Аялаумен ақ келбетін арманның – Хамит Есеман

Бұл бетте «Аялаумен ақ келбетін арманның» атты Хамит Есеман жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 19.09.2021
  • 0
  • 0
  • 519
Аялаумен ақ келбетін арманның,
Жүрегіңе жүрек болып жалғандым.
Сезіміңнің саусағына сүйріктей,
Жарқыраған жырдан жүзік салғанмын.
Күлліәлемдік жалғыз ғана еркем ең,
Күй жараттым сезімімді шерте мен.
Жанарыңда жұлдыз болғым келеді,
Жиырмамда жүрегімді өртеген.
Ақ білегің...Тәтті лебің өзгеше,
Ақын ақын болмас оны сезбесе.
Өлең шіркін сұлулыққа құштар ғой,
Құралайды қағып түсер көздесе.
Аллам өзі құт дарытқан мүсінге,
Ынтығамын өңім түгіл, түсімде.
Сол сәтте де жырдан жүзік сыйлаймын,
Маңдайыңа жазылуым үшін де.
Жүрсің солай маған сезім мол артып,
Сені құшсам құшағыма қонар құт.
Жүрегіңе жырдан жүзік сыйладым,
Соны ендеше алмағайсың жоғалтып.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері