Мұхтар аға – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Мұхтар аға» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 2065
«Мұхтар аға, мықтар аға ерен», – деп
Кеше Қасым толғаныпты тереңдеп.
Әр толқынның өз Мұхтары өзіне,
Мен де жүрдім көптен бері елеңдеп.
Мұхтар аға демейді екем мен неге,
Сен де келсең қасқайып бір көмбеге.
Қуаныштан бөркімді атып аспанға,
Өз өзімнен сыя алмадым бөлмеге.
Жырдан ғана сыйлық тартар ақындар,
Бұл сөзімді жамағат та мақұлдар.
Әуезовке ұқсап бір сәт сен тұрсаң,
Қасым болып мадақтауға хақым бар.
Не деп кетті демеңіздер бұл қасқа,
Өнердегі тұрпат басқа, түр басқа.
Шыңғыстаудан туған болса бір Мұхтар,
Шұбартаудан неге Мұхтар тумасқа?
Елің үшін түстің тартыс, егеске,
Ер өмірі ерлігімен емес пе?
Сыбағаңды күттің асыл арманнан,
Алданбадың ас құюлы тегешке.
Дедің-дағы неге бұғып, жасимын,
Құлпын аштың тарих деген тас үйдің.
Дыраулардың сескенбестен сұсынан,
Жыраулардың рухына бас идің.
Кездеріңде әр сөзіңнен жай атқан,
Арқаң біраз жауыр болды таяқтан.
Жүре бердің сыйындың да аруаққа,
Ұйқысынан өзің түртіп оятқан.
Тұңғиықтан өзің ашқан жыр көзі
Жебеп жүрді, демеп жүрді күнде өзі.
Нарқызыл боп сен түскенде жарысқа,
Күмбірледі көне жырау күмбезі.
Жүгіргенге тарлық етпес кең дала,
Шын жүйрікті анықтайды өр ғана.
Сен қумадың біреулерше даңқты,
Даңқ сені өзі қуып келді, аға!
Сыншылардан сұрамадың сен баға,
Сездің түбі ескерер деп ел-дана.
Мансапты да іздемедің із кесіп,
Мансап итің іздеп өзі келді, аға!
Қаламың ғой қадіріңді танытқан,
Не күтсең де күтесің тек халықтан.
Таланттан үлкен емес ештеңе,
Үлкенсің сен атақтан да даңқтан.
Секілді боп адал ойдың бір кені,
Жатып едің қымтап алып іргені.
Бұрқ еттің де шыға келдің шулатып,
Батырлардай бұзып шыққан түрмені.
Аман болғай, қазақтың бір нар ұлы,
Сені сүйер аға да бар, бар іні.
Жеті түнде тұрсын дәйім оятып
Сонау, сонау қобыздардың сарыны.

1984


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Мұхтар аға өлеңінің авторы кім?

Несіпбек Айтұлы — осы өлеңнің авторы.

Мұхтар аға өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Мұхтар аға өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Несіпбек Айтұлы өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Мұхтар аға өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері