Өлең, жыр, ақындар

Көше ақындары

  • 20.09.2021
  • 0
  • 0
  • 439
Көше ақындары,
Көше ақындары,
Арғымақтары даланың,
Алшаңдай басып келе жататын
тротуарында қаланың.
Бiлмейдi оны бүгiнгi мынау
тәртiбi жақсы жас ақын,
Мен көрген сол бiр көше ақындары
шараппен шөлiн басатын.
Зар кезеңдер мен тар кезеңдерде қазақты
олар сатқан жоқ,
Көше ақындары
жер астында да
тып-тыныш ұйықтап жатқан жоқ.
Өмiрде сол бiр көше ақындары
жеңiлгендер жақта едi,
Көз жасыменен
топырақтарға көмiлгендер жақта едi.
Олар хақында сөйлейдi өксiп,
өкiнiп кейде шаттанып,
Мұңлықтарымнан мұра боп қалған
сыр шерткен ескi дәптерi.
Жабығып жалғыз бейiтке барар үн-түнсiз
жап-жас жесiрлер,
Еркелiктерiн кешiрдi ел,
ендi мұрасын зерттеп шешiңдер.
Артында қалған жас жетiмдердiң
қабырғалары қатпаған,
Көше ақындары сырласы түгiл
көз таныстарын сатпаған.
Далалық заң бұл ауызша қалған
бұрынғы өткен шалдардан,
Запы боп әбден топырағы өзге қазаққа
қатал заңдардан.
Жазады түбi олар жайында,
айтады түрлi мiнбеден,
Достары түгiл, дұшпандары да көре
алмай кеше күндеген.
Тағы бiр кеше көше ақыны өттi
опасыз мынау жалғаннан,
Сұлулықтар мен зұлымдықтарға
сәбидей бейне таң қалған.
Салқын өзендер сахарамызға асыққан
асып арнадан,
Талайларының баласы түгiл
моласы тiптi қалмаған,
Қара жер менiң көкелерiмдi
құшағына алған, жалмаған.
Жасай алмаған қатал тағдыр да
ары да берi қақпақыл,
Том-том боп қалған ата мұралар
қазақы нұрлы сапта тұр,
Көше ақындары,
басында мұңлы
Мағжан мен қайсар Қасым тұр,
Соңынан шапқан жас тұлпарлардан
екi алып солай басым тұр.
Көше ақындары
ерке ұлдары,
серке құлдары халықтың,
Солардың мен де көзiндей болып
бетiнде жердiң қалыппын.
Оралды көктем, құстар да қайтты,
тағы да жарды өрiк гүл,
Сендерден бiздi,
жер жарықтықтың үстi мен асты бөлiп тұр.
Адал сүт емiп өмiрi мендей
өлеңмен өткен қарағым,
Өзек өртейтiн көп ойларымды айта алмай
елге барамын.
Даласын сүйген тектiлерiм-ай,
кектiлерiм-ай қайтейiн,
Сендермен бiрге сан армандарым
кеттi менiң-ай қайтейiн.
Елеусiз өттi сұрама жаным,
жылама жаным қайтейiн,
Оңаша қалып көзiңнiң жасын
бұлама, жаным, қайтейiн.
Көк аспандағы көк байрағымды
көре алмай ерте көз жұмған,
О, менiң қайран ғұламаларым,
ғұламаларым қайтейiн.
Арыла алмастан ұлттық арман,
ұлттық асқақ ойлардан,
Асылдарым-ай аулақтау жүрген
қызыл жалаулы тойлардан.
Көше ақындарын
ұмытпаңдаршы,
ұмытпаңдаршы, адамдар,
Солар ғой кеше Алаштың үстiн
алты қаздайын айналған.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қар жауды

  • 0
  • 0

Қар жауды
кеше қыламықтанып,
Қонақтап жатты дөңгелеп.
Ашылмай жүрген сыр анықталып,

Толық

Жаздың бір әсем кешінде

  • 0
  • 3

Жаздың бір әсем кешінде,
Сарыағаш бағы есімде.
Дірілдеп аппақ саусағың,
Келе алмай тұрдың шешімге.

Толық

Әдеби орта

  • 0
  • 0

Бұл орта біздің шеттеткен топ боп ірісін,
Айтқым келмейді, айтпаймын оны құрысын.
Байқап жүр бала, аңқылдай берме мен құсап,
Сұқ көзден таса қалмайды жүріс-тұрысың.

Толық

Қарап көріңіз