Абайға – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Абайға» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 985
Абайға мен қараймын, Абай – маған,
Өткір, ойлы көзбенен абайлаған.
Құлағыма келеді қоңыр үні:
«Барасың сен,— дегендей,— қалай, балам?»
«Абайла»,— деп қарайды Абай маған,
Қадам сайын қайтсем сақ, абай болам?
Ойлар кешкен басымнан керуен көшіп,
Өтіп кеткен сияқты талай заман.
Тақиялы, тәкаппар, таныс тауым,
Арман болып жақындап, алыстадың.
Ақындарға ақылдан алтын көпір
Салып беріп кеткен бір данышпаным!
Атақ емес, адамсың ар ойлаған,
Атыңды естіп, әр күнмен арайланам.
Алға қарай бір қадам басқан сайын
Секілдісің артыңа қарайлаған.
Ашыныпсың «жұртқа» сөз тыңдамаған,
Жерге де алаң болыпсың, күнге де алаң,
«Соқтықпалы соқпақсыз жерде өсіп,
Мыңмен жалғыз алысқан жұмбақ адам...»
Жалғыздықтан жалықсаң, болмай күйің,
Шартарапты шырақ боп шарлайды үнің.
Өзіңнен соң сөз сөйлеп, бұл қазаққа
Қалам алу қолына қандай қиын?..
Қайда барсам, сөзіңе кезігемін,
Көздеріңнен алмайды көзін елім.
Өлең жазсам, Музаның шырқауынан
Өзің қарап тұрғандай сезінемін.
Батыс жаққа қарапсың рухтана,
Күн шығарып ұрпаққа біліп, дана.
Өмірден бұл өтіпсің күңіреніп,
Патшаға да бас имей, ұлыққа да...
Сезімменен құрады ақыл егес,
Кімге әділет, кімдерге жақын елес.
Ұмытқандар Абайды адам емес,
Ұмытқандар Абайды ақын емес...
Сәуле шашқан әр сөзі жақұт па еді,
Сезілетін адамдық уақыт демі.
Сиынатын алдында Абайы бар
Менің елім не деген бақытты еді?!
Ой көзімен қарайды Абай маған:
«Халің сенің,— дегендей,— қалай, балам?»
Абай мәңгі тұрады Абай болып,
Талай дәуір өтсе де, талай заман.
Абайға мен қараймын, Абай — маған!..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Абайға өлеңінің авторы кім?

Қанипа Бұғыбаева — осы өлеңнің авторы.

Абайға өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Абайға өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Қанипа Бұғыбаева өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Абайға өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері