Күз – Тоқтарәлі Таңжарық

Бұл бетте «Күз» атты Тоқтарәлі Таңжарық жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 759
Күз.
Айналам сап-сары,
Сап-сары атырап.
Алдыма кеп құлайды,
Құйын қуған жапырақ.
Оларды кім шектейді,
Сағынышы – салқын үн...
Құлағымнан кетпейді,
Қайтқан құстың қаңқылы.
Еркіндікпен табысып,
Барады ұшып сетерлер.
Қанатына жабысып,
Бірге ұшып кетер ме ем.
Дала тәнін шымшылап,
Ұялайды үсік кеп.
Қиялымда қыңсылап,
Жұртта қалған күшіктер.
Үнсіз ғана мұңдасқан,
Беймаза бір тіршілік.
Күңіреніп күзгі аспан,
Күзгі өзен күрсініп...
Жүрегімді бөлшектеп,
Жанарымда мұң басым.
Сұрғылт тұман көрсетпей,
Сұры даланың сұлбасын.
Мың жапырақ – мың сұрақ,
Жерді құшар ұшып кеп.
Қиялымда қыңсылап
Жұртта қалған күшіктер...

2003 ж.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері