Өлең, жыр, ақындар

Дариға, сол қыз!..

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 965
Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз,
Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!
Қасым

І
Майданнан Қасым келеді,
Өткеріп бастан небір күн.
Үстінде сұп-сұр шинелі,
Өңіндей сұрғылт өмірдің.
Өкпесі құрғыр шаншиды,
Кеудесі күрк-күрк жөтеліп.
Қиялы көкті шарпиды,
Қанатын дауыл көтеріп.
Туған ел – асыл анасы,
Қол бұлғап: «Балам, кел!» – дейді.
Сарыарқа – сайын даласы,
Ұшында көздің көлбейді.
Сағына сәлем береді
Аққу-қаз көлде қаңқылдап.
Өлеңнің бұлты келеді
Жауатын күндей жарқылдап.
Махаббат, жастық, еркелік
Қарайды көзбен суынған.
Келеді Қасым өртеніп,
Семсердей оттан суырған.
Лапылдап, маздап жанбаса,
Жабығып қалар жыны бар.
Ақылды жары болмаса,
Ақынның жанын кім ұғар?
Жаралы құстай талпынып,
Аңсайды көңіл құмарын.
Келеді ақын шарқ ұрып,
Алқынып іздеп сыңарын.
Сұрапыл соғыс сапырған,
Шайқалмай дүние қалсын ба?
Сәуле боп нәзік шақырған,
Дариға, сол қыз, барсың ба?!
Көз салып қызыл вагонға,
Жүр ме екен алып есіне?
Жолыққан ару Оралда,
Ақынның әулиесіне!
Түсті екен, шіркін, не күйге
Жатқанда жалпақ ел жүдеп?
«Сонау бір шетте, сол үйде...»
Отыр ма шықтай мөлдіреп?
Тағдырға әлде өкпелеп,
Түсіне Қасым жиі еніп,
Есіктің алды – көк терек,
Тұр ма екен әлі сүйеніп?
Сұлуға сонша сұқтанып,
Жүр ме екен біреу қаталап?
Қасымды өрттен шықты алып
Сол қызға деген махаббат!

ІІ
Түскендей көктен тас құлап,
Тарылды дүние тынысы.
Қара түн бетін осқылап,
Тіледі жайдың қылышы.
Аумайды осы бір сәттен
Найзағай мінез Қасым да.
Жанардан кенет бұрқ еткен
Жалын бар көздің жасында.
Сәпеннің жайын ұқты да:
«Құрбан, – деп, – басым жолына!» –
Үйінен атып шықты да,
Жармасты аттың жалына.
Тағдырдың тартқан сыйындай –
Өмір мен өлім таласы.
Құйғытты ақын құйындай,
От шашты тұлпар тағасы.
Бір дауыл тілеп барады ол,
Маздатып махаббатын да.
Төсейді жонын қара жол
Жұлдыздай аққан ақынға.
Атқанша алдан таң жарық,
Басады зілі түнектің.
Зулайды түнді қақ жарып,
Сәулесі сүйген жүректің!
Ашуы қиын тектінің,
Аңыз боп қалар артқыға.
Тежеді аттың екпінін,
Тізгінді жұлқи тартты да.
Тоқтады күлік құс кеуде,
Өзгеше мүлде мұнда күй.
Сарт етіп Қасым түскенде,
Селт етті қалғып тұрған үй.
Төгіп тұр нөсер түнімен,
Қансын деп кепкен кенезе.
Жалт етті түнек түбінен
Жабыққан жалғыз терезе.
Көрінді қара тажалдай,
Сүйгенін осы үй жалмаған.
Жарықтан жетім көз алмай,
Ұмтылды Қасым жалма-жан!
Көңілін басып сұр тұман,
Жүрекке ауыр мұң шөгіп.
Төнді кеп әйнек сыртынан,
Қараңғы түнді бүркеніп.
Соғады сезім дауылы,
Оңай ма кетіп, қайырылу?
Жалғанда дерттің ауыры –
Ғашықтан тірі айырылу!
Сілтесе семсер қызғаныш,
Өлімге бару – ерге оңай.
Тұйықтан шығу – қызға күш,
Табады қазір жол қалай?
Басылды оттай көзіне
Сұлудың жүдеу сүлдесі.
Сәпеннің мынау өзі ме,
Көріп тұр көзі кімді осы?
Жарылса нетті бір рет,
Жанғанша бүйтіп үлбіреп –
Қасымға емес, құдірет,
Қасіретке біткен бұл жүрек!
Қызығы біткен қыз күннің,
Не деген қиын сәт еді?!
Тұяғында отыр құзғынның
Аққудай ару Сәпені.
Ойылтып табан, өкшені,
Соғыстан аман тұр келіп.
Көргенше мұны кетсе еді
Абдолламен бірге өліп!
Сәпеннің жанын алайда
Қасымдай кім бар түсінген?
Есебін тауып қалайда,
Азғын ғой арбап түсірген.
Өксиді ақын жаралы,
Дариға, сонау қайда арман?!
Аман-сау шықса жарады,
Ендігі мынау майданнан!
Тар кезең, тар жол, тар көпір
Қыспаққа талай салады-ау.
Төбедей болып төрде отыр
Шүйдесі шойын қара дәу.
Көз жастай тұнған мөлдіреп,
Жайнайды тартып шараптан.
Осы ғой: «Қасым өлді!» – деп,
Өтірік сыбыс таратқан.
Сәпенге хат жоқ Қасымнан,
Жыл бойы хабар-ошарсыз.
Ақынның хатын жасырған,
Почтадан алып осы арсыз.
Момынның сорын қайнатқан,
Сұмдардың сұрқай көсемі,
Почтаны қолда ойнатқан,
Талғарда дөкей осы еді.
Құм қылып қайғы жігерін,
Қыз жаны қорқып қысымнан,
Қасымнан үзді күдерін,
Тағдырға мойын ұсынған...

ІІІ
Аңсаған жүрек зарыға,
Білмеймін, қанша зар төкті.
Шыдамай бұдан арыға,
Есіктен Қасым жарқ етті.
Аядай үйдің ішінде
Айналды өмір ұршықтай.
Көргендей мұны түсінде,
Сәпеннің үні тұр шықпай.
Көзінің алды мұнартып,
Шыңылдап екі құлағы,
Өзіне өзі кінә артып:
«Қасым!..» – деп барып құлады.
Былшиған бетін тілгендей
Қасымның өткір жанары,
Тірідей көрге кіргендей,
Қара дәу жерге қарады.
Жіберсін қалай ол қиып,
Тұтанып, түтеп, күйеді.
Сәпен де есін сәл жиып,
Қасымға басын сүйеді.
Жұтқызған бір бал, бір уды,
Махаббат, неткен киелі ең?!
Сәпендей нәзік сұлуды
Сүрінген сәтте сүйеген!
Сәпенді демеп қолтықтан:
«Кеттік!» – деп Қасым ақырды.
Зу еткен оқтай мылтықтан,
Екеуі сыртқа атылды.
Шыққанда ытқып далаға,
Қол созды бақыт тым жақын.
Тірі өлік қалған молаға
Жирене қарап тұрды ақын.
«Дүние неткен жап-жарық,
Осындай ма еді бұрын да?!.»
Шаттанды толқып, таңданып,
Тұрғандай Талғар шыңында!
«Жар үшін жанған түс отқа...»
Дегендей нұрын құйды көк.
Орап ап ыстық құшаққа,
Сәпенін Қасым сүйді кеп!..

ІV
Қанатын қиып арманның,
Жылатқан жаттың қойнында,
Обалы ғашық жандардың –
Қанқұйлы соғыс мойнында!
Тау асып, қиын тас басып,
Жеткендей ақын мұратқа;
Келеді, міне, қос ғашық
Мінгесіп алып бір атқа.
Қаһары қатты, ей, тағдыр,
Екеуін енді жылатпа!
Араға кірсе сайтан бір,
Арының туын құлатпа!
Кеңейіп дүние тар мына,
Табылып барлық керегі;
Сәпенді емес, алдына
Таң нұрын алып келеді!
Бар ма екен, Сәпен, дәл сендей
Арудың мінсіз асылы?!.
Серпіле соққан семсердей,
Қазақтың сүйген Қасымы!
Ақынның жаны ғажап-ақ –
Кіршіксіз, таза осынша!
Сүйетін болсаң, азамат,
Сүйе біл нағыз Қасымша!
Желкілдеп жасыл желегі,
Алматы күтті жастарын.
«Баяғы күйі – өлеңі...»
Келеді іздеп достарын.
Балапан басып-шайқаса,
Баспана қайда бастағы?
Баспана деген, байқаса,
Екен ғой туған аспаны!
Самғайды жырдың көгінде,
Сұңқардай қағып қанатын –
Қасым боп келіп өмірге,
Жасын боп өткен сол ақын!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Боздағым-ай!

  • 0
  • 0

Дүние, жұмбақ едің, шіркін, неткен,
Аққулар орала ма былтыр кеткен?
Аққулар оралса да былтыр кеткен,
Боздақтар оралмайды­ау қыршын кеткен.

Толық

Оразбай басында

  • 0
  • 0

Құлазитын секілді Шұнай тауы,
Ескі қыстау көргенді мұңайтады.
Өшкен ошақ,
Өлген үй,

Толық

Бозторғай-жүрек

  • 0
  • 0

Тербеді мені қанша арман,
Әлдилеп әлі келеді.
Бозторғай-жүрек ән салған,
Жанымды қозғай береді.

Толық

Қарап көріңіз