Өлең, жыр, ақындар

Бір жыл өтті Сырбайсыз...

  • 18.09.2021
  • 0
  • 0
  • 417
Шыққандай жолға түнде айсыз,
Жүруің жалғыз ыңғайсыз.
Бұлбұлы кеткен тоғайдай,
Бір жылым өтті Сырбайсыз.
Тұлданған күндер – тек үнсіз,
Таба алармысыз емін сіз?!
Сырбайсыз – қыс та қытымыр,
Сырбайсыз көктем көңілсіз.
Көз жасы бұлттың сіркіреп,
Ұшпайды құстар дүркіреп.
Ағыл да тегіл сайлардан
Ақпайды сулар күркіреп.
Жанбайды күнде шырағы,
Қанбайды мүлде құмары.
Жырдарияның нақ өзі
Сырдарияның сыңары.
Беріліп ғажап сезімге,
Ойнайтын бір от көзінде.
Денесін дімкәс дерт шалып,
Демігіп жатқан кезінде.
– Қайырлап қалған кеменің
Көреді кімдер көмегін?!
Дәл биыл туған өлкеге
Бармай-ақ қойсам!.. – деп едің.
Дүбірсіз, тойсыз тұра алмай,
Сырқатқа мойын бұра алмай.
Соңғы рет қаққан қанатын
Тартып бір кеттің қырандай.
Қолында қалам – көксүңгі,
Өзіңдей ақын жоқ сынды.
Сол жолы...
Соңғы сапарда,
Сындырып қайттың топшыңды.
Нөсерін төкпей бау-баққа,
Жүзеді бұлттар аулақта...
Қалдырып қалың еліңді,
Қайырылмай кеттің тау жаққа.
Жыл өтті тағы тым жайсыз,
Алыстан қолды бұлғайсыз.
Жетеді үнің құлаққа,
Өтеді ғұмыр Сырбайсыз.
Алатау басы мұнар шың,
Мұнартып солай тұрарсың.
...Даланы, тауды көп жырлап,
Дамылдап жатқан шығарсың!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қайран тілім!

  • 0
  • 1

Жансын лаулап
Жүрегімде от барда.
Көздегенге жетпей көңіл тоқтар ма?!
Қайран тілім –

Толық

Бурабайда жартастар бар...

  • 0
  • 0

Бурабайда жартастар бар,
Неткен шебер тас қалас.
Құламастан тік қалған,
Жазық маңдай, қасқа бас

Толық

Көктемді күтіп жүрмін мен...

  • 0
  • 0

Кінәлап босқа өткенді,
Қайтемін айтып өкпемді.
Онан да, досым,
Осы күн

Толық

Қарап көріңіз