Ауылды аңсау – Мерей Қартов

Бұл бетте «Ауылды аңсау» атты Мерей Қартов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 11.09.2021
  • 0
  • 0
  • 852
Қайтемін, қалада үйім.
Шертемін дала күйін.
Сыртымнан күн күлгенмен,
Ішімде ала құйын!

Жылқысы шұрқыраған,
Жусаны бұрқыраған,
Тым ыстық көрінеді
Ауылдың жұрты маған.

Қаладан аласұрам,
Кетпейді жарасып ән.
Тарпаңдау жүрегімді,
Тағы да таң асырам.

Қаладан іш тарылды,
Ұмыттым құштарымды.
Сен жаққа ұшырамын,
Сағыныш құстарымды!

Толтырды шерді қалаң,
Аңсауды берді маған.
Қиялмен тауға шығып,
Түсімде сергіп алам.

Жүректе жаңбыр әні,
Тау мұңым жаңғырады.
Қаладан, қайырымды
Күтемін тағдыр әлі!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері