Өлең, жыр, ақындар

Ерлік пен тектілік

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 791
Елімізде арғы қазақ мифологиясын зерттеу мектебінің өзіндік негізін қалауда жанкешті ерлік танытқан, қыршын кеткен жас ғалым Серікбол Қондыбайдың емделуіне, еңбектенуіне, танылуына дер кезінде үлкен қамқорлық жасаған текті азамат Иманғали Нұрғалиұлы
Тасмағамбетовке арнаймын.
Автор

І
Қайғының борандатып қарлы қысы,
Көңілдің шырылдайды зарлы құсы.
Бөрідей бел астында ұлиды ажал,
Әйтеуір, өлім жақын – белгілісі.
Байлаған тас қазыққа – тағдыр ісі,
Қолында Тәңірінің ендігісі.
Барады мұздай суып белден төмен,
Баяулап бірте­бірте қан жүрісі.
Келеді шырмауықтай шандығысы,
Шақырып тас қараңғы көрдің іші.
Жарыққа жанталасқан жас ғұмырдың
Сарқылмақ сәлден кейін соңғы күші.
Тынған соң фәнидегі бар жұмысы,
Естілмес ұшып кеткен жан дыбысы.
Мәңгілік таусылмайтын ұзақ сапар –
Бақида жеткізбейді жолдың ұшы.
Бұл жатқан Қондыбайдың Серікболы,
Заманның ғұламасы­көріпкелі.
Кеудесі күйіп­жанып шыдатпайды,
Секілді қызған темір көріктегі.
Таусылмақ тіршіліктің шырын дәмі,
Қиналып шырқырайды шыбын жаны.
Жайнайды жарқ­жұрқ етіп көз алдында
Шырайы дүниенің құбылмалы...

ІІ
Мың жылдап бабалары тірлік кешкен,
Атажұрт артта қалып кіндік кескен,
Келеді қалың нөпір күңіреніп,
Түнеріп түйдек бұлттай сырғып көшкен.
Тыныштық төңкеріліп қас қағымда,
Өмірдің дауыл тұрды аспанында.
Өкшелеп қалмайтұғын қасіреттей,
Қара шаң шұбырады көш соңында.
Сыя алмай туып­өскен жерге тегі,
Көшкен ел көздің жасын көлдетеді.
Алдында не күтіп тұр, құдай білсін,
Жеткізбей үміт, шіркін, шөлдетеді.
Адайдың бір руы Медет деген,
Жұрт еді іргесінен жел өтпеген.
Төрт мың үй көтеріліп түгел көшті,
Әуре боп басқа түскен әлекпенен.
Аңырап атамекен қап барады,
Соңына жылай­жылай көп қарады.
Қия алмай Cарбұлақты, Күркілдекті,
Шерқала, Айрақтыны, Көкқаланы.
Шіркін­ай, Шеңгел, Сарыой, Шайыр қандай,
Мыңғырып төрт түлік мал жайылғандай.
Қалдырды қыс қыстауын, жаз жайлауын,
Кім енді елдің бетін қайырғандай?
Желдетсе Маңғыстаудың маң даласы,
Жусанның малынады шаңға басы.
Қалқа боп қашқан жұртқа келе жатқан
Өткілбай – рудағы ел данасы.

ІІІ
Қозғаған жылы орнынан халықты кім?
Айтайын оқиғаның анықтығын:
Қызылдар қырғын салып, қамшы үйірген,
Құдайдың қимағандай жарық күнін.
Халықты салық салып титықтатқан,
Қитықтан белсенділер ситық тапқан.
Қаулатып қастандықтың қызыл отын,
Момынды қой басындай үйтіп баққан.
Белгілі оларды да жұмсады кім,
Салыпты ет салығын, жүн салығын.
Қуырып жан біткенді қуырдақтай,
Сыйғызған қауызына бір тарының.
Бастапты дүниеде жоқ қылықты,
Жоқты да жерден қазып таптырыпты.
«Қайтсең де жүн салығын өтейсің!» – деп
Қалдырмай көрпе­жастық сөктіріпті.
Тажалды құдай қашан тойдырыпты?
Жарлының жалғыз атын сойдырыпты.
Есіріп елді қорлап, қызды зорлап,
Өткізген өздерінше «той­қызықты».
Қайран ел еркіндікті аңсап өткен,
Қорлыққа шыдамаған сарсаң еткен.
Жылында мың тоғыз жүз отыз бірдің
Бұрқ еткен көтеріліс сол себептен.
Адайлар атқа қонған сол бір жылы,
Түсіпті бар қазаққа тағдыр жүгі.
Созақта, Шыңғыстауда, Шұбартауда
Болыпты қанды шайқас – ел қырғыны.
Айналып ақ сүйекке ақыры оның,
Шер басқан қазағымның көкірегін.
Соларды шарпып өткен қасіреттің
Өртейді жүрегімді оты менің.

ІV
Кең дала көсіледі белесі жоқ,
Көрінбес келешектің елесі жоқ.
Тақымдап келе жатыр қуғыншылар,
Үкідей ұшқан елдің зәресі жоқ.
Күн батса босқындарға таң атпайды,
Шошынып жан­жағына алақтайды.
Қызылдың жазалаушы отряды
Қасқырдай қоян қуған жалақтайды.
Өткілбай, Нұрғали мен ер Мырзалы,
Оларға жастан таныс жолдың бәрі.
Үміті төрт мың үйдің үшеуінде,
Бір жіпке байлаулы тұр тағдырлары.
Дүние диірмендей дөңгеледі,
Тулақтай қусырылып жер көлемі.
Өткілбай, Мырзалымен тізе қосып,
Халқына соңындағы дем береді.
Өткілбай жетпіс жасқа келген еді,
Серік боп ер Мырзалы ерген еді.
Нұрғали екеуінің ізін басқан,
Көзге атқан құралайды мерген еді.
Төрт тәулік – тынбай жортып ел қашқалы,
Жапанда жасырынып жол басқалы.
Тоқтаса қатер төніп төбесінен,
Ажал тұр етегіне жармасқалы.
Қай заман мына заман – ойран заман,
Біреуді біреу іреп сойған заман.
Жас төлдер ілесе алмай жолда қалды,
Бұралып тірсектері маймаңдаған.
Қаңғымас қайда жұрттың қапалысы,
Түркімен, Иран жері – беталысы.
Биенің кісінейді құлындысы,
Боздайды бозінгеннің боталысы.
Жетер ме аман­есен басқа жерге,
Қамқоршы Алла ғана босқан елге.
Аспанға мойнын созып ит ұлиды,
Кім білсін, зауал тұр ма тосқан әлде?
«Құм шөлмек мың күн сынбас, бір күн сынар»,
«Жау бар!» деп хабар берді шолғыншылар.
Сыртынан қашқан елдің орап өтіп,
Тосыпты қарсы алдынан қуғыншылар.
Айтпаңыз қорқынышты бұл шақтағы,
Ананың көзден жасы бұршақтады.
Ор қазып күтіп жатыр қарулы топ,
Құрулы пулемет тұр жусатқалы.
Ерлердің кірпігіне жас қонақтап,
Уайымға батты бір сәт сасқалақтап.
Жасанған жауға шапса жалаң қолмен,
Қырылып, қызыл қанға босқа батпақ.
Тәңірге қысылған ел жалбарына,
Сыйынды пір Бекеттің аруағына.
Күй кешті тыпырлаған шортандайын,
Ілініп балықшының қармағына.
Өткілбай назар салып жан­жағына,
Қарады қарсы жақтың салмағына.
Бекінді не болса да тәуекелге,
Алланың көніп басқа салғанына.
Тағдырға не шара бар тарықтырған,
Адамды бір­біріне жауықтырған?
Медеттер алдыға сап ірі малды,
Ұмтылды оққа қарсы жауып тұрған.
Байлады қайран ерлер оққа басын,
Ерлерді жұрты қалай жоқтамасын?!
Жауыздар барған сайын өршеленді,
Білген соң қашқындардың тоқтамасын.
Боздақтар қапияда баудай түсті,
Қандары судай ағып саулай түсті.
Істеді басынған жау өз дегенін,
Кім аяр қаруы жоқ ел байғұсты?
Бұршақтай жауған оқты керек қылмай,
Атойлап шепті бұзды ер Өткілбай.
Атаға тартып туған текті қыран,
Құлар ма топшысынан қанат сынбай?!
«Сауғалар енді бізге таса жоқ!» – деп,
Лап қойды қалғандары баса­көктеп.
Екі жақ бетпе­бет кеп кескілесті,
Аямай бірін­бірі қасап етпек.
Тілгілеп өзектерін өткір қайғы,
Қазақтың кеудесінде кек тулайды.
Басшысы жазлаушы отрядтың –
Фетисев көздеп атты Өткілбайды.
Қырандай айырылған қанатынан,
Қалпақтай ұшып түсті ол атынан.
Көз алды күңгірттеніп сала берді,
Басқандай айналасын қара тұман.
Сол кезде жалт бұрылды топтан шыға,
Жасқанбай бір жас жігіт оқтан, сірә.
Жығылған Өткілбайға құстай ұшты,
Секілді зуылдаған көк қаршыға.
Түсті де ағызып кеп қарғып аттан,
Батырдың сұлық жүзін көрді жатқан.
Адамның аяғынан бір шалады
Түбінде ажал деген қанды қақпан.
Құраған біріктіріп басын елдің,
Сүйегін қалай тастар асыл ердің?
Қалдырса жау қолына қорлап тынар,
Бұйыртпай топырағын осы жердің.
Денесін хас батырдың жаттан қорып,
Әкете бергенінде атқа өңгеріп,
Жарқ етіп қылыш тиді желкесінен,
Түскендей жайдың оты көктен келіп.
Домалап доптай ұшты ердің басы,
Көргеннің сорғалады көзден жасы.
Танылды жігіт емес, қыз екені,
Торғындай төгілгенде қолаң шашы.
Шыдамай аттың басын бұрған екен,
Әке үшін баласы да құрбан екен.
Өсірген қыз болса да ұлдай көріп,
Жалғызы Өткілбайдың – Тұрған екен.
Сілтеген қызға қылыш шауып барып,
Нұрғали Фетисевті шалып қалып,
Шүріппесін берденкенің басқан кезде,
Бұрқ етті көк түтіні шаңыттанып.
Оқ тиіп сұмырайдың желкесінен,
Сұлады сопаң етіп келтесінен.
Секілді қызыл қаны қызыл жылан,
Жылжыды ирелеңдеп жер төсімен.
Қайғыдан қамшы үйіріп сала құлаш,
Біреуге біреу неге болады қас?
Қолма­қол тағдыр есеп айырысты,
«Қанды қан жібермейді» деген рас.
Тоқтаусыз талап жеген кәпір құзғын,
Жоқтаусыз талай ерлер жатыр біздің.
Жігіттер жанталасып алып шықты
Денесін батыр әке, батыр қыздың.
Жауыздар айырылған соң серкесінен,
Түйенің қорқып қашты өркешінен.
Босқан ел тосқауылды бұзып өтті,
Батса да қызыл қанға белшесінен...

V
Қырылған Медеттердің тамтығы жоқ,
Зарлайды жетім қалған жалқы жүрек.
Күңіреніп кете барды шаһиттерге
Сала алмай сұр топырақ жарты күрек.
Жайнайды аспан төрі самаладай,
Қалқиды ақша бұлттар шағаладай.
Айналып қарға­құзғын төбесінде,
Шашылып өлік қалды баданадай.
Көсеудің тұқылындай қатты күйген,
Төрт жүз үй қалғаны тек төрт мың үйден.
Дүниеде бізден сорлы ел бар ма екен
Осынау қасіретті кепті киген?
Жылайды жүректерін кек қарайтып,
Ешкім жоқ есіркейтін тоқтау айтып.
Әйелдер ат үстінде дауыс салып,
Теңселіп, талықсиды жоқтау айтып.
Иегі шал­кемпірдің кемсеңдейді,
«Көргенше бұл сұмдықты өлсем...» – дейді.
Көрмесе өз көзімен қызылдардың
Қынадай қырғанына жан сенбейді.
Жетерлік мына қайғы жүз жылдарға,
Жалғанда жауыздыққа тізгін бар ма?
Жапанда жайрап қалған қалың Медет
Жем болды қарға менен құзғындарға.
Аңыра, жоқтау айтып, зарла, қазақ,
Азабың бұдан өткен бар ма, қазақ?!
Барады шылбыр үзіп қиыр шетке,
Көнбеген бұғалыққа арда қазақ.
Өксиді ішке тартып тылсым демін,
Олардың сезесің бе күрсінгенін?
Қалдырып бара жатыр бауыр етін,
Сүйретіп бара жатыр құр сүлдерін.
Жүрсе де қасіреттің түнегінде,
Туған жер – атамекен тілегінде.
Қызыл ет кеудесінде демесеңіз,
Қалдырып бара жатыр жүрегін де.
Қалдырып басын ата­бабасының,
Арқалап кетті мұңын даласының.
Нұрын да тастап мұнда бара жатыр
Көзінің ағы менен қарасының.
Бұтағы бәйтеректің желбіреген,
Сояудай болды, міне, селдіреген.
Қалдырып бара жатыр бақытын да,
Кіршіксіз махаббатын мөлдіреген.
Ағайын, нанасың ба, нанасың ба?
Бойдағы асылының бәрі осында!
Сопайып соқа басы кеткенімен,
Шыбындай шырқыраған жаны осында!..


Не деген тағдыр еді, тағдыр еді,
Қиналды Серікболдың жан­жүрегі.
Есіне түсіп жатқан қызыл қырғын
Естіген анасынан әңгіме еді.
Жібермес өз есесін тағдыр әсте,
Өткеннің оралуда барлығы еске.
Ілесіп кететіндей көзін ілсе,
Шұбырған шаң боратып қанды көшке.
Аманат арпалыста жан құдайға,
Түспесе ел азапқа қанжылай ма?
Бүлдіршін Әділбегі жетегінде,
Ішінде сол сүргіннің Қондыбай да.
Серікбол – Әділбектің тұяғы еді,
Қыранның қанатының қияғы еді.
Оны да тағдыр салып тар соқпаққа,
Қинады қырық қатпар қия белі.
Шешесі арқалатып арман жүгін,
Ағытқан көкірегін жарған мұңын.
Айтқан­ды атасының Иран барып,
Сүйегі жат өлкеде қалғандығын.
Баянсыз дүниенің жалғандығын,
Өртеніп өзегінің жанғандығын.
Сағынып әкесінің туған жерді,
Төрт болып екі көзі талғандығын.
Шет жерде шерлі қазақ не көрмеді,
Түйесін қайда апарып шөгермеді?
Бөлініп ақ сүт берген енесінен,
Қозыдай маңырады көгендегі.
Қондыбай өлерінде Әділбекті
Шақырып, өсиетін мәлімдепті:
«Қайтсең де туған жерге табан тигіз,
Бойыңда тұрған кезде әлің!» – депті.
Әділбек талай жерді шиырлаған,
Заманның желі қуып құйындаған.
Сенделіп сең соққандай көпке дейін,
Дәм­тұзы туған елдің бұйырмаған.
Ілінген балықтай боп желбезектен,
Әйтеуір ебін тауып елге жеткен.
Қырыққа шығарында қыршын кетіп,
Шынайы бостандыққа шөлдеп өткен.
Тірліктің аққан суы бөгелгенде,
Ұл тумай ердің құны төленген бе?
Жылында мың тоғыз жүз алпыс жеті,
Серікбол іште қапты ол өлгенде.
Атадан бойға сіңген мол қасиет,
Болмай ма қысылғанда жанға тиек.
Қоштасып бәйбішесі Тәрбиемен,
Айтыпты өтерінде ол да өсиет:
«Бұйырса бір шарана жарық көрмек,
Өмірің соныменен көріктенбек.
Түсіме әкем кіріп аян берді,
Атын қой ұл боп туса Серікбол деп!
Өскенде тура бұрып досқа жүзін,
Бабаның ұмытпасын басқан ізін.
Баяғы қанды көшті есіне сал,
Жудырған қалың Медет жасқа жүзін.
Ел едік азап тартып бейнет көрген,
Намысы тар кезеңде қайрат берген.
Тарихын атамекен түгендесін,
Шымырлап көкіректе қайнап келген!»
Әкенің өсиеті қымбат қандай,
Елестеп бабалары тіл қатқандай.
Тартады тұңғиықтың тылсымына,
Байланған бір қара тас зіл батпандай.
Жадында гүлдей бүршік жарғаны да,
Жүгіріп мектепке алғаш барғаны да.
Бетіне ақ қағаздың белгі тастап,
Құлшынып қолға қалам алғаны да.
Білімді бал арадай жиғаны да,
Ертерек еркелікті тыйғаны да.
Әкенің аманатын жылап тұрып
Шешенің құлағына құйғаны да...

VІІ
Қаңтардың аязындай шақылдаған,
Қасірет қайдан келді шақырмаған?
Мезгілсіз күн күркіреп, жарқ­жұрқ етіп,
Найзағай төбесінде шатырлаған.
Басына орнады кеп ақырзаман,
Не шара құдіретке зақымдаған?..
Өзіне билетпейді өз денесі,
Түскендей көр түбіне ақымдаған.
Күйзеліп кімге керек аһ ұрғаны?
Мертіксе мүсәпір ғой батыр­дағы.
Азуын айға білеп жүргенінде,
Мылтықтай бүктетілді опырмалы.
Денесі қақыраған қақ жарылып,
Адыра қалар ма екен арман, үміт?
Өмірдің аласұрған толқынында,
Кемесі қирағандай аудырылып.
Өкініш күйдіреді жанды өртеген,
Тіршілік белгісі жоқ белден төмен.
Азапты аз ғұмырда тартып бақты,
Аңдыған ажал төніп көк желкеден.
Қасқырдай аласұрды қақпандағы,
Сұрапыл сұмдық азап батқан жаны.
Қыранның кейпін көзге елестетер
Қайырылып қанатынан жатқандағы.
Ұмтылып бір асуға бір асудан,
Жан еді асқар шыңға құлаш ұрған.
Дариға, ойда жоқта жардан ұшты
Жаралған жампоз тұяқ шын асылдан.
Тартады бөксе жерге, кеудесі өрге,
Амал жоқ айықпайтын зор кеселге.
Бөлініп кеуде жағы көкке шығып,
Шіркін­ай, ұшқан құспен селбесер ме?!
Айналып құс кейіпті өлмес ерге,
Заманмен зымыраған шендесер ме?
Қанатын самғар ма еді еркін қағып,
Бой бермей қара дауыл, көк нөсерге!
Жас ғұмыр кең сарайдай күмбірлеген,
Күмбездей құлазиды күңгірлеген.
Жүрегін сағат сайын жұлмалайды
Қайғының қара құрты үңгіп жеген.
Қолдаса бабалардың қасиеті,
Дүние тұра бермес осы беті.
Өмірден өкінішсіз өтер еді
Әкенің орындалса өсиеті.
Тарихтың шоламын деп түбін оймен,
Талайдың екі көзі шүңірейген.
Пендеге оңайлықпен сыр алдырмас,
Тұңғиық шексіз әлем үңірейген.
Жалт еткен көре алмаса сәуле содан,
Ғұмырдың керегі не көп жасаған
Бес күнгі тіршіліктің құлы емес пе,
Өзіне өзі жомарт, елге сараң.
Қиялы сүңгіп кетті замандарға,
Заманды түгендеген адам бар ма?
Періште құлағына сыбырлаған,
Шыр етіп дүниеге жаралғанда.
Толтырып көкірегін мол арманға,
Жалғаған жұмбақ сырлы ғаламдарға.
Соқпағы тылсым дүние таптырмайды
Адасқан үйден шыға надандарға.
Қисапсыз қымбат мұра, амал бар ма,
Ұқсайды ізсіз­тозсыз жоғалғанға.
Шым­шымдап жіптің ұшын ұстатардай,
Шиырдан ізін танып таба алғанға.
Көп сүрлеу көнедегі қалды ескіріп,
Кешігер көрсетпесе жанкештілік.
Аузынан арғы қазақ шыққан лебіз
Тұрғандай жеті қаттан мәңгі естіліп.

VІІІ
Жыраулар шақырады жырақтағы,
Аруақтың қасына кеп түнеп бәрі.
Бетіне ақ қағаздың тамшылаған,
Сия емес, Серікболдың жүрек қаны.
Тесілген шұрқ­шұрқ екі жамбас,
Жамбастың бүйте берсе еті қалмас.
Тістеніп шыдап отыр тыпыр етпей,
Әйтпесе үмітінің оты жанбас.
Ұрады таңды­таңға, күнді­күнге,
Бір істі тындырмаққа тірлігінде.
Шартарап көңіліне сыйғанменен,
Шағады шер толқытса мұңды кімге?
Сүзеді кітаптарды қалың­қалың,
Қуат қып іздегені табылғанын.
Өзінен басқа, сірә, кім біледі
Қаншама ой соңында сарылғанын?
Сағымдай сан құбылған бұлдыр заман,
Сиқырлы бірді беріп, мыңды ұрлаған.
Бейнесі көзге ешқашан көрінбейді,
Күмістің дыбысындай сыңғырлаған.
Сорабын іздемесе аңыздардан,
Мұра жоқ мұнарланған нағыздардан.
Не пайда қу шөппенен ауыз сүртіп,
Құр жылап, көздің жасын ағызғаннан?
Уақыттан тұтып торғын шымылдықты,
Мың жылдар мыңқ етпестен сырын бүкті.
Үзілген омыртқасы ата тарих
Мертіккен, бәлкім, осы ұлын күтті.
Мақсаты орындалса ең түптегі,
Өмірдің тола жатар артық­кемі.
Сауықса ата тарих сырқатынан,
Түк емес тіпті өзінің мертіккені.
Ат мініп өткен сонау дәуірлерден,
Бұл дала арпалыстың бәрін көрген.
Күншығыс кейде ұқсайды кейуанаға,
Батысқа баласындай тәлім берген.
Тірліктің доңғалағы кері айналып,
Ұмытты ұлы атасын талай халық.
Жасырын жұмбағы көп жұмыр жердің,
Даналар шеше алмаған сан ойланып.
Бел буды арғы түбін анықтауға,
Саралап сөз төркінін парықтауға.
Тұғырда томардай боп өзі қалып,
Ойлары кең әлемге шарықтауда.
Тағдырдың қарасаңшы мазақ ісін,
Өмірге келгеніңе жазалысың.
Тәңірі ұлан­ғайыр дарын беріп,
Неткен жан туа қалған азап үшін?
Не құдірет талпындырған өрге мұны,
Көтеріп көк аспанға жердегіні.
Білмеймін, бұрын­соңды болды ма екен
Қазақтың мұндай бейнет көрген ұлы?
Бөлісіп сор­бейнетті анасы да,
Жаутаңдап жаны ашиды баласына.
Күрсінсе ертелі­кеш жас толады
Мөлтілдеп екі көздің шарасына.
Күн батса қайғыменен таң да атады,
Қасірет түбінде бір сорлатады.
Жар сүймей, ұрпақ көрмей өтері анық,
Шешеге алдыменен сол батады.
Серікбол тоқтатпайды талпынысын,
Қағазға ақыл­ойын сарқу үшін.
Шеңгелдеп тырнағымен ауыр азап,
Бүреді барған сайын жан тынысын.
Сезеді... жақын қалды ажалы да,
Жалаңдап жанын әбден қажады да.
Жазғаны жарық көрсе арманы жоқ,
Көмілмей уақыттың шаң­тозаңына.
Риза көрген барлық азабына,
Мұрасы қалса қалың қазағына.
Мұң болып бір кітабын шығару да,
Кезікті қу тірліктің мазағына...
«Елім!» деп еңіреген қайран ұлдың
Түсері анық еді ойға бір күн.
Алақол, арпалысқан тіршілікте
Жатқанын кім біледі қайда кімнің?

ІХ
Шетпеде шетте қалған мүгедекті,
Қуантып жақсы хабар күле жетті.
Тұлпарға мінгізгендей Серікболды,
Әп­сәтте ер­тұрманын түгел етті.
Қу тағдыр еңбектетті, жүрелетті,
Азапқа арқасынан дүрелетті.
Мың болғыр Иманғали қол созбаса,
Кім танып, бұған дейін кім елепті?
Көңілдің бұлбұл қонып бұтағына,
Жарыққа шықты барлық кітабы да.
Жарқ етіп басындағы бұлт айығып,
Өлімді көзі жетті ұтарына.
Қамқорлық қанат беріп мына ғажап,
Жан жоқтай жер бетінде бұдан азат.
«Шүкірлік, туған екен, – деп ойлады, –
Жақсыны жебейтұғын бір азамат!»
Бар шығар бұл қазақта небір жайсаң,
Ісіне ой жіберіп, көңіл қойсаң.
Аз күнгі ақ сәулесі алдандырған,
Жалт етіп лезде сөнер өмір – майшам.
Салынбай тіршіліктің әуресіне,
Пенделер келсе бір сәт тәубесіне.
Мейірімге бірін­бірі бөлеп жүрсе,
Майшамның місе тұтып сәулесіне.
Шомылтып көңіл деген таза көлге,
Қазақты сүйрелесе қазақ өрге.
Бір басы жақсылардың екеу болып,
Шақырса келмес еді азап ерге!
Көлденең көк аттыға текке сеніп,
Өкініп, бармақ тістеп өтпес едік.
Қолында ұстағанның қолжаулық боп,
Аузында азулының кетпес едік.
Қайырымсыз өтті өмірден талай надан,
Ел билеп, қора­қора мал айдаған.
Көрінер жақсы­жаман қылған ісің
Шаң баспас уақыт деген шарайнадан.
Жолынан адаспайды соны ойлаған,
Алды­артын анық басып абайлаған.
Бірі екен Иманғали азаматтың
Жаяуға жолда қалған қарайлаған.
Төсемей ел жүгіне қыр арқаны,
Өз басын ойлағанды кім алқады?
Жақсының жақсылығын айтпай кетсе,
Мойнына кешірілмес күнә артады.
Марқайтып сан көңілді – жан түлеткен,
Жүр оның ел аузында даңқы көптен.
Жайнатып жіберетін қайда барсын,
Еңбегі көз алдыда халқына еткен.
Әрқашан көрінсе де биіктерден,
Жан емес кеуде қағып, иық керген.
Халқының жоғын жоқтап қаршадайдан,
Мұрасын ата­баба жиып­терген.
Тарихтың жан бітіріп бір кезіне,
Жайғандай жарқыратты күн көзіне.
Сыбырлап алғыс айтты ай астында,
Хандардың Сарайшықта күмбезі де.
Құтылдық күңкілдеуден от басында,
Тәңірі тіл мен көзден сақтасын да!
Мөлдіреп маңдай тері тұр оның да
Киелі Күлтегіннің көктасында.
Халқының бола білген қолқанаты,
Тарихта тектілердің қалған аты.
Жасаған жақсылығын салық қылып,
Сірә да сұрамаған елден ақы.
Қазақтың бәріне де болсын деген,
Қаны қас рушылға, жершілменен.
Жусаннан аласа боп жалпақ жұртқа,
Таудай іс тындырса да бәлсінбеген.
Нәр құйып гүлден нәзік сабағына,
Өнердің қарады қас­қабағына.
Жұртының жүрегінде жүргендігі –
Ілінсе ақындардың қаламына.
Жанының толқын тулап тереңінде,
Қарайды ойлы көзбен ол өмірге.
Ажалдан қорғап қалған ара түсіп,
Талайдың тірлік оты сөнерінде.
Тұрғанда өмір тізгін беріп қолға,
Кісілік, парасатпен көрікті ол да.
Адамдық шуағына жылуы мол
Бөленген тарыққанда Серікбол да!

Х
Қинайды қысқа ғұмыр үзілгелі,
Тереңдеп қайғы табы жүзіндегі.
Елестеп жанарына жаудырайды,
Жас күні жүріп өткен ізіндегі.
Адамда арман, шіркін, таусыла ма,
Кеудеден оңайлықпен жан шыға ма?
Айқасар өлімменен қайран өмір,
Таласып соңғы жалғыз тамшыға да.
Бір сағым сәуле төгіп санасына,
Шақырды әкесі де, бабасы да.
Баяғы қанды көшті ұмытқандай,
Бүгінгі түскен тірлік сабасына.
Шыбын жан шырқап ұшып көкке, міне,
Бейіштің аттанбақшы хақ төріне.
Риза қияметті ғұмыр кешіп,
Артына із қалдырып кеткеніне.
Амал жоқ ажал жетсе өлмесіне,
Соңғы сәт Иманғалиды алды есіне!
«Азамат аман жүрсін!» деп ішінен,
Бақидың сапар шекті келмесіне!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Дегелең

  • 0
  • 0

Қарайып сонадайда тұр Дегелең...
– Ойпыр­ай, сұмдық еді бұл не деген?
Қасына аяқ басып бара алмайсың,
Жеріңді осы емес пе түрмелеген?

Толық

Ақмола шайқасы

  • 0
  • 0

Төңкерген әлдеқашан тайқазанды,
Япыр­ай, айтсам екен қай заманды?
Мияулап тарғыл мысық секілденіп,
Алады ұйқы бермей ой мазамды.

Толық

Қайғының түбі – қара су

  • 0
  • 0

Бауырым, келдің қырыққа,
Көнбейді уақыт құрыққа.
Көңілдің құсын шарықтат,
Көзіңнің алды тұнықта.

Толық

Қарап көріңіз