Өлең, жыр, ақындар

Бәйтерек

  • 24.09.2021
  • 0
  • 19
  • 370415
I
Түбiне тiршiлiктiң тағдыр ие,
Тәңiрдiң ғұзырында бар дүние.
Қызыл тiл қара тасты балқытады,
Келгенде қылқобыздай зар күйiне.
Сүрiнбес, су төгiлмес тiлiм жорға,
Атасы ақпа жырдың, пiрiм, қолда!
Шақырып аруағыңды, атыңды атап,
Өзiңе сыйынбаған күнiм бар ма?!
Өлеңнiң ақтангерi арғы бабам,
Басынан ешкiм асып қарғымаған.
Түсiмде Тәуелсiздiк Падишасы
Ақ қағаз, алтын қалам бердi маған!
Сенемiн асыл сөздiң тозбасына,
Жетедi өз бақытым өз басыма.
Күбiрлеп құлағыма жетi түнде,
Қоймады осы жырды жазбасыма!..
Қолыңда жүйрiк қалам жарқылдаса,
Сөзiңдi арманың не ел тыңдаса!
Кеудемде көз бар шығар қайнап жатқан,
Тамшысы таңдайымның сарқылмаса!..

II
Жаныма жақындасаң мұңдасыңмын,
Келмейдi ендi ешкiмнен сыр жасырғым.
Не пайда дүниенiң кеңдiгiнен,
Болмаса бостандығы бiр басыңның?
Шүкiрлiк жарылқаған Аллаға мың,
Маңдайы жарқырады кең даланың.
Тәуелсiз атқан таң мен шыққан күннiң
Керемет құдiретiне таңғаламын.
Айығып ой тұманнан, сана бұлттан,
Жазылды ескi жара жан ауыртқан.
Азаттық аясында қандай бақыт
Тәуелсiз тыныс алып, ауа жұтқан.
Тарихты қазып қайтем сан айтылған,
Ақ сарай талай қирап, талай тұрған.
Түгендеп алар өзi керек қылса,
Асықпай артық-кемiн санайтын жан.
Халқымның сан ғасырлық ғұмыры да
Уақыттың жұқ болмапты жұмырына.
Армысың, Азаттығым, қыран қанат,
Қалықтап қайта қонған тұғырына.
Қаймықпай тас қамалдан, мұз бөгеттен,
Жарқ етiп түскендейсiң бiзге көктен.
Жолыңда жорық салып бабаларым,
Арыстар аласұрып iздеп өткен.
Аруақтар аунап түстi тебiренген,
Сақтасын жатқа қайта телiгеннен.
Алмастай жарқылдаған ақ жүзiңдi,
Адамда арман болмас көрiп өлген!
Тағдырын тәлкек қылып айлалыға,
Талайлар тура жолдан таймады ма?
Шынжырда шыр айналып тұрса-дағы,
Ит қана семiредi тойғанына.
Қайратың қара тасқа қайралғандай,
Қай кезде төрт құбылаң сай болғандай.
Құлқынның құлдарына қарағанда,
Пақырдың парасаты пайғамбардай.
Туған ел, жаралғалы не көрмедiң,
Көрейiн көсегеңнiң көгергенiн.
Қиырда қыршындарың қалды қанша,
Бұйырмай бiр жапырақ сенен кебiн.
Көзiндей бабалардың бағзы мекен,
Бас иiп тау-тасыңа тағзым етем.
Шиыры озбырлықтың шым-шытырық,
Соқпағы әдiлдiктiң жалғыз екен...

III
Жеткiзбес құдай сүйсе баққа кiмдi,
Қарыны ақ түйенiң ақтарылды.
Ат шаптыр, аруақ шақыр, тойла, қазақ,
Тәуелсіз Президентің атқа мінді.
Ошақтың үш бұтындай үшкiл қазақ,
Ел болып еңсе көтер, күш қыл, қазақ.
Сиырдың бүйрегiндей бытырасаң,
Қашанда көрер күнiң мүшкiл, қазақ!
Тажалдың тамағы боп игiлiгiң,
Заманның көрдiң салған қиғылығын.
Еркiңде қалай бұрсаң аттың басын,
Өзiңе өз тiзгiнiң тидi бүгiн!
Жүндеген жуанды да, жуасты да,
Бодандық батты мәңгi су астына.
Ұлт болсаң ұятың бар, иманың бар,
Ал ендi жиналыңдар Ту астына!
Бiр Алла тiлегiңдi етсе қабыл,
Бiтедi қораңа мал, бақшаңа гүл.
Төрiңе түгел шығып қасқа-жайсаң,
Кенелсiн абыройға патшаң әдiл!
Қолдаса игi жақсы ел ағасы,
Патшаның халыққа тең дара басы.
Қырағы көптiң көзiн байлай алмас
Тағдырдың тұмшалаған томағасы.
Билiктiң жалына кiм жармаспаған,
Серкелер сүрiнбесiн ел бастаған.
Перiште алтын көрсе жолдан тайып,
Тонаса өзiн-өзi оңбас қоғам.
Ежелгi жұрт едiк қой дүркiреген,
Хандары күн астында күркiреген.
Көтерiп төбесiне сыйласқанын,
Тулақтай егескенiн сiлкiлеген.
Жасайды өз дегенiн озған заман,
Құбылып, қылаң ұрып көздi алдаған.
Тау құлап, орман қурап, теңiз көшер,
Тағынан Тәңiр ғана қозғалмаған.
Келмейдi адамзатқа қайғы алыстан,
Соны айтып қамықпады қай данышпан?
Елдiгiн сақтай алмас енжар халық,
Қулықпен, сұмдықпенен айналысқан.
Арасын бақ пен сордың көрдi көзiң,
Арындап асқақтайтын келдi кезiң.
Көлденең көк аттылар басынбай ма,
Тарпаңдай танытпаса ел мiнезiн?
Кең ашып берекеге есiгiңдi,
Түзетiп, тербете бiл бесiгiңдi.
Сан ғасыр бұршақ салып мойыныңа,
Құдайдан тiлеп едiң осы күндi!
Бүгiлiп тiзе бүктi белдескенiң,
Өлгенiң қайта туып, жанды өшкенiң.
Бұлқынған қасiреттi қынабында,
Суырдың намысыңның наркескенiн.
Томирис, Едiл патша, Елтерiс хан,
Аңсаумен еркiн өмiр арпалысқан.
Жете алмай жерұйыққа Асанқайғы,
Желдiртiп желмаясын жер тауысқан.
Жерұйық iздемесең таптыра ма,
Бұйырар бiр түп жусан тоқтыға да.
Қызырды кiрiп келген танымасаң,
Басыңа байырқалап бақ тұра ма?
Бұтағы бойламаса күнге қарай,
Халық – бiр қаусап бiткен қу қарағай.
Қандағы қасиеттен айырылсаң,
Қалмайды қуған қырсық құлғанадай.
Тiрiсiң – туған ана тiлiң барда,
Өлiсiң – түп тамырың жұлынғанда.
Қуатты күннiң нұры құтқармай ма,
Жас өркен үскiрiкке ұрынғанда.
Жоғалса қыздан иба, ұлдан иман,
Кең далаң кiмге керек құр далиған?
Жолында Бостандықтың төгiлген қан
Кетедi судай зая құмға құйған.
Кезеңде қиқу салып жау қаптаған,
Тұлпар жоқ омырауын шаң қаппаған.
Ешқашан еңкеймейдi елдiң туы,
Ерлерi бiрiн-бiрi ардақтаған!
Адамға түсiрмесе адам жарық,
Тiрлiктi түнек басар қараң қалып.
Қақ жарған қара қылды билiк барда,
Қашанда патшасына адал халық!
Өмiрдiң ажыратпай ақ-қарасын,
Шарадай шайқаған көп шақша басын.
Әлек боп ел басқару әркiмге оңай,
Халыққа Көсем болу – патшаға сын!

IV
Қисыны келелi iстiң дер шағында,
Күш-қуат келiде емес, келсабында.
Сөйлейдi Назарбаев Нұрсұлтан боп,
Көк тулы Қазақстан жер шарында.
Шарпысып жаңа дәуiр ескiменен,
Көз көрдi хикметтi естiмеген.
Елбасы шарқ ұрады шартарапқа,
Қырандай балапаны кеш түлеген.
Аңдиды қырдан қатер, ойдан қырсық,
Суырмай саясат жоқ майдан қылшық.
Қазақты кiм сүйемек қолтығынан,
Тобықтан дұшпан қағып, тайғанда ұршық?
Ұрынса ұлан-асыр ғазауатқа,
Жанады жалғыз қалып қазақ отқа.
Шақ туды шамырқанып шамданатын,
Ойлаған елдiң қамын азаматқа.
Әр күнi, әр сағаты толғаныста,
Түсiп тұр ауыр салмақ ар-намысқа.
Азуы алты қарыс алпауыттар
Ұқсайды талап жейтiн жолбарысқа.
Сабаздар саясаттың майын iшкен,
Арбайды қулық торын жайып iштен.
Келедi қанжығаға бөктергiсi,
Шықпаса ойларынан ойың үстем.
Алдаудан жатса-тұрса жазбайды олар,
Тұмсығы олжа тапса тез майланар.
Көлiне көлкiп жатқан байлығыңның,
Шақырсаң, қатар-қатар қаздай қонар.
Жебемей асыл мақсат, асқақ арман,
Жетер ме мұратына тосқан алдан?
Аруағы бабалардың кешiрер ме,
Бақыттан айырылса басқа қонған?
Жаңылса жарастықтың жүлгесiнен,
Өрт қояр өшiккендер iргесiнен.
Көңiлiнен адамзаттың шыға алар ма,
Көрiнбей парасаттың мiнбесiнен?
Зулаған зымыран оғы заманада,
Зорлығы зұлымдықтың жоғала ма?
Қарудан ядролық бас тартпаса,
Маза жоқ мұңға батқан Жер-Анаға.
Қараса Қазақстан алабына,
Құрамы қырық қылау – ала-құла.
Оп-оңай орта жолда арба сынар,
Тас тисе дөңгелектiң шабағына.
Жұрт тыныш пәле-жала зораймаса,
Ызадан қаны қайнап қараймаса.
Қауқарсыз қаңбақ емес халық деген,
Жөңкiле жосылатын жел айдаса.
Шаң тұрса шындық атты шарайнаға,
Көредi өз келбетiн қалай ғана?
Таба алмай ақиқаттың алтын кiлтiн,
Өкiнiп өткен жоқ па талай дана.
Түсiп тұр азаматтың бағы сынға,
Тiрлiктiң толқын атқан ағысында.
Айнымай әдiлеттiң ақ жолынан,
Топ жарды ғасырлардың тоғысында.
Көненiң қалып қоймай шиырында,
Жол тапты асулардың қиынында.
Жұртының аманаты жүрегiнде,
Дәуiрдiң ауыр жүгi иығында!

V
Соққанда замананың көк дауылы,
Ел түгiл, солқылдайды жер бауыры.
Көппенен бiрге көрер не көрсе де,
Құдайдың қатардағы ол да құлы.
Халықтың қарық болса қағанағы,
Керiлер керегенiң сағанағы.
Ауылдан ала қашар түк таппаса,
Қу басты қасқыр мүжір даладағы.
Ошақтың оты шалқып қазан асқан,
Оңдалар шалыс қадам жаза басқан.
Төндiрдi қара аспанды әлдекiмдер,
Қырыла қалатындай қазақ аштан.
Көп үшiн кiм болғаны күйiнбесе,
Ұршықтай қиындықты үйiрмесе?
Сапырған қара бұлтты қанатымен,
Дауылға дауылпаздай шүйiлмесе?
Қамалдың қабырғасы құламаса,
Тағанын дей алады кiм аласа?
Қираған құм шөлмектей қоғам кейпi,
Қиюын қайта тауып құрамаса.
Мұндайда содырлар мен сумақайлар
Тайраңдап, ел үстiнде күнде тойлар.
Сұңқардың желкесiне сұқсыр мiнiп,
Құланның құлағында құрбақа ойнар.
Мыңқ етпес мәңгүрт пенен маубас қана,
Сұр жылан iштен шықса – сол масқара.
Жармасса жау жағаға, бөрi етекке,
Жер үстi, аспан асты болмас пана.
Арсызға берсең – жақсы, алсаң – жаман,
Алдына арамдықтан жан салмаған.
Көршiнiң қолтығына су бүркедi
Атақаз атамандар алшаңдаған.
Тату жұрт бiрi – шекер, бiрi – балдай,
Жарылып жауласатын түрi бардай.
Қызуы Оңтүстiктiң өрге шауып,
Солтүстiк сiреседi сүрi қардай.
Болысса иiлместi Тәңiр иер,
Таланса тар ноқтаны тағы киер.
Көсеудiң екi басы бiрдей ыстық,
Қай ұшын ұстаса да қолы күйер.
Бермесе пендесiне Алла сабыр,
Бәрi де арпалыстың далбаса құр.
Топалаң тыйылмайды тентектердi
Келтiрiп тәубасына алмаса бiр.
Адалдық арамдықтың қолын қағар,
Күн келер күткен үмiт орындалар.
Ұлтының табанынан ызғар өтсе,
Ұлтарақ, ұлтаны да болуға бар!

VI
Дүние келе бермес шыр айналып,
Бел буды тәуекелге мың ойланып.
Алдында болашақтың бетi жарық,
Еңбегi елiне – аян, құдайға – анық.
Шайқасып ата жаумен сан кезенген,
Бабалар кешiп өткен қанды өзеннен.
Байқаса, шығатұғын жол бiреу-ақ
Бұралаң тайғақ кешу, тар кезеңнен.
Ғасырда көтерiлген намыс тудай,
Алаштың бағы жанбас арыс тумай.
Орнықпас ел iргесi, астананы
Байтақтың ортасына ауыстырмай.
Мақсаттан көзi жеткен тартына ма,
Бiледi түсетiнiн талқыға да.
Басқалар түсiнбесе түсiнбесiн,
Түбiнде түсiнетiн халқы ғана.
Көңiлi тебiренсе домбырадай,
Төгiлмес құлақ күйiн оң бұрамай.
Атадан арыстан боп туғанменен,
Тұтқасын ұстата ма тағдыр оңай?
Кең дала қан жылаған қасiреттен,
Қазақтың қашан көзден жасы кепкен?
Байланып Бостандықтың қол-аяғы,
Кененiң қанжығада басы кеткен.
Ту тiгiп Абылай аспас сары белге,
Кек қайтып, бастар ма екен елiн өрге?
Сарыарқа – айқастардың сахнасы,
Сенделтiп салған талай әбiгерге.
Алысса ауыздықпен арда көңiл,
Тартуға қайғы деген арба жеңiл.
Қобызға үнiн қосып күңiренедi
Ежелгi Қазтуғаннан қалған Едiл.
Созылып сор өзенi содан берi,
Арнасы аққан сайын тереңдедi.
Ойласа Орынборды опынатын
Алаштың арысы мен кемеңгерi.
Жер қайда қиып алып қылғытпаса,
Шындыққа шара бар ма шыр жұқпаса?
Қазақтың астанасын аярлықпен
Ақмешiт, Алматыға сырғытпаса?
Жендеттер жаралғалы кiмдi аяпты,
Көгендеп кәрi-жасты бiрдей атты.
Кәмпеске, ашаршылық, отыз жетi –
Кiнәсiз халық қаны судай ақты.
Қорқаудың қиянаты ел есiнде,
Ойнаған төрт аяғы төбесiнде.
Аштық пен оқтан қалған ақ сүйектер
Ғасырдың көлденең тұр өңешiнде.
Не керек, қайран елiн еңiреттi,
Өлгеннiң орнына әкеп егiн ектi.
Қараса, тарих бетi таңдақ-таңдақ,
Түскендей жазылмайтын темiреткi...

VII
Саңқ еттi Алатаудың мұзбалағы,
Жаңғырып жартас бiткен, құз қарады.
Шарықтап шырқау көкте жүрдi-дағы,
Бетке алып тартып кеттi түз даланы.
Тұр мiне, Үшқоңырда – өзi шыңда,
Ақиық барады ағып көз ұшында.
Қыранды құс патшасы деп атайтын,
Айналды бұрынғының сөзi шынға.
Ақиық Алатаудың иесi ме,
Көк аспан соған ғана тиесi ме?
Сияқты Абылайдың ақ бурасы,
Көрiнген әлде өзiнiң киесi ме?
Аспанда атқан оқтай құс ағады,
Еске сап қасиеттi нысананы.
Қанатын сол қыранмен бiрге қағып,
Қиялы қияндарға ұшады ары.
Кеткендей елес берiп әлгi қыран,
Қайыспас қайсар ердiң тағдырынан.
Шыққан күн көкке өрмелеп бара жатты,
Әлемнiң алтын зерлi сандығынан.
Суырмай бұлттар бүгiн алдаспанын,
Шыңдар да құра қапты малдастарын.
Қаз-қатар қолын жайып, бата берiп,
Тiлеуiн тiлегендей марғасқаның.
Көз тiктi көк тiреген Талғар шыңға,
Асқар жоқ одан асқан алды-артында.
Биiкке бiр шықпаған бейшаралар
Тәккаппар таудың сырын аңғарсын ба?
Шығатын ең шыңына шыдағандар,
Арманның шырқауындай мына заңғар.
Бiржола құз түбiнде қалады екен
Биiктен басы айналып құлағандар.
Тимеген сауырына пенде аяғы,
Орнында Хантәңiрi сол баяғы.
Тәңiрдiң тақытындай аспандағы,
Асқақтап тұрған шығар тау нояны.
Жұлдыздай жарқырамай бiр кемерден,
Жалғанның қызығына кiм кенелген?
Жорып тұр жақсылықтың нышанына,
Ғажапты түсiндегi түнде көрген.
Түрi бар «Қарасайлап!» қонған атқа,
Ешкiм жоқ оң қанатта, сол қанатта.
Түседi Көктiң нұры шағылысып,
Қолында жарқылдаған шарболатқа.
Тұлпардың тұяғынан жер сөгiлiп,
Алдынан жау қашады төңкерiлiп.
Үн қосып ұрандаған дауысына
Жан-жақтан құйылады ел төгiлiп.
Бiр сәтте күн күркiреп, жел шақырды,
Айдаhар ысқырынған қарсы атылды.
Қылышпен кере тартып қалғанында,
Көмейi кесепаттың қан сапырды.
Құтылып жалаңдаған жау-жаладан,
Еседi салқын самал кең даладан.
Басына Хантауының алып шықты
Қалың ел Хан көтерiп қаумалаған.
Ажалға қарсы шауып жанға төнген,
Қазағы аман қапты сан қатерден.
Ескi жұрт екен дейдi сол баяғы
Керей мен Жәнiбектi хан көтерген.
Жар болып жаратушы Алла бұлай,
Аруағы бабалардың қолдауын-ай!
Хан келiп алтын тәждi тiл қатады,
Күлтегiн, Әз Жәнiбек әлде Абылай:
– Ал, балам, бекем ұста ел тұтқасын,
Тағыңды Тәңiр сенiң толқытпасын!
Оралып шалғайыңа бақ пен дәулет,
Қысылсаң Қызыр келiп қолтықтасын!
Бөгде жұрт басынуды жол тұтпасын,
Ұстасын өз атының тартып басын.
Кеткендер шыға бере сырт айналып,
Келгендер қоржыныңа қол сұқпасын!
Ер жiгiт туғаннан соң елге – қанат,
Өзiңе байтақ дала ендi аманат!
Тасыған дариядан өте алмассың,
Iздесең таяз өткел жар жағалап!
Атаның ақ жолынан айнымастан,
Арыстар арпалысқан айбыны асқан.
Нағыз ер намысы бар халқын ойлар,
Кiргенше қара жерге қойнын ашқан!
...Осылай аян бердi хан бабасы,
Жұмбағын бiле бермес жан баласы.
Керуенi көп заманның көлбең қағып,
Көшедi көз алдынан тау-даласы.
Күркiреп жауар күндей қанша қаған,
Өздерiн Тәңiрiмен тең санаған.
Халқының қотыр тайын жегiзбеген
Қасқырдай көп дұшпанға анталаған.
Естеми, Бумын, Бiлге, Күлтегiнге
Жетедi адамзатта кiм тегiнде?!
Тасқа ойып жазып кеткен өсиетi
Қасқайып қара жердiң тұр төрiнде!
Арт жақта ұрпақ бар деп жоқтап алар,
Айтарын түгел айтып кеткен олар.
Тәндерi топырақта жатқанменен,
Жандары жайсаңдардың көкте болар.
Уақыттың кiм батпаған тереңiне,
Елiм деп еңiрептi ер Едiге.
Жұртының жел жағына жанын тосып,
Солардай бола алмаса керегi не?!
Ерлiктiң өшкен едi салты қашан,
Өмiрi қаhарманның халқына тән.
Түбiне солардың да жеткен жоқ па
Айыр тiл, алауыздық алты бақан.
Өткеннiң өкiнiшi өткiр қандай,
Мәңгiлiк есте сақта деп тұрғандай.
Бес күндiк берекесiз боқ дүние,
Дариға, кiмдерге опа таптырғандай?!
Мойнында міскiндердiң талай күнә,
Төндiрген соқыр тұман арайлыға.
Арс етiп ала түссе таңғалмайды
Қапқандар Абылайды, Абайды да.
Көп болса сөз батады жалқы жанға,
Қызғаныш қызыл өртi шарпығанда.
Шаң жұғып шашасына көрген емес,
Артында асқар таудай халқы барда!
Иiлмес батса-дағы басы қанға,
Қашанда батыр халық жасыған ба?
Жағаны жуып-шайып кетпес пе едi
Арындап асау өзен тасығанда.
Жұртының жеткiзбесе баққа қолын,
Не керек иеленiп тақтан орын?
Патша аз ба пәтуасыз ғұмыр кешкен,
Кiм iздер құнсыз басын жоқтап оның?
Көк семсер жарқылдамас жүз болмаса,
Көсемнiң несi көсем iз қалмаса?
Сiрессе тағдыр деген суық мұхит,
Кемедей күтiрлетiп мұз жармаса?!
Көсем бе көптiң сөзiн айта алмаса,
Түскенде ауыр салмақ қайқаңдаса?
Түгендеп төңiректiң төрт бұрышын,
Есесiн елдің кеткен қайтармаса?!
Қалады көпке берген анты қайда,
Тұрмаса ел парызы әр күн ойда?
Гауhардай тұңғиықтан табылмаса,
Көбiктей су бетiнде қалқымай ма?
Патшасы болғанменен қанша дана,
Қадiрлi ел бақыты жанса ғана.
Ұлтының ұл қаша ма азабынан,
Емес пе қазағынан жан садаға!
Бекiтсе астананың iргетасын,
Көрсетер күдiрейтiп кiм жотасын?
Күңiренткен қаралы күн қайтып келмес
Қазақтың көрде жатқан күллi атасын!
Бiреулер әурешiлiк дер де мұны,
Көшiрiп босағаға төрдегiнi.
Қияға қиял жетпес құлаш ұрды
Қайтпаған таудан-тастан өр көңiлi.
Жәрдемiн аямаса Хақ тағала,
Пәрменi Президенттiң тоқтала ма?
Жарлыққа қолын қойды нық сенiммен,
Астана ауыссын деп Ақмолаға!
Сарыарқа – сайын дала, жер кiндiгi,
Баянды Байтағымен елдiң күнi.
Қазағым, көш көлiктi болсын ендi,
Көтерген жолда қалмас Нардың жүгi!..

VIII
Аршында, шығар, қазақ, үнiңдi асқақ,
Кiм сенi тоқтатады бүгiн жасқап?!
Астана Ақмолаға келе жатыр,
Айбынды Нұрсұлтандай ұлың бастап!
Желбiреп көштiң алды жалаулайды,
Арқаға аққан судай ел аунайды.
Тапсыр да тағдырыңды ер соңынан,
Ер туып екi қайта жаралмайды.
Арқаның асау желi борандайды,
Бiрақ та көшке бөгет бола алмайды.
Ақтүтек қайта айналып соққанменен,
Ақсүйек заман жұты оралмайды.
Бұл жердi бабаң қорғап жат қолынан,
Түспеген күндiз-түнi ат жалынан.
Асыңа қыл аяғы шыбын қожа,
Айырылсаң қара қазан қақпағынан.
Қайтқаны осы емес пе кеткен есең,
Бiрiңдi-бiрiң қағып шеттемесең.
Япыр-ау, не қыл дейсiң бұдан артық,
Үстiнен қыл көпiрдiң өт демесең!
Салған соң кең толғанып көпке кеңес,
Аяулы Алматысы өкпелемес.
Алдымен Елбасының жүрегiнде,
Астана жерде де емес, көкте де емес!
Ағайын, артық сөйлеп құлаштама,
Тұнығын туған елдiң ластама!
Жалпының қамын жеген жалғыз басы,
Көсемнiң өзi емес пе шын Астана!
Тағдырдың талқандалып тас қамалы,
Талайдың төңкерiлдi тостағаны.
Құлағы қияпаттың көрiнгенi –
Қарбалас ауыстырса астананы.
Көсемге көштiң түсер салмағы бар,
Көк толқын кеме жүзсе қақ жарылар.
Көреген, қол бастаған дара батыр,
Көкжалдай мұз төсенiп, қар жамылар.
Отырсақ өзге жұрттан аса қарап,
Қонғаны бақ пен дәулет қоса-қабат.
Ерлiгi Елбасының жарқырап тұр,
Бұлт қалай күннiң көзiн тасаламақ?!
Көрейiн көштiң көркiн көлденеңдеп,
Төгейiн сүйiншiге сөзден өрнек.
Бiр күннiң бiте қалар жұмысы емес,
Мың күнгi мехнатпен келген еңбек.
Саңлақтың салған жолы жатыр дара,
Ақ таяқ ұстатқандай соқырға да.
Бұл көштiң абыройы халыққа ортақ,
Шығармас бiр адамның атын ғана.
Жаңарып Қаратаудың ескi өлеңi,
Бауырынан Алатаудың көш келедi.
Сыртынан қарап тұрған дос сүйiнiп,
Дұшпанның сұқты көзi сескенедi.
Көрмедiм ұлы көштi басқа мұндай,
Бүгiнгi батырлықтың дастанындай.
Келедi тәуекелдiң тауын асып,
Асқардан бабалардың асқанындай!
Келедi халқын бастап қазынаға,
Ақ боран, алдын орап азынама.
Қуанып қалың елi жатқан шығар,
Алайда шын қуанған өзi ғана...
Заманның зуылдайды күш-көлiгi,
Шалқиды алып-ұшып құс-көңiлi.
Шығармас сыртқа сырын патша-жүрек,
Кiм танып-бiлiп жатыр iштегiнi?
Сарыарқа – сан ғасырдан қалған мұра,
Риза бақытына жанған мына.
Күтiп тұр салтанатты көштiң алдын,
Қолында Ақмоланың ақ домбыра.
Арда едiң, асау едiң, Арқа, неткен,
Төсiңде небiр бағлан дархан өткен.
Ақмола осы едi ғой Кенесары
Бөрiнiң бекiнiсiн талқан еткен!
Айналдым аруағыңнан, ер Кенекем,
Тәңiрi тiлегiңдi берген екен.
Тентiреп жердiң түбiн жетi айналып,
Қазақтың құты қайтып келген екен!
Жетерлiк көрiп келген көрешегi,
Болса екен мәңгi жарқын келешегi.
Ту ұстап, тұлпарына қайта қонған
Халқының айдарынан жел еседi.
Қалың ел қазағына бесiк болған,
Бұл жұртта ошақ қанша өшiп қалған.
Есiлiм осы едi ғой ер Қабанбай
Ен жайлап, жағасында көшiп-қонған.
Дұшпанның аян бiздi шақырмасы,
Қасықтай қара суын татырмасы.
Не iздеп жүрсiң деме бұл арадан,
Бабамның арыстандай жатыр басы!
Жөңкiлген Бостандықтың көшi қандай,
Сарқылған құрдым қайта тасығандай!
Көзiнен келгендердiң қымсынады,
Жыртығын жүдеу қала жасыра алмай.
Уақа емес, жалт қаратып дүниенi,
Астана шыттай жаңа киiнедi.
Қазақтың Көсемiнiң алдына кеп,
Тәккаппар талай бастар иiледi!

IX
Ақмола – кеше ғана басқа қала,
Айналды Бәйтеректi Астанаға!
Емiренiп өз анасы емiзбесе,
Сәбиге шайнап берген ас бола ма?
Бақытым басымда тұр талай күткен,
Сеземiн келмегенiн оңайлықпен.
Үзiле жаздап едi өндiршегiм,
Өзекке тепкiлеген өгейлiктен.
Көңiлге сәуле құяр Сарай нұры,
Астана – ел тiрегi, ел айбыны!
Кемерi шалқып жатқан Қазақстан –
Мұхиттың аласұрған көк айдыны.
Тiршiлiк түзегенде көркiн жаңа,
Сұрапыл соқпаса екен толқын жара.
Армысың, Азаттықтың астанасы –
Талпынған арманына еркiн қала!
Жаhанның жанарында жаңа қала,
Жұлдыздай туа қалған өлiарада.
Бес жылда бой көтерген ғимараттар
Жайнап тұр шомылғандай самалаға!
Жырламас ғажайыпты кiм мұндағы,
Жеткенше сөздiң дәмi, тiлдiң нәрi.
Алғысын жаудырады Елбасыға
Бақытты бұл шаhардың тұрғындары.
Қарашы, шаңырағы жас қаланың
Аспанның бұлтын серпiп тастағанын!
Бүгiннен басталатын шежiресi,
Авторы – Назарбаев Астананың!
Көрем де Астананың келешегiн,
Елдермен алыс-жақын теңесемiн.
Сырлассын Невасымен ұлы Пушкин,
Мен, мiне, Есiлiммен кеңесемiн.
Бiрiншi Петр патша орыстағы,
Айбатын ақылымен тең ұстады.
Қайтсем де Ресейдi ел етем деп,
Белгiлi арпалысып, алысқаны.
Жағадан астана сап алыстағы,
Батысқа, шығысқа да қарыштады.
Қазақтың Нұрсұлтаны сондай десем,
Әлеумет айтты демес мен ұшқары.
Аспанда мұнарасы дамылдаған,
Мен-дағы Астананың шамын жағам.
Әйгiлi қалалардың жер бетiнде,
Бiр күнде ешқайсысы салынбаған.
Батырдай тынбай жортқан жорықтарда,
Тұлпарын ауыстырған талыққанда –
Ғасырлар өткелiнде бiзден басқа
Көшiрген астанасын халық бар ма?!
Бәйгеге кеш қосылып армандамыз,
Күтемiз аламанды алдан нағыз.
Күнi ертең ерке Есiлдiң жағасына
Париж кеп орнай қалса таңғалмаңыз!

Х
Мiнеки, мойындатты кемелдiгiн,
Пайымдап әулиедей келер күнiн.
Көшiне астананың үрке қарап,
Сан саққа жүгiрткендер не дер бүгiн?
Ағайын, адаспаңыз, ендi жетер,
Араздық, бақталастық ел жүдетер.
Ес жиып, етегiңдi жаба алмасаң,
Бодандық туын қайта желбiретер.
Сақтамай өкпе-наздың бұрынғысын,
Ер болсаң, ақтар iшек қырындысын.
Көзiңе жылыұшырап көрiнгенмен,
Кiсiнiң кiм танымас жырындысын?
Ақыны ақ сөйлемек ерiктi елдiң,
Мен-дағы өзiмше бiр көрiпкелмiн.
Тағзым ет Күлтегiннiң Көктасына,
Әйтпесе Астанаға неғып келдiң?
Татулық тамшысына қаталаған,
Оқып көр не дегенiн ата-бабаң.
Сөз ұқпас саңылаусыз болмасаңыз,
Жас келер жанарыңа боталаған.
Қоңырауын керуен-күндер күмбiрлеткен,
Есiңе өмiр түсер мың жылғы өткен.
Заманды қолды-аяққа тұрғызбаған
Жалғанның жал-құйрығы тұлдыр неткен?!
Жым-жылас қаншама жұрт жерге сiңдi,
Ұмытпа кетсең қайтып келмесiңдi.
Алланың ашып-жұмған алақаны
Сыйғызар уысына көл-көсiрдi.
Кiм келiп, кiм кетпеген даламызға,
Жырлайды құлақ түрсең әр аңызға.
Арбасқан, аласұрған бiр тiршiлiк –
Алмасқан бабамыздан баламызға.
Жаhаннан жоғалмаса адам аты,
Естiлер арттағыға ғаламаты.
Қаhары қара жердi қалтыратқан
Қайда сол Көктүрiктер қағанаты?
Шайқасып үдей соққан дауылменен,
Құлаған Дештi-Қыпшақ дәуiрлеген.
Ұлдарын ұлы дала ұмытқан жоқ
Қырқысқан бiрге туған бауырменен.
Ақтарсам iшiмдегi шер-шемендi,
Түспесiн есеңгiреп еңсең ендi.
Үш жаққа бұра тартса үш туысқан,
Ұшпаққа кiм шығарар ертең елдi?
Мен емес бас-аяғы зарлағанның,
Алды-артын дүниенiң барлағанның.
Туады әр халықтың өз Көсемi,
Бiтетiн маңдайына әр заманның!
Жолының дәлелдедi туралығын,
Тарихтың толғағынан туған ұлың.
Ардақтап, асылыңды аялай бiл,
Астынан су жүгiртпей сырмағының.
Көрiнсе анадайдан түсiп аттан,
Дұшпанға жорғалайсың тiсi батқан.
Келгенде өз жақсыңа кекжиесiң,
Жұртым-ау, қашан саған кiсi жаққан?
Намысты айырбастап күнкөрiске,
Сұғасың бiр кебiстi бiр кебiске.
Арыңның ақ таяғын жұмсамасаң,
Қызыл ит шыға қоймас кiрген iшке.
Нұрсұлтан – арқа тiрек, алтын дiңгек,
Алыптың халқы ғана нарқын бiлмек.
Қарғаның қарқылдайтын әдетi ғой,
Қыранның аспандағы даңқын күндеп.
Жоқты бар, деумен азды көп етемiн,
Төгуден аянған жоқ қара терiн.
Жалғасы Күлтегiннiң жаныңда жүр,
Тұлғасы асқақтатқан дала төрiн.
Ту болып тiгiлгендей елдiгiңе,
Жасына пайғамбардың келдi, мiне!
Халқының баласы едi бұған дейiн,
Жарасқан бес қаруы белдiгiне.
Әрқашан орны бөлек, даңқы дара,
Ол – ендi қамқор әке, халқы – бала.
Әкесi өз парызын өтемесе,
Сәбидей шырылдамай ел тұра ма?
Яссауи Қожа Ахмет бұл жасында
Күн кешкен қылуеттегi құжырасында.
Өмiрдiң мақсат-мәнi жер бетiнде,
Жақсының жұртқа шашқан шұғыласында.
Сүйреткен көне тарих көн шарығын,
Түбiнде сықсияды қолшамының.
Тасыған мейманасы бұл ғасырда
Тағдыры қыл үстiнде Жер шарының.
Бетi аулақ соғыс деген пәтшағардың,
Тажалдың асау басын ноқталар кiм?
Тайғанақ тақтасында саясаттың
Ойлары шайқасуда патшалардың.
Құдайым бәрiн бермес сұрағанның,
Бақытын мыңға балар бiр адамның.
Iшiнде сайыпқыран көсемдердiң
Шоқтығы шоқ жұлдыздай Нұрағамның!
Тұлпардай алға түсiп жол қиында,
Сұңқардай суырылады топ жиында.
Жартысы ғұмырының аспанда өтiп,
Келедi самғауменен сан қиырға.
Ғаламның тыныштығын бұзды қайғы,
Қасiрет кеңiстiктi сызғылайды.
Алайда Еуропа-Азияны
Жалғаған алтын көпiр мызғымайды!
Шұлғытып ұлығын да, ұлысын да,
Баурады Батысын да, Шығысын да.
Оның да жүрегiнiң лүпiлi бар
Әлемнiң әрбiр алған тынысында!
Асылдың жарқылдамас бар ма күнi,
Әуелден түскен оған Алла нұры.
Сондықтан Нұр-Сұлтан деп атын қойған,
Ата-ана болжағандай алдағыны.
Тiл-көзден аман қылсын Тәңiр оны,
Бесiк боп берекеге қалың елi.
Арқасы ерендiк пен кемелдiктiң –
Тынысы Бостандықтың кеңiгенi.
Өткендер оба-қазық орнатып па,
Шекараң анық едi қай уақытта?
Бекiтiп ұлан-ғайыр айналасын,
Бүгiнде болып отыр елге тұтқа.
Ойланшы, кеше, қазақ, кiм едiң сен,
Құлпырып бүгiн қайта түледiң сен!
Ортаға Астанаңды орнатқаның –
Ғасырдың оқиғасы бiле-бiлсең.
Бүтiнге сызат түссе сынады оңай,
Бiрiңдi-бiрiң сыйла ғұламадай.
Бұйырды өз төрлерiң өздерiңе,
Баспалап босағадан сығаламай.
Салынып жатқан шаhар кең далаңа,
Сыйласын асыл мұрат әр балаңа.
Азаттық астанасы аталады
Қазақтың астанасы сонда ғана!
Бәйтерек – Астананың төрiндегi –
Өресi биiктiктiң өмiрдегi.
Аялы алақаны Елбасының
Секiлдi өшпейтұғын сенiм мөрi.
Самсаған қара орманым – байтақ елiм,
Сынға сап сан жақсыны байқап едiң.
Еңсесiн елдiгiңнiң биiктеткен,
Ортаңда бойлап өскен Бәйтерегiң!
Өтiнде арпалысқан өмiр-майдан,
Жайқалсын болашағың тамыр жайған.
Бәйтерек – Елбасының өр тұлғасы,
Әкелiп өз қолымен Тәңiр қойған!
Туыңдай қанат керген желдi күнгi,
Танытты кең әлемге теңдiгiңдi.
Тұрғанда Бәйтерегiң көкке шырқап,
Ұстай бiл асқақтатып Елдiгiңдi!..



Пікірлер (19)

Нурислам

Кім шығарған мынаны ұзыыын қылып

Сара

Керемет! Несіпбек Айтұлы мықты ақын

Убермаргинал

Мынау бөлімдерді бөліп қысқарту керек 667

Нурислам

52 күшті

Нурдаулет 9 г сынып окушысы

«Бәйтерек» поэмасы және оның құндылығы

Қазақ ертеден өте көрегенді халық болған. Барлық нәрсенің өз құндылығын білген. Халқымыз айдалада жалғыз өскен ағашты киелі ағаш немесе әулие ағаш деп санаған. Оны кесуге, зақым келтіруге тыйым салған. Ондай ағаштың көлеңкесінде ұзақ отырып демалуға, ұйықтауға да болмайды деп айтқан. Жалғыз өскен ағаштың жанында ұзақ болсаң, сол ағаштай сопиып жалғыз қаласың деп жалғыздықтың нышанына балаған. Ал шөлді жердежайөалып өскен жалғыз ағашты киелі санаған, сол ағаш жанында түнеп, тілек тілеп шүберек байлаған. Кейбіреулер ол маңда әулие жатыр деп мал сойып, ырымдаған деседі.

Нұр-Сұлтанның хақ төрінен орын алған «Бәйтерек» монументінің негізгі идеясы Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың ой-қиялынан туындаған. Елбасы оның эскиз-нобайын бір түннің ішінде өзі ойлап шығарды. Оның пікірінше, монументтің негізгі идеясы бейбіт өмір мен келісімге ұмтылған барлық қазақстандықтардың ғұмырлық мұратын білдіреді.

Бәйтерек – Нұр-Сұлтан қаласындағы сәулет құрылыс кешені, сәулет өнерінің бірегей туындысы.

«Бәйтерек» монументінің түпкі ұғымында «бәйтерек» деген сөздің өзі «өмір ағашы» деген мағынаны білдіреді. Міне, осы жапырақ жайған алып ағашқа ертедегі ертегілерде кездесетін қасиетті құс – Самұрық айқара жазылған кең қанаттарымен айналасын тұтас жауып ұшып келеді. Ол өмірдің өзегін өркендетіп, үміттің үзірін үкілейтін алып алтын жұмыртқа – Күнді салу үшін Өмір ағашы – Бәйтерекке ұмтыла түскен.

Осы алып ағаштың тағы бір идеясы өлім мен өмірді теңестіретін дүниежүзілік мифтің мазмұнына негізделген. Қазақ мифологиясында ол космос ағашы ретінде қаралады. Бәйтерек үш әлемді байланыстырушы дәнекер ретінде кеңінен көрсетіледі. Ел арасында адамның жаны киелі теректе сақталады деген ұғым ежелден қалыптасқан. Мифологияға зер салсақ, бәйтерек туралы аңыз әңгімелер өте көп. Солардың бірінде, басы аспанмен, түп тамыры жер астымен жалғасқан киелі теректің әрбір жапырағы жер жүзінде жасаған әр адамның өмір тіршілігінің нышаны, жер бетінде тіршілік еткен әрбір адам киелі теректің жапырағы жарылғанда өмірге келіп, жапырағы жайқалып өскенде есейіп, кемеліне келіп, жапырағы мезгілсіз сарғайса, қайғы-қасіретке тап болады, жапырағы солса қартайып, жапырағы үзіліп, жерге түскенде, қазаға ұшырайды делінген. Осылай бәйтеректің жапырағына жан орналастырып, адамның өмір сүру кезеңдерімен үйлестіре бейнелейді.

Бәйтерек — үш әлемді байланыстырушы дәнекер ретінде әспеттелінеді. Орта дүниені — адам, жоғарғы дүниені — қарақұс, төменгі дүниені — жылан-айдаһар көрсетеді. Қазақ ертегілерде кейіпкер жерасты әлеміне тап болады және ұзаққа созылған сапар кезінде үлкен ағашқа жолығады, ол жерде ағашқа өрмелеп бара жатқан жыланды өлтіріп, Самұрықтың балапандарын айдаһардан құтқарып қалады. Осы ерлігі үшін Алып Қарақұс кейіпкерді жер бетіне алып шығады[3].
Ертегіде Самұрық кұсы осылайша мінезделінеді. Кейіпкер жыланды өлтірген соң Байтеректің түбіне демалып отырады. «Сол кезде күнбатыс жақтан бір қара бұлт шығыпты. Қатты дауыл жерді шаңдатты.
– Бұл не? – деп сұрады (Жарты – Төстік)? Сонда екі балапан айтты:
- Бұл біздің анамыздың қанатының екпінді желі, — деді.
Күн нөсер жауын құйып – құйып жібереді.
- Бұл қалай? – дегенде, балапан айтты:
- Анамыздың көз жасы. Жылда-жылда бала тапсам да, бірі ілеспей койды деп жылағаны – деді. Құс ашылып қар жауды, жапалақ – жапалақ.
- Бұл не – деді.
– Анамыздың қуанып, қарқ-қарқ күлгені, — деді.
Құскеліп ағаш басына қонғанда, үйдін жуандығындай ағаш иіліп жерге тиді дейді». Бұл теректің басы аспанмен, түп тамыры жер астымен жалғасқан. Ол көзге көрінбейтін киелі ағаш. Бәйтерек мазмұны бірде зәүлім ағашы көзге елестетсе, екіншісінде мықты, зор күшті үшіншісінде, ғарыш пен жер арасындағы тылсым байланысты бейнелейді. Сондай-ақ ол тіршілік иелеріне тірек, сүйеніш, қорған, пана деген, ұғымды да білдіреді.
Аңыз бойынша мифологиялық Бәйтерек немесе Жолтерек (жолдарақ) О дүние мен Бұл дүние арасын жалғаушы жол ретінде саналады. Алып теректің ерекше қасиеті сол оны айнала ән салып, тілеген адамдардың тілегі қабыл болып жақсылыққа өзгереді екен.

«Бәйтерек» монументі өзі үш бөліктен тұрады. Бұлардың да өзіндік сырлары бар. Нысанның жер асты бөлігі ұлттың тамыр жаюынан өзекті ой өрсе, ал екінші-үшінші бөліктері кейінгі өркендеу кезеңдерінен көріністер береді.

Жыр сүйер қауым өлеңін іздеп жүріп оқитын ақынның бірі – Н.Айтұлы. 1970 жылдардың ортасынан бері оқырманына 200-дей әнге сөз жазып, жиыны 15-тей кітап сыйлап, желдей есетін, жебедей тесетін ұтқыр жырларымен өнер өлкесінде өзіндік өрнегін қалыптастырады. Оның «Бәйтерек» поэмасы - шығармаларының ішінде елеулі орын алады.

Ол өз сөзінде «Бәйтерек» поэмасы туралы былай дейді:

«Бәйтерек» поэмасының сұлбасы санамда екі жылдай жүрді. Шығарманың басында «Түсімде тәуелзіздік падишасы, қолыма берді қағаз,алтын адам» деген жолдар бар. Ол жалған жазыла салған сөз емес. Бір күні түсімде Елбасы қолыма аппақ қағаз беріп жатыр.Осы түсім тура бір жылдан соң қайталанып, Нұрекең бұл жолы қолыма алтын қалам ұстатып кетті. Осындай әсерлермен өзімнің о бастағы елдікке, дербестікке деген ұстанымдағы ой үстінде жүргенде «Бәйтерек» поэмасы туды.

Саранча

300 мың адам көріп бір де біреуі лайк баспағаны қалай кетті... 9а 204 мектеп <3

Оразбай

Отлично

Мега

Сәл бір ұзақтығы бар екен

Номер 50 мектеп Жетсай

Айжамал бәлее болды????

Еркеназ

Жақсы

Beka

9ә жаттап келын а то Хана

жаркын

ассиаламелекум тараздан

Beka

Өте қатты ойналатын кітап

Жанка

САБАК ОКЫҢ

9г 13 мектеп гемназия

Сабак окып келің ато хана

Адилбек

9"н"Имаш краш

Ынтымақ

Қызықтыекен

9 мектеп

нау өлең Ұйқас түрі: қара өлең ба?

Болашақ Мек Асик 9кл краш

Қызықты екен 87054875009

Пікір қалдырыңыз

Ей, Тұрсын!

  • 0
  • 0

Ей, Тұрсын, бір жүреміз енді қанша?
Сұм ажал ысқырады кер жыланша.
Бойға құт – бұйырғаны тіршіліктің,
Әйтеуір артымызда белгі қалса.

Толық

Алтайды көрген сайын...

  • 0
  • 0

Шілдеде қалың киім киіп алып,
Жүресің Мұзтау жаққа жиі барып.
Алтайдың шыңдарына шыққан кезде,
Тұрады төбең көкке тиіп анық.

Толық

Дүние елесі

  • 0
  • 0

Қатер күтіп қалтыраған сарайынан патшаның,
Тыныштығы тоналмаған қосың артық шап­шағын.
Жер жыртығын жамайтұғын жезтырнақтан тусаң да,
Сау қалмайды салған басың саудасына ақшаның.

Толық

Қарап көріңіз