Өзен мен Қарасу

Бұл бетте «Өзен мен Қарасу» атты Ахмет Байтұрсынұлы жазған достық туралы өлең берілген. Өлең мәтіні, текст, өлең жолдары және толық нұсқасын осы жерден оқуға болады.

  • 04.04.2015
  • 1
  • 3
  • 57514
Қарасу Өзенге айтты: «Ғажап мұның!
Мезгілің бар ма, сірә, табар тыным?
Тасисың бірде кеме, бірде салдар,
Қайықтың есебі жоқ сансыз мыңын.
Суыңда күндіз-түні тыныштық жоқ,
Қалайша шаршамайсың, жарықтығым?
Бейнетім менің егер сендей болса,
Бір күн де төзбес едім, нақ бұл шыным.
Байқасам салыстырып саған қарап,
Рақат, ұжмақ менің көрген күнім.

Ол рас, сендей атақ-дабысым жоқ,
Айбынды бұйраланған ағысым жоқ.
Планда орынды да көп алмаймын,
Қағазға сыймай тұрқым, онша ұзын боп.

Сонда да мендей рақат көрмек қайда!
Бейне бір мамық төсек түбім майда.
Жұмыс жоқ, уайым жоқ мен бір ханым,
Салдырып белден төсек, жатқан жайға.

Есепсіз рақатым, бейнетім кем,
Дермісің көрген күнің менімен тең?
Үстімнен кемелер мен салдар түгіл,
Жел қайық, тым болмаса, жүре ме екен?
Түседі жапырақтар кейде ғана,
Айында екі-үш рет көп болса ең.

Мазамды жел де алмайды төмен ойда,
Қозғалмай ұйқылы-ояу жатқан бойға.
Осынша әуре болып жүргеніңе,
Қаламын ғажаптанып қиял-ойға.

Сол шақта Өзен айтты: «Тоқта, надан!
Сөзіңді шығын қылма жоққа, надан!
Ісімді әурешілік, пайдасыз деп,
Білмесең, құр өтірік соқпа, надан!
Ағынмен су зораяр деген қайда?
Мұндай сөз хабарыңда жоқ па, надан?

Зорайып болдым өзен аққаныммен,
Сендей боп текке қарап жатпадым мен.
Толтырып сай-саланы жылда суға,
Келтірдім көпке пайда тапқаныммен.
Жайылса жер жүзіне дабыс-даңқым,
Оны да қарап жатып таппадым мен.

Бойыммен осы аққан алмай дамыл,
Ағармын әлі де болса неше жүз жыл.
Суалып оған дейін жатқан сенің,
Дүниеде атың қалмас, суың түгіл».

Айттырған періште ме, яки жын ба,
Әйтеуір Өзен сөзі шықты шынға.
Сол аққан қалыбынан жаңылмастан,
Жүздерден асып алып, кетті мыңға.
Суалып, қоқым тосып, балдыр басып,
Қарасу құри берді жылдан жылға.
Сарқылып он жыл болмай, дымы бітіп,
Су деген жоғалды аты ақырында.

Мысалы үлкен Өзен тынбай аққан –
Халықтар миһнат шегіп, рақат тапқан.
Жетісіп ғылым, өнер баршасына,
Толып тұр қанасына қонған бақтан.
Меңзеймін Қарасуды, қазақ, саған,
Талпынбай талап ойлап, қарап жатқан.
Барады қатар жұрттың бәрі озып,
Ілгері жылжымайсың жалғыз аттам.
Оянып, жан-жағыңа сал көзіңді,
Түбіңе жетпей қалмас қамсыз жатқан.
Өткізіп уақытты, өкінерсің –
Бәледен, басқа келмей, деймін сақтан.

Қазағым, сал құлағың нақылыма,
Түсініп айтқан достық ақылыма.
Сөз емес еріккенде ермек еткен,
Айтамын жаным ашып жақыныма.
Қозғалмай бұл күйіңмен жата берсең,
Боларсың Қарасудай ақырында.

Ахмет Байтұрсынұлы


Пікірлер (3)

Арайлым

Қара бұлт деген өлеңі барма?
Менде кітап болмағандықтан интернеттен іздеп отырмын

Ахмет Байтұрсынұлы

Өлен

Ахмет Байтұрсынұлы

Өлеңдері

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Өзен мен Қарасу өлеңінің авторы кім?

Ахмет Байтұрсынұлы — осы өлеңнің авторы.

Өзен мен Қарасу өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Өзен мен Қарасу өлеңі не туралы?

Бұл шығарма достық туралы өлең ретінде танымал. Өлеңде автор өз ойын көркем түрде жеткізеді.

Өзен мен Қарасу өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері