Қазақ деген халықпыз – Алма Түсіпбекова

Бұл бетте «Қазақ деген халықпыз» атты Алма Түсіпбекова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 17.09.2021
  • 0
  • 0
  • 696
Өткенінен өкпек ұрып тұратын,
Жеңе алмаған ешкім, бірақ, мұратын,
Қазақ деген халықпыз!
Суға батпай, отқа салса жанбаған,
Қиялымен қияларға самғаған,
Қазақ деген халықпыз!
Қасиетін аңғарыңыз қанынан,
Арын биік қоятұғын жанынан,
Қазақ деген халықпыз!
Төр ұсынған досы түгіл - қасына,
Ақ құятын жыланның да басына,
Қазақ деген халықпыз!
Рухымды қандай дұшпан баса алған?!
Найзасына үкі таққан қашаннан,
Қазақ деген халықпыз!
Жүрегімде – тұнып тұрған мейірім,
Даламды көр!
Далама ұқсас – пейілім,
Қазақ деген халықпыз!
Жаны ауырса - әнмен, жырмен «емделген»,
Еркіндіктің құшағында тербелген,
Қазақ деген халықпыз!
Танып әлем – бағалаған, жол берген,
Келешегі күлімсіреп, қол берген,
Қазақ деген халықпыз!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері