге жолықтырдың Құланөтпес,
Бір тауға өрмелеттің өмір жетпес,
Мен не жаздым, не іске күнәлімін,
Неліктен маған бүйтіп болдың кектес?
Сорлы анам, сорлы ұлды неге таптың?
Тапсаң да тірі ғылып неге бақтың?
Көрсетер бір жарығың болмаған соң,
Өмірім неге әуелі тан, боп аттың?!
Жасымда өлмей, не үшін көрдім жарық?
Жасық болмай, неге өстім от боп жанып?!
Адам болып, басқамен тең болмасам,
Неге жүрмін адамның атын алып?!
Сорлы көз көрмесіңді неге көрдің?!
Біреуді қасіретке неге көмдің?!
Неге бірге өлмедім сол арада,
Сұлумен, ыңырсыған «елдім, өлдім!..»
Осылай өтпексің бе өмір құрғыр?!
Өстіп жүдей бермек пе көңіл құрғыр?!
Қаңбақша ұшып, у ішіп өткенім бе,
Үміт шіркін ілікпей қолыма бір?..»
Күн шықты нарттай жанып нұры балқы
Бұлттар демін бүркіп өтті қалқып,
Көп ойлардың артынан, Алтай іштен
Деді — «жасық болудан жігер артық...»
«Сұлуды арашалап алу жаудан...»
Барлық ойы құйылды соған сарқып,
«Қайсарды алып аттанар заман туды»,
Деп cap желіп жылқыға кетті тартып.
III БӨЛІМ
ЖОРЫҚ
I
Бұлдыр өмір, буалдыр, бұлдыр тұман,
Ой дегенің улы тіл, ол бір жылан.
Сол бұлдырда адамды булықтырмай,
Алып ұшпақ қияға қайрат — қыран.
Тапқыш ақыл қайратпен серіктессе,
Өжеттігі шығады келіп мұнан.
Сол қайратпен ақылдың жентегі боп,
Енесінен жаралған Алтай ұлан.
Алтай ер кейістіктің жүгін тартып,
Мойынға азап өмір қамыт артып,
Қайсардан басқа жұрттан бой таса ғып,
Аузынан «аһ!» дегенде жалын шалқып.
Күндіз-түні тұншықтырып үстін басып,
Қайғыны қара тұман көшті қалқып.
Өмірдің арпалысқан толқынында,
Тұншығып, жанталасып жүзді малтып.
Ішке тартқан демі де удай өртеп,
Мұрнына өлім исі келді аңқып.
Адамға талыққанда ән, күй серік,
Қайғыны көкірекке алған еніп,
Жаңғыртып ен даланы шырқап әнді,
Алады лықылдатып, төгіп-төгіп.
Бұлақтай көзі ашылған ауыр қайғы,
Жүрегін топ қылады тағы көріп.
Бетінен қаны кетіп күзгі шөптей,
Боп-боз боп, қан жоқ, сөл жоқ, қатып, кеміп.
Шілде өткен,
Түн ұзақ,
Үркер туып.
«Жеті ұры үркердің қызын қуып»
Шоғыр үркер жамбаста үріккен қойдай,
Барған мезгіл жүзіген айға жуық.
Қырау алды — басталған күзгі суық.
Бұлтсыз аспан күмісті камзол киіп,
Белуардан құс жолын алған буып.
Сол түні Қайсар, Алтай күзетте еді,
(Көп болған мұндай түнді күзеткелі)
Бұларға шапқан жаудай үрей беред,
Құлаққа масаның да ыз еткені.
Сол түні бұлар баққан бір топ жылқы,
«Қара-шоқ» дейтұғын бір өзекте еді.
Алтайға Қайсар:
«Алтай, сен енді жат,
Жақындап қалған шығар тан, атар шақ.
Кеп түн өтті, көз шырын бір алмадым,
Қарауылдап, маңымды болам ғой сақ.
Тортөбелдің ерін ап, оттатуға,
Маңымызға шідерлеп қоям тұсап.»
«Жарайды.
Қорқақ қоян демін алсын.
Ұйқыда ар жоқ, ұйықтайын, мейірі қансын.
Жануардың иығынан ер түспеді,
Тортөбел де аунасын біраз шалсын.
Бірақ, менің бағым бар,— қатер туса,
Арашалап алатын досым барсың.
Ие... Қайсар!.. Бұның да аты тірлік...
Бүйтіп көрген тіршілік адыра қалсын!»
Аттан түсіп, көк шөпке бауырын төсеп,
(Көк шөп қандай, иіскесе жұпарға есеп)
Жата кетті. Қор етті. Нені ойлатад,
Түк нәрсені елетпес — ұйқы есек.
Қызған бойын суытып, маужыратты,
Шық басқан сап-салқын мұздай төсек.
Түс көрді:
— Тақтай қанат қара бүркіт,
Шаңқ-шаңқ етіп, қанатын қомдап сілкіп,
Имек тұмсық иреңдеп, тіл жалақтап,
Самғағанда аузынан жалын бүркіп,
Болат тұяқ жарқылдап, шықты аспанға,
Екпінінен ыдырап, бұлттар іркіп.
Көкке шықты. Шырқады, жоғары өрлей,
Түймедей боп қарайды көз де көрмей.
Бір кезде жерге қарай сорғалады,
Атқан оқтай, екпіні соққан желдей.
Олай-бұлай қалықтап, жүйткіп өтті,
Бет алдында қарайған түкке төнбей.
Жүзген бейне ұқсап аппақ қуға,
Жүр еді Сұлу шашын жайып суда:
Өзеннің, жиегінде Ермек-дағы,
Ойнап жүрген балалық, пісіп буға,
Екпіні жел тұрғызған қанды балақ,
Қалықтап қылқын, қағып төнді суға.
Төнген қара қыраннан Сұлу сасып,
Шошынып, жүзген судан шыға қашып,
Жібек шашы жалбаңдап, жаны ышқынып,
Көйлегін басқа ілгенді жан таласып,
Жарқ етіп болат тұяқ тақтай қанат,
Сұлуды қара бүркіт қалды басып.
Үстіне Ермек бала түсе кетті,
Шыңғырған жеңгесіне жаны ашып.
Алтай да Тортөбелмен тұра шапты,
Тортөбел бар шабыспен құстай ақты.
Жеткенінше болған жоқ, екі жасты
Іліп ап, көкке қыран бір-ақ тартты.
Бес болатқа бүрілген қос сорлыны
Қысып қыран шыңғыртып, шырылдатты.
Тым болмаса қапыда түспес пе екен,
Деген жанша ер Алтай кекке бақты.
Көлбемей, аспанға тік өрлеп қыран,
Бұлттан өтті, бер жағын тұман жапты...
«Ойпырай, не болды бұл, не болды?!» деп,
Алтай жылап жіберді ышқынып кеп.
Өз даусынан шошынып түре келсе,
Түсі екен, бүркіт те, дәнеңе жоқ.
«Не нәрседен шошындың?» деп
Қайсар да Жетіп келді. Ер Алтай:
— «Мерт болды, мерт Сұлушаш та,
Ермек те аман емес,
Бұл түс қалай дәл келді ойыма дөп?!»
«Түс түлкінің боғы ғой, оған нанба!
Не кірмейді қысылып жүрген жанға»—
«Әй, Қайсар-ай, несіне жасырасың,
Бір сұмдық бар, сеземін, біздің маңда»...
Түсті жорып екеуі отырғанда,
Күншығыстан бозарып атты тан, да,
Жылқышы бір шал бар-ды Тұтқыш деген,
Жақын болып жүретін Алтайменен.
Көрген жерде Алтаймен шұрқырасып,
Дейтін: «қалқам, мен сені жақсы көрем!»
Таң ата жылқы жиып келді сол шал,
Астына бір қортықтау мініп денең.
«Алтайжан, сұмдық бар... деп (кемсең-кемсең),
Мен бір жаман сөз білем, маған сенсең»..
«О, не сұмдық, не ата, о не сұмдық?»
«Болып едің өзімнің баламдай сен.
Ел жақтан сені іздеп қуғын шыққан,
Қиналармын жаулардың қолында өлсең,
Бұл арадан тез жөнел, жөніңді тап,
Жаным ашып айтамын досын, көрсең?»
Кескіні Алтай ердің сұрғылттанып,
Өкпе алқынып, демін де зорға алып,
Денесін мұздай салқын қандар қулап,
Көзінде қызыл шоқтай ұшқын жанып,
Тұтқыштан қайта-қайта сұрай берді,
Деп: «Анық па, ата бұл, анық па, анық?!.
«Қалқам-ау, сенер болсаң, мұным анық,
Анығын Жылқыбайдан келдім қанып,
Сұлушашты бұзыпты бұзылған құл.
Деген саған жүр дейді атақ таңып.
Жақында қалын, қол кеп Сұлушашты
Еліне әкетіпті тартып алып.
Ермекті құда жаққа құл ғып берген,
Солай етпей қайтеді жаулар жеңген.
Осы істі бүлдірген Алтай бұзық,
Деп ұстауға қол шыққан біздің елден.
Кешегі күн астыртын кісі келді.
Сені алдап қолға ұстап бермек, Берден»
«Жарайды, ата, разымын келгеніңе,
Жаудан сақтан деп хабар бергеніңе,
Сәті түссе түптеп бір құтқарармын,
Болмаса қанға батып өлгенім де».
Кескіні қаратүнек ұқсап түнге,
Тыңдап Қайсар қабағы қатқан түрде.
Былай деді:
— «Алтай, мен жақсы білем,
Бір кемеге мінгеннің жаны бірге.
Қайда барсақ жұбымыз айырылмай,
Бала күннен дос болып қосылды ірге.
Достың достық борышы қайда өтелмек
Кезіп рақат іздесе тарлы күнде?
Саған дос боп, сырлас боп жүргенімде,
Ойымда жоқ бақ, дәулет, олжа, жүлде.
Сен қайда өлсең,, мен сонда бірге өлем,
Бұл есіңнен шықпасын,— мұны «бір» де!
— «Екеумізді достасқан тілек қосты,
Айнымайтын сенімді жүрек қосты.
Майданында еңбектің, қайнап піскен
Құрық ілген қажырлы білек қосты.
Байдың кегін кекпенен қайтарам деп,
Сұлу сынды аққудай түлек қосты.
Саған қосып мені де сұрғылт тұрмыс,
Бәйгесіне, жарысқа сілеп қосты.
«Бір біз емес, біз-сынды — құл, жалшы көп.
Топ-топ адам бір байда жылқышы боп
Жүрген жоқ па осында? Басқа байда
Пар емес пе тағы да осындай топ?
Өмір бойы соларда көрген рақат,—
Бір аяқ саумал менен бір асым ет.
Шоқпыт, Тұтқыш, Қарақұл, Жамандарды
Ілген құрық қартайтты жетпіске кеп.
Өмірінде қайтып ап, бала сүймей,
Жасар өмірі құлдықпен өтті жай тек.
Сол құлдықты ешбірі сезінбейді,
Аты адам, жүректе санасы жоқ.
— «Мыңдаған жылқыларды солар баққан.
Дамыл жоқ, ерте тұрып, кешке жатқан,
Рулы елде, байқашы, бір бай бар ма,
Бір күн келіп күзетте азап тартқан.
Елге барсаң жүздеген тағы жалшы,
Байдың күлін сыпырып отын жаққан,
Еңбексіздер рақатта, жалшы азапта,
Сол рақат көрсеткен малды баққан.
Құл-құтанға, жалшыға байлар жылан,
Денесіне қадалып тынбай шаққан.
— «Адам қазір екі жік:
қожа мен құл.
Құл-құлдықта, құлданып қожалар жүр.
Байға қарсы тұруға басын қосып,
Құлдан әлі туған жоқ тап ондай ұл.
Берденнің сені ұстап берем деуі,
Құлдың байға жағынған белгісі бұл.
Ойламауын көрдің бе Берден сұмның,
Бай тепкісін көрсе де отыз бес жыл.
Құл қожаға бас иіп бағынбауға
Талай, талай заман бар, бірталай қыр,
Қашан құлдар оянып бас көтерсе,
Біздің өмір оларға болады жыр.
— «Міне, Алтай дос, сұрасаң менің сырым,
Мұны саған айтқам жоқ бұдан бұрын,
Саған серік болғаннан осыны ойлап.
Айырылмай келеді сенен жұбым.
Мен саған өле-өлгенше шын жолдаспын,
Көкірекке орнаған иман мұным.
Біз көретін өмірде теңшілік аз,
Тіршілікте теңдіктен болмаса ырым.
Үйтіп тірі болғаннан не қасиет,
Қысқа өмірлі, тез өлер болып шыбын.
Жүргенше, сеніменен бірге өлсін,
Бірге ескен дос денем жазбай жұбын.
«Ылғи тұман қоршамас, бір ашылар,
Бір күні күн жарқырар, нұр шашырар.
Біз ашынып қоймаспыз, нәлет артқан,
Бейнет көрген құл біткен бір ашынар.
Біз елерміз, көш кешер, тұрмыс көшер.
Мықты кеуде құлдарға бір бас ұрар.
— «Бір орында тоқтамас, заман зырлар,
Құлдар ылғи құл болмас, бір күн шыңдар.
Ылғи қаратүнек күн төне бермес,
Алтын күнді бір көрер көзсіз құлдар.
Құл біткендер бірігіп көтерілсе,
Паналарға жер таппас, байлар сұмдар.
Құл жастар құлшылықтан азат болса,
Бізді атаусыз тастамас, толғар, жырлар.
Біз кешірген өмірді жырлағанда,
Жай тыңдамас азат құл жылап тыңдар!!..»
— «Жан жолдасым, разымын, разымын» деп,
Жылады Алтай Қайсарды құшақтап кеп.
— Ренжір, қалса қалсын деп ойлап ем,
Серікті неге әйтпесе көрейін жек.
Сендей сенер сырласы бар жігіттің
Арманынан шығуын қылмаймын шек,
Не өлерміз, кейінгі үлгі алар,
Не қайтар, күштілерден алатын кек!»
Бір атты қылаң етті сол арада,
Қайсар қарап:
— «Берден ғой, әне қара!
Алдап қолға түсіртпек болып жүрген,
Деп Тұтқыш айтып еді-ау, бізге, мана».
— «Ие, солай. Әйткенмен қауіп қылмай,
Қалайша бұл сескенбей келді дара?»
— «Сұрқиялық сазайын тартайын деп
Келеді ғой, «сыйына» сыйын ала!»
Сыпыртып бір жиренмен келді жетіп,
Жылқыны қайырған боп ағып етіп,
Атының басын тартып, сар-аяңдап,
Сұм Берден қастарына келді жетіп.
Түк нәрсені сезбеген адамымсып,
Күлімсіреп, баяулап өлеңдетіп.
Қалжыңдап:
— «Қосқа неге келмейсіңдер,
Жүрсіңдер безіп жұрттан неге көкіп!»
Ашулы Алтай шап берді тізгінінен:
— «Сыйқырланба бұзылған... білем... білем...!»
Берден сасып:
— «Ой, жаным, не айтасың?!
Ойының ба, шының ба, мынауың нең?!»
— «Аш көзіңді, сұрқия, кімді алдайсың,
Қулығыңды білмейтін шығармын мен.
— «Екі-үш жыл жылқы бағып болдық дәмдес.
Алып көрген күнім жоқ бетіңнен еш.
Мені жауға пенде ғып берем деуге.
Қалай қидың? Бұл жерін сен өзін, шеш!
Біл, білме... Қазір сенің қаныңды ұрттап,
Сенен бастап жауымнан қайтарам еш!..»—
Деді де,
Жағасына қолын салып,
Өзіне қарай аттан тартып алып,
Сол кезде жарқылдаған алмас қанжар,
Сүйіріп қос өкпеден кірді барып,
Қорқырап, қап-қара қан кекке шапшып,
Атынан ұшты Берден домаланып.
Бір кегім қайтты білем деген жанша,
Шырадай Алтай көзі кетті жанып.
— «Жүр, Қайсар, жаудан бұрын елге барам.
Баласын ақтық сүйсін ата-анам.
Сонан шығып, жарым менен Ермегімді,
Жер шетіне кетсе де іздеп табам.
Егер бұл ниетіме бөгет болса,
Кім болса да Бердендей қанға малам»
III
Өзеннің он, жақ беткей жағасында,
Иірілген бір қойнау, саласында,
Жапырағы сарғылттау түсі қашқан,
Шоқ-шоқ қалың талдардың арасында,
Күннің көзі түстіктен ауып кетіп,
Батыс жаққа құлаған шамасында,
Алтай, Қайсар аттарын отқа қойып,
Отырысты сол жердің жырасында.
Көпіршіп жарға соғып көбік ойнап,
Сүзгілесіп толқынды толқын айдап,
Сыр-сыр, шылп-шылп иіріп дөңгеленіп,
Шымырлап аласұрып жатыр қайнап.
Шошаң етіп, шабақтар қайта сүңгіп,
Сайрандарын құрып жүр, тойын тойлап.
Өзенді өрлей біткен жасыл құрақ
Бұлғаңдайды үкісі, гүл-гүл жайнап.
Екі аққу ақ күмбездей, суда жүзіп,
Сұңқылдап, қанатымен суды сызып,
Иірілген кез мойнын созып барып,
Көк құрақтың шашағын алды үзіп.
Шұбырысқан үйректің балапаны,
Маржан тастай еткізген жіпке тізіп.
Ән, күй, мұң жыр, көркемдік бәрі сонда,
Көзді еріксіз тартады түрлі қызық.
Шу етті бір уақытта барлық құстар,
Енесіне тығылды балапандар.
Алтай, Қайсар жан-жаққа қарай қалды
Дегендей боп:
Не болды, нендей іс бар?»
Көре қалды: аспаннан төмен қарай
Құйылған бір қараны, ноқаттай дәл,
Бір көк құс жұдырықтай ағып келіп,
Екпінімен қамыстың ішіне еніп,
Қайта шырқап аспанға шыққанында,
Тұяғына бір үйрек етті легіп.
Сұқсырдың баласы екен, сорлы анасы
Барқылдап қала берді дөңгеленіп.
Қайсарға бұрылып бір қарады да,
Ышқына күрсінді Алтай оны көріп.
— «Құс-екеш құстағы баласы үшін,
Аяғысы келген жоқ барлық күшін.
Ол келмеді. Жүрегі ойран шығар
Aпa үйректің қараса жарып ішін.
Ермекжанға қалайша елжіремес,
Ата, енемнің жүрегі, менің ішім...»
Деген кезде бірдеме сыбдыр етті,
Алтай да, Қайсар-дағы шошып кетті.
Аттарына жүгіріп барған кезде,
Тал сындырып бірталай түйе өтті.
— «Әкем де келген шығар, мен танимын.
Мына біреу тапалтақ қара лөкті».
Деп Алтай, атын ерттеп мініп жылдам,
Түйенің арт жағына қойды бетті.
Бір дауыс ызын, етті құлағына:
— «Тәңір-ау... Жеткізбедің мұрадыма!..
Ермекжан-ау!.. Қасқырға жемтік болдың...
Ұқсап бейне ешкінің лағына!..
Алтайжан-ау... Қайдасың?!.. Тірімісің?!..
Жау өлтіріп, жетті ме құмарына.
Екеуі де шыршадай өндір еді,
Өсіп жетпей кез келді-ау сынарына!..
Тәңір-ау... Неге алмайсың... қазаң қайда?
Шаққызбай тілі улы жыланыңа!» —
Әкесі екен, ер Алтай білді анық,
Жүрегі талқан болып кетті жанып.
Тортөбелді борбайға бір салды да,
Алдынан құйындатып шауып барып,
— «Әке!!» — деді.,
Шұнақ та тани кетіп,
Түсе қалды түйеден домаланып.
Бассалды аңсап жүрген балапаның
Көзінен қан аралас жасы ағып.
Шерлі жүрек шер төгіп босануға
Жарай алмай, сорлы шал кетті талып.
Ыңырсып біраз жатып жиып есін,
Құлынының төсіне тақап төсін:
— «Сен жоғалдың. Ермегім қолда кетті...
Одан жаман айрылды шала есім...
Әкетерде шырылдап жалғыз бауырың,
Деп кетті: « Көкем мені іздеп келсін!..»
Құлыным-ау, өлген жоқ, тірі жүрмін,
Білмеймін, аяды екен ажал несін!»
Шұнақтың ыстық жаспен бетін жуып,
Жүгіріп денеге қан, мұздай суық.
Буынын тәлтіректеп баса алмай,
Қайғыдан бар денесін алып уыт.
Егіліп еңіреген Алтай ерді
Тоқтатты Қайсар келіп жайып-шуып.
IV
Қайғы, мұңның құрдасы болған қара үй,
Сел болған көз жасына толған қара үй,
Албастыдай қайғының қара бұлты,
Үстін баса орнығып қонған қара үй,
Жерден қазған зындандай бой жаздырмай,
Пана қылған қу шептей солған қара үй,
Өмірдің үскірікті ызғары орнап,
Бас сұққандар дірілдеп тоңған қара үй,—
Күндегідей көз жасын төккізген жоқ,
Шерлінің жүрегіне у сепкізген жоқ,
Ауыл-аймақ ұйқыға кіріскенде,
Жылт-жылт етіп көрінді бұл үйден от.
От басында шоқиған екі адам,
Елегізіп бірдеме күткендей боп.
Күңкілдеседі. Шұнақ пен Тезек қой бұл,
Қуанышты, Алтайы келеді деп.
Қараңғы түн, бұлт жауып жерге төнген,
Ай, жұлдыз жоқ, жарық жоқ, түгел сөнген.
Дыбыс басар,— ысылдап ескен жел бар,
Жер үстін белуардан шық көмген.
Күз алды, жұрт тоңазып, шырт ұйқыда,
Түк нәрсе сезінбейтін, секілді өлген.
Сол кезде ауылға Алтай жүрді тура,
Сеніскен шын жолдасы Қайсар ермен.
Аттыларды көрсетпей шық жапты,
Маңқ етіп шабаланбай ит те жатты.
Сездірмейік адамға дегендей-ақ,
Сиыр, түйе мұрынын ыңырантты.
Ат дүбірін жел жақтан естімесін
Дегендей, бұлар орап түсті ық жақты.
Қараша үйдің түбіне келіп түсіп,
Сақ бол деп Қайсарға Алтай ат ұстатты.
Үйіне кіріп келді есік ашып,
Үй іші ең әуелі қалды сасып,
Тани сала Тезек кеп сүйіп беттен,
Құлынын аймалады құшақтасып,
Айғай салып қайғысын еркін төкпей,
Солқылдады төсіне басын басып.
Неше жылдай тас болған қос емшектен
Саулап аға жөнелді ақ сүт тасып.
Тезектің ойы айғай сап жылау еді,
Барлық мұның жыр қылып құрау еді.
Лақылдатып, ақтарып, шерін құсып,
Ыстық жаспен Алтайды бұлау еді.
Кеше құлынын сағынып жүргенінде,
Оның ойы осылай шыдау ма еді?
— «Біреу естіп қалар — деп шалы келіп,—
Дыбысыңды шығарма, шыда!» — деді.
Үй сол қалпы, сұмдық-ай, Ермегі жоқ,
Елестеді. бүркеніп жатқандай боп.
Бір дорба асық... талдан ат... ілулі тұр,
Төрде жатыр ойнайтын сиыр жүн доп.
Орынын иіскеп Алтай етпетінен
Жата кетті төсекке еңіреп кеп.
Ата-енесі құшақтап екі жақтан,
Жас сел болып, мұң басқан тақалды бет.
Үміт кейде тұрақсыз ұшқан бу ғой,
Ой дегенің күйдіргі, ол бір у ғой.
Көздің жасы жүректе жанған отты
Сендіретін себелеп, жай бір су ғой.
Жарға әкеліп жыққанын білгізбейтін,
Сиқыры мол, түлкідей тағдыр қу ғой.
Сол қулыққа алданған Алтай ердің
Түсе кетті көңіліне бір кезде ой.
Жұлып ап шошынғандай басын жерден,
— «Жігіт, жігіт болмайды қайғы жеңген!
Мен бұл істі әуелде бастағанда.
Иек артып қайратқа ғана сенгем.
Ермек, Сұлу сол күймен кете барса,
Тірі болып жүргеннен, артық өлген.
Апа, әке, құр жылап бөгемеңдер,
Бата алып кетпек боп жолым келген. —
«Ақ сүтіңді еркелеп емген ана,
Түн ұйқыңды төрт мезгіл бөлген ана,
Жатып жастық, иіліп төсек болып,
Мен үшін талай бейнет көрген ана,
Құлыным жетсе, қолымды жылы суға
Маламын деп балаңа сенген ана.
«Денеңе құлдық таңба басқан әке,
Нәлет қамыт иығыңнан жанышқан әке,
Біреу үшін еңбек қып, рақатын
Өзің көрмей, бай найза шанышқан әке,
Өміріңде бойын бір жадыратпай,
Күндіз күлкі, түнде ұйқың қашқан әке,
Екі құлыным ержетсе, қолым жетед
Деп алдыңнан рақатты тосқан әке.
«Жарқылдайды дейтұғын сондағы ұлық,
Шыға алмады бейнетке болып тығын.
Пайда орнына зәбірге батып белден,
Соқтықтырды біреуге мұрындығын.
Сау басына сақина тілеп алып,
Мойнына екі адамның артты құнын.
Сорлы ұлың бәйгеге басын тікті,
Сол құндарды алуға міне бүгін
«Сорлы анам, ақ сүтіңді борыш қылма!
Сорлы әке, қарғыс айтып, көзді жұмба!
Мен сендерге жоқпын,— бұл шын кеткенім
Екіталай келуім қайтып мұнда.
Кім білсін қандай құзғын жем қыларын,
Ойда, қырда, жазықта әлде шыңда?!
Ым қағып, күзге қарай айтып өтер,
Қайда өлдім? — Аққу, қаз, қайтқан тырна
«Кетпе!» деп жалынысты екі сорлы,
«Кетпеуге мүмкіндік жоқ, болмайды орны.
Жан-жағым жау, арандап аузын ашып,
Көзі шалса ұстамақ жайып торды.
Ұстамасын.... аламын арашалап
Мен үшін екі адам болған қолды» —
Деп орнынан түрегеп қош айтысып,
Белін буып Алтай ер кетпек болды.
Сорлылардың көз жасы ағып сел боп,
Кезек келді: — «құлыным, қайтем мен?» деп.
Құшақтасып, шығарып екі емшегін,
Ұсынды, «мә, жан сәулем, иіске, ем», деп.
Анасының сөзіне бойы балқып,
Алтай ер аңсары ауып, кетті шөлдеп.
Аймалап ана емшегін сүті аққан,
Иіскелеп аққан сүтті сорды дендеп,
Сүйтті де әкесімен құшақтасып
Айрылды.
— Қош!
Ата-ана,
Бақыл бол!» — деп.
Шешесі бетін тырнап, шашын жұлды,
Әкесі өз маңдайын өзі ұрды.
Жалғыздан тірі айрылар емес еді,-
Кірпіктері қимылдап талып тынды.
Алтай да ақылынан адасып қап,
Алақтап сықылданып бейне жынды,
Не болғанын білген жоқ, сүйретіліп
Келді де ессіз, түссіз атқа мінді.
V
Ел көшіп қысқы мекен етер жаққа,
Екі-үш күн жаппа тікті бір бұлаққа.
Шалғын орып, малдардың бүйірі шығып,
Тынықты шаршап келген қозы, лак, та.
Көштес ел кезектесіп қонақ болып,
Көш байсалды, батысты рақатқа.
Мәз-мәйрам боп күлісіп бой көтерді,
Бөлініп әркім өзі теңді сапқа.
Бұл көште Сұлушаш-ақ қайғы басқан,
Солған шептей кілбиген, өңі қашқан.
Өңешінен бір нәрсе тірегендей,
Қалды ұйқыдан және де ішер астан,
Жер жұтардай көрініп, басатындай
Көрінеді таудан да биік аспан.
Алтайды ертелі-кеш ойлай беред,
Бір орында отырып қозғалмастан.
Ермек те «қойшы» деген нәлет іліп,
Қой бағады табанын шөгір тіліп,
«Шұнақ құл» деп түрткілеп, көзге шұқып
Мазақтайды сорлыны әркім күліп.
Ойы құрғыр: Сұлуға, Ермекке де
Жүрекке кеп қадалған қара сүлік.
* * *
Жайылды ел ішіне бала бақсы,
Жұрттың сөзі — «бақсының алды жақсы
«Көріп кел, айтқандары теріс кетпейді.
Қобызшы, жауырыншы, құмалақшы!
Құрт ауру болды деп жорып қойған,
Байбосын да, елі де Сұлушашты.
Сол бақсы қаңғалақтап өзі келді,
Байбосын боп жүргенде алдырмақшы.
Жалаңбас, жалаңаяқ, үсті өрім,
Жырым-жырым жіберген балақ, жеңін
Жауырыны қақпақтай, тостаған көз,
Қарыс маңдай, қыр мұрын, жұқа ерін...
Жұрт шуласты; «шіркіннің, тұлғасын-ай!
Неткен бақсы қиянат біткен керім!
Көріп кел екендігі рас шығар,
Мына түрмен бұл бақсы болмас тегін!»
Өзіне не аруағын, бар дегенде,
Айтатыны «жолдасым қара перім,
Мен дауасын таппайтын ауру жоқ,
Қандай дерті болса да табам емін!»
Бай кешке меңсіз қара қойын сойды,
Лаулатып отты отауға жағып қойды,
Анда-санда ақырып, арыстандай,
Қимылдатып қояды бақсы бойды.
Ымыртта жігіттерді жиып алып,
Ақ отауда басталды бақсы ойыны.
Бip жаурынды бақсы әуел отқа салып,
Жан-жағына алара қарап алып,
Жылдамдата қобыздың қылын ысып,
Сарнады, күңіренді ыңыранып,
Бір кезде қыннан пышақ суырып ап,
Түрегелді санына жанып-жанып,
Жарқылдатып пышақты сыр жүгіртіп,
Соқтықты не кез келсе соған барып,
Бір уақытта керіліп алақ-бұлақ,
Жатты, тұрды, аунады, домаланып,
Сүйтті-дағы қобызды қайта ұстап,
Сарнап ала жөнелді тері ағып:
— «Сен қу қобыз, қу қобыз,
Зарлыға даусың у, қобыз!
Кірлеген көңіл бар болса,
Тазалап кірін жу, қобыз.
Шерліге шемен орнатқан,
Шайтанның қолын бу, қобыз!
Сен сақ қобыз, сақ қобыз!
Шерлінің шерін тап, қобыз.
Шерліні шерлі қылғанды
Жыланнан жаман шақ, қобыз.
Айы, күні батқанға,
Шырақ қып шам жақ, қобыз.
Күйіңнен қобыз жаңылма,
Сарна, қобыз, дарылда.
Мынау күшті екен деп,
Күштілерге жалынба.
Күштіменен күрессең
Сорлылар жүрсін жаныңда.
Елден жалғыз бейбақпын,
Ер-тоқымсыз жайдақпын.
Ененің сүтін ембеген,
Жетімек, арық тайлақпын.
Мені мінсең, қобызым,
Өлмеуімді ойлап мін.
Дұспанға мені мерт қылма,
Өзегімді дерт қылма.
Жолыма жусан бітіріп,
Алдымды жанған өрт қылма.
Жауымды жеңіп менімен
Бірге аттан, серт қыл да.
Ауру, мына сұлу шерліні,
Солдырған пәле белгілі.
Сол пәлені қуысу —
Міндетін, сенің ендігі.
Сенімен мен болмасам,
Өзгенің жетпес ерлігі.
(Қызынып) Сәуле басуын!
Алтын күн нұрын шашуын!
Ана бір борлы әлденіп,
Ана жаудың қашуын!
Ана бір сорлы көңілдің,
Көтеріліп тасуын!
Осы балым келер-ақ,
Қайғының оты сөнер-ақ,
Сұлуды басқан пәлекет,
Көресісін көрер-ақ, (Ақырып)
Сұлу қамықпа! Жазыласын, түсті сәт!»
Сарынын аяқтады, бақсы сүйдеп.
Қобызды азынатты қайта күйлеп,
Бір кезде тағы ұшып түрегеліп,
Жүгіріп үй ішінде кетті билеп,
Тағы-тағы сарнады, сөз артынан
Сөз шұбырды ағылып түйдек-түйдек.
Үйдегінің бәрін де қуып шықты,
«Пышақпен өлтірем» — деп «тегіс түйреп»
Бақсыны көргеннен-ақ бар денесі,
Шымырлап Сұлушаштың кеткен есі,
Басында күні бойы оралған ой,—
«Жаным-ау, біздің Алтай емес пе осы?!
Егер де Алтай болса жынданған ба,
Ел ақтап, бақсы болып жүрген несі?»
Жұрт қашып шығып сыртқа, бақсы екеуі
Қалғанда, күдік ойдың бар пердесі
Түріліп, танығанда ғашық жарын
Таң болған Сұлушаштың шықты есі.
VI
Бұрқырап, үйіріліп жерден шаңдақ
Бір топ салт қиқу салып келеді аңдап.
Ат дүрсілі бейне жер сілкінгендей,
(!алған айғай шуылдап, жау мұндалап!
Астарында жараған бір-бір жүйрік,
Қолда найза, қарында ілген садақ,
Зымырап жерден биік көтеріліп,
Топтан шықты бір кезде екі боз ат.
Бұл кезде төрт сергелдең басын қосып,
Күн туғандай жадырап көңілі өсіп.
Бойлары көтеріліп, күліп-ойнап,
Өткендей шетсіз,
шексіз суды кешіп,
Отырысты аттарын қойып отқа,
Қай жаққа кетеміз біз деп кеңесіп.
Күн күлімдеп, күзгі сұр бұлт жадырап,
Төнді аспан төбеден торғын бесік.
Бұлардың әңгімесін шаңдақ бөлді,
«Бұл не?!».—-деп көзін сүзіп олар төнді.
Қос боздыны көрді де «жау келеді,
Сұлушаш, Ермекпенен аттан енді!
Бұдан өлсем өмірде арманым жоқ,
Жан аямай қимылдар кезім келді.
Қане, Қайсар, отырма, атты әкеліп,
Үстіне, мықтап тұрып ертте ерді».—
Деді де, Алтай ерттеп атқа мінді,
«Не де болса тәуекел — көзді жұмды.
Сұлушаш Ермекпенен жөнелді де,
Қайсар, Алтай жауларға қарсы жүрді.
Қарсы шыққан қос адам көрінген соң,
Қос боз атты атының басын бұрды.
Садақпен Алтай бірін тартып қалды,
Оқ жаңылмай атқанға тура барды.
Кеудесіне дір етіп қадалып оқ
Бір боз атты атынан домаланды.
Сау қалғаны сол елдің батыры екен,
Жолдасы кеп Алтайдан кезек алды.
— «Оңбаған құл, мұншама неге тастың?
Қорықпай, үрікпей жерімді қалай бастың!
Тал түсте кеп төбеме ат ойнатып,
Қалайша жесірімді алып қаштың?
Қанын ішкен батырмын, талай сендей
Өлер жерін білмейтін есуастың.
Шұнақ құл, кімді тең боп басынасың,
Сен шалшықсың мен өзен қатты тасқын!»
«Мен де өзіңдей жігітпін оза туған,
Талай кешіп өткемін от пен судан.
Алған ойға жетпеген жігіт емес,
Деп, бұл іске бекем ғып белді буған,
Сендей талай тасыған ірі кеуде,
Өз қанымен өзінің бетін жуған.
Әзілдесіп тұруға уақытым жоқ,
Сөйлеме, кезегіңді ал, қане жылдам!»
Сайысқа екі батыр буды белді,
Қайрат тасып қыздырды Алтай ерді.
Түлкі алатын бүркіттей түсі суып,
Арыстандай ақырып жауға төнді.
Найзасын сілтеп еді, анау қағып,
Ортасынан омырып екі бөлді.
Маңдайынан шұбырып тер сорғалап,
Бұрқыраған шаң қылды майдан жерді.
Қайсар қарап, ішінен тілек тілеп,
Ер Алтайға дарыған күшке сенді.
Бір кезде Алтай өкпеден найза қадап,
Өкіріп жау атынан түсті құлап.
Бұлар қашып үлгермей кейінгі жау
Келіп қалды, созылып ұбақ-шұбақ,
Мидай дала қып-қызыл майдан болып,
Ойнақтап үсті босап шықты кеп ат,
Жаудың бетін қайырып жөнелісті,
Күн батуға таянған мезгілде нақ.
Қуған жау соңдарынан қалыспады,
Жақын кеп бірақ сойыл қағыспады.
Дүсір-дүсір бұрқылдап жерден шаңдақ,
Жер қозғалған сықылды шабыстары.
Жесір кетіп және де батыры өліп,
Жаудың қозды кеудеде намыстары,
Күн батуға таянып барған кезде,
Бұлар жаудан қара үзіп алыстады.
Өзінде Сұлушаш пен күтіп Ермек,
Тұр екен тілек тілеп «жәрдем бер» деп,
Қуған жау топ-топ болып келе жатыр,
Қайтпады, жеңгенмен алдын дендеп.
Ендігі істер бар айла — жүзіп судан,
Ар жағына, амал жоқ, өту керек.
Гүрілдеп долы өзен жатыр ағып,
Көпіршіп иірілген тасқын суда.
Бөріктей тас барады домаланып,
Өткел жоқ, тереңдігі мәлім емес,
Жау қиқулап келеді ұран салып.
Төрт сорлыны қамады екі жақтан,
Бірі жанды, біреуі жансыз тамық.
«Кел өтейік, тәуекел!» десті бәрі,
Көп жауға өтпегенмен келе ме әлі.
Күп берісті, бойламай ат аяғы,
Құшақтап ап жөнелді өзен-кәрі.
Дөңгелетіп төрт атты, тілсіз жаудың,
Сарылдағы күшейіп үдеді әні.
Арсылдап долы толқын иттей қауып,
Ат үстін жынын шашып көбік жауып,
Судағы сорлылардың көңіліне,
Кірді суға кетеміз деген қауіп,
Құр қарайған үстінде кісі қалып,
Ат құлағы көміліп ауық-ауық.
Ар жаққа тура бетін бұрғызбады,
Толқынды толқын қуып кезек шауып.
Бір кезде әлсіз Ермек талып кетіп,
Күп берді ат үстінен толқынға ауып.
Жынды толқын жынданып сылқ-сылқ күлігі,
Домалатып сәбиді әкетті іліп,
Тілсіз жау жас сәбиді аяған жоқ,
Одан жаман толқыды кәрін тігіп.
Ұстаймын деп ер Алтай ұмтылғанда,
Шоп беріп жөнелді Ермек суға кіріп,
Төртеуінің біреуі суға кетіп,
Үшеуі шықты-ау судан дымы құрып.
Сол кезде күн де батып бара жатты,
Мөлдір су енді қызыл қан боп ақты.
Қызыл көбік құтырып иіріліп,
Қып-қызыл боп толқынды толқын жапты.
Сәби Ермек бөленіп қызыл суға,
Өзеннің түбін қауып, мекен тапты.
Қызарған күн, қызыл су, қанды толқын
Кімді аясын тілсіз жау кәрі қатты.
Андаған жау қабақта қалды тұрып,
«Қап, бәлем!» деп тістеніп санын ұрып.
«Бауырым!» деп Алтай ер күңіренді,
Көзінен қан аралас жас шұбырып.
Бауыр шіркін өзегін өрттей жалап,
Жер бауырлап жатты Алтай әлі құрып.
Қайғының тұманымен дегендей-ақ,
Бір кезде қап-қара боп жабылды ымырт.
IV БӨЛІМ
КҮЙ
1
Көп таудың арасында арқадағы
Атақты бір сұлуы Қарқаралы;
Көркем кескін, Кербез тау адам түгіл,
Бұлтты аспандағы тарта алады.
Ол кезде мекендеген ел аз ғана,
Тайсалмай тауды кезіп жортады аңы.
Қоршаған Қарқаралы қорғанының,
Бұғылы тау отауы ортадағы...
Мезгіл күз, бар өсімдік тартқан сарғылт,
Тау төбесі аспанда буды барлық
Өзіне тартып алып, түнеріп тау
Тұрғандай түнде түгіл күндіз қалғып,
Сол кезде Сұлушаш пен Алтай,
Қайсар Бұғылыға тығылды, жаулар аңдып.
Баса алмай аяқтарын қия жайлап,
Тұрмыстан соққы жеді, көрді тарлық.
Аттарын келген кезде аңдар жарды,
Аяқ артар көліксіз жаяу қалды,
Оғы біткен садақ бір — сояу таяқ,
Құрғақ қолға қожа боп азулы аң.
Ұзаққа өрістетпей мазаны алды,
Ендігі табар тамақ тұзақ құрып,
Ұстау болды жымынан қояндарды.
Қылышын сүйреп ертең келгенде қыс,
Сүруі қиын тауда мұндай тұрмыс.
Таудан тайып бір жаққа кетер еді,
Аңдып жау аттатпайды бермей тыныс.
Ақыл, айла таусылып, қажып қайрат,
Кекке толып қазандай қайнады іш,
Осындай дағдарыстың бір күнінде,
«Істелік — деді Алтай — мынадай іс:
«Сиреді алып жейтін аңдар үркіп,
Қар жауып ертең сайға толса күртік.
Шаңғы киіп аяққа, аң аулайтын
Қолымызда жоқ садақ яки мылтық.
Бізді бұл қысқан қыстан сақтайтұғын,
Қолға түссе қырағы алғыр бүркіт.
Бір бүркіт мына тұрған «самұрық» та
Күн сайын көрініп жүр түлен түртіп.
Жеуіне даяр тұрып ет пен майлар,
Бүркітті еріккеннен салса байлар,
Бүгінгі біздің тұрмыс үшін бүркіт
Әрі тамақ, аңдарға әрі айбар.
Егер де сәті түсіп ұстатпаса,
Сіле қатар кез болды бармақ шайнар.
Бұл үміт ілікпесе, суық түссе,
Дей алмаймын елімнен басқа жай бар».
«Етпейік — деді Қайсар,— текке уайым,
«Самұрықты» шолғамын, білем жайын,
Егер де шығуға сен жүрексінсең,
Етекте қал, биікке мен шығайын.
Бер жағы күз болғанмен, арғы беті
Саусақтың саласындай жиі қайың.
Тәуекел!
Өзің айтшы: қалайша күн
Көресің?
Жаудан тайып, таудан тайып!..
Уайымда, уайымдама ажал біреу,
Керек жоқ бізге оны ойлап жүдеу,
Уайым — дауыл, адам :— үй, соққанда ол
Жыққызбайтын ығында ақыл тіреу.
Неге тірлік іздейміз бітсе өлмей,
Егерде алдымызда бітсе тілеу?
Демегін бұл сөзімді: сөгу, мінеу.
«Келгенде осы тауға кездескен шал,
Бізге берген бір тор мен бір арқан бар,
Арқанды белге байлап мен шығайын
Бір ұшын ұста да сен төбеде қал.
Арқанды байлағасын құласа да
Түк қылмайды қандай құз, болғанмен жар.
Кәнекей осы қамға кірісейік,
Құр оймен басымызды қылмайық дал»
«Онысы рас — деді Сұлушаш та,—
Күн көрелік, бүркіттен амал басқа
Таусылды. Тәсіл тауып айла құрып,
Шығу керек қайткенмен қия тасқа.
Егерде сырты қою орман болса,
Емес пе тастың өзі тауға баспа!»
Қайсар, Алтай мақұлдап Сұлушашқа
Деді,—
«Бірақ, сен бұған араласпа!
Еш қауіп көңіліне келмесін ой,
Ақылын тапса тауға жетеді бой.
Біз кеткесін манағы тұзақпенен
Ұстап алған жақсылап қоянды сой.
Біз аса кешікпеспіз.
Оралғанша Жадырап ішетін бір ас қылып қой.
Сәті кеп, бүркіт қолға леге қалса
Қыс бойы қоян асып жасаймыз той!»
II
Үмітін тіршіліктің жүктеп ауға.
Тырбиып тасты төсеп омырауға,
Кейде ұстап қайыңнан, кейде тастан,
Асылып кей мезгілде арқан бауға.
Өкпесі күйіп кейде, дем ала алмай.
Жақындап таудан төмен домалауға,—
Қайсар мен Алтай ұзақ бейнет шегіп
Алқынып бір мезгілде мінді тауға.
Дүрсілдеп шапқан аттай соқты жүрек,
Терлеген кескіндері қара түнек.
Шынтақ, тізе, төсінің терілерін
Ағызып қанын тастар түскен іреп.
Бір тасқа отырысты дамылдауға,
Бір тасты демеу қылып арқа тіреп,
Бұлардың бұл биікке шығулары
Бір емес, осыменен екінші рет.
Қарамай денесіне тастар жырған,
Бейнетпен асып нелер қия, қырдан,
«Самұрықтың» өркеші — Сандықтастың
Төбесінде ұялы қайын, тұрған.
Сол ұяға өрмелеп Қайсар барып,
Бүркітке бұтақты өрлей торын құрған
Сандықтас төрт бұрышты бір биік құз,
Тасы бейне сырғанақ жып-жылтыр мұз,
Аяқ басар, қол ұстар жерлері жоқ,
Басына шыға алмайды баспалдақсыз.
Не заманнан бүркітке қонақ үй боп,
Басындағы ақ қайын, өскен жалғыз.
Қайыңдағы ұяға қолы жетпей,
Талайлардың жігері қайнаған қыж.
Ар жағы Сандықтастың тұңғиық жар.
Қайың өскен сол құздың жарына дәл.
Жар қабағы сырғанақ,
Тұру қиын,
Беліне арқан байлап шықпаса әгәр.
Жар тасының қырының өткірлігі,
Қайралған, қылпылдаған пышақтай бар,
Сандықтастың ен бойы өрлегенде
Аранын ашып тұрған бейне — ажал.
«Жан керек батырға да» дегендейін,
Екі дос үндеместен көпке шейін.
Отырысты,
Алтайдың ауды көңілі
Қайтуға кейін қарай болып бейім.
Сандықтасқа шығуға олай-былай
Ойлап, онда таусылды ақыл-зейін.
«Қане, Алтай, тұрайық» деді Қайсар
Отырып дем алғаннан біраз кейін.
Екеуі түрегелді қосыменен.
«Бітті ме — дегендей — іс осыменен?»
Бір-біріне төнісіп,
Көз қарауы
Арқылы ұғысты дос досыменен.
Оқысты көздерінен жазуларды
«Өлер я тірілер жер осы» деген.
Толқыған ой тірелді деген жарға:
«Қорыққан да күн көреді несіменен!»
«Ләм десіп бір-біріне келмей сөзге,
«Қайтайық» басыңқырап тұрған кезде,
Бір нәрсе далбаңдаған Сандықтастың
Төбесінде ұшырай кетті көзге.
«Алақай!.. Бүркіт, бүркіт, бүркіт, бүркіт...!
Дегенмен тіл келмеді өзге сөзге.
Шумақталған арқанды Сандықтастан
Лақтырып түсірді Алтай лезде.
— «Қане, Қайсар,— деді ол — ұшын ұста!
Өрмелейін тұзаққа түскен құсқа»
— Жоқ, Алтай, сен бармайсың, мен барамын!»
— «Мен барамын!..»
— «Мен барам!..»
— Ол дұрыс па?
«Егерде бізде достық рас болса,
Кезектесіп кіреміз не жұмысқа!»
Ерегістің үстіне екеуі де
Ойлады, деп: «қырсық па, әлде ырыс па?»
Алтайдан қалап Қайсар кезек алды,
Өрмелеп Сандықтасқа қинап жанды,
Тер құйылып, алқынып, өлдім-талдым
Дегенде төбесіне зорға барды.
Шаңқылдатып, шекпенге орап, төмен
Жіберген бүркіт зырлап кете барды.
Сол кезде басқан бұтақ сынып кетіп,
Асылып құзға Қайсар тұра қалды.
Домалап бүркіт төмен түсті аман,
Қайсарға бірақ Алтай болып алаң.
Айғай салды биікте:
«Бар ма Қайсар,—
Деп оған — әрі сырғып түсер шаман,?»
Алтайға талусырап келді дыбыс:
«Қош бол, ажал таянды — деген,— маған!..»
Көзінен жас Алтайдың кетті ытып,
Ішіне ауа емес, жалын жұтып,
Арқанды қарағайға шырмай тастап,
Өрледі тасқа өзін-өзі ұмытып.
Тас та тіреп кеудеден жіберуге,
Төс терісін айырып түсті сытып,
Төбеге шығып төмен көзін салса,
Қиық арқан тұр досын зорға тұтып.
Еңкейді, созды қолын, жетпеді қол,
Қия тас қол жетуге бермеді жол,
«Қайсар-ау енді қайттім?!»—деп зарланған
Алтайға талусырап қарады ол.
Арқанның соңғы жібі қиыларда
Айтқан сөзі:
«Жан досым, сен аман бол!
Қиылып арқан, Қайсар кетті құлап.
Тимеді тас та аяп жолда бірақ.
Құзғын мен қарғаларға шоқытпайын
Дегендей сарқырама бөлеп бұлақ.
Көмуге көлге сорлап жөнелгенде
Жолында жабырқаңқы тартты құрақ.
Не қыларын біле алмай, Алтай жарда
Бұлақтай жасы саулап тұрды жылап.
III
Сайтанкөл Бұғылының қыр басында,
Саладай қарағайдың арасында.
Сол қарағай ішінде іші пысып,
Зар болып көзге ілігер қарасынға,
Жан-жағына жаутаңдап, үрейленіп
Екі биік қабақтың арасында,—
Сұлушаш ұзақ терең ойға кетіп,
Тұрды көлдің бір биік жағасында.
Айнала иірілген таулар жалғас,
Құзар биік басына бүркіт бармас.
Әсіресе «Самұрық» құзын көріп,
Деп ойлады Сұлушаш «бара алмас».
Жүрегі кетеді айнып қарағанда,
Шыққаны еске түсіп тауға алғаш.
Көзіне мөлтілдеген жасын іркіп
«Ә, жасаған,— деді ол — ақ-сарыбас!»
Сұлушашпен қосыла бірге жылап,
Тастардан бейне фонтан атып бұлақ.
Домалап төмен қарай көз жасындай
Іркілмей Сайтанкөлге жатыр құлап.
«Уһ» деген лебіне тау желденіп,
Белдерін бүкті көлде жасыл құрақ.
Шөп басы қимылдаса Сұлушаштың
Үрейі ұшып оған да түрді құлақ.
Зорайтып біраздан соң жел де күшін,
Үрледі өршелене тартып ішін,
Торғын аспан түнеріп мейірімсіз,
Бетіне біте қалды сұрғылт пішін.
Құндағы қабақ түйіп, бетін бүркеп,
Көзін жұмды әлдекім қайғысы үшін.
Қайтқан қаз «етті деп жаз»
Сұлушашқа Амандасты көрдік деп күзден қысым».
Сұлушаш деді қазға:
— «Ә, қайтқан қаз!
Бітті деп бұл маңайдан барасың жаз.
Бізге де бұл маң сендей суық қарап
Не аңда, не адамда досымыз аз.
Аз емес, жоқ төңірек толған аран,
Біз түскен жол емес пе, сыз, батпақ, саз
Сондықтан қаз, мен сені досым көріп
Құлақ салсақ азырақ айтамын наз».
— «Көлге кеп қон, асығыс қанат қақпа!
Серіктерге сендерді дейін «атпа!»
Тым болмаса тоқырап жөніңді айт,
Барасың бетті бұрып қандай жаққа!
Әлі де барар жерің жарқыраған
Мәңгілік жазы туған түгел шат па?
Ондай жер болса бізге жөніңді айт,
Жетейік іздеп барып біз де баққа»
— «Ол жерде мұндай емес түзу заң ба?
Сатпай ма адамдары арды малға.
Малы жоққа малы көп зорлық қылып,
Баспай ма маңдайына құлдық таңба.
Малы көптің жүрегі қара тас па?
Сала ма олар құлақ қайғы-зарға?
Болмаса жадырай ма, жылағанды.
Итеріп есіркемей жығып жарға?
— «Онда да сүйіскенді айыра ма?
Сүйгендер сүйдім деуге тайына ма?
Сүйгендер сүйдім деген сөзі үшін,
«Бұзық жан» деген атқа жайыла ма?
Қарамай қарсылыққа малы көптер,
Сүйместің басын малмен қайыра ма?
Шығара ала ма онда сүймегендер
«Сүймеймін» деген сөзін жарияға?»
— «Болмаса ноқтаға бас сұғына ма?
Ноқтаны бостандық деп ұғына ма?
Егер де сұғынбаса соры қайнап,
Жұрт түгел дұшпандыққа жұмыла ма?
Жұмылса жұрт «жазықты» атанғандар
Біздей тауға бас қорғап тығыла ма?
Тығылса тауға, ішер тамақ таппай
Top арқалап тоғайға шұбыра ма?..»
Көзіне осы кезде алған іркіп,
Сұлушаш орамалмен жасын сүртіп
Қарады ұшқан қазға кеткен жырақ,
Біразға дейін Сұлу қақпай кірпік.
Көзінің қарашығы қадалғанда
Атса егер кетпестей болды мүлтік.
Қаздар ғайып болғанда Сұлушаштың
Есіне іздеп кеткен түсті бүркіт.
Қарады көзін сүзіп Самұрыққа.
Самұрық ұшар басын сұғып бұлтқа
Тұр екен,
Төбесінде бірдемелер
Қозғалып қыбырлады ұқсап құртқа.
«Жасаған,-— деді Сұлу,— жолын беріп,
Зарыққан жолаушының жүзін жыртпа!»
Сол кезде таудан төмен ұшып түсті
Бір нәрсе зорға елестеп, ұқсап мұртқа.
Сұлудың жүрегі су ете қалды...
Кескіні бір сұрланды, бірде жанды...
Бірақ «жоқты жорамал қылмайын» деп,
Ойын бөгеп, аяңдап қосқа барды.
Етуге ермек, көңіл көтеруге,
Қолына бір мезгілде қобыз алды.
Құлағын бұрап, перне басқан кезде
Жаңғыртқан тауды лебіз шықты зарлы.
Сарнады қобыз, тауды күй кернеді,
Көркем күй, тауды асып көкке өрледі,
Өрлеген күй жағалай жортқан аңның,
Аяғына тұсау боп жол бермеді.
Қосына қайтқан Алтай күйді естіп,
Бірақ көзі, бұлдырап түк көрмеді.
Жұтқан ауа көк түтін тәрізденіп,
Инедей боп қадалды желдің лебі.
Сұлудың бармақтары қылды басты,
Басса қылдан күй шықты зарлы, ащы,
Ащы күйге шымырлап балқып бойы
Ырғытып қара көзден төкті жасты.
Сол кезде есік алды буалдыр боп,
Даланы қою қара түтін басты.
«Бұл не?» деп сұлу сыртқа шығып еді,
Өрт екен,
Тасыр-тұсыр аңдар қашты.
Ерсіл-қарсыл жүгірді жанталасты.
Өрт қосты қамағанда, паналады
Білмеді не қыларын сұлу састы.
Сайтанкөл жағасында ол жартасты:
Шарпылған, күйген яки үрейленген,
Жан-жағында ілгері аңдар қашты.
Бір кезде көзі шалды Сұлушаштың
Жолбарысты жар тастан сұққан басты.
Сүйриіп жолбарыстың найза тісі,
Жылтылдап ауызынан тілдің ұшы.
Жымиып мұқыл құлақ ыңыранып
Құлпырып ала берен — тарғыл түсі,
Белдеме бүкірейіп, секіруге
Қызынып алабұртып бойда күші,
Ұмтылып бірнеше рет Сұлушашқа,
Келді оның алма бетін тістегісі.
Жолбарыс жонын ырғай, басқа шапты,
Маңдайға қобызбенен сұлу қақты,
Бір шегініп, өшіге тағы ұмтылып
Тағы ұрған қобызды барыс қапты.
Сұлушаш ышқына бір үн шығарды,—
«Алтай, Алтай!.. Қайдасың?!..» деген қатты.
Құтылмасын білген соң тістетпейін
Деді де, сұлу жардан суға атты.
Сұлушаш құшақтады құлап көлді,
Су-дағы құшақтады, дөңгеленді.
Алтай да сол минутте жарға жеткен,
Аңыраған жолбарысты ғана көрді.
Жолбарыс бұл келгенін сезінген жоқ,
Аңырып тілін жалап суға төнді.
Түтінді көзге тыққан жынды жел кеп,
Алтайға сыбырлады: «жарын, елді!..»
Жолбарыс қапелімсіз жарда тұрған
Алтайды аңдамай қап қанжар ұрған,
Бүйірге кірмей қанжар, санға кіріп,
Жалт қарап денесін де бұрды жылдам.
«Әп-бәлем қолға түстің!» деген ойын
Жолбарыстың білді Алтай ырылынан.
Төбеден бүріп тісін тигізбеді
Қарамай денесіне тұяқ жырған.
Састырды алысқан аң біраз бүріп,
Бір кезде кеудесінен қанжар кіріп,
Сылқ етіп құлағанда, үшті қанжар
Жүрегін қақ айырып түсті тіліп!
Әлсіреген жолбарыс аран аузын
Ашты да, құлай кетті белін бүгіп.
Жанталасып аяғын серпкен кезде,
Шек-қарнын ақтарды баурын тіліп.
Жүректен кейін тартып aп қанжарды,
Қан жұтты толтыра ұрттап атқан қанды.
Жолбарысты жеңгені неге керек
Сұлушашты сақтауға болмай қалды...
Сол кезде маңайын өрт орай жанып,
Дүние қара түтін, тұманданды.
Тау үшін күңірентіп ол зарланды.
Шығып еді сорлы Алтай безіп елден,
Өзіне серіктерді ертіп сенген.
Табармын деп ойлады басқа пана,
Жауының қолы жетпес жырақ жерден
«Арқадағы құнарлы орын осы»—
Деп тауы мынау тұрған іздеп келген.
Бауырына киіктей паналаса,
Осы ма, қарсы алып сыйы берген!..
— «Жирен сақал дейтұғын әулие бар,
Береді ұлсызға ұл, малсызға мал.
Қабыры Қарқаралы тауының бір
Биігінде, ізденіп барсаң әгәр,
«Сақтайды» деп сендірген еді оларды
Осы тауда жолыққан бір қойшы шал.
Әдейі іздеп барды әулиені,
Дегендей «суға кеткен қармайды тал».
Қиядан іздеп оның тапты көрін,
Моласы бейне тастан өрген өрім.
Тау басында тостаған секілденген
Жылыжұрт дейді екен оның көлін.
Жылыжұрты — суық жұрт болып оған
Аттарына жұмсады бөрілерін.
Жылы жұртқа қонғанның ертеңінде
Үш аттың тапты пұшпақ терілерін.
Жанына балап жүрген Торытөбел
Деген жоқты Жылыжұрт басында өлер.
Өлді аты, қиылды, қос қанаты,
Жирен сақал әулие болса егер.
Есіркер орны осы емес пе еді,
Жарылқар, оны сүйер, демер, жебер?
Жібімеді, іздеді тағы аруақ,
Қысылса, жәрдем күтер, қолдар, сенер.
Көңіл қап Жылыжұрттың ырымына,
Сайтанкөл бар дегенде Бұғылыда,
«Адамға сайтан дұспан» деген елдің
Қарамай сіңіп қалған ұғымына,
О-дағы біздей қашқын, есіркер деп,
Барды ол Сайтанкөлге тығылуға,
Барлығы аппақ болса, ол сұмның да
Жүрегі оларды аяп жылыды ма?
Жылымады, келдің де жүрегі тас,
Боп шықты алла да қас, сайтан да қас,
Қастық емей немене, қыршынынан
Қиылды жандай досы Қайсар жолдас.
Қайсармен бірге елер еді, бірақ
Өлтірмеген панасыз бір Сұлушаш.
Сол жанының жарығы Сұлушашы
Ол үлгірмей, тереңге ұрды құлаш!..
Болашағын болжаса, жалмайын деп
Алдына келе қапты ажал сұм, аш.
Зарланды сонда Алтай қобызын ап,
«Күңіреніп,— деп қобызым,— кәне, сырлас!»
— «Сұм өмір сенен рақат табам деп ем!
Кектегі айды қол созып алам деп ем!
Тұлпар болып бәйгенің алдын бермей,
Кім де болса шалдырмай шабам деп ем!
— «Сұм өмір сенен кәусер ішем деп ем!
Тұрмыс тонын өзімше пішем деп ем.
Мен мықтыны мұқатам, мені мықты
Мұқатпайды, алдына түсем деп пе ем.
— «Маған дүние түп-түгел дос дейтін ем,
Байға дүние түп-түгел өш дейтін ем.
Егер маған дос адам аз табылса
Мен күреске бұлайша түспейтін ем.
— «Өмір шіркін алдадың, мен алдандым,
Алдады өмір, себеп не? Мен таң, қалдым!
Жеміс піспей ауызға түспейтінін
Білдім, білдім, түсіндім, енді аңғардым.
— «Қош бол жер, көпті көрген кәрі ана!
Құшақта — тентегім жат!—дегін ана:
Панасыз ем, жалғыз ем өзіңе аян,
— «Жоғалғыр жоғалды ғой» деме ана.
— «Дүниеге мендей талай тентек келер,
Адам өсер, көш көшер, өсер, енер.
Бұл күнде байлар ғана иеленсе,
Бір кезде құл ие боп сүтіңді емер!
— «Қош бол кек, көкшіл түсті жібек торғын,
Саяңда жігіт болып өсіп-өндім.
Кеше ғана қойныңда еркелеп ем,
Жалын сүйіп ақырда қойныңда елдім.
— «Сылдыр су, сыбырлақ жел, жылтыр көк
Алтын күн, сұрланған бұлт, ну қара ағаш.
Қош болыңдар шықпасын естеріңнен,
Көздеріңше мен көзден ағызған жас.
— Өлмеймін деп өмірмен арпалыстым,
Арпалысып талайдың қанын іштім.
Әлде болса тіршілік етер едім,
Ол болмайды.... қақпанға мықтап түстім!»
Өзіне әлемді Алтай жау деп ұқты,
Таппады өміріне ойлап жұпты.
Ойы кеп сол тұйыққа қамалғанда,
Түтінін өрт те орап көзге тықты.
Әрі ой, әрі түтін тұншықтырып,
Қысылды Алтай, өмірден үзді үмітті.
«Дүние көпсінгенің осы болса»,—
Деді де жүрегіне қанжар сұқты.
Жүректен қан шұрылдап кекке атты,
Ол қанды жалп-жалп қызыл жалын қапты.
«Сұлушаш!.. Қайсар-ау..» — деп дөңбекшіген
Алтайдың денесін от шыжылдатты.
Жел үрлеп қобыз қылын баяулатып,
«Көкейкесті» дейтұғын күйді тартты.
От сүйіп бозаң тартқан қара көздің
Алдынан талай сурет етіп жатты.
Алтайдың сіңірлері тыртысқанда,
Ышқынды да иегін бар-ақ қақты.
1926-1928.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі