Бұл бетте «Көңілдің түрлі қыры бар» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Әлемнің түсті гүлі бар,
Әркімнің ішкі жыры бар.
Жүректің сыры сан алуан,
Тірліктің сыры қыруар.
Көңілдің түрлі қыры бар,
Бірі ұқпас достың,
Бірі ұғар.
Күнгейің тұрса құлпырып,
Теріскей бетің – сүрі қар.
Кереғар – күнгей, теріскей,
Тұрады дәйім келіспей:
Сіресер –
Бірі сызданып,
Күркесер –
Бірі беріспей.
Өтеді ешбір сеніспей,
Қоймайды түбі өліспей...
Көлеңке несін көлеңке,
Күншуақпенен тебіспей?
Түрмесе түнді шымшылап,
Күншуақ несін күншуақ?
Өзімен өзі арбаспай
Өмірі кімнің тыншымақ?
Айтасың ашып кімге оны,
Сыртыңның сыны – білгені.
Ішіңе ғана белгілі
Жаныңның жылап-күлгені.
1984
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
- Сәкен Сейфуллин
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі