Азатпен қоштасу

Бұл бетте «Азатпен қоштасу» атты Гүлжауһар Сейітжан жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 03.09.2021
  • 0
  • 0
  • 834
Соңымнан ерген сыңарым,
соңыңда қалып жыладым.
Сарқырап ағар шағында
сарқылып қалған бұлағым.
Арман да арман, арман-ай,
арманда жаным қалғаны-ай.
Армандай сұлу шақта да
алады-ау ажал талғамай.
Айналайын, жан інім,
санамда қалды сағымың,
толысқан әбден шағыңда
таусылып қалды-ау жарығың.
Неліктен кеттің... неліктен...
қарт емес едің деміккен.
Жарқырап мынау дүниеге
өкінту үшін келіп пе ең...?
Өртенді-ау жасыл орманым,
бүлінді-ау берік қорғаным.
Армандай сұлу шағыңда ,
таусылып қалды-ау жолдарың,
Қанатың әлде талды ма,
үмітің отқа жанды ма.
Қу тірлік қинай берген соң,
шақырып әкем алды ма...
Көңілің уәйім терді ме,
түсті ме санаң кергіге.
Қор етпей сұлу тұлғаңды
жас болып қалғың келді ме.
Жалғыз қап жапа шектің бе
жүрекке улар септің бе.
Опасыз екен өмір деп,
түңіліп содан кеттің бе...
Айналайын бауырым,
қайғының көрдік ауырын.
Құрбаны болдың, әлде, сен
тірліктің бітпес дауына...
Дүниеден мынау кетерде
татқаның у ма, шекер ме.
Өкпелеуші едім тірлікте,
өкпелеппін ғой бекерге.
Мән бермей ұлы ұғымға,
іс болмай шаттық, мұңыңда
Сүйеміз деппіз ойланбай,
Білмейміз соны, шынында.
Кеңітті-ау ойлар етегін,
түбіне қалай жетемін.
Ұқпаппыз, бала, бауырды
сүюдің қандай екенін.
Атаның жоқ деп салтында,
деппіз ғой: «Ұшпа! Талпынба!» —
қабылдай алмай ceні біз
жаралған сол бір қалпыңда.
Деп ойлап судай тұнықпыз,
ұғуға жанды құлықсыз
өзімшіл ылғи пенделер
өрекпіп қарсы тұрыппыз.
Дүниеде сенің барыңды
аз көріп, бейіл тарылды.
Жүрмедің айтқан жолмен деп,
ауырттық қанша жаныңды...
Адамды ұқпау — тағылық,
ұқпаудан өлген сан үміт.
Ұқтыра алмай наладан
кетті ме жүрек жарылып...
Күдерді үздік, үзбедік,
қалмаған сынды бізге ерік.
Пәтуәсіз құйын-көңілге
жұбаныш енді іздедік.
Мақсатқа жеткен там-тұм-ақ.
мәңгілік кімге бар тұрақ.
Жас өттің жарық дүниеден,
бірақ та өттің жарқырап.
Алдында болып құрбыңның,
бақшасын көрдің бұлбұлдың.
Тәттісін таттың тірліктің,
шырыны дерлік мың гүлдің.
Адамның ұрпақ сәні шын,
ғұмырың үлкен табысың...
көз тартар көркем ұл-қызың —
Жазира, Дархан, Арысың,
Соларда қалар дулы әнің,
қорғаны болар туғаның —
әкеңнің қалған орнында
қос інің — Еділ, Думаның.
Кеткенде дүние дөңгелеп,
«Шырағы жаққан сөнбе!» —
деп, соларға құшақ жаярмыз,
көңілге енді сол медет...

1995 жылдың 22 наурызы.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Азатпен қоштасу өлеңінің авторы кім?

Гүлжауһар Сейітжан — осы өлеңнің авторы.

Азатпен қоштасу өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Азатпен қоштасу өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Гүлжауһар Сейітжан өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Азатпен қоштасу өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері