Көктем – самал, сырымды елге жайыңдар – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Көктем – самал, сырымды елге жайыңдар» атты Қанипа Бұғыбаева жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 771
Көктем – самал, сырымды елге жайыңдар,
Көкірегімнен туған аппақ айым бар.
Билейтіндей бұраң белі солқылдап
Мен билесем деген биді қайыңдар...
Өмір – көктем үміт шоғын үрлеген,
Құстар, құстар ағытады сырлы өлең.
Шықтан моншақ таққан ару қайыңмен
Билеп кеткен сияқтымын бірге мен.
Өңір тілеп, көңіл тілеп сүюді,
Жиде жарып келеді, әне, түйінді.
Бірінен соң бірі жатыр қайталап,
Көктем оқып менің көңіл күйімді.
Дүние тұр сезім ішегін жүз бұрап,
Есінейді үнсіз таулар мызғып ап.
Кең даланы ұйқысынан оятып,
Қытықтайды күлкісімен қыз-бұлақ.
Мамыр – маусым салтанатын жер күткен,
Күннің көзі тіршілікті сергіткен.
Күмбірлетіп күйсандығын кеудемнің,
Көктеп тұрмын, көктем күйін шертіп мен.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері