Өлең, жыр, ақындар

Шығыс шайырмен сырласу

  • 22.09.2021
  • 0
  • 0
  • 304
(Толғау)

Айналайын,
алтын адам,
Менiң әкем секiлдiсiң жаны iзгi,
Жетi ғасыр жарқыраған,
Шамшеддин Хафиз тәрiздi.
Менi-дағы қара түндер тербеттi,
Қара көздер келбеттi
Он жетiмде отқа өртедi,
қақтады,
Жүрегiмнiң жаңбырларын селдеттi.
Қайран жырым кей топасқа жақпады,
Сарғыш тартты қара қыздың хаттары,
Бiрақ жүрек махаббатын сақтады.
...Патшалардың шiрiп алтын тақтары,
Қайда кеттi ұшқан құспен жарысып,
Ауыздықпен алысатын аттары,
Қандай патша ел үмiтiн ақтады,
Қылыш та жоқ
көтерiлген шапқалы,
Жылан да жоқ келе жатқан шаққалы,
Қылыштары быт-шыт болды,
тот басты,
Ел талады,
жер қарады соттасты.
Зұлымдықтың ұрпақтары әрқашан,
Соғыс құмар құзғындар боп топтасты.
Ұлы Хафиз,
саған айтар сырымды ұқ,
Миллион мәрте қызыл гүлдей жұлындық.
Адамзаттың тиылады көз жасы,
Жер бетiнен жойылғанда зұлымдық.
Жиырмасыншы ғасырдағы ақынды ұқ,
Теңiз түгiл мұхиттарды сапырдық.
Ұлы Хафиз,
өлең-жырдан басталған,
Сiз бен бiздiң арадағы жақындық.
Өз ғасырың артса саған ауыр жүк,
Өз ғасырым артып отыр маған жүк.
Ұлы Хафиз сенiменен алысқан,
Менiмен де алысуда жамандық.
Жердiң бетi дейтiн ғажап өлкенiң,
Жетi ғасыр бұрын өзiң көркi едiң.
Пәрәнжiмен бетiн жапқан қыздардың,
Жүректерiн ғазалыңмен өртедiң.
Аппақ айдай құдiреттi көркемiм,
Өз ғасырым жайында сыр шертемiн.
Адал жанға ақ жүрегiн ашатын,
Қыз алдында сөз таба алмай сасатын.
Ұлы Хафиз өзiңменен сырласты,
Жиырмасыншы ғасырдағы жас ақын.
Сүйгенiнен талай ғашық үздi үмiт,
Жабырқатты қайғы боп кеп күзгi бұлт.
Ғасырлармен жарысумен келедi,
Сен жырлаған сұлулық пен iзгiлiк.
Арын қорғап жарқабақтан жар ұшты,
Барын қорлап ақ найзалар салысты.
Ертектегi алыптардай жырларың,
Қара ниет ғасырлармен алысты.
Ғазалдарың бағаланып асылға,
Құлақ түрдiң қаншама мың тасырға.
Сенiң жырың жауды жеңген батырдай,
Аман жеттi жиырмасыншы ғасырға.
Талай сөнген жүректерге тұтатты от,
Гүл боп өндi, бүршiк жарды бұтақ боп.
Жетi ғасыр бұрын жазған ғазалдар,
Мәскеу жақтан шықты ғажап кiтап боп.
Жанымызды, тәнiмiздi сан улар,
Шет елдерде жасалса да қарулар.
Ұлы шайыр туған шағын Ширазда,
Әлемдегi бiлдi сенi арулар.
Дарындарға тұрды жырың жел берiп,
Сенi оқыдық бiздер ел мен жер көрiп.
Тебiрендiк бара жатып жырыңа,
Трамвай мен тамбурларда тербелiп.
Алматыдай әсем әндей астанам,
Жарқырап тұр, мен несiне жасқанам.
Ғазалыңды қайталадым,
о, Хафиз,
Билет алып шыға бере кассадан.
Сырым ғой бұл әлi ешкiмге ашпаған,
Шұғылам ғой су бетiне шашпаған.
Туған жердiң талдарындай таранған,
Ұрпағыңды әлдиледi сан арман.
Жетi ғасыр бұрын еккен шыбығың,
Бұл күндерi көз жетпейтiн қара орман.
Жиырмасыншы ғасырымнан алғысты ал,
Көктем,
күз,
жаз өтсе дағы сан қыстар.
Көрер ме едiң келiп,
шiркiн,
көзiңмен,
Орманыңда сайрағанын сан құстар.
Қазақ дейтiн бұл халықтың сырлары,
Гүл өңiнде, жүрегiнде тұрмады.
Ұлы Абай мен Қашағандар жырлады,
Ұлы Хафиз, мына бiздiң өмiрдi,
Аялдама, бұрылыстар ұрлады.
Өмiр қатал,
ұтқызбайды ұтылмай,
Көңiл жайын жұтқызбайды жұтылмай.
Сiз өмiрден өте алмайсыз алаңсыз,
Өсектер мен есектерден құтылмай.
Бiз өмiрден өте алмаймыз жасықтай,
Мейлi мақсат түссiн тiптi қашықтай.
О, зұлымдық,
алысамын сенiмен,
Қан қалғанша жүрегiмде қасықтай.
Жатсақ тағы жат өлкеде қансырап,
Санамызда жанып тұрды шамшырақ.
Жыландайын шақты улы сан сұрақ,
Бiр шөкiм бұлт қалды мәңгi көңiлде,
Жауа алмаған көк жүзiнде тамшы қап.
Ұлы Хафиз,
осы жолға бекiнгем,
Сырлас өстiм қаршадайдан жетiммен.
Осы жолда Махамбеттiң басындай,
Түссiн басым иығымнан, өкiнбен.
Ұлы Хафиз,
мiне, осылай бiздiң жай,
Сұмдықтарды көрдiңiз бе сiз мұндай?
Дарындылар ерте кеттi өмiрден,
Жырындылар көп жасаса құзғындай.
Жалындылар жанды қанша, жан баба,
Тесiлемiз таста қалған таңбаға.
Қаншама адам бейбiт күндi көрмедi,
Бiр тыныштық берген жоқпыз аңға да.
Қаншама мың жанарлардан жас тамды,
Қанша сәби әкесiнен жас қалды.
Гитлер сұм бүлдiрсе де жер бетiн,
Гагарин боп игердiк бiз аспанды.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Даламызға шапағатын шашты кім

  • 0
  • 0

Даламызға шапағатын шашты кім,
Кімдер келіп жасамады қастығын.
Айтыңдаршы, ағайындар, күні ертең,
Сақталмаса, не боламыз Дәстүрім.

Толық

Төрт қақпалы Түркістанға тағзым

  • 0
  • 0

Аласапыран жылдарды,
басыңнан талай кешiрдiң,
Қаншама шаңды жорықты,
санадан сызып өшiрдiң.

Толық

О, Түркiстан

  • 0
  • 0

О, Түркiстан,
шапағат бер,
cабыр бер,
Сары даладан бақыт iздеп сабылды ел.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар