Бір қараңғы, бір жарық – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Бір қараңғы, бір жарық» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1228
Қуалап марғау түнді қырға бұққан,
Тағы да келеді атып, нұрланып таң.
Тіршілік, сырың неткен сиқырлы еді
Тұратын бір қараңғы, бір жарықтан.
Келеміз таңырқаумен, тамсанумен,
Күлумен,
Күрсінумен,
Ән салумен.
Кең әлем, көз алдыда құбыласың,
Құлпырып, қызықтырып бар сәніңмен.
Сағаттың сыртылында – үміт үні,
Жүрекпен бірге соғар күні-түні.
Өмірдің бір жазғанын қайта оқимыз,
Қате боп кетпес үшін бір үтірі.
Күн асты көлеңке мен шуаққа бай,
Сырғиды бір орнында тұрақтамай.
Сәулелер сапырылып алмасқанда,
Санаңда қалдырады сызат талай.
Тағы да келе жатыр таң қылаңдап,
Көрінді көкжиектен тау бұлаңдап.
Сәлден соң тайқазанын көтереді
Тұратын күн – ошағы мәңгі лаулап.
Дүние, неткен тылсым, сиқырлы едің,
Сүйемін сұлу таңның сүйкімді өңін.
Пыр етіп бозторғайдай ұшып кетті
Кірпікке қонақтаған ұйқым менің.

1980


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері