Өлең, жыр, ақындар

Өмір – өткел

  • 17.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1129
Талайларды жылатқан, еңіреткен,
Өмір – асу,
Өмір – бел,
Өмір – өткел!..
Біреулер бар бекерге жолда қалған,
Біреулер бар бөкендей желіп өткен.
Біреулер бар жете алмай кері кеткен,
Біреулер бар жемісін теріп өткен.
Біреулер бар сел қылып маңдай терін,
Гүлдендірген даланы көні кепкен.
Қазынасын қалдырып ұрпағына,
Қасиетін халқының көріп өткен
Қаз дауысты Қазыбек, Жәнібектер...
Талайларды жылатқан, еңіреткен,
Өмір – құзар,
Өмір – шың,
Өмір – өткел!..
Талайлардың қайысып қабырғасы,
Талай нардың тарта алмай белі кеткен.
Біреулер бар байлықты мұрат тұтқан,
Біреулер бар өнерді серік еткен.
Біреулер бар сүйенген аяғына,
Самолетті біреулер көлік еткен.
Өмір, өмір...
Өмір – тау,
Өмір – өткел.
Талайларды жылатқан, еңіреткен,
Талайлардың құйқасын қайыс қылып,
Талайлардың жүйкесін темір еткен.
Жау қамалап жан-жақтан – төңіректен,
Талай қауіп төбеден төніп өткен.
Көрдік талай қысты да – қыспақты да,
Көрдік талай күзді де күңіренткен.
Жаздар да өтті... жадырап жылынбай-ақ,
Күттім сонда сағынып сені, көктем!
Келді бір күн...
Ақыры сол көктемім
Тұла бойды толқытып, тебіренткен.
Төзіп өткен, бәріне көніп өткен,
Сезіп өткен, бәріне сеніп өткен,
Келдің, менің көктемім,
Қайта туып –
Абыройың, атағың кеміместен.
Шығармаспын мен сені өмірі естен,
Қызыл гүлдей жайқалып төріме өскен.
Тойлап соны жатырмын күні-түні,
Көңіл деген, шіркін-ай, сері неткен!
Күндерімді ойласам қамығамын
Ақ-қараны айырмай теліп өткен.
Жанымызды жасартып, қан тазартып,
Жақсылықтың ақ самал желі үдеткен...
Несібесін ұрпаққа беріп өткен,
Бақытты еді қазақтың елі неткен!
...Махаббатқа бөлеген мені көптен,
Зар қақтырған, жұбатқан, еңіреткен,
Өмір – жалын,
Өмір – от,
Өмір – өткел!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Астанаға 15 жыл

  • 0
  • 0

Он бес жыл –
Бұл далаға мен келгелі.
Он бес жыл –
Гүл қалаға мен келгелі.

Толық

Аспаннан да асқақ-ау

  • 0
  • 0

Аспаннан да асқақ-ау
Ақындардың арманы.
Қолдан қылыш тастамау –
Батырлардың арманы.

Толық

Құс базары

  • 0
  • 0

Жібек желін жаз үрлеп,
Бір басылып, бір тынып...
Көлден ұшқан қаз-үйрек
Айрылады жыртылып.

Толық

Қарап көріңіз