Жалаңтөс
І
Тұрғанда ауызда сөз, қолда қалам,
Елеңдеп құлақ түрер ел де маған.
Жалаңтөс баһадүрді жырға қостым,
Аттанып Самарқанға кең даладан.
Қайырылып сонау өткен ғасырларға,
Кетейін белгі қойып асылдарға.
Қаншама атан тайып, ат сүрінді,
Қанды көш, қарлы боран асуларда.
Сыйынып Жаратқанға жалбарына,
Тұранның тағзым еттім хандарына.
Көп тұрдым Регистан алаңында,
(Регистан – Самарқандағы алаңның аты)
Көз тігіп «Тілләқари», «Шердарыға»!
(«Тілләқари» – алтынмен апталған медресе дегенді білдіреді)
( «Шердары» – Жолбарысты қақпа деген сөз)
Атағы Самарқанның әлемге аян,
Дүрілдеп биік құрған небір ноян.
Сайраған бақшасында бұлбұл құстай,
Низами, Науаи, Хафиз, Омар Хаям.
Жиналып игі жақсы шартараптан,
Ақындар қанып ішкен бал шараптан.
Қаңғыған қайыршы да мұнда келіп,
Көңілден қайғы бұлтын сан таратқан.
Талайлар қиялымен тербеп көкті,
Жете алмай бұл қалаға шөлдеп кетті.
Ғашық боп бір сұлуға Хафиз ақын,
Меңіне Самарқанды бермек бопты.
Айтқанау ұлы шайыр шалқығанда,
Арудың ыстық демі шарпығанда.
Сатуға Самарқанды кім батады,
Темір мен Жалаңтөстің даңқы барда!
Темір де қылышынан қан саулаған,
Қызығын қысқа өмірдің тауыса алмаған.
Жыр қылып жиһангердің жорықтарын,
Қобызға үнін қосып жел сарнаған.
Тоқтатып тұра алмайды заманды ешкім,
Қонағы тіршіліктің адам бес күн.
Әмірдің бас уәзірі болған екен,
Бабасы Ораз батыр Жалаңтөстің.
Артына мирас қалған көнеден көп,
Керегін іздеген жан тере бермек.
Темірге бата беріп бір жиында,
Ат қойған Ораз екен «Көреген» деп.
Сыйлапты ұстаз тұтып Темір оны,
Екеуін аңыз қылған төңірегі.
Сөзіме біреу сенер, біреу сенбес,
Тереңге үңілмеген не біледі?
Бір өлім түбінде бар туған жанға,
Қалдырмас фәни дүние кімді арманда?
Қомағай көзі тоймай Шыңғысхан да,
Қош айтқан өкінішпен сұм жалғанға.
Кешірім өтерінде сұрап елден,
Ескендір Зұлқарнайын жылап өлген.
Жайылған алақаны оң қолының,
Табыттан сопаң етіп шыға келген.
Жұмбақты шеше алмай жұрт көзбен көрген,
Сұраған Аристотель кемеңгерден:
«Бақиға кеткенім жоқ ештеңе алып
Дегенді ескертті», – деп жауап берген.
Ындыны не қалады кепкендерден,
Билік пен байлық қуып өткендерден?
Атылып айға шапқан патшалардың,
Ақыры екі аяғы көктен келген.
Шулатып шаңды заман, қанды заман,
Сан тұрып, сұлу шаһар сан құлаған.
Алдында әміршінің мың бұралып,
Қаракөз кәнизактар жаудыраған.
Дұшпанын үріккен қойдай ұйлықтырған,
Жалаңтөс баһадүр де билік құрған.
Қырық жыл Самарқанды қолында ұстап,
Айтқанын екі еткізбей бұйрық қылған.
Басынан не кешпеген адам заты,
Бабаның таста қалды жазған хаты.
Екі мың жылдан арғы дәуірдегі,
Мараһанд – Самарқанның ежелгі аты.
Жалаңтөс баһадүрдің заманында,
Жарқырап бағы жанған қаланың да.
Әйгілі «Тілләқари», «Шердарыны»
Тұрғызған Регистан алаңында.
Атағы асқар таудай аспандаған,
Жау келсе жер қайысқан жасқанбаған.
Қақ жарып қара қылды әділдікпен,
Байлыққа, марапатқа мастанбаған.
Болыпты құлақ кесті үш мың құлы,
Жалған деп айта алмайды ешкім мұны.
Он тоғыз уәлаятты билептөстеп,
Ақырған арыстандай естілді үні.
Қайырсыз қазынаға құнықпаған,
Ұрыны, қарақшыны құрықтаған.
Жылпостың, жандайшаптың жолын кесіп,
Жақсы мен жайсаңдарды сұрыптаған.
Жан екен еңгезердей зор денелі,
Иықты, ықшам келген көлденеңі.
Кең маңдай, өткір көзді, қыр мұрынды,
Мығым қол, мүлт кетпейтін сермегені.
Кеудемсоқ, кердең емес өркөкірек,
Сабырлы, терең ойлы, жылы жүрек.
Аңсаған Түрікстанның тұтастығын,
Қамқоры алты Алаштың арқатірек.
Тереңнің түбін қазып аршығанда,
Танылар тарих сыры тамшыдан да.
Жинапты суретші мен шеберлерді,
Үндіден, Ауғаннан да, Парсыдан да.
Көз тоймай, дүниеге тоя ма адам,
Қу жанын құдай алар аялаған.
Жақсыдан жоғалмайтын мұра қалар,
Жиғанын ел-жұртынан аямаған.
Немене байлық судай сапырғанға,
Емес пе қолдың кірі ақылманға.
Бетке алып Самарқанды саудагерлер,
Шұбырған алыстан да, жақыннан да.
Келгенде таңдай қағып әркім мұнда,
Қосыпты Жалаңтөстің даңқын жырға.
Құрылысқа судай ағып арықтағы,
Құйылған күміс динар, алтын ділда.
Жұмылған құмырсқадай адам күші,
Таң атып, түскенше кеш қараңғысы.
«Шердары» медресесін салған шебер –
Парсылық Абдол Жаппар деген кісі.
«Жолбарыс» – мағынасы шер дегеннің,
«Шердары» есін алған көрген елдің.
Не түрлі асыл таспен безендірген,
Өрнегі мың құбылған бөлмелердің.
Болсын деп артқа мұра мәңгілікті,
Асықпай он жеті жыл салдырыпты.
Медресе қақпасының маңдайына
Үш ауыз өлең жазып қалдырыпты.
«Жалаңтөс әмір келді салтанатпен,
Мадақтап, қарсы алды жұрт мархабатпен.
Асырып медресесі жердің көркін,
Жалғады атақ-даңқын аспан-көкпен.
Келтірген кереметті кемеліне,
Шебердің қиял жетпес өнеріне.
Қанша жыл тырысса да құпияның
Тірі жан бойлай алмас тереңіне.
Күмбезі нұрға бөлеп шартарапты,
Аспанда ай қызғанып, мұңға батты.
Жалаңтөс баһадүрдің өзі келіп,
Маңайын одан сайын жарқыратты!».
Қаншама ғасыр өтті содан бері,
Қанша жұрт сөзді оқыды өлеңдегі.
Өз атын өшпестей ғып жазып кеткен,
Адамның осындай бір кемеңгері.
Мұнан соң «Тілләқари» салыныпты,
Оған да ақша судай ағылыпты.
Сәулетін ғимараттың сәуле шашқан,
Көргендер аузын ашып аңырыпты.
Жалғаспай жең ұшынан әркімменен,
Әмірші ең алдымен «Халқым!» деген.
Алсын деп көздің жауын асыл мұра,
Аптатқан іші-сыртын алтынменен.
Үңілмей тарих сырын кім біледі,
Білмеген әрқашанда бүлдіреді.
Деген сөз «Тілләқари» байқағанға,
Алтынмен апталғанды білдіреді.
Қарсы алып, шығар күнді, келер таңды,
Қазақ та мекен қылған Самарқанды.
«Шердары», «Тілләқари» тұрған кезде,
Қалайша кеңге салман мен арқамды?!
Ашығын айтар болсақ турасынан,
Қалдырған артық мұра кім осыдан?!
Намазға жиналғандар жұма сайын,
Әмірді тастамайды дұғасынан!..
ІІ
Заманнан көше-көше заман өткен,
Хан да өткен, батыр да өткен, қара да өткен.
Атақты кедей жомарт Атымтай мен
Шық бермес Шығайбайдай сараң өткен.
Бұл сөзді менен бұрын мың қайталап,
Сұңғыла не бір шешен дана да өткен.
Тұтқасын дүниенің ұстаса да,
Мұратқа кім бар дейсіз дара жеткен?
Үрлесе бұлт шайқаған деміменен,
Талайды қатал тағдыр талақ еткен.
Бүтін тұр қара жер де, көк аспан да,
Ешкім жоқ өз еншісін ала кеткен.
Қозғайын бергі жақтан ары кетпей,
Хан өткен Керей менен Жәнібектей.
Аңызға айналмайды ердің аты,
Ел үшін бар өмірін сарп етпей.
Кең дала ұмытпайды ұлыларды,
Сарқылып өзен-суы көні кеппей.
Қазақты қазақ қылған сол екеуі,
Жүргенде өз аузына қолы жетпей.
Солардың тіккен туын құлатпаған,
Жөн болмас ұрпақтарын шолып өтпей.
Айнымай Жәнібек хан салған жолдан,
Қасым да қазағына қорған болған.
Мұхамед Шайбанимен арпалысып,
Қан кешіп өткен екен бұл жалғаннан.
Тұсында хан болмаған одан асқан,
Ел үшін еңіреген бала жастан.
Халқына «Қасқа жолды» нұсқап кеткен,
Шиырда шым-шытырық көп адасқан.
Хақ-Назар асыл текті туған одан,
Биікке асқақтатып ту қадаған.
Түгелдеп алты Алаштың жоқ-жітігін,
Қисығын тезге салып туралаған.
Қоғадай жапырыпты қалың жауды,
Қазақты тұс-тұсынан жұлмалаған.
Қолынан опасыздың қаза тапқан,
Сатылып соңына еріп жүрген адам.
Күңірене жоқтап Қазақ ордасы оны,
Көз жасы көпке дейін құрғамаған.
Шығай хан – Жәнібектің немересі,
Байтаққа кең жайылған керегесі.
Тәуекел, Есім соның кіндігінен,
Шыңғыстың тұқымы асыл деген осы.
Аяғы жеткен жерін дүрілдеткен,
Хандардың осалы жоқ бұрынғы өткен.
Қаһары Тәуекел мен ер Есімнің,
Бұқардың әмірлерін дірілдеткен.
Ұқсайды кең дүние тар болғанға,
Азуы алты қарыс көкжалдарға.
Сан түсіп талапайға Тұран жері,
Қалалар талай көшкен қолдан-қолға.
Қаһарман Тәуекелдің айбыны асқан,
Бақ құсы бастан тайып, қайғы басқан.
Түбінде Бұқараның жараланып,
Қара жер оған-дағы қойнын ашқан.
Қырқысқан Қазақ-Бұқар хандығына,
Моладан басқа қандай қалды мұра?
Жошының тұқымдары қуып келсең,
Хандардың қан төгіскен барлығы да.
Араздық ағайынды шарпығанда,
Күйреген көк тіреген Алтын Орда.
Темірдің әулеті де типыл болған,
Бурадай бірін-бірі тарпығанда.
Өзінде әр заманның өз құрбаны,
Сұм тағдыр бізге нені кез қылмады?
Зардабын ұрпақ тартып ақырында,
Түбі бір түркі жұрты тозғындады.
Шығармай қанды жорық-дүбірді естен,
Күрсініп тау мен дала күбірлескен.
Жалаңтөс – Есім ханның замандасы,
Үзеңгі қағыстырып ғұмыр кешкен.
Байлықтан, батырлықтан ол күндерде,
Қылмаған Баһадүрді тағдыр кенде.
Сыйласып, тізе қосып жақын жүрген,
Есімнің ұлы Салқам Жәңгірмен де.
Боялтып көк найзаның ұшын қанға,
Қасынан табылыпты қысылғанда.
Орбұлақ оқиғасын жазып кеткен,
Естіген, көрген кәпір-мұсылман да.
Ерлігі батырлардың ел есінде,
Дұшпанның ат ойнатқан төбесінде.
Соқпағы Жалаңтөстің сайрап жатыр,
Қанды жон ғасырлардың белесінде.
Қатыгез Қатағанның хан Тұрсыны,
Ел шауып, Есім жоқта еркінсіді.
Ашуға арыстандай мінген Есім,
Тәшкентке басып кірген бір күн түні.
Тұрсын хан қу түлкідей бұлаңдаған,
Үй тігіп үй ішінен тыраңдаған.
Секілді іштен шыққан шұбар жылан,
Жақынын жатқа сатып лаңдаған.
Бүлдіріп ала тайдай елдің ішін,
Ант бұзып, айтқан сертте тұра алмаған.
Ұшырап хан Есімнің қаһарына,
Аспаны айықпастай тұмандаған.
Бұл жайды жырлап кеткен талай ақын,
Шығарып әмірлер мен сарай атын.
Қан жұтқан Қатағанның қалың жұрты,
Тәшкенттің мекендеген уәлаятын.
Есім хан шаһарға ойран салған дейді,
Жалаңтөс қолды бастап барған дейді.
Тұрсынды төсегінен суырып ап,
Қауақтай басын қағып алған дейді.
Оятқан қамсыз жатқан хан Тұрсынды,
Мына сөз Төлегеннен қалған дейді.
Қырғынды өз көзімен анық көрген,
Жыраудың есімі ұмыт қалып келген.
Қасқайып хан алдында сөйлеген соң,
Марғасқа деген атты халық берген.
«Ей, Қатағанның хан Тұрсын,
Кім арамды ант ұрсын.
Жетім елді жылатып,
Жер тәңірісіп жатырсың,
Хан емессің, қатынсың,
Қазақ келді, қапылсың.
Алтын тақта жатсаң да,
Ажалың жеткен пақырсың.
Көнбесең де көнерсің,
Иманыңда айт, өлерсің.
Еңсегей бойлы ер Есім
Шашқалы тұр қаныңды,
Алғалы тұр жаныңды,
Кешікпей содан көрерсің!».
Жалаңтөс қамал бұзған алдыменен,
Көрсетіп сол соғыста ерлік ерен.
Сөз рас Тұрсын ханды дедектетіп,
Есімнің алдына алып келді деген.
Наданның керек қылсын кім өрлігін,
Жақсының жақсы ғана білер құнын.
Есім хан өле-өлгенше ұмытпаған
Жалаңтөс баһадүрдің бұл ерлігін.
Құшыпты хан аяғын шошығаннан,
Көңілі көк өзендей тасыған жан.
Есімнің әмірімен Тоғас батыр,
Тұрсынның шауып тұрып басын алған.
Бурадай өшіккенін сан шайнаған,
Есім хан жауын жеңіп той тойлаған.
Тұрсынның көзін жойып, оның ұлы –
Батырды әке орнына хан сайлаған.
Бір кесіп, екі қайта байламайтын,
Есімнің саясаты айдан айқын.
Болмаса ақсүйектің тұқымынан,
Ол кезде қарадан хан сайламайтын.
Заманда алай-дүлей құйындаған,
Тақ үшін талас-тартыс тыйылмаған.
Атағы жерді жарған Жалаңтөске,
Тәшкентке билік құру бұйырмаған.
Қайран ер аямаған жанын елден,
Биікке шыға алмаған жөні келген.
«Қарадан хан сайласа несі бар?!» – деп,
Сарбаздар шу шығарған соңына ерген.
Ортаға әділдікті таразы қып,
Білдірген Марғасқа да наразылық.
«Қазақтар өз билігін алсын!» – деген,
Келгенде көмейінен сөз ағылып.
Тұлпардай жүзіп ішкен таза көлден,
Тілінен талай ақын жаза көрген.
Беріде Әйтеке де айтты дейді,
Бұл жайды жырға қосып Қожаберген.
Жалаңтөс Самарқанды мекендеген,
Ойы жоқ қазағынан кетем деген.
Есімге өкпелеген сыңайы бар,
Хандыққа қарасынып көтермеген.
Тыңдасаң тынып жатқан бұрынғыны,
Түрілер түнек басқан шымылдығы.
Өлімге қия алмаған көрінеді,
Өкпеге қиғанменен бірін-бірі...
ІІІ
Шежіре желі тартып ең алыстан,
Алшынды туғызады Жанарыстан.
Алшыннан – Әлім, одан – Төртқара би,
Ұядан ұрпақтары тарап ұшқан.
Үңіліп, түп тамырын сараласақ,
Шын аты Төртқараның – Қарамашақ.
Жаншұқыр, Оразкелді, Ораз, Қараш
Тарайды бері қарай жағаласақ.
Қараштан – Ақпан, Тоқпан – екі ұл туған,
Ержетіп атасының жолын қуған.
Тоқпанның бауырынан өріп шыққан
Тоғамыс, Сейітқұл мен батыр Шобан.
Еңкейтіп батқан күндей тайып қырдан,
Көнені уақыт көзден ғайып қылған.
Кеңітіп тар құрсағын үш ананың,
Сегіз ұл туған екен Сейітқұлдан.
Сейітқұл ту көтерген Төртқарадан,
Жан екен Қызыр дарып, бақ қараған.
Әрі би, әрі батыр, әрі шешен,
Армансыз дәурен сүріп кеткен адам.
Қысылса тірек болған жақтап елі,
Жетіпті арпалыспен баққа қолы.
Ерғабыл бидің қызы Қарақалпақ,
Ақтұмар сұлу екен тапқан оны.
Ныспысы – Әбдікәрім қойған алғаш,
Анығын білмегендер ойға да алмас.
Шықпаса іздеушісі ізін қуған,
Тұлпар мен ердің басы қайда қалмас.
Көбейіп ұрпақ өссе – елдің бағы,
Айналып бәйтерекке балдырғаны.
Шешесі бөлек екен Жалаңтөстің,
Ағасы Ақшаменен алдындағы.
Халықтың кім шықпаған арасынан,
Қазақтың айналайын данасынан!
Әйгілі Әйтеке би туған екен,
Ақшаның Байбек деген баласынан.
Тұлпардың несі тұлпар терлемесе,
Арындап, өршеленіп өрлемесе.
Қыранның қырандығын кім біледі,
Шарықтап шыңда қанат сермемесе.
Батырдың батырлығы бекер қалар,
Қақ жарып қан майданда ерлемесе.
Баласы Сейітқұлдың кім болғаны,
Атаның жолын қуып ел демесе?!
Қалайша Жалаңтөс деп атанғаны –
Арқауы әңгіменің әлденеше.
Жалғанның жанған отын өшірмеген,
Тірлікте жұмбақ қанша шешілмеген.
Шешесі тұңғышына жерік болып,
Көкжалдың дейді қақтап төсін жеген.
Тереңге батырса да заман мейлі,
Атағы аспандаған ер өлмейді.
Жарқырап апай төсі жауды қуып,
Жалаңтөс атанғаны содан дейді.
Сермейтін семсер ұстап кеңге құлаш,
Ұл тумай жақсылыққа ел жарымас.
Қашанда халық бекер ат қоймайды,
Әйтеуір бір себептің болғаны рас.
Әкенің түгелденер бар түлігі,
Өзіне туар болса тартып ұлы.
Бауырында енесінің көп жатпайды,
Көкжалдың көзін ашқан бөлтірігі.
Қоштасып балалық шақ – бал күндермен,
Тірліктің соқпағымен әркім желген.
Алланың нұры жауған зерек бала,
Молданың бес жасында алдын көрген.
Келгенше талаптанып кемеліне,
Өмірдің көз жіберген кемеріне.
Бағдат пен Бұхарада білім алып,
Машыққан жастай соғыс өнеріне.
Парсының, арабтың да тілін білген,
Кең сарай – көкірегі білім кірген.
«Білімді мыңды жығар» деген рас,
Талайды топты жерде сүріндірген.
Қазалы – Жалаңтөстің туған жері,
Құлдырап көбелегін қуған жері.
Ежелден ата қазақ қоныс теуіп,
Ен жайлап, еркін жүрген думанды елі.
Тұрғанда тіккен туы төрде бекем,
Қара жер қасиетті – елге мекен.
Тұсында Шығай ханның Нұратаға,
Сейітқұл сыр бойынан келген екен.
Дария жағасынан самал ескен,
Ауылы Сейітқұлдың неге көшкен?
Отырған сүттей ұйып Төртқаралар,
Кеткен жоқ жерге сыймай ерегестен.
Қырылып қаптай өрген малдың бәрі,
Ақсирақ жұт болыпты сол жылдары.
Тауынан Нұратаның пана тауып,
Қалыпты аман-есен елдің жаны.
Келген соң көп ұзамай байып мұнда,
Мыңғырған мал бітіпті Сейітқұлға.
Билеген Нұратаны неше жылдай,
Кеңейтіп керегесін жайып қырға.
Жалаңтөс тартып мініп аттың жалын,
Жанына үйіріпті көптің бәрін.
Ел үшін түн ұйқысы төрт бөлініп,
Ойлапты жақын түгіл жаттың қамын.
Жар сүйіп күн келбетті, ай көрікті,
Айбаты қайратына сай келіпті.
Құт қонып отауының шаңырағына,
Ол-дағы әкесіндей бай болыпты.
Жақсыға жақын жүріп санат құрған,
Дүние кең ер жігітке талап қылған.
Жиделі-Байсын жұрты ол заманда,
Бұхара хандығына қарап тұрған.
Бұхардың әміршісі – Абдолла хан,
Кісі екен ақылсыздау әпербақан.
Абдолла өлгеннен соң билікке кеп,
Мұхаммад Бақи деген аз отырған.
Иманқұл оның ұлы – бір қаншелек,
Жасаған зұлымдығы елден ерек.
Шулатқан жер мен көкті баласы да,
Өзінен асып түскен қара жүрек.
Есірген Ескендірдің ызасы өтіп,
Тәшкенттің халқы көзін жойса керек.
Адасқан ақылынан ашулы хан,
Қаланы қанға бояп алыпты кек.
Тек қана Жалаңтөстен жасқаныпты,
Болса да қанша дүлей өркөкірек.
Ер жігіт атқа қонбас еріккеннен,
Жатқызбас ата жауы төніп келген.
Қорғаумен Тұран жерін қанға батып,
Баһадүр қанша жойқын жорық көрген.
Шетінен сарбаздары сайыпқыран,
Тәңірі сенімді ылғи серік берген.
Шайқасып Парсымен де, Үндімен де,
Кешіпті қанды өзенді көбіктенген.
Тұрғанда бойда қайрат, қолда күші,
Кернепті көкірегін ел намысы.
Жоқтапты ата кегін, ердің құнын,
Жалғанға кетпейді деп жалған ісі.
Өтерін қас қағымда жаны сезген,
Бес күндік тіршіліктің алданышы.
Шайнасып арыстанның талайымен,
Тұранның атаныпты жолбарысы.
Тойымсыз, мансап пенен байлық қуған,
Хандарды қаһарымен қаймықтырған.
Қасқырдай көрінгенді талап жеген,
Жүрегін тажалдардың шайлықтырған.
Асыпты, Иманқұл да тасыныпты,
Жуасты жүндей түтіп басыныпты.
Шаппақ боп Қарақалпақ көршілерді,
Араны айдаһардай ашылыпты.
Мыңғырған момын елдің малын көрген,
Зұлым хан аттаныпты қалың қолмен.
Жалаңтөс мұны естіген шыдай алмай,
«Аттан!» деп әскеріне әмір берген.
Көмекке сарбаздары баһадүрдің,
Құйылған аққан селдей адыр-белден.
Иманқұл орта жолдан шегініпті,
Сескеніп жолбарыстан жонын керген.
Бабалар болған жайды айтып кеткен,
Өздері қара жерге көмілгенмен.
Сүйекке айналады саудыраған,
Тірлікте пенде, шіркін, семіргенмен.
Самарқан, Нұратаға қоныс тепкен,
Қазақтар мал мен жанын өрістеткен.
Иманқұл Жалаңтөспен тіл табысқан,
Аяғын аңдап басып шалыс кеткен.
Кезінде қырық бестен асқан жасы,
Сайланған екінші рет бас қолбасы.
Тік тұрып бүкіл Бұхар хандығында,
Алдында бас иіпті дос пен қасы.
Қашанда қиянатқа тұрар бейім,
Дүмшелер билік құмар жуан мойын.
Абдолла хан тұсында бас қолбасы
Болыпты отызында бұған дейін.
Заманда бас бірігіп ұйыспаған,
Кімдермен кімнің жолы қиыспаған.
Абдолла өлгеннен соң соңындағы,
Мұрагер ұлдарымен сыйыспаған.
Келсе де асып тұрған қай қырынан,
Батырдың шошынды олар айбынынан.
Айырылып қалатындай жанталасты,
Билік пен шалқып жатқан байлығынан.
Қомағай қу тірлікте жалақтаған,
Талайдың екі көзі алақтаған.
Ырылдап қызғаныштың қызыл иті,
Балтырын қай жақсының қанатпаған?
ІV
Солқылдап басқан жері салмағынан,
Патшалар бір-біріне салған лаң.
Қан сорды қырқысқанда қызыл тілі,
Бал сорған бейбіт күнде бармағынан.
Көңілін Жалаңтөстің алаңдатты,
Тұранға көз тіккендер жан-жағынан.
Аңдысқан, арпалысқан жалғандағы,
Өмірдің өте шыққан арман бәрі.
Тіршілік жанарынан бұл-бұл ұшып,
Талайдың топыраққа тамған қаны.
«Қырық жыл қырғын болса ажалды өлер»,
Құдайдан қара бастың сау қалмағы.
Пиғылы қарақшының бұзылғанда,
Қынында тыныш жатпас қанжардағы.
Кез еді байтақ Қазақ ордасына,
Қадалған аш бүйірден Жоңғар ханы.
Қайғыға қашан болсын ел батады,
Кім білсін, қанша жұртты сорлатады?
Тұранды түсірмек боп талапайға,
Үндінің соғыс ашты шах Жаһаны.
Елу мың қолды бастап жер қайысқан,
Аттанды ер Жалаңтөс жауға тағы.
Ту ұстап, тұлпар мінбес тегін адам,
Беріпті тілегенін Тәңір оған.
Қасқайып төрге шықпас, топтан озбас,
Туасы тұқымынан жарымаған.
Ойнатып айналасын алақанда,
Бөктірді егескенін қара шаңға.
Балхты, Кабул, Герат – түгел алып,
Байрағын желбіретті Хорасанда.
Бұққанмен қан майданда жан қала ма,
Біледі не боларын Алла ғана.
Ыстықта әуе айналып шыжып тұрған,
Беттесті шах Жаһанмен кең далада.
Самсаған сан мың әскер жерді жапқан,
Шалқиды көк теңіздей толқын-атқан.
Айғай-шу аспан астын жаңғыртады,
Әр тұстан керней тартып, дабыл қаққан.
Үндінің үйдей үлкен пілге мінген,
Қап-қара батырлары күн кемірген.
Құтырып, қаһар шашып ұмтылады,
Дюдай көздеріне жын көрінген.
Кетердей қырып-жойып, жаншыптаптап,
Келеді төңкерілген селдей қаптап.
Басталып сәлден кейін сұмдық шайқас,
Сарқырап адам қаны судай ақпақ.
Соғыстың жан шошырлық мына түрі,
Өмірі кездеспеген сұрапылы.
Батыры гүжілдейді ең алдыда,
Атанған Жаһан шахтың Қарапілі.
Деді де: «Бір Жаратқан, өзің қолда!» –
Жалаңтөс әмір берді қалың қолға.
Бұйрығын қолбасының қағып алып,
Жаршылар тұра шапты оң мен солға.
Үндінің сарбаздары жақындады,
Дайын тұр Жалаңтөс те атылғалы.
Ат қойды бабаларын ауызға алып,
Тұранның жүрек жұтқан батырлары.
Жер жарып батырлардың ақырғаны,
Найзағай ашық күнде шатырлады.
Жарқылдап найза-қылыш, айбалталар,
Жаңбырдай жауған жебе сатырлады.
Белгісіз кімдер өліп, кім қалғаны,
Сұраусыз қан майданның құрбандары.
Ұшына сұр жебенің ілінгеннің,
Қалпақтай ұшып жатты пілден бәрі.
Мұң басып қырғын өткен бар алапты,
Күрсінді, күңіренді дала қатты.
Опырып, ойсыратып соққан жерін,
Жастығын өлген дұшпан ала жатты.
Сұм тағдыр бұрын-соңды кімді аяпты,
Қызыл қан сылдыраған судай ақты.
Қырғынға тағы да бір куә болып,
Қайғыдан күреңітіп күн де батты.
Жанына сая тауып қараңғыдан,
Тыншыды сансыз әскер түн аңдыған.
Күңіреніп құдайына жалынады,
Әр жерде жаралылар ыңырсыған.
Таң атты, көкті қайта сағым жапты,
Өзен-су өз бетімен ағып жатты.
Әскері Жаһан шахтың шайқас тілеп,
Тағы да кернейлетіп, дабыл қақты.
Қаптады, қалың дұшпан құжынады,
Құртындай қара жердің быжынады.
Еліріп, ентелейді, анталайды,
Қырғынның бітпегендей қызығы әлі.
Көздері кекке тұнған қанға толы,
Ашынған жолбарыстай өңшең долы.
Аямай жұлып түсер түрлері бар,
Азуы тиген жерін осы жолы.
Қарапіл – ішіндегі ең батыры,
Сайыста алдырмаған жанға тірі.
Шақырып Жалаңтөсті жекпе-жекке,
Келеді қазақшаға зорға тілі.
Болмаса екі көзі бірдей соқыр,
Сұсынан Қарапілдің адам шошыр.
Кезеніп сала құлаш көк найзасын,
Дөңкиген піл үстінде бір дәу отыр.
Ішінен қайтеді деп мына албасты,
Жалаңтөс көк тұлпарға қамшы басты.
Сыйынып Төртқараның аруағына,
Төбедей тажалменен жағаласты.
Жаралған екі мықты сонша күшті,
Бірі – атта, бірі – пілде арпалысты.
Көрмеген мұндай сұмдық жекпе-жекті,
Сарбаздар бастан кешкен сан соғысты.
Қаһарлы Қарапіл бет қаратпайды,
Жалақтап жан-жағына алақтайды.
Ұзартып қысқа қолын ұзын найза,
Жанына әсте жақын жолатпайды.
Екінің жекпе-жекте бірі өледі,
Батырлар басын тіккен біледі оны.
Көк тұлпар өте бере тік шапшыды,
Осы еді Жалаңтөстің тілегені.
Тұсынан тар қолтықтың ұрған бойда,
Қолқадан бір-ақ шықты кірген найза.
Түйедей қара тажал төңкерілді,
Болмады астындағы пілден пайда.
Аузынан жаңа ғана жалын атқан,
Қарапіл қалды сұлап қанға батқан.
Лап қойды тауды бұзған тасқындай боп,
Тұранның сарбаздары ұрандатқан.
Жан алып, жан берісіп, кескілесіп,
Қырылды сан мың адам екі жақтан.
Жүргісіз аяқ алып өліктерден,
Жерінде қан майданның жайрап жатқан.
Ақырып арыстандай ұрыс салды,
Жалаңтөс көк тұлпарын ойнақтатқан.
Сұлатты сілтегенін құр жібермей,
Алдаспан қолындағы жалаң қаққан.
Түс ауа туын жығып, тізе бүкті,
Бақ тайып, базар көшіп Жаһан шахтан.
Мерт болды екі ұл да жекпе-жекте,
Дәміне разы боп соңғы татқан.
Ажалдың ауыспайтын тәжін киді,
Жүргенде үміт етіп алтын тақтан.
Қашыпты қарамастан алдыартына,
Қалған жау қара аспанын қайғы жапқан.
Жалаңтөс түскен екен сол соғыста,
Жекпе-жек – жеті мәрте арпалысқа.
Жеңгені Қарапілді аңыз болып,
Жайылған атақ-даңқы әрбір тұсқа.
Атының тұяғынан жер дүбірлеп,
Жасаған жорықтарда ерлігі көп.
Қақ жарып қара қылды әділдікпен,
Көрмепті жақын түгіл жауды күндеп.
Айнымай бабалары салған жолдан,
Халқына қайда жүрсе қорған болған.
Ел үшін жанып тұрған отқа түсіп,
Дариға, кім көшпеген бұл жалғаннан!..
V
Қалмақтың қонтайшысы Батыр атты,
Шулатқан аш қасқырдай атырапты.
Ежелден Есім ханда кегі кеткен,
Қаскүнем, қара жүрек, дәті қатты.
Елу мың қалың қолды бастап келіп,
Қазақтың қанын судай шашыратты.
Ер Есім сырқат еді бұл мезгілде,
Алдымен алты Алашқа осы батты.
Туған ұл ту көтеріп Есім ханнан –
Жан-жаққа Салқам Жәңгір хабар салған.
Қазаққа қалмақ шапты дегенді естіп,
Жалаңтөс атқа қонды Самарқаннан.
Төнгенде қатер Қазақ ордасына,
Тартпаса қары сынар қандасына.
Жәңгірді жалғыз қалай жауға тастар,
Қасқыр да қас қылмайды жолдасына.
Баһадүр әмір берген заматта сол,
Атойлап атқа қонды жиырма мың қол.
Алысқан ауыздықпен сәйгүліктер,
Секілді құйындатты ұйтқыған жел.
Екіден қалың жасақ қосар алған,
Зулайды медет тілеп Жасағаннан.
Қосарды кезек мініп шапқан сайын,
Көкжиек көк қақпасын ашады алдан.
Қайғыны кейін серпіп елге төнген,
Құтқармақ құдай жазса зор қатерден.
Жетсем деп асығады туған жұртқа,
Батырдың жорық туы жел көтерген.
Түнерген қол алдында ер Жалаңтөс,
Ашпайды қатуланған қабағын еш.
Келеді суыт тартып апта бойы,
Көрінбей жау қарасы тоқтар емес.
Дүбірден дүр сілкініп, шаңға бөгіп,
Бұлдырап артта қалды адыр-белес.
Қалмақтар қаптағанда жалмаң қаққан,
Қалың ел қатты сасқан бейғам жатқан.
Байтақтың бас-аяғын жинай алмай,
Аз қолмен Салқам Жәңгір қарсы шапқан.
Аузына аждаһаның түсіп кетпей,
Қайран ер қысылғанда айла тапқан.
Алты жүз жігіті бар жанына ерген,
Көзге атар құралайды бәрі мерген.
Ор қазып, қалың жауды тосып апты,
Тар кезең – «Қызылқия» деген жерден.
Дүние төңкеріліп астан-кестең,
Атажұрт қияметті бастан кешкен.
Тігіпті қайран ерлер өлімге бас,
Қалмақтың көптігінен сескенбестен.
Қалың жау бұлттай көшіп, желдей ескен,
Құйылған сай-саладан, бел-белестен.
Аңғарын алып таудың керней түсіп,
Асуға тура тартқан өр деместен.
Жоңғарды аңдып тұрып қапы жерден,
Соғатын сол соғыста сәті келген.
Алты жүз сайыпқыран сарбаздарын,
Үш жүзден салқам Жәңгір екі бөлген.
Үш жүзі атой салып асып шыңнан,
Желіккен жауды алдыға асықтырған.
Мылтықты үш жүз мерген жасырынып,
Кезеңде түйе мойнақ тосып тұрған.
Маңдайы тасқа тимей тоқтамаған,
Жауыздар кімнің жерін таптамаған?
Асуға арқан бойы таяғанда,
Кенеттен қарсы алдынан оқ бораған.
Тобымен баудай түсіп жауған оқтан,
Әп-сәтте қызыл ала қанға батқан.
Топырлап, басып-жаншып бірін-бірі,
Көшкіндей төңкерілген таудан аққан.
Ажалдан құтыла алмай жанын қысқан,
Шатқалда шуылдапты қалың дұшпан.
Құзардан құлатқан тас басып-жаншып,
Мыжылып, мылжаланып өлім құшқан.
Қонтайшы не қыларын біле алмаған,
Көз алды қорқыныштан тұмандаған.
Жотаға ор қазылған жалау қадап,
Биіктен Салқам Жәңгір ұрандаған.
Дауылдай ұйтқи соғып заман қатты,
Сан қырғын қанға малды адамзатты.
Жерлердің Белжайлаудың төріндегі,
«Орбұлақ», «Жалаулы» аты содан қапты.
Қалса да жайрап, жамсап қаншама өлік,
Қалмақтар қайта шапқан өршеленіп.
Тоқтайтын түрлері жоқ Тәңір өзі
Ортаға тастамаса тау шөгеріп.
Қыбырлап құмырсқадай тау қапталы,
Асуға тұс-тұсынан жау қаптады.
«Жан керек батырға да» деген рас,
Қазақтың қатты састы саңлақтары.
Аз сарбаз секілденген ат төбелі,
Ел үшін өлуге серт еткен еді.
Ес кетіп, есеңгіреп тұрған шақта,
Жалаңтөс баһадүр де жеткен еді.
Тер басып, тебінгісі сартылдаған,
Жетіпті жиырма мың қол жарқылдаған.
Дұшпанның ту сыртынан тиіп берген,
Дес бермей, баса-көктеп қарқындаған.
Батырлар салғанда ұран «Алшындаған!»,
Тұлпарлар бауыр жазып аршындаған.
Кенеттен төбесінен жай түскендей,
Қалмақтың құты қашып қалшылдаған.
Жойқын күш тыңнан келіп араласқан,
Таж алды талқандапты аран ашқан.
Өлігін жинай алмай қалың жоңғар,
Қашыпты алдыартына қарамастан.
Сейілтіп қасіретті елге төнген,
Жалаңтөс құтқарыпты зор қатерден.
Қайыспай екіталай күн туғанда,
Қашанда елдің жүгін ер көтерген.
Жарқырап таң атады өлмегенге,
Таусылмас ерлік жыры тербегенге.
Кім білсін не боларын тағдырымыз,
Жалаңтөс жер түбінен келмегенде!
Кім білсін не қыларын қалмақ онда,
Қаһарман Салқам Жәңгір болмағанда.
Бар қазақ хан қасынан табылыпты,
Еңіреп ел мен жерін қорғағанда.
Емес пе намыс қымбат өлімнен де,
Батырлар тізе қосса жеңілген бе?!
Белгілі қас дұшпаны талай рет,
Қазақты жүндей түткен бөлінгенде.
Көзіне жас алмаған жан болмапты,
Төбесі Жалаңтөстің көрінгенде!
Аруағы алты Алаштың аспандапты,
Қалмақтың қалың қолы шегінгенде.
Ата жау келсе бастан орғымаққа,
Мініпті хас батырлар қарғып атқа.
Ерлік пен бірлік ізін салып кеткен
«Жалаулы», «Қызылқия», «Орбұлаққа»!
Тау мен тас ұлы қырғын оқиғасын,
Сыбырлап жеткізіпті әр құлаққа.
Солардың қаны тамған топырақты,
Тәңірім таптатпасын енді жатқа!
Шайқасқан жанын майдан отына сап,
Кетейін сол ерлердің атын атап.
Ақын боп қолға қалам несін алдық,
Аруақты еске алуға татымасақ?!
Арғыннан Ағынтай мен батыр Қомпай,
Бар екен Шапырашты ер Қарасай.
Алшынның Жиембеті жалаң қылыш,
Дулаттың Жақсығұлы бұларға сай.
Найманның Көксерегі жүрек жұтқан,
Қаңлының қаһарманы Сарбұқадай.
Суанның сайыпқыран Елтіндісі,
Қырғыздың қос көкжалы – Көтен, Табай.
Тарихта берекенің кемдігінен,
Жұрт аз ба жұрдай болған елдігінен?
«Бірліксіз тірлік болмас!» деген сөзді
Батырлар жазып кеткен ерлігімен!
Қайран ел ғасырларда қанға бөккен,
Ұлдарын медет тұтып, қорған еткен.
Жалаңтөс баһадүр де жанын салып,
Қазағын қайда жүрсін қорғап өткен!
Даңқына дара батыр шаң қонбаған,
Тұранның тұтастығын армандаған.
Көк туды қорғайды енді киесімен,
Ерліктің ата жолын салған бабам!..
Айбаты арыстандай баяғыдан,
Талайды тік тұрғызған аяғынан.
Рухы разы боп жатады оның,
Халқының туған сайын айы оңынан!..
Төгеді төбесінен Алла нұрын,
Күн сайын «Тілләқари», «Шердарының».
Ұмытпас Самарқанда жатқан ұлын,
Байтақ ел білетұғын ер қадірін.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі