Өлең, жыр, ақындар

Сапар – ІІ

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 438
Мендегі бір сағыныш сарқылмаған, о, тәуба,
Айлы түнде ат мініп шықтым ұзақ сапарға.
Шашасына шаң жұқпас теңбілкөкті мініп ап,
Өзің жақты бетке алып келем жалғыз зымырап.
Қимай сірә не етемін, болсын кімге мінәсіп,
Жел кеулеген етегін қалды артымда лашық.
Шарап па еді шайырдың сағынышын қозғаған,
Аңсарына жете алмай бота-жүрек боздаған.
Өттім талай көлдерден, өттім талай өзеннен,
Білем шексіз шөлдеуден ернім әбден кезерген.
Көкірегімді мұң өртеп, қиялымда жыр жанды,
Бүгіп сансыз сырларды шөлейт-шөлейт құм қалды.
Етегімнен жабысып желде қалды жылаған,
Былдыр-былдыр тілінде айтып жатты бұлақ ән.
Тау қозғалып, жай түсіп, аспан құлап кетсе де,
Мені осы сапардан тоқтата алмас ештеңе.
Масаң көңіл оянып, өзегімде от борап,
Әнге салып қоямын:
«Әйтшу-әйтшу көкшолақ!»
Жатыр таулар мұнартып, басып бұлттар бауырын,
Таңғы ұйқыда мүлгіген мынау сенің ауылың.
Жеті түнде желпініп жеттім бе аңсап ақыры,
Сағына алмас дәл мендей ақындардың ақыны.
От құшақта өртеніп жатсам құлап тағы бір,
(Мені осы арманға жеткізе көр, Тәңірім).
Шайыр үшін аялы: сезім - көрпе, жыр - төсек,
Мен аңсаған баяғы мынау сенің күркешең.
Келдім кеудем күй толы, кепкен шақта кенезем,
Таңның нұры төгілген — біз сырласқан терезе.
...Мен келгенде неліктен оянбадың ерке мұң,
Енді амалсыз мен сенің әйнегіңді шертемін...

2004 ж.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Долданып жататын ағып

  • 0
  • 0

Долданып жататын ағып,
Теңіз һәм құлазыған жаға.
Қолына шақпақ тас алып,
Ең алғаш от жаққан ана.

Толық

Уақыттың шәлісін жамылып қаралы

  • 0
  • 0

Уақыттың шәлісін жамылып қаралы,
Басыңнан бір күн аунады ма ақыр?
Қып-қызыл қанға боялып тамағы,
Батыстың баба таулары жатыр.

Толық

Түн. Құлазыған бейне

  • 0
  • 0

Түн. Құлазыған бейне.
Айнаның жүзінде сағым.
Екеуміз өксиміз кейде,
Еске алып бақидың таңын.

Толық

Қарап көріңіз