Бас сүйектер
I
Уақыт!
Сенен озамын деп айта алман,
Cен бiр жүйрiк желдей ескен майталман.
Есебiңнен жаңылмайсың ешқашан,
Саудагерсiң несиеңдi қайта алған.
Қоздырып ап дәуiрлердiң арқасын,
Оздырып ап тiзгiнiңдi тартасың.
Дауылыңмен, жауыныңмен осқылап,
Ғасырлардың құлатасың жартасын.
Сенiң шойын табаныңның астында,
Уатылып айналады тас құмға.
Қуарады гүл жайнаған ағаш та,
Суалады тауды бұзған тасқын да.
Саласың да сағат сайын тепкiге,
Өшiресiң лапылдаған өрттi де.
Ұмыттырып қуанышты, қайғыны,
Кетiресiң шор боп қатқан дерттi де.
Зымыран уақыт!
Сенiменен жарысып,
Сенiменен қағысып,
Сенiменен алысып,
Қай тұлпардың жұқармады тұяғы,
Қай сұңқардың мұқалмады қияғы?
Армандаған өлмес өмiр ғұзырын
Қорқыттың да ұта алмады қиялы.
Ел басқарған көсем де,
От ауызды шешен де
Жеңе алмады бiр сенi.
Қорған болған халыққа,
Қол бастаған алып та
Жеңе алмады бiр сенi.
Ғұмыр бойы күресiп,
Ғұмыр бойы тiресiп,
Өмiрменен еселесiп келесiң.
Жер жаңарар гүл өсiп,
Ел жаңарар ұл өсiп,
Тiршiлiктiң алға сүйрер кемесiн.
Сондықтан да сен өмiрден әлсiзсiң,
Арзан және нәрсiзсiң.
Өмiрменен өлшенедi құның да,
Өмiр тынса, мәнсiзсiң.
Тамырындай миуаның таралған,
Тереңдерден нәр алған,
Уақыт, сен бiр бәйтерексiң мәуелi,
Өмiр үшiн жаралған.
II
О, адамдар,
Бiр сәт тыным алмастан,
Жер бетiне кезек келiп, алмасқан,
Аз ғұмырда арпалысқан талмастан,
Ғасырлардың жағасына жармасқан.
Бал тiрлiктiң ләззатына қанбастан,
Пенделiгiң қалмастан,
Бiр-бiрiңдi алдасқан,
Бiр-бiрiңмен арбасқан...
Қолдарыңда кетпен емес, көбiрек
Асыр салған алдаспан!..
Ғасырларды сiлкiп қалсам шаң басқан,
Шошынамын өз көзiме нанбастан.
Бiр ғасырлар қолы шолақ, көзi жоқ,
Бiр ғасырлар шойырылған жамбастан.
Бiр ғасырлар әрең тұрар орнынан,
Басы-көзiн қан басқан...
О, ғасырлар шыңырауында жатқандар,
Тiрлiк дәмiн татқандар:
Гүл-жазира нұрлы жердiң бетiнде
Сайран салып, ойнап, күлiм қаққандар...
Қалқан болып от пен оқтың өтiнде,
Арпалысып баққандар...
Бiр келетiн мынау шолақ ғұмырда
Мол береке тапқандар...
Мұрша болмай артқа мойын бұруға,
Жұлдыздайын аққандар...
Қара түнде алаудай
Жүрек отын жаққандар...
Желсiз күнгi жалаудай
Ауыр ойға батқандар...
Тағдыр жүгiн өз мойнына артқандар...
Жанды тербеп махабаттың бал әнi,
Жар қайғысын тартқандар...
Маңдайына сыйғыза алмай даланы,
Жер қайғысын тартқандар...
Алып қырды алшысынан басқандар,
Таралғыны тоғыз қабат таққандар,
Жердi солқылдатқандар,
Өз Отанын сатқандар,
Өз халқына оқ атқандар...
Сүттей таза дүниеге
Қара күйе жаққандар...
Сонау, сонау тұңғиықтан тым жырақ,
Сансыз жанар телмiргендей тұнжырап.
Сансыз келбет елестейдi көзiме,
Сағымдардың арасынан бұлдырап.
III
Өлшеместен жас пен кәрi арасын,
Екшеместен даңғой менен данасын,
Жұтып жатқан сансыз адам баласын,
Көр-ажалдың аузы ма деп қаласың...
Антрополог отыр бейiт басында,
Үңiлгендей көрде жатқан ғасырға.
Бас сүйектер тұр алдында тiзiлiп,
Кiм бiледi – ақын ба, әлде батыр ма?
Кiм бiледi – патша ма, әлде пақыр ма?
Антрополог ойланады толғанып,
Алма-кезек бас сүйектi қолға алып.
О, керемет...
Кенет сарнай жөнелдi,
Бас сүйектер қозғалып...
Дауыстар:
– Ей, жiгiтiм, сал құлақ,
Бiздер – қатқан қу баспыз.
Сүйегiмiз саудырап,
Орнымыздан тұрмаспыз.
Артқа мойын бұрмаспыз,
Ендi қайтып тумаспыз.
Баяғыдай ай жүзiмiз албырап,
Жанарымыз қарақаттай жаудырап,
Сауық-сайран құрмаспыз,
Асқақ арман қумаспыз.
– Тұңғиыққа батқан қара тастармыз,
Өмiр бақи жылжымас.
Ақ сөңке боп қурап бiткен бастармыз,
Ғайып болған жым-жылас.
– Үңiрейген мынау көздiң орнында
Маздаушы едi ұлы өмiрдiң жалыны.
Бiр сөнбесiн, бiр сөнгесiн ал мұнда
Жарқ етпейдi тiршiлiктiң жарығы.
– Жер астына түсiп кеттiк мәңгiлiк,
Жарық күндi жер бетiне қалдырып.
Жалт еттi де жарқын өмiр соңғы рет,
Бәрi, бәрi қалды ұмыт...
– Судай тасып ағып ек,
Топыраққа судай сiңiп жоғалдық.
Аз ғұмырда арпалысып бағып ек,
Ойсыз көрге оп-оңай омалдық...
Бiрiншi дауыс:
– Жамырамай тоқтаңдар,
Өңкей құдай соққандар!
Хан орнына қара жүрер күн қайда?
Хандар ғана сөйлеу керек мұндайда,
Алдымды орап, қасиетсiз малғұндар,
Алтын тәждi неге ұмыта қалдыңдар?
Мен – Хан едiм,
Арыстандай ақырған,
Жолбарыстай атылған.
Жауларымды қоғадайын жапырған,
Дүниенi қара судай сапырған.
Баста – тәжiм,
Тағым – барда тақымда,
Дес бермедiм ақынға,
Дес бермедiм батырға.
Зұлымдықты суардым да ақылға,
Атағымды жайдым алыс-жақынға.
Басымнан бiр ұшпай бақыт құсым да,
Әмiрiмдi жүргiздiм өз тұсымда.
Қастасқанды қалпақтай ғып үйiрдiм
Көк найзаның ұшында.
Айға балап алтын тәждi басымды,
Алпауыттар аяғыма бас ұрды.
Кешiп жүрiп алтын менен асылды,
Белшесiнен басып өттiм ғасырды.
Қаhарымнан қалтырады маңайым,
Бағып менiң қабағым мен қасымды.
Қана жұттым байлықтың бал-шырынын,
Салтанатпен өттi сәндi ғұмырым.
Аққу мойын арулардың төсiнде,
Ақ таңдарда алдырдым көз шырымын.
Хан алдында қылдан тайса хас сұлу,
Үймелеттiм көзiне көк шыбынын.
Адам басын қақпақыл қып ойнадым,
Қанша жұтсам қызыл қанға тоймадым.
Қит еткендi қиып түспей қоймадым,
Ханның iсi – қаталдық деп ойладым.
Ерегескен, еселескен елдердiң
Шығардым да ойранын,
Табаныма төсеп қойып құлдарды,
Жеңісімнің салтанатын тойладым.
Азуымды айға бiлеп, күш қыла,
Қашанда өз дегенiмдi болдырдым.
Шырқау көкте шарықтаған құсты да
Айбатыммен алдыма әкеп қондырдым.
Алтын сарай дүниенiң тiрегi
Сияқты боп, көкiрегiм көк тiредi.
Гүлзарыма хордың қызы түнедi,
Бұлбұл сайрап, саулығымды тiледi.
«Мәңгiлiкке тоқтамайды, – дедiм мен, –
Жер құдайы – қаhарлы хан жүрегi!»
Қарашықта қастық оты сөнбедi,
Екi көзiм бiр-бiрiне сенбедi.
Арыстан ғой – астыңдағы алтын тақ,
Күндiз-түнi алаңдатты сол менi.
Сенбедiм мен бауырым мен ағама,
Ертеңгi күн жармасар деп жағама.
Сауысқаннан сақ болдым да дедiм мен:
«Алтын тақтан – ағайындық садаға!»
Өз қолыммен құртқан едiм әкемдi,
Туған балам маған ажал әкелдi.
Менiң басым баспалдақ боп қаланды
Таққа барар қанды жолға қатерлi.
Бiттiм солай. Түнек басты, күн батты...
Аядай көр бесiк болды құндақты.
Қайран өмiр құстай ұшып көзiмнен,
Жарық дүние жапты есiгiн тым қатты.
Өмiр маған сарайымен қымбатты,
Өмiр маған малайымен қымбатты.
Өмiр маған бал түнiмен қымбатты,
Өмiр маған алтынымен қымбатты.
Өмiрдi мен тәж бен тақ деп бiлемiн,
Сондықтан да өмiрге мен құл едiм.
Сол өмiрдi өзгелерден қызғанып,
Өзiмменен бiрге өлуiн тiледiм.
Тiршiлiктiң жалғандығын кеш ұқтым,
Секем оймен сезiмiмдi шошыттым.
Сезген сайын жеңбесiмдi ажалды,
Өмiрге мен мың мәртебе өшiктiм.
Егестiм де ажалға,
Айналдым мен алапатты тажалға.
Қорқау көзбен қарадым да ғаламға,
Бар әлемдi салып бiрден табанға,
Тып-типыл ғып құртқым келдi табанда.
Сан соқпағын салып қанды жорықтың,
Сондықтан да жолбарысша жорыттым.
Ажал менi алады-ау деп қорықпадым,
Қайран дәулет қалады-ау деп қорықтым.
Ұмтылсам да жер түбiне жыраққа,
Дегенiме жете алмадым бiрақ та.
Кете бардым тақымында ажалдың,
Ұқсадым да көкпардағы лаққа...
Жер бетiне қайта бiр сәт келсем деп,
Аңқам кеуiп, ынтығамын мен шөлдеп.
Хан құрыса да қурамайтын өмiрдiң
Әуселесiн осы кезде көрсем деп...
Күл-талқан ғып бәлемдi,
Құртар едiм бар елдi.
Сонан кейiн жатар едiм жай тауып,
Өлгенде де билеп-төстеп әлемдi...
Екiншi дауыс:
– Татпаған жан тiршiлiктiң бал дәмiн
Тiстейдi екен бармағын.
Сiңiрлерiм тарамыстай тартылып,
Мен көтердiм ғасырлардың салмағын.
Көл боп аққан көз жасыма көмiлiп,
Тұңғиықта тұншықты асқақ арманым.
Замандардың жартасынан жаңғырып,
Шығар менiң запыранды зарларым.
Отпен кiрiп, күлмен шықтым қор болып,
Өмiрiмде бiр күн тыным алмадым.
Құл болдым да пұл болдым,
Қолдан-қолға өтiп қайда бармадым.
Шұрқ тесiлiп табаным,
Шартарапты шарладым,
Жұттым жапан шаңдарын...
Қайғы жолын таптадым,
Бақыт жолын таппадым.
Бұрқырайды иiсi ащы терiмнiң,
Ашып қалса қара жердiң қатпарын.
Сiреу-сiреу қасiреттiң көк мұзын
Көкiрегiме қаттадым.
Өмiрiмдi бiр келер
Сорды бит пен бүргелер.
Қия бассам ашты маған аранын
Зындандар мен түрмелер.
Сорпадайын қайнатты да сорымды,
Қожайыным сорды қан мен сөлiмдi.
Жон арқамда қамшысы ойнап қайғының,
Көкiрегiм қарс айрылып, сөгiлдi.
Адам едiк, мал орнына санады,
Құлды хан да, қарақшы да талады.
Қасiреттiң мөрi болып басылды
Тас-тарихқа құлдың қара табаны.
Тарықтырып тас қараңғы мекенiм,
Тiршiлiктен қайтты менiң меселiм.
Ғұмырымда тым болмаса бiр рет
Бiлмей өттiм еркiндiктiң не екенiн.
Дүниеден өттiм солай мазақ боп,
Зомбылықтан өлiп қана азат боп.
Мен өмiрдi түсiнемiн қайғы деп,
Мен өмiрдi түсiнемiн азап деп.
Еркiндiктiң еншiсiнен құр қалдық,
Құр қалдық та, болдық құнсыз құрбандық.
«Құл жиылып бас болмас» деп қорлады,
Қорлықтан қатты уландық.
Зiл батпандар жаншыса да иықтан,
Тас астында гүл жардық.
Шыңырауларда ширығып,
Азаптың төс-балғасымен шыңдалдық.
Кектiң қара қазанында қайнадық,
Тiсiмiздi тiсiмiзге қайрадық.
Қапастардан бас көтердiк бұлқынып,
Қан майданға сайланып.
«Құтырмаңдар, қара сирақ құлдарым,
Хандар үшiн бiр-ақ тиын құндарың.
Құлдың құны тумай жатып төленген,
Құлдықта өтер қыздарың мен ұлдарың», –
Деп қайтадан желкеледi жаныштап,
Арқаладық адамзаттың мұң-зарын.
Тағдырдың бұл сынын да,
Көтердiк бiз шақ қалсақ та сынуға.
Ұрпақ үшiн тiктiк басты өлiмге,
Тек құлдан құл тумақ па екен шынында?!
Күлге айналмай денемiз,
Құлға айналдық неге бiз?
Тiрлiктiң тас омырауынан бiреулер
Уыз емiп, неге бiз у емемiз?!
О, Бостандық!
Мен өзiңдi баладым
Елiгiне даланың.
Талғанша қос жанарым,
Өзiң бе деп ұшқан құсқа қарадым.
Жұмбақ болып маған мекен-тұрағың,
Дауылдардан сұрадым.
Мың тұрып, мың құладым,
Аттамақ боп саған қарай бiр адым.
О, Бостандық!
Өзiң жақтан бола ма деп бiр хабар,
Құлақ түрдiм қиқуласа тырналар.
Сенi iздедiм толқындардан тулаған,
Мұз-бұғаудан босанғанда жылғалар.
О, Бостандық!
Елестедiң сен маған
Баспана боп менде өмiрi болмаған.
Мұңлы махаббатым боп,
Тумысымда қолым жете алмаған.
Шөлiм болып қанбаған,
Терiм болып тамбаған.
О, Бостандық!
Қасiреттен қан жылап,
Кiрпiк iлсем қалжырап,
Көрдiм сенi түсiмде,
От пен оқтың iшiнде.
Елестедiң қанды майдан, ұрыс боп,
Елестедiң қылшылдаған қылыш боп.
Елестедiң кiсен болып үзiлген,
Елестедiң еркiн алар тыныс боп.
Елестедiң жалғыз үзiм нан болып,
Елестедiң биiк шырқар ән болып.
Арманым жоқ дедiм мен,
Ақ жолыңда кетер болсам мәңгi өлiп.
О, Бостандық!
Бостандық деп талпындым,
Сондықтан да дар ағашқа тартылдым.
Өкiнбеймiн,
Жүрер жанды елесiм
Жанарында әр ғасырдың, әр күннiң.
Мен өлгелi өттi сансыз жылжып күн,
Сыры мәлiм қашан-дағы сұмдықтың.
Түстi ме екен байғұс жердiң мойнынан
Қарғыс атқыр тас қамыты құлдықтың?
Жауыздықтың зәбiрiн
Көрдi менiң, өзiм түгiл, қабiрiм.
Бiлер, сiрә, отқа жанса өз ары,
Бiлмегендер еркiндiктiң қадiрiн...
Үшiншi дауыс:
– Керегiң не –
Жалынбысың, шоқпысың?
Керегiң не –
Қылышпысың, оқпысың?
Қиған кезде тұлпарыңның тiрсегiн,
Қиған кезде сұңқарыңның топшысын,
Жауға қарсы қыла алмасаң бiр дәрмен,
Керегiң не –
Барсың ба, әлде жоқпысың?
Теппес үшiн қазанымды қас жауым,
Кеппес үшiн итаяқ боп астауым,
Төкпес үшiн қанды жасын бастауым,
Шөкпес үшiн қайғы жұтып жас тауым,
Қалың қолды бастадым.
Бiрақ та мен қиянатқа баспадым,
Iргесiне өрт салмадым басқаның.
Балталаса босағамды кiм келiп,
Шаңырағына жайдың отын тастадым.
Айбатты едi жүрегiм,
Қайратты едi бiлегiм,
Қасарысқан, қақтығысқан дұшпанның
Қабырғасын көк найзамен iредiм.
Кекпен қайнап, от шайнаған батырмын,
Жау қанына семсерiмдi батырдым.
Бейбiт елiм шырт ұйқыда жатқанда,
Ат үстiнде көз iлмей таң атырдым.
Қаhарлансам тартып iшке қанымды,
Қалтыраттым патшаңды да, ханыңды.
Мен қайғының қара тауын көтердiм,
Найза ұшына байлап шыбын жанымды.
Елiм,
Елiм,
Сен деп қана күн кештiм.
Сен күлмесең, езу тартып күлмеспiн.
Жер бетiнде сен болмасаң егер де
Мен өмiрдiң не екенiн бiлмеспiн...
Өмiр,
Өмiр,
Мәңгi саған ғашықпын,
Мен тiлеймiн аспаныңа ашық күн.
Тыныш сүрген бiр күнiңе не жетер,
Қанiшердi қалсын мәңгi басып құм...
Сарайынан сырт қап сайран-сауықтың,
Уысында өстiм болат сауыттың.
Туған елiм,
Сен күрсiнсең қайғырдым,
Сен қуансаң, мен дертiмнен сауықтым.
Туған елсiз ердiң күнi құрысын...
Алысқанда болдым шабар қылышың.
Талыққанда болдым ұшар қанатың,
Тарыққанда болдым алар тынысың.
Туған елiм,
Махббатың – жанға дәт.
Ара түстiм алған шақта жау қамап.
Хан мен бектер қашты басын сауғалап,
Тағдырыңды базарға сап, саудалап...
...Оқ өтпейтiн табылады жан қайдан?..
Өз есесiн жiбере ме қан майдан?
Әттең, әттең, қапы кеттiм, қайтейiн,
Соқты ажалдың сұр жебесi маңдайдан.
Үзiлдi де атойлаған ұраным,
Ат үстiнен таудай болып құладым.
Қиналдым мен жауым тiрi қалды-ау деп,
Қиналмадым сөнер деп қос шырағым.
Жар салғанда жауым менi өлд деп,
Тауларыма қайғы бұлты қонды кеп.
Көлдерiмнiң шарасына толды кек...
Мен дүниемен қоштасарда соңғы рет...
Көз алдымда елiм тұрды мөлдiреп!..
Елiм үшiн бердiм басты өлiмге,
Ендi алаңсыз жатам мәңгi көрiмде.
Өмiр – халқым!
Халқым барда мен бармын,
Жасай берем жарық дүние төрiнде.
Елесiм бар таң нұрында өмiрдiң,
Көз жасым бар жаңбырында жерiмнiң.
Ар мен намыс мына менiң бойымда,
Тағдырым бар тағдырында елiмнiң.
Қалқан болар туған жерге нар ұлдар,
Ей, ұрпақтар, бiздi де еске алыңдар.
Тамырында барлық ұлы жеңiстiң
Менiң де ыстық қаным бар...
Жер бетiнде мәңгi тұрар ешкiм жоқ,
Өкiнбеймiн жанбай жатып өштiм деп.
Тұңғиыққа батты талай ғасырлар,
Уақыт шаңы басты да ауыр көшкiн боп.
Жылдар қанша көмгенiмен тереңге,
Бұзып шығам, тас қақпасын тебем де...
Өйткенi мен құс қанатты аңыз боп,
Айналғанмын өлмейтұғын өлеңге.
Ғасырлардың шоқтығына шығып ап,
Заңғарлардан көз саламын төменге.
Өмiр әнiн талай жандар шырқады,
Тiршiлiктiң тұншықпасын нұр таңы.
Ханның басы қалады екен сұраусыз,
Батыр басын iздейдi екен ұрпағы.
Қыршынынан кетсе де,
Жаудан кегiн алған
жаста арман не?!
Мыңдап жылдар өтсе де,
Жоқтаушысы болған баста арман не?!
Төртiншi дауыс:
– Талай басты қырдым да,
Өзiм сосын кеттiм мәңгi құрдымға.
Тiрлiгiмде қаныпезер атандым,
Қарақшылық қылдым да.
Шөл қандырмай мөлдiр бұлақ, көк өзен,
Қан iшпесем кептi қаңсып кенезем.
Қара түнде қара қанжар ұстадым,
Кiсi өлтiру – мақсатым боп көзеген.
Торуылдап тоғыз жолдың торабын,
Керуендi де, кезбенi де тонадым.
Қайыршының қақтым тесiк қалтасын,
Қабiрiн де тiнттiм жаңа моланың.
Менiң өкшем тиiп кеткен маңдарға,
Адам тұрмақ, жоламады аңдар да.
Сыйынбадым Аллаға да, адамға,
Сыйындым тек екi жүздi қанжарға.
Қорқау сезiм билеп-төстеп алды да,
Түсiнбедiм ұятты да, арды да.
Тәттi ләззат таптым қарақшылықтан,
Менiң санам жетпедi одан арғыға...
Пәк өмiрдiң зәресiн ап, шырқын ап,
Шошындырдым балғын етiн шымшылап.
Селт етпестен қарап тұрдым сүйсiнiп,
Жатса бiреу шыбын жаны шырқырап.
Жан болмады мен басымды иетiн,
Жар болмады мен елжiреп сүйетiн.
Тас едi ғой, тас едi ғой жүрегiм,
Қас едi ғой, қас едi ғой ниетiм.
Айта қояр қарақшыға алғыс кiм?
Қара тасы басты менi қарғыстың.
Талайлардың қанын судай шашып ем,
Ақырында жер құштым да қан құстым.
Мен өлгенде бiр жан iздеп келмедi,
Болды басым қарға-құзғын ермегi.
Жиiркенiп, жиырылып қара жер,
Құшағынан титтей орын бермедi.
Сан сойқандар ойнаушы едi миымда,
Құным тұрмай, жоғалдым, көк тиынға.
Табалады тау да, көл де, орман да,
Мазақ қылды соққан жел де, құйын да.
Тиетiндей қарақшының қырсығы,
Өлiгiмнен аңдар да үркiп, ыршыды.
Кеттi ме деп дер бетiнен бiр залым,
Түршiккендер бойын жазып тыншыды.
Жерде де жоқ, көкте де жоқ тұрағым,
Елесiмдi ессiз желден сұрағын.
Басқалардың нарқын, сiрә, бiлмеймiн,
Бiлдiм құнын қарақшының, шырағым...
Қарақшыда болмайды екен ана да,
Қарақшыда болмайды екен бала да.
Қарақшыға бұйырмайды баспана,
Қарақшыға бұйырмайды мола да.
Қарабетпiн,
Қарабетпiн мына мен,
Бар өмiрiн сарп қылған күнәмен.
Өмiр, сiрә, қанжар емес қолдағы,
Болса керек сырлы сазды мың әуен.
Жыртқыш заман болды менiң заманым,
Тоналдым да, мен де өзгенi тонадым.
Қарақшы боп кете бардым, қайтейiн,
Болмаған соң басқадай бiр амалым.
Уақыт заңы қатал екен менен де,
Төрт аяғы ойнады ендi төбемде...
Өмiр маған бермес қайта қол ұшын,
Зым-зия боп батам түпсiз тереңге.
Адастырып бұлдыр тұман, бұлдыр күн,
Мен тағдырға тамырымды жұлдырдым.
Iзi де жоқ, тозы да жоқ тозаңмын,
Талайсызбын, тұқиянсыз тұлдырмын.
Өмiр – алтын кесе екен ғой бал толы,
Амал қанша, тасқа ұрдым да сындырдым...
Шырын өмiр,
Тата алмадым балыңды,
Таба алмадым,
Жоқ сезiндiм барыңды.
Дүниенi тонаймын деп әлек боп,
Тонатыппын ұятымды, арымды.
Өмiр,
Өмiр, тереңiңе бойламай,
Тебiренбей, емiренбей, ойламай:
Мен қанжардың құлы болып өтiппiн,
Қызығыңды бiр күн, сiрә, тойламай.
Бұдан қайғы, бұдан қасiрет өтер ме,
Ащы зарым жер түбiнен жетер ме?..
Өмiр деген – iзгiлiктiң нұры екен,
Шабылыппын,
Шағылыппын бекерге.
Әлi талай көктем келер, күз өтер,
Уақыт-ұста майысқанды түзетер.
Адамзаттың iзгi туған ұлдары
Жер-ананы қарақшыдан күзетер.
Өкiнiшiм,
Өкiнiшiм көп менiң,
Зұлымдықтың есiгiн бiр теппедiм.
Тым болмаса, жарық дүние төрiнен
Қарақшының соңғысы боп кетпедiм...
Менен соңғы қарақшылар қауiптi,
Не сұмдықты, не сойқанды тауыпты.
Мен тонасам керуендi, кезбенi,
Олар бүкiл қара жерге жауықты...
Түбiнде әйтеу бiр алапат-дүлейдiң
Жерге қатер төндiрмеуiн тiлеймiн.
Жер жүрегiн жараласа бiреулер,
Қарақшы екеш қарақшы
Мен де қарғап-сiлеймiн...
Өмiр деген – жұмыр жер ғой, жұмыр жер,
Уа, Тәңірім, жұмыр жерге ғұмыр бер!
Бесiншi дауыс:
– Еш күнәсiз, еш шүбәсiз сәбимiн,
Туа шөккен тағдырыма налимын.
Өмiр, бәлкiм, ақ сүтi ме анамның,
Өмiрдi уыз иiсiнен танимын.
Жарық дүние сәулесiне бөлендiм,
Маужырадым үнiне әлди-өлеңнiң.
Өмiр, бәлкiм, алақаны анамның,
Ақ бесiгi болған балғын денемнiң.
Өмiр – әлде айдың нұры, күн нұры,
Өмiр – әлде аққан судың сылдыры.
Шөл қандырған
Омыраудың иiсi,
Алдандырған
Қоңыраудың сыңғыры.
Бәрi жұмбақ –
Атқан таң да, батқан күн,
Жұмбақ сәби ғұмырымды атқардым.
Әйтеуiр тез аяқталды сапарым,
Тал бесiктен жер-бесiкке аттандым.
Мен iзiмдi қайдан iздеп табамын?
Қара жерге тимей кеттi табаным.
Күн көзiне күймей кеттi жон арқам,
Гүл жұпарын сезбей кеттi танауым.
Бiлмеймiн де – келдiм, кеттiм қай күнi,
Сезбеймiн де қуанышты, қайғыны.
Маған қымбат жұтар ауа, жүрер жол,
Мен үшiн сол тiршiлiктiң байлығы.
Сәби қалпы сөндi iшiмде мың арман,
Шыбық құрлы шыға алмадым құмардан.
Болсам керек мен бiр жасыл жапырақ,
Ұшып түскен өмiр атты шынардан.
Болмас па едi әйтеуiр бiр керегiм,
Қалмас па едi артымда бiр дерегiм,
Тұрмас па едi байтақ жердiң төсiнде
Тамыр жайып менiң де бәйтерегiм.
О, тiршiлiк,
О, сырлы әлем, нұрлы әлем,
Әр сәтiңдi қадiрлер ем, сыйлар ем.
Тауыңдағы бiр гүлiң боп құлпырып,
Бағыңдағы бұлбұлың боп жырлар ем.
Қыраның боп қонар едiм шыңға мен,
Ұланың боп ұлы әнiңдi тыңдар ем.
Нұрлы дүние, қымбат едiң сен неткен,
Сенен орын бұйырмастан мен кеткем.
Үзiлмесiн сәби ғұмыр сабағы,
Өмiр дәнi өркендемек жөргектен.
Алтыншы дауыс:
– Ей, махаббат,
Болдым сенiң құрбаның.
Гүл бағыңда сауық-сайран құрмадым.
Кең даланың құралайы ем қаперсiз,
Сезбеппiн ғой тағдыр қақпан құрғанын.
Сай-сүйегiн сырқыратар тастың да
Менiң тартқан тауқыметiм, мұң-зарым.
Мен емес пе ем еркiн өскен ерке қыз,
Жабырқадым көктем өтiп, келсе күз.
Нәзiк жаным жазды аңсайтын жайдары,
Айнам едi жарқыраған көл-теңiз.
Айдың нұры ақ көйлегiм болатын,
Аққу-қаздар алдыма кеп қонатын.
Гүл-дүние құлпырып көз алдымда,
Гүлдер ғана құшағыма толатын.
Ғашық едiм бояуына бақтардың,
Содан рахат,
Содан ләззат тапқанмын.
Ақ қайыңды ұйқысынан оятып,
Тылсым түнге жан сырымды ақтардым.
Шұғыласына шомылдым да ақ таңның,
Шыққан күнмен бiрге күлiп шаттандым.
Аспанымда ойнап жастық жарқылы,
Өн бойымды ыстық жалын шарпыды.
Махаббаттың тiлiн алғаш түсiндiм,
Тiрлiгiмдi түсiндiм сол арқылы.
Тамырымды тептi тосын бiр ағын,
Себебiн өз жүрегiмнен сұрадым.
Ағыл-тегiл төктi тұмса нөсерiм,
Қуаныштан ағыл-тегiл жыладым.
Рахаттың көк теңiзiн жалдадым,
Тұңғиықтан тердiм сезiм маржанын.
Сонда ғана парықтаған шығармын
Дүниенiң қымбаты мен арзанын.
Жанарымды қадап оң мен солыма,
Жасқанбастан түстiм жастық жолына.
Тағдырымды махаббатқа тапсырдым,
Жүрегiмдi ұстаттым да қолына.
О, махаббат,
Заңғар шыңсың мен бiлсем,
Таймастай бiр тұғырыңа қондыр сен.
Қасиеттi ғұзырыңа бас ұрдым,
Мен сендiкпiн, ғұмырыңа сендiрсең.
Үрле, лаулат кеудемдегi шоғымды,
Ал өртiмдi өзiң сөндiр, сөндiрсең.
Бұзып кiрiп терезесiн тылсымның,
Осылайша махаббатқа құлшындым.
Көңiлiме қанат байлап ұшсам да,
Ұшығына жете алмаппын бiр сырдың...
Мен қалайша қурамайын, солмайын,
Қарыс жерде тұрыпты ғой сор дайын.
Шықпай жатып тасқа тиiп маңдайым,
Ащы удан ойылды бал таңдайым.
Құсаландым – қаным қайнап, жан күйiп,
Артымда – ор, алдымда – оппа, жар биiк.
Қонбақ келiп менiң аққу төсiме
Қалбаңдаған қара қарға жарбиып.
Бар қызығым айналды да елеске,
Белдi байлап, түстiм тартыс-егеске.
Отқа күйiп шырқырады махаббат,
Өмiр деген бал махаббат емес пе?
Махабаттың басып қиын соқпағын,
Маңдайымды қайда апарып соқпадым?
Жетiм жүрек жанарынан жас төгiп,
Жетi түнде жұлдызымды жоқтадым.
Өмiр, сiрә, емес шығар суық мұз,
Менiңше, ол – лапылдаған от-жалын.
Егер ортақ бола алмаса қайғыма,
Шағылмай ма аспандағы ай мына.
Тұншықтырды қара түнi қорлықтың,
Қасiреттiң қара шашын жайды да.
Күйе алмаса, қақ бөлiнсiн жүрегiм,
Сүйе алмаса, отқа күйсiн бұл ерiн.
Оңашада ғашығымның мойнына
Асылмаса, қырқылсын қос бiлегiм.
Қу томарға рас байлап қойды ма?
Жұтылайын одан да жер қойнына.
Бұрымдарым, оқжыланға айналып,
Атылып кеп, оралыңдар мойныма.
Махаббатсыз жер бетiнде жүрер кiм?
Қас-қабағым тастай қатып түнердiм.
Жасырынып жарық дүние көзiнен,
Өзiмдi өзiм шыңырауға атып жiбердiм.
Ендi, мiне, тұңғиықтан тiл қатам,
Қара жерге қасiретiмдi тыңдатам.
Махаббаттың бiле алмассың қадiрiн,
Ей, ғасырлар, маған мойын бұрмасаң.
Ешқашанда ғайып болып кетпеймiн,
Жылдарменен болашаққа беттеймiн.
Өмiр ғана махаббатың тұрағы,
Махаббат боп көктем сайын көктеймiн.
Өмiр-тiрлiк
Махаббаттан тұрады.
Махаббаттың суалса тас бұлағы,
Махаббаттың қуарса жас құрағы,
Тарс бiтедi тiршiлiктiң құлағы.
О, махаббат!
Құдіреттi өмiр – сен.
Армансызбын көз жасың боп төгiлсем.
Жеңсем егер бiр өзiң деп жеңдiм де,
Бiр өзiң деп жеңiлдiм тек жеңiлсем!..
Жетiншi дауыс:
– Батыр емен атаң-даңқын асырған,
Хан емеспiн қазынасын жасырған.
Қарақшы емен жұртқа тiзе батырған,
Жердiң құты,
Елдiң құты – диқанмын,
Емiп өстiм жер емшегiн жасымнан.
Мұңдасым да, сырласым да тек менiң,
Болды жалғыз таянышым – кетпенiм.
Бас-аяғы бiр-ақ тұтам ғұмырды
Базбiреуше босқа сүрiп кетпедiм.
Түстiм-дағы топыраққа дән болып,
Саусағымды күнге созып көктедiм.
Мен ешкiмнiң нанына ортақ болмадым,
Жедi өзгелер ақ нанымды теп-тегiн.
Өмiр алғаш ошағыма жаққанда от,
Кең көсiлiп ақ ордада жатқам жоқ.
Тағдыр маған құс төсегiн ұсынып,
Иығыма зерлi шапан жапқан жоқ.
Зорлық менiң сан байлады бағымды,
Қайран басым қорлыққа да бағынды.
Қарақшылар шалқасынан жатты да,
Қызыл қанға шылап жедi нанымды.
Бiрақ олар қадiрiмдi бiлмедi,
Отқа салды, суға салды бiр менi.
Жиған-терген астығымды тартып ап,
Ал өзiмдi дүреледi, тiлдедi.
Табанында тапталдым сан төренiң,
Ауыз ашсам аңдып тұрды тек өлiм.
Жер құдайы санады олар өздерiн,
Жер үшiн мен алым-салық төледiм.
Рахат емес, кештiм өмiр бейнетiн,
Зорықтым да, торықтым да кейде тым.
Ғұмыр бойы төксем де ащы терiмдi,
Көре алмадым еңбегiмнiң зейнетiн.
Қасiретiмнiң бәрiн тiзiп айта алман,
Жан емеспiн жаудан есе қайтарған.
Бұршақ емес, ат тұяғы жапырып,
Өртке кеттi көк егiнiм жайқалған.
Аштық келдi – қастық келдi бiр күнi,
Жарлыларды обыр өлiм қылғыды.
Қылқындырды тағдырдың қыл шыбыры,
Ажал жылжып, үйден-үйге сырғыды.
Жан шырқырап аштық төнген уақытта
Адыра қалар алтын тәж де, тақыт да.
Бiр уыс дән көрден-көрге түсiрiп,
Бiр уыс дән жеткiзедi бақытқа.
Қайғы басса қоламтадай қоздаған,
Пенде бар ма бордай ерiп тозбаған?
Ақсүйектер кекiрелеп жатқанда,
Аштан өлдi көз алдымда өз балам.
Неге менiң гүлiм ерте семедi,
Неге менiң күнiм ерте сөнедi?
О, сұмдық-ай,
Егiншiнiң баласы
Аштан өлдi дегенге кiм сенедi?!
Салды маған қасiрет батпан салмағын,
Сонда-дағы дән егуден талмадым.
Өшкендердi мың қайтара тұтаттым,
Үзiлгендi мың қайтара жалғадым.
Қарамайды уақыт аш пен тоғыңа,
Назар салмас барың менен жоғыңа.
Осқылады миллион жылдар дойыры
Көнi қалың көнбiс жердiң жонына.
Талқандаумен тастай қатты сорымды,
Қолым тозып, көбелерiм сөгiлдi.
Алғашында бәрiн жерден алып ем,
Жерге бердiм қанымды да, сөлiмдi.
Ашыққанның өзегiне нәр бердiм,
Алысқанның бiлегiне әл бердiм.
Жоғалмайды жер бетiнен көлеңкем,
Менiң жаным уызында дәндердiң.
Жердiң менсiз, менiң жерсiз жоқ күнiм,
Тiлеймiн тек тiршiлiктiң тоқтығын.
Құдірет күшi құйттай ғана дәндердiң
Биiктетiп келедi өмiр шоқтығын.
Шымылдығын түрiп әрбiр таңдардың,
Ғасырлардың тың қыртысын аудардым.
Күс-күс қолым – қан тамыры тiрлiктiң,
Өмiр – нан ғой, нан бар жерде мен бармын.
Нан – үмiтiң,
Нан – шаттығың,
Нан – қайғың!
Соры да – нан,
Терi де – нан маңдайдың!
Арың да – нан,
Жаның да – нан,
Қаның – нан!
Нансыз өмiр бар дегенге нанбаймын.
Жайқалғанда жер бетiнде көк егiн,
Сонда өзiмнiң келбетiмдi көремiн.
Тiршiлiктiң тасқа соқпай арбасын,
Мен өмiрдi алға сүйреп келемiн...
Сегiзiншi дауыс:
– Мен – тiрлiктiң тiрегiмiн – анамын,
Жарық күннен мейiрiмдi жанарым.
Жығылғанды көкiрегiммен сүйедiм,
Жыртылғанды жүрегiммен жамадым.
Құлдыраса құлын-өмiр дауысы,
Қызыл отқа ең алдымен жанамын.
Өмiр – сiрә, аяқталмас зор майдан,
Майдан барда тап болмасын сор қайдан?
Ердi көрдiм
Намыс туын жықпаған.
Ездi көрдiм
Күнi төмен торғайдан.
Заман көрдiм
Каhар шашқан қылыштан.
Адам көрдiм
Арпалысқан, жұлысқан.
Дала көрдiм
Отқа өртенiп, құрысқан.
Қала көрдiм
Быт-шыт болып күлi ұшқан.
Бала көрдiм
Бесiгiнде күрсiнген.
Дана көрдiм
Қасiреттен құнысқан.
Қуаныштан болды дәйiм қайғым зор,
Азабымды арқаласты ай-күндер.
Мен күрсiнсем,
Күңiрендi алып тау,
Мен егiлсем,
Еңiредi айдын көл.
Тiрлiк үшiн – сәбиiмнiң жаны үшiн
Қайыр тiлеп нан сұрадым, жайдым қол.
Қаусатты да қабырғамды қатал күн,
Әз ана едiм, қайыршы әйел атандым.
Қайран өмiр саудаланды қанша рет
Жендет пенен қолында алыпсатардың.
Бiреуге – көл,
Бiреуге шөл уақытта
Ғұмыр кештiм, жете алмадым бақытқа.
Арсыз дүние талайларды арбады,
Айналды да алтын менен жақұтқа.
Бiрақ...
Бiрақ...
Темiр өзек жан бар ма?
Қара да өттi,
Өттi қорқау хандар да.
Қылпылдаған қылышынан уақыттың
Қиылмаған пенде басы қалған ба?
Қасiреттi сезбеген бар,
Сезген бар.
Ар-ұяттан безбеген бар,
Безген бар.
Жан иесiн езбеген бар,
Езген бар.
Қиянатқа төзбеген бар,
Төзген бар.
Теңшер бәрiн таразысы уақыттың,
Өмiр барда – өлiм деген безбен бар...
Арына дақ түспесiн деп өмiрдiң,
Қара көзден қанды жас боп төгiлдiм.
Қайғы батқан қабырға боп қайыстым,
Қасiрет толы көкiрек боп сөгiлдiм.
Ей, зұлымдық,
Атың өшсiн, зұлымдық!
Қан жұтқанша, қасiреттiң уын жұт.
Құм құйылсын сұрқай-құзғын көзiңе,
Болсын мәңгi күнiң қараң, жылың – жұт.
Сенiң арам босағаңды аттаған,
Қара ниет жанның бәрi жат маған.
Олар, сiрә, ана сүтiн татпаған,
Қасиеттi ақ бесiкте жатпаған.
Жұттың қымбат асылымды қаншама,
Зар иледiм, дүниеге жар сала.
Мәңгi бақи майдандасам сенiмен,
Ұлы денем күлге айналып қалса да.
Жылдар,
Жылдар...
Жаңарады жаңғырып.
Ұйықтар тарих жартасында жаңғырық.
О, адамдық,
Сүттей таза адалдық,
Сипар ма едiм маңдайыңнан мәңгiлiк.
Көк орманның қорғап бала талын да,
Аяладым құстың балапанын да.
Әлдиiме рахаттанып, маужырап,
Өмiр менiң мызғыды алақанымда.
Бұтақтарым бүр жарады, көктейдi,
Тау шөксе де, асқар тұлғам шөкпейдi.
Дүниенiң бар қуаныш-қайғысы
Жүрегiме соқпай менiң кетпейдi.
Менiң күнiм мәңгi күлiп шығады,
Сөнбес нұрлы шаңырағымның шырағы.
Бүкiл әлем кiшiрейiп алдымда,
Әрқашан да тағзым етiп тұрады.
Ей, пенделер,
Ғұмыр кешкен сан бөлек:
Бiрiңе жан, ал бiрiңе мал керек.
Бiреуiңе жұту үшiн бал керек,
Бiреуiңе жұту үшiн қан керек.
Бiреуiңе сайран керек, сән керек,
Бiреуiңе айран керек, нан керек.
Бiреуiңе жанжал қымбат бәрiнен,
Бiреуiңе ұят керек, ар керек.
Қилы-қилы тағдырға таңғаламын,
Менiң жаным жаралған ба әлде ерек?
Менiңше, өмiр – махаббаты ананың,
Менiңше, өмiр – бесiктегi балбөбек...
Тоғызыншы дауыс:
– Сөз дауылын сапырдым,
Найзағай боп атылдым.
Ел басына екiталай күн туса,
Шамырқанып, шабытымды шақырдым.
Жырымменен ту көтерiп, жол аштым,
Жоғын жоқтап алыс пенен жақынның.
Ең алдымен қасiреттiң салмағы
Түседi екен жүрегiне ақынның.
Өттi-кеттi күйiнумен қымбат күн,
Шаңын қақтым қайғы деген тулақтың.
Көппен бiрге баттым сордың көлiне,
Дауысымды қара тасқа тыңдаттым.
Мен халқымның көкiрегi боп күрсiндiм,
Мен халқымның жүрегi боп тiл қаттым.
Алдамшы үмiт ұстатпады сағымдай,
Өттiм бiрақ ақ жолымнан жаңылмай.
Қара табан шындық үшiн тартыстым,
Жорға мiнген жалғандыққа жалынбай.
Ақын ары –
Елдiң ары деп бiлдiм,
Сөзiн сөйлеп елiн сүйген тектi ұлдың.
Шаршы топта суырылдым қылыштай,
Арқасында от ауыз бен шоқ тiлдiң.
Демедiм мен құзға құлап кетермiн,
Адалдықтың туын биiк көтердiм:
Қиянатпен қыр басына кiм шыққан,
Қорқаулықпен мұратына жетер кiм?
Жақсылықтың толқыны боп туладым,
Жамандықты наркескен боп турадым.
Туған елдiң қасиетiн ұғынып,
Туған елдiң қасiретiн тыңдадым.
Жұрт жыласа,
Жыладым мен мың есе,
Жүрегiмдi жұлып бердiм тiлесе.
Дамыл көрмей түре қудым дауыл боп,
Ел басына қайғы бұлты түнесе.
Жұлдыз-жырым медет берiп нұр төккен,
Қара түндi ояттым мен мұң шөккен.
Тұлпар-халқым оза шапса алдыға,
Қастандық-ит алды бiрақ тiрсектен.
Болмасын деп ән ажарсыз, күй жұтаң,
Туған жерге сүт-сәулесiн құйды таң.
Батыр халқым жауға шапса,
Бүйiрден
Сатқындық сұм сұр жебе боп тидi сан.
Арзандаса адамдықтың нарқы шын,
Қайран өмiр тартады екен талқысын.
Ел тағдырын саудалады сатқындар
Мансап үшiн,
Байлық үшiн,
Даңқ үшiн.
Алауыздық тұралатып ақыры,
Надандықтың қатты батты тақымы.
Кейбiреудiң жауы досқа айналып,
Кейбiреудiң жатқа айналды жақыны.
Дүлей дүние тiлi мылқау, көзi жоқ,
Басы қатты даңғазадан мезi боп.
Безбүйректер бүлк етпестен безердi,
Аш қасқырдай өз бауырын өзi жеп.
Сұмпайылар маңайына у төккен,
Сөйте тұра аузын сүрттi қу шөппен.
Шыр айналдым қарлығаштай шырылдап,
Қалың өртке қанатымен су сепкен.
Жалпақ жұрттың жүрегiне жара сап,
Қара нардай басқан кезде алапат,
Қаратаудай күңiренiп сөйледiм,
Сөзiмнен бiр тие ме деп шарапат.
Хан мен бектер өздерiнше iсiнер,
Ел болмаса,
Сөзiңдi кiм түсiнер?
Қызыл тiл де қызған темiр секiлдi,
Тиген жерiн қолдыратып түсiрер.
Таяқ сiлтеп сәби-елдiң етiне,
Ұрындырса суық желдiң өтiне,
Қып-қызыл боп қызған темiр тiлiмдi
Быжылдатып бастым ханның бетiне...
Қайсыбiрiн айта берем бiрақ та,
Ұшып кеткен елес-құспын жыраққа.
Менiң жырым қалған мәңгi жазылып
Тау, далада,
Өзен-көлде, бұлақта.
Менiң сөзiм – батырлардың жырында,
Менiң сөзiм – ғасырлардың сырында.
Көшiп жүрер өлмейтұғын рухым
Байтақ жердiң ойы менен қырында.
Өткiзгем жоқ ғұмырды бос сенделiп,
Өшiре алмас сөзiмдi ешбiр сел келiп.
Туған халқым тебiренiп толғанса,
Туған далам тiл қатады мен болып.
Ойлап қара, бұл дүниенiң түбi жоқ,
Ойланбасаң, керегi не тiрi боп?
Мен өмiрдi түсiнемiн
Өлмейтiн
Туған елдiң құдіреттi тiлi деп!
Бәрi бекер...
Өттi хан да, қара да,
Қарақшының басы қалды далада.
Бала, Ана, Туған халқым, Туған тiл –
Солар үшiн барлығы да садаға!
* * *
Антрополог отыр әлi толғанып,
Алма-кезек бас сүйектi қолға алып.
Болмағандай көрiнген көп дүние,
О, керемет,
Өз-өзiнен болды анық.
Сонау, сонау тұңғиықтан тым жырақ,
Сансыз жанар телмiргендей тұнжырап,
Сансыз келбет елестейдi көзiме,
Сағымдардың арасынан бұлдырап...
1976
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі