Өлең, жыр, ақындар

Ақшоқы оқиғасы

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 427
Семей облысы Мақаншы ауданындағы бұрынғы Ақшоқы заставасына кейіннен Григорий Мезенцев аты берілген. Григорий Мезенцев – 1930 жылдары сол жерде ақ гвардияшы бандылармен шайқаста ерлікпен қаза тапқан шекарашы.
Автор

І
Қарайып тау басында бір мола тұр,
Дегендей қыршын ғұмыр мұнда жатыр.
Баяндап не болғанын көктас қана,
Шертеді өткен күннен мұңдана сыр.
Қожыр шың қоршап тұрған тіл қатпайды,
Айта алмай самал жел де сырғақтайды.
Бауырын жерге басып оқта-текте,
Көз жасын аспан ғана құрғатпайды.
Аһ ұрып, күрсінгенде төңірегі,
Аңырап бұлақтар да төгіледі.
Ышқына өксігенде Қаракітат (өзен аты),
Жағасын жанталаса кеміреді.
Сыңсиды жылға-жыра, шоқ талдар да,
Шайқастың куәсі боп, бөккен қанға.
Мелшиген меңіреудей шомбал тастар
Ұқсайды мәңгі бақи шөккен нарға.
Ата-тау оқиғаны көзбен көрген,
Ақындай жеткізе алмас сөз бергенмен.
Табиғат сол баяғы бәз қалпында,
Дүние біразырақ өзгергенмен.
Тербеліп туған жердің құндағында,
Жатқандай құлақ түріп мың дабылға.
Тізіліп жеткіншектер қаздай шұбап,
Келеді тағзым етіп жылда мұнда.
Ұсынып шықса да алдан жота гүлін,
Келгеннің қабағына қатады мұң.
Шебінде шекараның жалғыз қабір –
Мәңгілік сақшысындай Отанының!

ІІ
Ол жылдар шекарада дүрбелең көп,
Жұлқысқан, жаралы жау кімге көнбек?
Бай қашты, банды қашты бас сауғалап,
Іліксем арғы бетке күн көрем деп.
Жағалай қырып-жойып, аран ашып,
Ақ қашты, қара қашты араласып,
Біреулер босқа кетті дүрмекке еріп,
Адасып ашық күнде қара басып...
Айналып алапатқа ғұмыр-думан,
Біреулер оқтан қашты ығыр қылған.
Біреулер белсендіден безді мүлде
Заманды құбыжықтай құбылдырған.
Түнеріп надандықтың бұлты қатты,
Талайдың сай-сүйегін сырқыратты.
Асыра сілтеушілер атой салып,
Ауылға ат үстінен мылтық атты.
Көбейер шолақ етек шолтаңбайлар,
Азамат азайғанда ертеңді ойлар.
Ел ішін тұмандатты түтін салып,
Өшіккен бақайесеп өңшең байлар.
Даңғыл жол қусырылып кеңдік ашқан,
Күн туды қайғы менен шерге ұласқан.
Жаншыды жоғарыдан жарлық болып,
Салмағы қиянаттың елді басқан.
Халықтың кім ұмытар күрсінгенін,
Кіршікіз пәк көңілге кір сіңгенін.
Аштықтан ақ сөңке боп қырылған соң,
Біреулер алып қашты құр сүлдерін.
Сене алмай ертеңіне шүбәланып,
Үрейлі ел үрке қашып, шұбады анық.
Сол кезді есіне алса Тарбағатай,
Тұрады ауық-ауық жылап алып.
Тау-тасқа, сай-салаға халық өріп,
Қаңғырды көрінгеннің шаңына еріп.
Жете алмай, жемтік болып жолда жатты,
Түбінде әр бұтаның қалып өлік.
Анықтар уақыт өзі, кім кінәлі,
Ашылар ол кезеңнің шындығы әлі.
Дүние-ай! Дариядай төңкеріліп,
Аунаған бір күн бері, бір күн әрі.
Не керек, өтті-кетті зобалаң күн,
Дымындай күнге жайған орамалдың.
Отаным, байтақ өлкем, туған елім,
Қашанда тағдырыңа мен алаңмын!..

ІІІ
Қапыда қайта соғып, кек алғалы,
Келеді Анненковтың топ арланы.
Жан-жағын тінте шолып жалақтайды
Шегір көз қаба сақал ең алдағы.
Қасында шойын қара құжырайған,
Даланың еткен талай түзін ойран.
Етпеттеп ат жалына бұға түсіп,
Пәтшағар жасырады жүзін айдан.
Сырт еткен секем алып әр дыбыстан,
Сырғиды сумаң қағып зәрлі дұшпан.
Сұлбасы қалбаңдайды түн қойнынан,
Үкідей қараңғыда қаңғып ұшқан.
Келеді жымып басып, үн шығармай,
Тұңғиық түн түбінде тұншығардай.
Қорқады таң атып, күн шығуынан,
Беттерін жарық дүние шымшылардай.
Жансыздай жасырынған тылға кіріп,
Өтпекші шекарадан түн жамылып.
Малынған қолы қанға қарақшылар,
Көрмеген әдетінен бір жаңылып.
Жауыздар кеше жолай ел тонаған,
Бұл күнде қоржындары орталанған.
Арттағы көмбесіне асығады,
Қасқырдай қайта шауып анталаған.
Міскінге ар-ұяттан тұлдыр болған,
Қапастай көрінеді бұл бір жалған.
Түнектің түкпіріне жетелейді
Баянсыз үміт шамы бұлдыр жанған.
Қорқаулар жоталары күдірейген,
Шебіне кірді Отанның зұлым оймен.
Ұңғысы бесатардың жұтынады,
Тажалдың өңешіндей үңірейген.
Оқ шықса ұңғысынан бүлдіреді,
Қиярын қай қыршынды кім біледі?
Қырғынды көре-көре запы болған,
Шошына дірілдейді түн жүрегі.
Алаңсыз омырауын ашқан желге,
Селк етті орман-тоғай, асқар бел де.
Шаңқ етіп мылтық үні шықса оқыстан,
Саудырап түсетіндей аспан жерге.
Аунақшып үрейлі өзен арнасында,
Оянды қыран бүркіт тау басында.
Ұйықтамас туған жердің торғайы да,
Тұрғанда төніп келіп жау қасында.

ІV
Манаурап мамыр түні маужыраған,
Шалқиды жұпар аңқып сай-жырадан.
Тым-тырыс тыныштықтың құшағында
Тыныстап, тербеледі таңғы ғалам.
Ұйқыда застава да бөктердегі,
Ақырын аймалайды көктем лебі.
Саз беріп самала таң сарғаяды,
Біртіндеп бозаң тартып көк шеңбері.
Әр саққа қиял қуып, ой аунатқан
Гриша төсегінде ояу жатқан.
Секілді көрінеді қазір оған
Қанатын уақыт құсы баяу қаққан.
Ынтыға таңды күтіп асығады,
Көңілі қуаныштан тасып әрі.
Көзіне елестейді туған үйі,
Сызылып сағыныштың асыл әні.
Таң атып, аңсағанда күн бата ма,
Күтуде ардақты әке, қымбат ана.
Алып тау, байтақ орман, арынды өзен,
Елжіреп солардай бір тіл қата ма?!
Балалық – жасыл ғұмыр, балғын көктем,
Дариға-ай, жарқын еді алдың неткен.
Бұлдырап бір қиырдан қол бұлғайды,
Шақырып шуағына жан гүлдеткен.
Махаббат – нәзік сәуле діріл қаққан,
Алыстан алтын үміт нұрын жаққан.
Жүрегін тықыршытып тулатады,
Тынымсыз тіршіліктің сырын баққан.
Елес боп еліктіріп, ырқын алған,
Самғатты шартарапқа, шіркін, арман.
Елеңдеп Таюшасы шығар ма екен
Еліктің лағындай ыршып алдан?
Осылай дөңбекшиді кірпік ілмей,
Тезірек жұлдыз аунап, түн түрілмей,
Бір сезім көкірегінде әндетеді,
Қаулаған нәзік көктем бүршігіндей.
Жөні бар Гришаның таңға асықпақ,
Жиналып ертеменен жолға шықпақ.
Көрініп сәл кешіксе бір күн жылдай,
Кетердей онан сайын жер қашықтап.
Тербеліп төзімінің нық терегі,
Бұл күнді үш жыл бойы күткен еді.
Әскерлік міндетінің мерзімі де
Біржола кеше ғана біткен еді.
Қоштаспақ бауыр басқан достарымен,
Тауымен, шекараның аспанымен.
Үш жылы үш күнгідей болмапты ғой,
Зулаған уақыт, неткен қас қағым ең?!

V
Кіргенін шекараға жау бұғынып,
Қырағы күзетші де қалды біліп.
Отанның бір бұрышын дүрліктіріп,
Мінеки, сұмырайлар салды бүлік.
Сілтідей тынып тұрған таң бүлініп,
Сілкінді тау сілемі жаңғырығып.
Жарқ еткен найзағайдай кенет дабыл,
Ұйқыдан заставаны алды жұлып.
Жігіттер көтерілді құйын-желдей,
Екпіні ерен дауыл үйіргендей.
Маза жоқ тіршілікте мәңгі ешкімге,
Зұлымдық түнде жортқан тыйым көрмей.
Бір толқын жөңкілгендей ақтарыла,
Асығыс қонды бәрі аттарына.
Үн қатып, ұран салып, қыршындарды
Шайқасқа шақырып тұр оқ тағы да.
Қаптаса қарақшы мен қашқын торып –
Өрт қаптап, тұтқиылдан тасқын төніп,
Міндеттен босадым деп жатар қалай,
Міз бақпай көрпе астында тас бүркеніп?
Бұзылып тыныштығы түнгі әдемі,
Быт-шыт боп қиялының күллі әлемі,
Алдымен атып шығып Гриша да,
Тіленіп сапқа қайта тұрған еді.
Төсектен тұрмауға да хақысы бар,
Алайда оған қалай дәті шыдар?
Қол ұшын бермей кетсе көріп тұрып,
Бетінен ұятының оты шығар.
Араша түсе алмаса сын сағатта,
Қосады азамат деп кім санатқа?
Арына дақ түспей ме масқара боп,
Тайсақтап салса егер де бұлталаққа.
Жүргенде ел шетінде жау ойқастап,
Кетеді шекараны қалай тастап?
Әуелі Отанға өзі адал болмай,
Қалайша арамдармен ол айқаспақ?
Жөнелсе алды-артына қарамастан,
Қорқақтай қара басын ала қашқан,
Отанды күзеттім деп айта ала ма,
Бола ма опасыздық одан асқан?
Ойының қопарылып мың қатпары,
Жүрегі аласұрып, тулап қаны,
Сілкінтіп жан түкпірін ғаламат күш,
Ішінен атой салып, тіл қатты Ары:
«Отаным менің! Аспаныңда әсем күй тұнған.
Оятты-ау жауыз шырқыңды бұзып ұйқыңнан.
Бүтіндігіңді қорғаймын сенің бүтін боп,
Жаралған емен ұсақ-түйектен, қиқымнан.
Тұтасып кеткем топырағыңменен, тасыңмен,
Тынысым бірге тудырған сені ғасырмен.
Тұрайын қайда, жүрейін қайда, әрқашан
Әр бұтаң үшін жауап беремін басыммен.
Қара бұлт төніп, тұмшаласа да күн бетін,
Сен барда, Отан, сезінер өзін кім жетім?!
Үш жыл ғана емес, қасиетті, бейбіт шебіңді
Өмірлік сақтау, өмірлік қорғау – міндетім!
Қағылып дабыл – дегенде дереу: «Атқа мін!..»
Жөн бе екен, сірә, шалқалап қарап жатқаным?
Қайтарып маған қаруымды бер, командир,
Саптамын әлі, саптамын әлі, саптамын!!!»


Оп-оңай берілсін бе кәнігі жау,
Шетінен түсі суық, жаны қырау.
Осқылап омырауын оқ ұшқанда,
Көне тау күңіренді – кәрі жырау.
Басталды қырғын атыс таңға жуық,
Майсасын жасыл көктем қанға жуып.
Қамады жауынгерлер тұс-тұсынан,
Тыққандай жыртқыштарды орға қуып.
Қарайған қатыгездер қандарына,
Оқ төгіп, жолатпайды маңдарына.
Ұшына нысананың іліккендер
Орнынан домалауда аударыла.
Аңдысып, аяқтарын тарта басып,
Жылжиды жақпар тасты қалқаласып.
Таң атып, жерге жарық түспей тұрып
Қоршаудан сытылмаққа жанталасып.
Өліспей берісетін түрлері жоқ,
Дамылсыз тіл қатады зілденіп оқ.
Жүгіре бір төбені орай өтіп,
Гриша еңбектеді ілгерілеп.
Елеусіз, ұрымталдау белге жатып,
Бұрқатты мүлт жібермей дәлдеп атып.
Тарылды тыныстары бандылардың,
Малтығып, барған сайын қанға батып...
Қарсыдан атылған оқ ысқырынып,
Бір сәтте Гришаны түсті жұлып.
Көз алды қарауытып сала берді,
Кеудесін бір белгісіз ыстық ұрып.
Астаудай аспан төсі төңкеріліп,
Астында жамбасының жер сөгіліп,
Жарқ етіп соңғы сәуле санасында,
Түнекке бара жатты ерте кіріп...
Ажалдан адам қалай қалады аман,
Айнала қатер барда қамалаған?..
«Мама!» – деп ақтық рет, кетті үзіліп,
Ауада дыбыс тұрды «Мамалаған!»
Тау ішін қасіретті нала басып,
Жартастар күбірледі «Мамаласып!»
Түнеріп дүние сәл тына қалды,
Жолынан жаңылғандай таң адасып.
Айқасса өмір-өлім шын тіресіп,
Табандап тұра алады кім сіресіп?
Бандылар таңға жуық берілді әрең,
Ес кетіп, жан шыққанша сілкілесіп.
...Қонбаққа қызыл қанға ыңғайланып,
Биікте бір қарақұс жүрді айналып.
Сұмдықтан хабары жоқ түндегі өткен,
Шығыстан көтерілді күн жайланып...

VІІ
Ой салар ұзақ сапар – жол ақынға,
Тарих бар кездескен әр жер атында.
Мезенцев заставасы тұр бүгінде
Алып тау – Тарбағатай қолатында.
Қалайша ер есімі ескіреді?
(Өмірден өшіре алмас ешкім оны).
Ертемен жауынгерлер сапқа тұрса,
Саңқылдап аты-жөні естіледі.
Қорғаштап қарашықтай сол араны,
Қырағы күзетуде шекараны.
Орнында сақадай сай қаруы да,
Киімі, төсегі де, орамалы.
Өтсе де талай жылдар, талай заман,
Келгендер құрметпенен қарайды оған.
Сүйеді суреттегі жүзін күнде
Сәулесі бейбіт таңның арайлаған.
Сауырын бел-белестің нұрмен шайып,
Барады көкжиекке күн жантайып.
Басына Гришаның ертіп келіп,
Бұл сырды шертті маған Жирентаев.
(Төлеген Жирентаев – Ақшоқыдағы «Пограничный» совхозының директоры)
Абзал жан Ақшоқының ақ құсындай,
О бастан осы араның сақшысындай.
Шыныққан шекарада шымыр тұлға,
Ұстаның темір кесер шапқысындай!..

1980



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сезімім жанымды толқытса беймаза

  • 0
  • 0

Сезімім жанымды толқытса беймаза,
Серпілем ойыма жеңдіріп.
Қиялым – көлігім, көңілім – кең дала,
Келемін суыт жол жүріп.

Толық

Сағыныш

  • 0
  • 0

Көңілім сені ойласам алып ұшты,
Қиялым тәтті үміттің балын ішті.
Қайдасың, кеттің қайда, ерке сәулем,
Мендегі сезесің бе сағынышты?

Толық

Арқаның желі

  • 0
  • 0

Ауылға келем араға жыл сап,
Самалы жұпар жібектей жұмсақ.
Арқаның желі,
Аңсадым сені.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар