Ұлы арман – Хамит Есеман

Бұл бетте «Ұлы арман» атты Хамит Есеман жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 19.09.2021
  • 0
  • 0
  • 737
Ғаламның түйсігін қозғаған,
Дүниеде еш ақын жазбаған-
Ұлы жыр бастағым келеді,
Баурына басатын боз далам.
Фәниге алғашқы әм соңғы рет келгесін,
Елемей өлеңнен өңгесін,
Төрт шумақ ұлы жыр жазсам-ау,
Жұбатып жалғанның пендесін.
Ұлы жыр тек тартса жұртымнан,
Артылса мыңжылдық ұрқымнан.
Барлығын білген күн, тыйылар-
Айбатын шеккендер сыртымнан.
Өлеңге қайғымды қосқанда,
Аңсарым ауады аспанға.
Құс жолын бетке алып кеткенмен,
Айналсам мыңжылдық дастанға.
Фәниге ақын боп келгесін,
Елемей өлеңнен өңгесін
Ұлы жыр жазармын, Тәңірім –
Ұмытып кетпесе пендесін.
Қанатын қыранша қомдаған,
Қыранша зау көкке самғаған.
Тарихта санаулы-ақ ақын бар,
Ұрқына ұлы жыр жалғаған.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері