Сарықыз
І
Сөз қалған жайсаң менен жақсылардан,
Қобызда сарын қалған бақсылардан.
От ауыз, орақ тілді бабалардың
Жері жоқ өлең-жырға тапшы болған.
Сарқытын саптыаяқтан ішем десең,
Көмейден, ей, ақыным, төкші маржан!
Тебірен, сарна, зарла, кәрі қобыз,
Тіліңнен қара қылдың нәрін еміз.
Сарыны сай-сүйекті сырқыратқан,
Менің де өзіңменен жаным егіз.
Тұқымы бақсылардың болмасақ та,
Тұяғы көкшұбардың көрінеміз.
ІІ
Бастайын әңгімені заманда өткен,
Сілтейін жерге дейін шамам жеткен.
Жайпаған жан біткенді бұл жалғаннан
Ешкім жоқ жал-құйрығы аман кеткен.
Дегені бірде болып, бірде болмай,
Өмірден жақсы да өткен, жаман да өткен.
Аузымен құс тістеген дүлдүлдер де,
Мың салса бір баспайтын шабан да өткен.
Дүркіреп бұлттай көшкен дүниенің
Өтерін білмегендер надан неткен?!
Жалт етіп көрген түстей кім өтпеген,
Ажалдан жүрек бар ма дір етпеген?
Алқымнан Әзірейіл алған шақта,
Жан тері диюдың да шүмектеген.
Тәңірдің әмірінде бар тіршілік,
Кезегін өз қолымен реттеген.
Әлеумет, батаңды бер, жырға қостым
Бақсыны Арқада өткен Тілеп деген!
ІІІ
Қария сақал-шашын қырау жапқан,
Әйгілі Тілеп бақсы мынау жатқан.
Қобыздың шанағында шырқ үйіріп,
Дүниені оңды-солды мың аунатқан.
Береді сұм ажалдан суық хабар
Көз алды қоюланып, тұмандатқан.
Басында сүйеулі тұр қара қобыз,
Сарынын сан қиырға шығандатқан.
Тіршілік қашқан түлкі секілденіп,
Құйрығын көрсетеді бұлаңдатқан.
Қасында бәйбішесі күрсінеді,
Інгендей бүйіріне бұрау батқан.
Аузына су тамызып анда-санда,
Күн батса қараңғы үйге шырақ жаққан.
Бір жұма сандырақтың ілінгені,
Таң атып, күн батқаны білінбеді:
«Сарықыз, Сарықыз!..» – деп күбірледі,
Сөзді айтып жүрегінің түбіндегі.
Құдай-ау, кеше ме еді, бүгін бе еді
Соңынан «Ағатайлап!» жүгіргені?
Тоқтай қап, бетін басып өксігенде,
Секілді сынған қурай бүгілгені?
Санасын шырмап алған қалың елес,
Қай жаққа жетелері мәлім емес.
Сандалтып, Сарықызға жеткізбейді
Алыстан сағымданған сары белес.
Сарғайған сары белес сағыныш қой,
Шықпаған өмір бақи жадынан еш.
Естіліп бір мезетте жөтелгені:
«Бәйбіше, қобызымды әпер!» – деді.
Дірілдеп саусақтары қыл ішекте,
Сәл ғана бойын тіктеп бекемдеді.
«Ақкөлдің жағасында күтіп отыр,
Бұйырса Сарықызға жетем!» – деді.
Бәйбіше мұңаяды сөзін бөлмей,
Боларын бір сұмдықтың сезінгендей.
Қоштасып кәрі қобыз иесімен,
Боздады ыңыранып боз інгендей.
Сарнаған кәрі қобыз сөз алды да,
Сарықыз келе қалды көз алдына.
Шырайы мың құбылған мына жалған,
Кім білсін, қызарды ма, бозарды ма?
Сарықыз бір күледі, бір жылайды,
Мөлдіреп жанарында мұңлы қайғы.
Көлкіген көк сағымға араласып,
Біресе көкжиекте бұлдырайды.
Шыңылдап шыңыраудан зар шығады,
Күйшінің ыстық жасы тамшылады.
Сарықыз көзден алыс кеткен сайын,
Езіліп әлсіз жүрек жаншылады.
Сарықыз сары ала бір құсқа айналып,
Мінеки, қос қанатын қамшылады.
Жылайды, қара қобыз еңірейді:
«Сарықыз, тастамашы мені, – дейді. –
Бірге ұшып аққулармен кетер болсаң,
Арқаның аңырайды көлі, – дейді. –
Жеткізбей елесіңе қойдың-ау бір,
Қусам да өле-өлгенше сені», – дейді.
Өксітіп іште бұққан сағынышты,
Күй тынды, айтып осы жалынышты.
Пендеге мәңгі жұмбақ екі дүние
Екен ғой бір-біріне бағынышты...
Ентігіп, сәл демалып сыбырлады,
Айтпаққа соңғы сөзін ғұмырдағы:
«Мен енді бұл дүниелік жан емеспін,
Қыраным ұшып кетті тұғырдағы.
Бармасам Сарықызға, сірә, болмас,
Шақырып, маза бермей ыңылдады.
Қыдиып қыр соңымнан ергеннен соң,
Бұл ажал алмай қоймас келгеннен соң.
Қасына Сарықыздың апарыңдыр,
Орындап тілегімді өлгеннен соң.
Басымда қобыз тартып, дұға оқыңдар,
Тепкілеп, терең қазып көмгеннен соң...»
Көңілін тыңдағанның қан жылатып,
Деді де сұлық түсіп қалды жатып.
Кім білсін, Сарықызды қайта көрді
Қиырдан екі көзін жаудыратып...
ІV
Бақсыны сарсаң қылған Сарықыз кім?
Білгіңіз келіп отыр бәріңіздің.
Сыр еді сары алтындай бұғып жатқан
Түбінде көптен бері жанымыздың.
Өлінің қобыз тартса жаны кірген,
Қазақта Қойлыбайды бәрі білген.
Бата алған Қойлыбайдан бала бақсы –
Тілеп те «жын жүгендеп, пері мінген».
Болыпты Қойлыбайдың жалғыз қызы,
Аумаған үлбіреген сары гүлден.
Жұрт оны Сарықыз деп атап кеткен,
Шын аты жұмбақ күйде әлі жүрген.
Қолына Сарықыз да қобыз ұстап,
Сөйлескен ертелі-кеш кәрі жынмен.
Айтпасаң елдің жайын ел ұқпайды,
Арттағы алдыңғыны толықтайды.
Арызын қобызға айтқан Қойлыбай бұл,
Азаптан көкірегіне толып қайғы.
Қойлыбай жын шақырып долданғанда,
Қобызы аттан озып қалықтайды.
Перісі құлағына сыбырласа,
Сәбидей езу тартып шалықтайды.
Тілдескен жеті қатпен сол бір жандар,
Амал не, енді қайтып жолықпайды!
Қозғасам сонау-сонау аңыздарды,
Оятам ұйқыдағы абыздарды.
Халқының қамын ойлап Қорқыт ата,
Қанды жас қара көзден тамызған-ды.
Тағдырдың тұзағынан құтыла алмай,
Тау асты, дария кешті, теңіз барды.
Қорқыттан Қойлыбайға жеткен қобыз
Теріске қара суды ағызған-ды.
Ұстазы Қойлыбайдың Тоқбақ бақсы,
Солардан кейінгіге негіз қалды.
Шәкірті Тілеп бақсы тоғыз жаста
Қолынан Қойлыбайдың ауызданды.
Дамылсыз дауыл тұрды, дүние көшті,
Дариға, сол заманнан неміз қалды?..
V
Үйірген қобызымен кең даланы,
Қойлыбай шамырқанып шамданады.
Бұлқынып алдындағы бала бақсы,
Бүркіттей екі иығын қомданады.
Қойлыбай зікір салып күңіренді,
Жан-жақтан қаптай шауып жыны келді.
Құрыстап Тілептің де жон арқасы,
Маңайды қос қобыздың үні керді.
Шаңдатып айдаланы жын-перілер,
Біріне қазбақ болды бірі көрді.
Қобызды тартқан сайын қос бақсының
Жотасы күдірейіп іріленді.
Қара жер сілкінгендей солқылдады,
Тып-тыныш мүлгіп жатқан көл тулады.
Найзағай бұлтты жара найза сілтеп,
Шатырлап жасын ойнап, жарқылдады.
Қараша үй қаңбақ құсап дөңгеленіп,
Уық пен керегесі сартылдады.
Тоқтатып жын-перісін анталаған,
Қойлыбай көзін ашты қанталаған:
«Әй, бала, кетем дейсің тілек етіп,
Шолтаңдап қысқа жіптей келте ораған.
Үш-ақ жыл болды маған ергеніңе,
Кекілің сүзілген жоқ жел тараған.
Көнбедің айтқаныма, амал қанша,
Ала ғой керегіңді қолқалаған.
Жортқанда жолың болсын, мына қобыз –
Сыңарым еді жастан арқалаған.
Өлгенше өзімдей көр, көзімдей көр,
Қысылсаң панаң болсын қалқалаған!
«Арымас баталы құл!» деген сөз бар,
Аман жүр қарақшыдан ел тонаған.
Жынымнан нөкер қосып жіберер ем,
Көнбей тұр сенің жының шалқалаған.
Манадан арпалысып жеңіспеді,
Бір-бірін ақ пен қара паршалаған...»
Бата алып Қойлыбайдан Тілеп кетті,
Жұтынып жас қырандай түлеп кетті.
Қаумалап қалың жыны жан-жағынан,
Шуласты төбелері тіреп көкті.
Мөлт етіп Сарықыз да қала берді,
Тілептің жүрегінде бір от кетті.
Сол бала тасып туған өр талабы,
Атанды Тілеп бақсы Арқадағы.
Қобызын қолына алып күңіренсе,
Арқаның елеңдеді шартарабы.
Жындарын шақырғанда әр қиырдан,
Тулақтай қуырылды жер танабы.
Тілептің бақсылығы елден асқан,
Үн қосқан қобызына жер мен аспан.
Алыстан отыратын естіп-біліп,
Біреулер ғайбат айтса аңдамастан.
Сөйлейін бір керемет оқиғасын
Бойында Жыланшықтың берген астан.
Бір байдың сол заманда асын берген,
Тілеп те асқа келген қашық жерден.
Жыланшық тасып жатқан мезгіл екен,
Арнасы өткел бермей ашу керген.
Жыланшық жынданады толқын атқан,
Ернеуі көбіктеніп шалқып аққан:
«Тілеке, дәм бұйырмай тұр-ау сізге!..» –
Деп халық айғай сапты қарсы жақтан.
Халыққа Тілеп сонда былай депті:
«Қара су тасып жатқан лай, – депті. –
Бізге арнап тіккен үйді көрсетіңдер,
Бұйырса дәм татамыз құдай!» – депті.
Ақ үйдің керегесі кең жайылған,
Дайын тұр дастарханы дәм қойылған.
Жағаға тақау келіп Тілеп сонда
Қобыздың құлақ күйін сәл қайырған.
Сарнады қара қобыз жөнге келіп,
Қарсыдан қарап тұрды ел де көріп.
Бастырып төрт қазыққа байлап қойған
Киіз үй көтерілді дөңгеленіп.
Бақсының қасына кеп қона қалды,
Құйындай жетектеген желмен еріп.
Көзімен көріп мынау болған істі,
Көпшілік ғажайыпқа таңғалысты.
Ақ үйге Тілеп кіріп нөкерімен,
Дәм татып, бата беріп қол жайысты.
Қайтадан қобыз үні шыққан кезде
Киіз үй кері қарай самғай ұшты.
Қалықтап өз орнына қайта қонды,
Көргендер сөз таппады айтар енді.
Әңгіме сумен ағып, желмен көшіп,
Аралап кете барды байтақ елді.
Қаншама содан бері ғұмыр өтті,
Қуалап қияметтің күні жетті.
Ажалдан құтыла алмай қусырылды,
Болса да асқан бақсы құдіретті.
Тағдырдың кезіккенде кермесіне
Жар болар Тәңір ғана пендесіне.
Манадан әл үстінде жатқан еді,
Қайтадан көзін ашып, келді есіне.
Қарманып жан-жағына тілге келді,
Қиналып бір сөйледі, бір бөгелді:
«Ен жайлап, емін-еркін көшіп-қонған,
Қайран ел, сөгіледі-ау іргең енді...
Оралдан күншығысқа аса беттеп,
Келеді дүлей дұшпан баса-көктеп.
Желкеңе қылыш төсеп жеріңді алса,
Бақ-дәулет басыңдағы қоса кетпек.
Қайтарар жаудың бетін шама қайда,
Бастады демеңіздер жаман ойға.
Дүниені асты-үстіне төңкерсем де,
Таба алмай өтіп барам соған айла...»
Күрсінді отырғандар қасындағы,
Жайды ойлап қалың елдің басындағы:
«Сарықыз, – деді қайта сөзін жалғап, –
Бір арман көрген түстей жасымдағы...»
Көз салса өткен өмір белесіне,
Сап етіп оралады ол есіне.
Аздан соң біржолата тілден қалып,
Ілесті Сарықыздың елесіне.
Атқандай арайланып үміт таңы,
Ойына қайта түсті жігіт шағы.
Өмірі ұмытпаған сол күндерді,
Жөн бе екен өлерінде ұмытқаны?
Біраз жыл болған еді кеткеніне,
Асығып келеді енді Ақкөліне.
Сарықыз қол бұлғайды көз ұшынан,
Орнаған жүрегінің қақ төріне.
Қасында қал дегенде қала бермей,
Неге осы шығып кетті шеткеріге?
Көп болды балғын жүзін көрмегелі,
Кім білсін, ағасына өкпелі ме?
Сол үшін еңіретіп қобызын да,
Сарынын сағыныштың төкпеді ме?
Аспанға ашық күнде бұлт үйірген,
Жалғаннан Қойлыбай да өткені ме?
Қара нар қабырғасы қайыспайтын,
Шөкімдей топырақ боп шөккені ме?
Бір сарын құлағына шалынады,
Шынымен Сарықызға жеткені ме?
Сыңсыған мұңлы сарын шер төгеді,
Тілептің көкірегі өртенеді.
Тебініп асындағы ақ түйесін,
Сол жаққа құстай ұшып ентеледі.
Сарыарқа – сайын дала самал ескен,
Қазақта арман бар ма далада өскен?!
Ақкөлдің жағасында Сарықызбен
Жүгірген бала күні қала ма естен?
Көрінді елдің қылпы сонадайдан,
Жаз шықса қаздай шұбап өре көшкен.
Бебеулеп қобыз үні жетеледі,
Ақкөлге жақын қалған төтеледі.
Жазылып көк кілемдей көсіледі
Даланың адыр-белі бетегелі.
Қызықтап қызыл-жасыл жаздың көркін,
Айдында құс шулайды емін-еркін.
Ақкөлдің жиегіне таянғанда,
Байқады үкі таққан қыздың бөркін.
Тек қана құлағында қобыз үні,
Кірмейді одан өзге жан ызыңы.
Сарықыз болмаса егер алдындағы,
Бар мына дүниенің не қызығы?
Таңырқап, бұйда тартып тұра қалды,
Жас өңі бір қызарды, бір ағарды.
Япыр-ау, Сарықыздың өзі емес пе,
Естіген сарыны ғой мынау әлгі?
Тентіреп көктен тілеп жүргенінде,
Тәңірі жерден берді сұрағанды.
Азырақ мұрсат алып иесінен,
Әзірге аялдасын күй осымен.
Жақындап Сарықызды таныған соң,
Жүгірді қарғып түсіп түйесінен.
Иенде іздегенін жолықтырған
Қобыздың айналмай ма киесінен!
Лүпілдеп жүректері алып-ұшып,
Табысты екі ғашық сағынысып.
Құстар да құптағандай қиқуласты,
Айдында ұшып-қонған сабылысып.
Мұңдасып, мауқын басып, дидарласты,
Ақкөлдің тұнығынан қанып ішіп.
Тына қап соғып тұрған жел гуілдеп,
Ақырын тербеледі көл күлімдеп.
Желбіреп қамыс-қоға шымылдықтай,
Тартады құшағына сәл дірілдеп.
Тіршілік мейірленіп маңайдағы,
Ақкөлдің балбырайды бар аймағы.
Алманың қызылындай ерте піскен,
Бетінде бойжеткеннің қан ойнады.
Қыбырлап жайылған мал көз көрімде,
Бозторғай шырылдайды өз көгінде.
Ақкөлде жеке жүрген жапа шегіп,
Тағдыры Сарықыздың өзге мүлде.
Демеңіз уайым қайда, қайғы қайда,
Дүниеден өткен екен Қойлыбай да.
Күніне жүз құбылған, шіркін, жалған,
Жалт етіп қас қағымда айнымай ма?
Жаралған адам болып кең құрсақта,
Пенденің тірлігі аян жалғыз Хаққа.
Қойлыбай өлгеннен соң Сарықызды
Жүгірткен еріккен жұрт әрбір саққа.
Өсектің өрттей қаулап бір аңызы,
Даланың дүбірледі құла дүзі:
«Қойлыбай жын-перімен әуейі боп,
Туыпты, – десті, – содан мына қызы.
Перілер бала жастан дуалады,
Бұдан да талай пәле туады әлі.
Ертерек құтылмасақ болмайды...» – деп,
Ит қосып, көрген ауыл қуалады.
Кетіпті содан бері елден безіп,
Секілді түздің жалғыз дуадағы.
Мұңлықтың қобыз ғана шын мұңдасы,
Өксісе сорғалады көздің жасы.
Қазақтың бәрі сыйған даласына
Сыймапты қуыршақтай қыздың басы.
Ессіздер екіленіп есіріпті,
Өсекті жүндей сабап өсіріпті.
«Сайтан» деп Сарықызды жариялап,
Қараптан-қарап оған өшігіпті.
Анығын айыратын бір пенде жоқ,
Шын сеніп былайғы жұрт шошыныпты.
Сарықыз сар далада сенделіпті,
Сыртынан анда-санда ел көріпті.
Көрсе де көрмегенсіп, көп наданның
Соқырдай екі көзі шелденіпті.
Аңырап қара қобыз зарлағанда,
Солқылдап селеу басы тербеліпті.
Байқұс қыз қайда барып сауғаласын,
Басынан балдәурені аунағасын?
Шырылдап шыр айналған шағаладай,
Іздеді аласұрып жан дауасын.
Сарықыз сыры жұмбақ нені іздеді?
Жаралы жүрегіне ем іздеді.
Тілепке кезіксем деп тірі болса,
Күдерін келер күннен ол үзбеді.
Дауылға қарсы тұрып тайталасқан
Қайықтай қалтылдады теңіздегі.
«Жалғанда жан күйімді түсінетін –
Әкемнен қалған қара қобыз!» – деді.
Жеткізіп Жаратушы тілегіне,
Жолықты ойда жоқта Тілебіне.
Жұлдыздай бұлттан шыққан жарқырады,
Байқалмас – қайғырды ма, жүдеді ме:
«Ойлаушы ем жан екем деп сорым қалың,
Бар екен ашылар күн менің бағым.
Көп еді көрген қорлық, тартқан азап,
Ағажан, ұмыттырдың соның бәрін.
Ұстадым етегіңнен өле-өлгенше,
Қай жаққа бастасаң да соңыңдамын...» –
Деді де сәл күрсініп үнсіз қалды,
Ыстық жас кірпігінен жерге тамды.
Көркіне көз тоймайды қарап тұрса,
Кім көрген іші сұлу мұндай жанды?
Елжіреп, еміреніп, тебіреніп,
Тілептің мына сөзге мейірі қанды:
«Бірге ойнап, қатар өстік бала күннен,
Өзіңді бақытыма баладым мен.
Үлбіреп үкідей боп отырушы ең,
Сездіріп жан сырыңды қабағыңмен.
Өмірде пендеде арман болмас, сірә,
Көңілі қалағанын таба білген.
Шын сүйген шақырмай-ақ өзі келмек,
Армандап аңсағанын көзі көрмек.
Шыққанда өзіңді іздеп кім ойлаған
Ақкөлдің жағасынан кезігер деп?»
«Нұр жауар, – деген сөз бар, – талаптыға»,
Күн шығып, үмітсізге таң атты ма?
Түспейді мен тұрғанда бір тал шашың,
Өлгенше қақтырмаспын қанаттыға!» –
Тілеп те жүрек сертін айтты осылай,
Жүзіне жүзін тура қаратты да.
Екеуі сайран құрды күнде көлде,
Көрінді құбыжық боп білген елге.
Қосылған қобыз үні желмен жүйткіп,
Ұласты бір белеңнен бір белеңге.
«Ақкөлді ойнағына айналдырды,
Дауа жоқ, – деп шуласты, – жын дегенге!»
Келмейді секем алған мұнда халық,
Қайтеді ойнақ салған жынға барып.
Арқаны әлдилеген қобыз күйін
Тыңдады аспанда құс, суда балық.
Күн шықса күлімдеді жердің беті,
Тұнығы мөлдіреген сырға қанып.
Түн болса ай сәулесі аймалады,
Ақкөлді аппақ сүттей нұрға малып.
VІ
Күтті де кірпік ілмей таңды асыға,
Қыз бүгін ерте келді көл басына.
Көңілі өз-өзінен қобалжиды,
Кім кепіл бір пәленің болмасына?
Қобызын қолына алып бебеулетті,
Үдетті, екпіндетті, жеделдетті.
Сағақты саумалаған саусақтарын
Өрлетті, құлдилатты, төмендетті.
Сезімнің сексен түрлі қылын шертіп,
Тылсымның түбін қазып тереңдетті.
Мәңгілік мызғып жатқан қара тасты
Оятып ұйқысынан елеңдетті.
Кешқұрым кеше Тілеп кетіп еді,
Таң атып, түс мезгілі жетіп еді.
Қозғаған қайдағыны күйдің тілі,
Өткінші өмірді айтып өкінеді.
Кенеттен дауыл тұрып, бұлт күркіреп,
Аспанның тыныштығы сетінеді.
Сездіріп алдын ала бірдеңені,
Дүние өтерінде сыр береді.
Тілеппен тілдескенде кеше ғана
«Түсіме әкем кіріп жүр...» деп еді.
Қамыстың арасынан баспалап кеп,
Шірене тартты біреу сұр жебені.
«Алла!» деп ышқынды да құлап түсті,
Қобыз да тына қалды, үндемеді.
Кім атты, кім атқызды – құдай білсін,
Куә жоқ, қу далада кім көреді?
Кінәсіз қыздың қаны көл боп ақты,
Жебенің тиген жері жанға батты.
Қарқылдап қасіреттің қарғалары,
Таласып қызыл қанның дәмін татты.
Тілептің қаперінде еш нәрсе жоқ,
Көліне күндегідей келе жатты.
Адамды алдындағы жолда жатып,
Әлде сор, қарсы алады әлде бақыт.
Асығып, алып-ұшып жетіп келсе,
Сарықыз сұлап жатыр қанға батып.
Өкіріп, ойбай салып, жерді құшты,
Көзінен қанды жасын сорғалатып.
Желге ұшты тағдыр тартқан сыйдың бәрі,
Сүйгенін маңдайына сыйдырмады.
Бір сәтте ыңырсыған үні шығып,
Кірпігі Сарықыздың қимылдады.
Бар екен шыбын жаны кеудесінде,
Аңдыған өлім бірақ келмесін бе?
Сөнеді-ау қызыл шоқтай, уа, дариға,
Толған ай толықсыған он бесінде.
Ел жаққа алып жүрді алдына алып,
Ажалмен амалы жоқ белдесуге.
Белгісіз – қанша жүрді, қайда жетті,
Бұйратты белден асып, сайдан өтті.
Күн батып бара жатты ұясына,
Қып-қызыл қанға бояп айна көкті.
Тоқтады бір төбеге енді іліне,
Білмейді – бұйырады тағдыры не?
Қуарған ақ шүберек секілденген
Жүзіне Сарықыздың төнді үңіле.
Сұп-суық маңдайынан сипағанда,
Келмеске көзін жұмды мәңгі, міне.
Отырып сол арада зар жылады,
Ес кетті, енді қандай қам қылады?
Ұлыған көк бөрідей дөң басында,
Дауысы айдалаға жаңғырады.
Арқалап қасіретті қос қобызды,
Ұқпайды – қай тарапқа қаңғырады?
Қолына қобызды алды өксіп жылап,
Қара жер шыр айналды, көк бұлдырап.
Бір күйді аңыратты аза тұтып,
Қаратау күңіренгендей көшкін құлап.
Әлде күн, арызданды әлде түнге,
Кек тұнды қайғы басқан келбетінде.
Айырған ардағынан арсыздарға
Қарғыстан қара нөсер селдетуге.
Жындары жылап келіп көңіл айтты,
Мұндай да болады екен жер бетінде.
Тағдырдан тізгін бермес озар қалай,
Адамға ауыр қайғы ажалға оңай.
Басына үйіп-төгіп бақыт беріп,
Тәңірдің оны қайта тез алғаны-ай.
Аспанға қарап еді жәрдем күтіп,
Үн-түнсіз телміреді бозарған ай.
Шанағы толы шерге, аңызға да,
Далада зар илейді қобыз ғана.
Мүлгиді қараңғылық құшағында
Қат-қабат қасіреті абыз дала.
Көк аспан міз бақпайды меңірейген,
Түнеріп түнді өткізді небір оймен.
Дүние жаралғалы жеңген жан жоқ,
Айқасып ажал деген жәдігөймен.
Не деген аянышты тағдыр еді,
Көңілге медеу тұтар енді нені?
Шақ қалып үзілуге нәзік жіптей,
Тілептің дірілдейді жан-жүрегі.
Қобыз да зарлап-зарлап тынды ақыры,
Жылату қыл ішекті бар білері..
Түк көріп-білмегендей жайбарақат,
Шығыстан күндегідей таң күледі...
Күтетін қисын қайсы қарап елге,
Сынайды қай жаманды санап ерге?
Жапанда жапа шегіп жалғыз өзі,
Тапсырды Сарықызды қара жерге.
Қиылмай қасиетті неке қалды,
Қиырда бір төмпешік жеке қалды.
Тәңірдің жазуына не шара бар,
Бөлген соң жаны бірге екі адамды?
Қия алмай қарай-қарай, жылай-жылай,
Тентіреп Тілеп бақсы кете барды...
VІІ
Не пайда көздің жасын көлдеткенмен,
Мол кетті Тілеп бақсы сол кеткеннен.
Өмірдің уын жұтып қайтты кері,
Махаббат сусынына шөлдеп келген.
Алпыстан енді ғана асқанында,
Ажал тұр аламын деп бас жағында.
Қасында бала-шаға, туыстары,
Бәйбіше күйбеңдейді ас қамында.
Тығылып алқымына шыбын жаны,
Соңғы рет көзін бір сәт ашқанында,
Қобызы қоңыр қаз боп қанат қағып,
Қалықтап барады екен аспанында.
Ішінен «Сарықызға сәлем айт!» деп,
Үзілді ұлы күйші қас қағымда.
Соңына алаңдамай Тілеп енді,
Мәңгілік сапарына жүре берді.
Алдынан аққу құстай бойын түзеп,
Сағынған Сарықыз да түрегелді.
Алыстан аппақ нұрын тылсым құйып,
Аялап, әлдилейді рухын биік.
Екеуі қол ұстасып сүңгіп кетті
Әлемге түпсіз терең бір тұңғиық!..
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі