Сен менiң тылсым әнiм ең
Бұл бетте «Сен менiң тылсым әнiм ең» атты Есей Жеңісұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Сен менiң тылсым әнiм ең,
Сағынып жүрiп тауып ем.
Жалығар ма екен сенен де,
Жалыққан жүрек бәрiнен...
Көктемiм еткен күзiмдi,
Көкорай еткен iзiмдi,
Сағыныш тұнған тылсым ән,
Сорғалап барып үзiлдi.
Өзiме болмай керегiм,
Бәрiнен жерiп келемiн.
Қоштасып кетпек, апыр-ай,
Ең соңғы жүрек медеуiм.
Тылсым да тылсым ән едiң,
Жанымның тапқан дәл емiн.
Сап-сары саз ғып айта жүр,
Сол шақтың айтқан сәлемiн.
Аз күндiк көңiл ардағым,
Несiне сенi таңдадым?
Сағыныш тұнған әлемге,
Сапарлас бола алмадым.
Сен менiң тылсым әнiм ең,
Сағынып жүрiп тауып ем.
Жалғызсыратып кеттiң ғой,
Жалықтырдың да бәрiнен...
- Рымғали Нұрғалиев
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі