Жабырқасаң орман жаққа жалғыз бар
Бұл бетте «Жабырқасаң орман жаққа жалғыз бар» атты Несіпбек Айтұлы жазған табиғат туралы өлең берілген.
Жабырқасаң орман жаққа жалғыз бар,
Жалын атып жүрген шығар бал қыздар.
Гүлдер саған қағып нәзік қабағын,
Көз алдыңда билер балғын жалбыздар.
Ойнар онда елегізіп ерке елік,
Қайғысыз күн қызуына өртеніп.
Өзге дүние қызығына құмартпай,
Сен де соның елесіне ер сеніп.
Өкінбес ең өмірге сен сонда түк,
Өзегіңде жатса-дағы сор қатып.
Ауыр ойдан арылған бір сәтіңді
Маңдайыңа сыйғыза алсаң, сол – бақыт.
Көтермесең, көңіліңе кір сіңер,
Көшерде сең көгіңде күн күркірер.
Кірпігіңнен кінәсіз жас тамызсаң,
Көк орманның көкірегі де күрсінер.
Жапырақтар жалықпастан жырлайды,
Жүйрік жылдар талықпастан зырлайды.
Тізгінін сәл жиғанмен де жастығың,
Уақыт, шіркін, әсте айылын жимайды.
1974
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі